Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 21 мамырға дейін вирустың эндемиялық аймағына кірмейтін 12 мемлекетте маймыл шешек ауруына шалдыққан 92 науқас анықталған, 28 адам инфекция жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен бақылауға алынған.
БҰҰ агенттігі әдетте маймыл шешек ауруы кездеспейтін елдерде эпидемиялық бақылау күшеймесе, науқас көбеюі мүмкін деп болжап, алдағы уақытта инфекцияның алдын алуға және ауруды емдеуге байланысты нұсқаулықтар жариялайтынын мәлімдеді.
Маймыл шешек вирусы туралы қолда бар деректерді жинап, негізгі сұрақтарға жауап беруге тырыстық.
БҰЛ ҚАНДАЙ ВИРУС?
Маймыл шешек вирусын жұқтырған адамның қызуы көтеріліп, тұла бойы қалтырап, ауырады. Дерт ушықса, адамның денесі мен беті бөртіп кетеді.
Мамандардың сөзінше, бұл инфекция шешек ауруына ұқсайды, бірақ оған қарағанда жеңіл өтеді. Әсіресе вирустың АҚШ-тан табылған Батыс Африка штамынан болатын өлім көрсеткіші бір пайызды ғана құрайды. АҚШ денсаулық сақтау министрлігі өкілі 20 мамырда өткен брифингте маймыл шешек вирусы қоғамда кең таралуы мүмкін деген қауіп жоғын айтты.
Шенеуніктің сөзінше, вирус жұқтырған адамдардың көбі екі-төрт аптадан кейін құлан-таза жазылады.
Вирус ғаламдық пандемия туғызған SARS-CoV-2 вирусы сияқты оңай тарамайды.
Сарапшылар қазір маймыл шешек вирусы науқаспен жақын байланыста болып, оның бөрткен терісіне денесі тиген адамдардан ғана анықталып жатқанын айтады. Мамандар сақтық шаралары бұл вирустың таралуын тежеп, инфекцияның алдын алуға көмектеседі деп сенеді.
"COVID-19 вирусы жөтеліп, түшкіргенде шашырайтын тамшымен ауаға тарайды, сондықтан тез жұғады. Ал маймыл шешек вирусының жөні бөлек" дейді Массасучетс ауруханасының дәрігері Мартин Хирш.
"Қазір маймыл шешек вирусы популяцияға жыныстық жолмен жұққанға ұқсайды, сондай жолмен жұғатын аурулар сияқты тарап жатыр" деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми өкілі, инфекциялық аурулар бойынша маман Дэвид Хэйманн 22 мамырда Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
МАМАНДАР НЕГЕ АЛАҢДАП ОТЫР?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қазір вирус бұрын маймыл шешек инфекциясы тіркелмеген елдерде өршіп отыр. Ғалымдар инфекцияның Африкадан басқа елдерге қалай таралғанын зерттеп, вирустың құрылымында өзгеріс бар-жоғын тексеріп жатыр.
Әзірге маймыл шешек инфекциясына шалдыққан науқастар Ұлыбритания, Испания мен Португалияда көп тіркелген. Вирус Канада мен Австралияға да жеткен, Бостонда маймыл шешек инфекциясын жұқтырған бір науқас анықталған. АҚШ денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта елде аталған инфекция түрін жұқтырғандар көбеюі мүмкін деп болжайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері жаз мезгілінде адамдар түрлі фестиваль, сауық кештері мен мерекелік шараларға көп жиналатындықтан, Еуропа мен бірқатар мемлекетте вирус өршуі мүмкін деп қауіптенеді.
ВИРУСТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ?
Ұлыбритания науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне шешекке қарсы вакцина сала бастады. Ондай вакцина маймыл шешек вирусынан да қорғайды.
АҚШ үкіметі Ұлттық стратегиялық қорында бүкіл ел азаматтарына салуға жететін вакцина барын мәлімдеді.
АҚШ денсаулық сақтау министрлігі өкілі мәлімдемесінде "Шешекке қарсы вируспен күресетін препараттар бар. Бұл препараттарды маймыл шешек вирусына қарсы қолдануға болады" деген.
Мамандар денесі бөртіп, ауру белгілері байқалған адамдармен жақын байланыста болмауға кеңес береді. Маймыл шешек вирусын жұқтырған адам бірден оқшауланып, медициналық көмекке жүгінуі керек.
ВИРУСТАР ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
"Вирустарда күтпеген, таңғаларлық ештеңе жоқ" дейді Саскачевана университетіндегі вакцина және инфекциялық аурулар ұйымының вирусологы Анжела Расмуссен.
Расмуссеннің пікірінше, адамдар шетелге жиі саяхаттап, климат өзгерген сайын вирустардың пайда болуы мен таралуы артып келеді. Вирусолог COVID пандемиясынан кейін әлем елдері жаңа вирустың өршуін жіті бақылауда ұстап отырғанын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Байден әлемде "маймыл шешек" ауруының тарауына алаңдаушылық білдірді