Бұрынғы президент қонақ үй ұстап, ағаштан бұйым жасайды

Георгий Маргвелашвили, Грузияның бұрынғы президенті.

Георгий Маргвелашвили, Грузияның бұрынғы президенті.

Грузияның бұрынғы президенті Георгий Маргвелашвили қызмет өкілеті аяқталғаннан кейін саясаттан кетті. Өзі тұрғызған шағын үйді туристерге жалға беріп табыс тауып отырған ол меймандарға бақшасында өсірген жеміс пен көкөніс ұсынады.

Георгий Маргвелашвили бес жыл Грузияны басқарды. 2013 жылы Грузия президенті болып сайланған ол 2018 жылы осы қызметке жаңадан сайланған Саломе Зурабишвилиге билікті тапсырды. Көпшілік жұрт 49 жасында президент қызметінен кеткен Маргвелашвили биліктегі тәжірибесін (президент болып сайланғанға дейін білім министрі болып қызмет атқарған) пайдаланып, саясаттан қол үзбейтін болар деп ойлаған еді.

Бірақ Маргвелашвили басқа жолды таңдады. Ол ел астанасы Тбилисиден солтүстікке қарай 60 шақырым жерде орналасқан Душети кентіндегі 2004 жылы небары екі жарым мың долларға сатып алған үйге қоныстанды. Үйінің қасынан төбесі топырақпен жабылған шағын коттедж салып алды. Бұрынғы президент соңғы бірнеше айдан бері осы үйдің бөлмелерін өзі тұратын аймаққа қыдырып келген отандық және шетелдік туристерге жалға беріп табыс тауып отыр. Бұған қоса ол меймандарға өз бақшасында өсірген жеміс пен көкөніс те ұсынады: оларға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев сыйлаған анар мен Беларусь президенті Александр Лукашенко берген картоптан дәм татқызады.

Your browser doesn’t support HTML5

Грузияның бұрынғы президенті үйін жалға береді

"Президенттен" жатын орынды Airbnb немесе өзге сайттар арқылы тапсырыс беріп жалға алуға болады. Коттеджде бір түнеп шығу құны 80 долларға жуық ақша тұрады. Соңғы екі айда мұнда ондаған адам тоқтаған.

Бұған қоса бұрынғы президент ағаштан түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Ол өзі тұрып жатқан үйдің және қонақ түсетін коттеджінің бірнеше жихазын өз қолымен жасаған. Ал бұл тірлігінен қолы босағанда Маргвелашвили кезінде өзі оқытушы болған Грузия қоғамдық істер институтында (GIPA) дәріс оқуды қайта бастаған.

Маргвелашвили бұл жұмыстардың барлығын күнкөріс үшін істеуге тура келгенін айтады. Жасы әлі толмағандықтан оған зейнетақы тағайындалмаған. Грузияда әйелдер 60 жастан, ер адамдар 65 жастан зейнетке шығады. Грузия заңы бойынша, елдің бұрынғы президентіне зейнетақы егер ол жасына немесе денсаулығына байланысты басқа жұмысқа жарамсыз болса ғана төленеді. Соның өзінде оның алатын ақшасы президент қызметінде алған жалақысынан - 7,2 мың лариден (шамамен 2 600 доллар) аспаған болар еді.

Маргвелашвилидің әйелі бұған дейін "Рустави-2" телеарнасына берген сұхбатында отбасының "жинаған қоры жоқ" екенін айтқан болатын.

Грузияның бұрынғы президентіне туристік бизнес таңсық емес. 25 жыл бұрын, университетті бітірген соң ол туристерге тау аралататын гид болып істеген. Бірақ қазір жүріс-тұрысы одан аздау болғанымен машақаты кем емес басқа шаруаны таңдап алған.

"Бұл өзі эмоцияға кенелтетін жұмыс. Қонақтар өздеріне не ұнағаны немесе мұндағы көріністі, бөлмелердің қалай безендірілгені туралы пікірін жазып қалдырады. Мұның барлығы маған қуаныш сыйлайды" дейді бұрынғы саясаткер Reuters агенттігіне.

Қазір Маргвелашвили өзіне қонаққа келген туристерді атпен қыдыртуды ұйымдастыру үшін жалға беретін үйдің қасынан атқора салуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге шарап дайындайтын шағын кәсіпорын ашсам деген ойы да бар.

Грузия президенті болған кезде Маргвелашвили тек екі рет дау-дамайға қалған. Оның бірі Маргвелашвилидің отбасы мен күйеу баласы (қызы Анна Маргвелашвилидің жұбайы) Миндия Гогочуримен байланысты оқиға болатын. Гогочуриге Тбилисиде екі рет қастандық жасалып, ол пышаққа түсіп, оқ тиіп жараланған. Президенттің қызы Анна грузин полициясын "жақтырмаған" саясаткерлердің ұлдарына "әдейі есірткі тастайды" деп айыптаған.

Грузия тұрғындары бұрынғы президенттің игі істері туралы көбірек біледі. Мысалы, Тбилисиді 2015 жылы қатты тасқын салдарынан тазалау жұмыстарына қарапайым азаматтармен бірге президенттің өзі де қатысқанын көпшілік ұмытқан жоқ.

​Маргвелашвили осы аймаққа қыдырып келіп, одан қонақ бөлмені жалға алатын грузиялық тұрғындардың бұл үйдің қожайыны кім екенін білетінін айтады. Бірақ осында келетін шетелдік туристер әдетте кімнің үйіне түскенін естігенде қайран қалып жатады. Бұрынғы президенттің айтуынша, бұрынғы СССР елдерінен келген туристер мемлекетті бес жыл басқарған адамның суретші әйелі және балаларымен (отбасының 2015 және 2018 жылы туған екі ұлы бар) шалғайдағы қос қабатты шағын үйде ешқандай күзетсіз, байлық пен биліктің ешқандай нышаны да жоқ қарапайым тіршілік кешіп жатқанына сенер-сенбесін білмей таңырқап қалады.

"Саясаттан кетіп, өзгелерге үлгі (прецедент) жасауға тырыстым. Саясаттан кейін де өмір барын көрсеткім келді" деп ағынан жарылады экс-президент.

"Бұрынғы өміріңізді аңсамайсыз ба" деген сұраққа ол "Жоқ, мүлде!" деп қысқа да нұсқа жауап берді.

"Ол бес жыл аса қауырт жұмысқа толы болды. Ал қазір мен тыныш, қалыпты өмір сүруге тырысып жатырмын" дейді Грузияның бұрынғы президенті Георгий Маргвелашвили.

"Настоящее Время" материалынан аударылды.