Accessibility links

Ұстауға, қамауға және жауапқа тартуға болмайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға өз елдерінде заң жүзінде "ұлт көшбасшысы" мәртебесі және қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитет берілген.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға өз елдерінде заң жүзінде "ұлт көшбасшысы" мәртебесі және қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитет берілген.

Қырғызстанда экс-президенттерге тиісуге болмайды деген норманы шектейтін бастама көтерілді. Қызметінен кеткен мемлекет басшыларын ықтимал қудалаудан қорғау нормасы бірқатар постсоветтік елдердің заңдарында ашып жазылған. Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы мұндай нормалар азаматтар тең құқылы деген принципті бұзады деп санайды. Кепілдікті өмір бойына сақтауды жақтайтындар иммунитетті "кек алғысы келетіндерден" қорғау деп біледі.

Сәуірдің аяғында қырғызстандық адвокат Нұрбек Токтакунов экс-президентке ешкімнің тиісуіне болмайды деген норманы шектеуді ұсынды. Бұған қоса, ол экс-президентке тиіспеу туралы норма негізгі заңға сәйкес пе, жоқ па деген сұрақпен Қырғызстан Жоғарғы сотының конституциялық палатасына жүгінді. Токтакуновтың өзі бұл норма заң алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық ережеге қайшы деп санайды, бірақ оны қазіргі президентке қатысты қолдануға қарсы емес.

Қырғызстан конституциясында қызметтегі президентке иммунитет беру нормасы ғана қарастырылған. "Президент қызметіне кепілдіктер беру туралы" заңның 12-бабында экс-президент "Қырғыз Республикасы президенті өкілеттігін атқару кезеңіндегі іс-әрекеттері я әрекетсіздігі үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылмайды, бұған қоса, оны қамауға алуға, тінтуге, тергеуге немесе жеке басын тексеруге болмайды" деп көрсетілген.

ЭКС-БАСШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КЕПІЛДІК

Бұрынғы президенттерді жауапқа тартудың мүмкін еместігі туралы осыған ұқсас тіркестер өзге постсоветтік елдердің заңдарында да бар. Қазақстанда экс-президентке тиіспеу нормасы елдің негізгі заңында, ал кепілдіктері конституциялық заңдарда бекітілген. Сондай заңдардың бірінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа "Елбасы" мәртебесі берілген. Конституцияның 46-бабында: "1. Қазақстан Республикасы Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды. 2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады. 3. Осы баптың ережелері республиканың экс-президенттеріне қолданылады" деп жазылған.

Қазақстан экс-президентіне (жеке басына ғана емес, дүние-мүлкіне де) ешкімнің тиісуіне жол бермейтін кепілдік нормасы 1995 жылы қабылданған "Президент туралы" заңда тәптіштеп жазылған. Заңға сәйкес, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда болмаса, президент өкiлеттiгiн атқаруына байланысты іс-әрекеттерi үшiн экс-президент жауапқа тартылмайды (36 бап). Президентті ұстауға, тұтқындауға, қамауға, тінтуге, тергеуге және жеке басын тексеруге болмайды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1991 жылдан бері үзбей басқарып келеді. 2000 жылы Қазақстанда оған (яғни Назарбаевқа) президенттігі тұсында және президенттіктен кеткеннен кейін тиіспеу кепілдігін беретін шарттар қарастырылған тұңғыш президент туралы конституциялық заң қабылданған.

Нұрсұлтан Назарбаев. 28 жыл билік басында

Бұл заңға сәйкес, тұңғыш президент өкілеттіктерін орындау кезеңінде, ал олар тоқтатылғаннан кейін тұңғыш президент деген мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды (теориялық тұрғыдан алғанда, бұл оған президент қызметінен кеткеннен кейін жасаған қылмыстары үшін ешкімнің тиіспеуі тиіс деген кепілдік пен қудалаудан өмір бойы қорғау иммунитеті берілмейді дегенді білдіреді). Заңда бірінші президент пен оның отбасы мүшелерінің дүние-мүлкіне де осындай кепілдік беріледі деп көрсетілген.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару заңы

Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін Орталық Азиядағы екінші "ұлт көшбасшысына" айналған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонда да өмір бойына ешкімнің тиіспеу кепілдігі бар. Тәжікстан конституциясы мұндай кепілдікті тек қазіргі президентке ғана береді. Бірақ 2015 жылы қабылданған "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы" (яғни Эмомали Рахмон) туралы заңда "ол Тәжікстан Республикасы – мемлекет басшысы, Тәжікстан Республикасы президенті және Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы өкілеттігін атқарған кезеңдегі іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды" деп жазылған.

