«Қайда қарасам да, не жайында ойласам да, бәрі маған көңілсіз, мұңды, үмітсіз болып көрінеді» деп жазады Мәскеу университетінің профессоры Алексей Вангенгейм 1930 жылдары отбасына жолдаған хатында. «Тек менің үйім, маған қымбат, сүйікті жандар ғана сол түнектің ішіндегі жарық жұлдыз сияқты».
Хаттың айы-күні көрсетілмеген. Совет одағының мемлекеттік метеорологиялық қызметінің негізін қалаушы Вангенгейм 1934 жылы тұтқындалып, сталиндік лагерьге айдалды. 1937 жылы оны өлім жазасына кесті. Ғалымға «советтік ауылшаруашылығының дамуына кедергі келтіру үшін ауа-райын жалған болжады» деген айып тағылды.
Томскідегі саяси репрессия тарихына арналған мемориалдық мұражайда бұндай хаттар жетерлік. ГУЛАГ тұтқындарының хаттары мен суреттері қойылған көрме «Әке хаттары» деп аталады. «Бұл хаттар жан тебірентеді» дейді музей директоры Василий Ханевич. «Еңбек лагеріндегі адамдардың балаларының болашағына алаңдап, оларды тәрбиелеуге үлес қоспақ болғандары таң қаларлық».
Арзан қағазға көп сөз сыйдыру үшін ұсақ әріппен жазылған хаттардың біразын цензурашының жуан, қара қаламы шимайлап тастаған.
Вангенгейм ГУЛАГ түрмесінен үйіне жазған хаттарының бірнеше бетін сол кезде 4 жаста болған қызы Элеонораға (Элла) арнапты. Ол қызына жазған хатының ішіне өзі жатқан Соловец лагеріндегі жапырақтарды теріп, құрғатып салады, сондағы құстар мен жануарлардың суретін салып жібереді. Жұмбақтар мен сөзжұмбақтар ойлап шығарады. Кейін Элеонора да танымал ғалымға айналды, қазір ол мамонттану саласындағы сыйлы маман.
«БҰНДА ЕСТЕЛІГІМІЗ ӨМІР СҮРЕДІ»
1938 жылы «советке қарсы үгіт-насихат жүргізді» деп айыпталған Николай Клявиннің бір хаты мен бірнеше қолдан салған суреттері сақталған екен. «Үш торай», «Қызыл телпек» сияқты ертегілердің кейіпкерлері бейнеленген қағаздың әлі де бояуы айқын, көңілді. «Өзі аштан өлуге жақын жүрген адамның осындай жарқын суреттер салғаны таң қаларлық» дейді музей директоры Ханевич.
Клявин 1943 жылы дүниеден өткен орын – бұрынғы НКВД (КГБ – мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) штабы орналасқан жер – қазіргі Томск мұражайы. Келушілер ауыр темір есіктер мен төбесінде кішкентай ғана тор көзі бар шағын бөлмелерді көре алады.
1930 жылдан басталып 1950 жылға дейін жалғасқан сұмдық кезеңде осында отырған адамдардың суреттері дәлізге ілінген. «Бұл жер мені тартып тұрады» дейді Марта Алексеева. «Бұнда біздің естелігіміз өмір сүреді». Мартаның әкесі – сәулетші Борис Алексеевтің хаты да мұражайға қойылған. «Сызбалар, суреттер, кітаптар мен фотолар, соның ішінде ең маңыздысы – хаттар» дейді ол. «Осының бәрі менің әкем ғой».
Борис Алексеев алғаш рет 1933 жылы тұтқындалды. Бес жылға кесілген архитектордың мерзімін азайтып, Батыс Сібірге жер аударады. Сол жақта ол үйленіп, екі қызы өмірге келеді. Марта 1937 жылы туады. 1940 жылы Алексеевті қайтадан тұтқындайды. Оған жақын болу үшін отбасы Томскіге көшіп келеді. Басында ол жиі хат жазады, бірақ лагерін жиі ауыстырғандықтан, әйелінің хаттары оған сирек жетеді.
Ол түрмеден шықпай жатып әйелі өмірден өтеді, қыздарын туысқандары қолға алады. Мартаның айтуынша, әкесін ешкім ауызға алмайтын, тіпті өзі де оның атын атауға қорқатын. Тек елуге келген соң ғана Марта мен сіңлісі әкесі туралы деректер іздестіре бастады. Лагерьден босаған соң Алексеевті Қиыр Шығыстың Магадан облысына арнайы қонысқа жібереді, онда хат жазу құқы болмайды.
Соңғы дерек 1952 жылға барып тіреледі, одан арғы өмірі белгісіз. Марта әлі де іздеуді тоқтатпайды. Әкесінің бірнеше хаты сақталған. Соның бірінде ол әйеліне кейіп: «Сен тек азық-түліктің бағасын жазасың. Одан да өзің мен балалардың өмірі туралы толық айтсаң етті» дейді. «Мартаны мен үшін сүй» дейді тағы бір хатында. «Боба тек оны ғана ойлайтынын айт».
Мелани Бачина мен Роберт Коалсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.