Өзбекстан конституциясында ел президентіне ешкімнің тиісуіне болмайды деп қана жазылған. Бірақ "Өзбекстан Республикасы президенті қызметінің негізгі кепілдіктері туралы" заңда экс-президенттің де құқықтары ашып көрсетілген. Мысалы, заңның 2-бабында "Өзбекстан Республикасының экс-президентіне де ешкімнің тиіспеу кепілдігі мен қудалаудан қорғайтын иммунитет өмір бойына беріледі. Президент өкілеттіктерін атқаруға байланысты іс-әрекеттері үшін Өзбекстан Республикасының экс-президенті қылмыстық және өзге де жауапкершілікке тартылмайды" деп көрсетілген.

Түркіменстан конституциясында да ел президентіне ешкімнің тиісуіне болмайтыны туралы ғана айтылған. Бірақ есесіне өкілеттігі тоқтаған президент пен оның отбасы мүшелеріне ешкімнің тиісуіне болмайды деген норма "Түркіменстан президенті туралы" заңның 18-бабында тәптіштеп жазылған. Яғни президент өкілеттіктерін атқару кезеңіндегі қылмыстары үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылмайды, оны ұстауға, тұтқындауға, қамауға, тінтуге, тергеуге және жеке басын тексеруге болмайды. Түркіменстанның экс-президенті ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған жағдайда бұл кепілдіктен айырылуы мүмкін.

Ресейде 2001 жылы ақпанның 12-сінде қабылданған "Өкілеттігі аяқталған Ресей Федерациясы президенті мен оның отбасы мүшелеріне берілетін кепілдіктер туралы" заңға сәйкес, Ресей экс-президентінде де мұндай кепілдік бар. Ол президент өкілеттігін атқарған кезеңде жасаған қылмыстары үшін қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды, бұған қоса, президент өкілеттігін атқаруына байланысты қозғалған істерді тексеру барысында оны ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, тергеуге немесе жеке басын тексеруге болмайды.

Бірақ ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалған жағдайда Ресей экс-президенті бұл кепілдіктен айырылуы мүмкін.

Жуырда оппозиция "барқыт революциясын" жариялап, экс-президент Серж Саргсянды премьер-министр қызметінен кетуге мәжбүр еткен Арменияда бұрынғы президентке абсолютті кепілдік бермейді. Мысалы, ел конституциясының 140-бабы 3-тармағында "Ел президенті өз мәртебесіне байланысты емес іс-әрекеттері үшін өкілеттігі тоқтағаннан кейін ғана жауапқа тартылуы мүмкін" делінген. "Армения Республикасы президентіне сыйақы тағайындау, қызмет көрсету және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" заңда да экс-президенттер үшін кепілдік қарастырылмаған.

Ереванда премьер сайлауын күткен жұрт (1 мамыр 2018 жыл)

Ереванда премьер сайлауын күткен жұрт
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Армениядағы "барқыт революциясына" орай "Міне, бізді енді осылай бір-бірлеп кетіреді" деп мәлімдеген Беларусь президенті Александр Лукашенко мұндай кепілдікті президенттік мерзімі кезінде пайдаланады. Бірақ Армения конституциясы тәрізді Беларусь конституциясында да экс-президентке ешкімнің тиісуіне болмайтыны жайлы ештеңе айтылмаған.

ТЕҢДІК ПРИНЦИПІН БҰЗУ МА ӘЛДЕ "КЕК АЛУДАН" ҚОРҒАУ МА?

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, постсоветтік елдердің авторитарлы басшылары азаматтардың конституциялық теңдігін көрінеу түрде бұзады. Оның сөзінше, президенттік мерзімінде және өкілеттігі тоқтағаннан кейінгі кезеңде өздерін ешкім жауапқа тарта алмауы үшін олар тәуелді парламентті пайдалану арқылы өздеріне тиімді айрықша ережелер ойлап тауып, оны заңдастырып алады. Оның сөзінше, нағыз демократиялық елдерде мұндай практиканы енгізу мүлде мүмкін емес.

Биыл сот коррупцияға қатысы бар, өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптаған Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Пак Кын Хе 24 жылға сотталды.

Америкалық басылымдардың хабарлауынша, АҚШ-та 2016 жылғы сайлауға Ресейдің ықтимал килігуін тексеріп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллер президент Дональд Трамптан жауап алғысы келетін сұрақтардың тізімін оның адвокаттарына жіберген.

Бірінші немесе одан кейінгі президентті қорғайтын заңның неше түрін қабылдап, оны тіпті конституцияға енгізіп қоюға болады. Бірақ әлгі заңдар қалай оңай қабылданса, саяси жағдайға қарай солай оңай жойылмасына ешқандай кепілдік жоқ

- Демократиялық елдерде құқық, заң үстемдігі қоғамдық келісім дегенді білдіреді, бұл элитаға да қатысты дүние. Яғни кесімді нормалар бар, әлгі норма, ережелерді қолдайтын объективті және әділ институттар бар, әлгі ережелерді жұрттың бәрі қолдайды. "Қоғамдық келісім-шарт" деп аталатын бұл келісімді тараптардың бәрі ұстанады әрі заң үстемдігін мойындайды. Ал демократиялық емес елдерде немесе авторитарлы жүйелерде заң, құқық дегеніміз – басқару құралы. Ол қолында қысым жасайтын күші, өзге де тетіктері бар билікте отырғандардың бақылауында болады. Заң шығарудың мұндай практикасы "заңның көмегімен басқару" деп аталады. Мұндай кезде заңдар тез өзгереді, қоғамдық консенсус болмайды.Бұл жағдай дүркін-дүркін әрі өте оңай өзгеріп тұрады. Бірінші немесе одан кейінгі президентті қорғайтын заңның неше түрін қабылдап, оны тіпті конституцияға енгізіп қоюға болады. Бірақ әлгі заңдар қалай оңай қабылданса, саяси жағдайға қарай солай оңай жойылмасына ешқандай кепілдік жоқ. Авторитарлы басшылар болашағын ойлап заңдарды өз пайдасына қабылдап алады. Ал олар экс-басшыға айналған кезде жаңа авторитарлы басшы заңдарды, әсіресе экс-басшылардың иммунитетіне қатысты заңдарды оп-оңай жояды, - дейді Евгений Жовтис.

Қырғызстандақ қоғам қайраткері Өмірбек Әбдірахманов бұрынғы президенттерге ешкімнің тиісуіне болмайды деген кепілдікті сақтап қалу керек деп санайды.

- Ешкімнің тиісуіне болмайды деген норманың күшін жоя салу оңай. Бірақ, меніңше, экс-президентке берілген иммунитеттің күшін жою мәселесі қозғалмауы тиіс. Өйткені бізде билікте отырған кезде президентке бәрі жағымпазданады, ал орнынан қалай кетеді, солай жамандай бастайды. Президентті жауапқа ол қызметте отырған кезде импичмент арқылы тарту керек. Егер сондай батыл болсақ, оны жұмыс істеп отырған кезде жауапқа тартуға тиіспіз. Ал қызметінен кеткен президентке одан кек алғысы келетіндер тиісуі мүмкін, Бұған жол беруге болмайды, - дейді Әбдірахманов.

Қырғызстан конституциялық палатасының бұрынғы мүшесі Клара Сооронкулова егер бұрынғы президент қылмыс жасаса, оны жауапқа тарту мәселесі қозғалуы тиіс шығар деп топшылайды. "Бәлкім, президентке тиісуге болмайды деген кепілдіктен айыру нормаларды дұрыстап анықтап алу керек болар" дейді ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне. Бұған қоса, ол экс-президентті негізсіз қудалаудан қорғау мен қылмысы үшін жауапқа тартудың ара жігін анықтайтын заңды тетіктер қажет деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG