Мюнхен полициясының басшысы Хубертус Андренің мәлімдеуінше, жұма күні «Олимпия» сауда орталығында жасалған қарулы шабуылға күдікті 18 жастағы жігіттің жансыз денесі полицияның арнайы операциясы барысында, қылмыс жасалған тұстан бір шақырымдай жерден табылған. Аты-жөні аталмаған күдіктінің қалай қаза болғаны – полиция оғына ұшқаны немесе өзін-өзі атып өлтіргені – әзірше белгісіз.
Полиция Мюнхендегі қылмысты жалғыз адам жасаған болуы мүмкін деген болжам айтады.
«Куәгерлердің сөзі мен бейнебақылау камерасы жазбасы негізінде біз қылмысқа күдікті осы адам деген қорытындыға келіп отырмыз. Қылмысқа өзге адамдардың қатысы бар деуге әзірше дәлел-айғақтар жоқ. Қылмысқа не себеп болғаны да әзірше белгісіз», - деген Андре.
Полицияның мәліметі бойынша, Иран мен Германияның қос азаматтығын иеленген күдікті соңғы жылдары Мюнхенде тұрған, бұрын құқық органдарының назарына ілінбеген. Күдіктінің туған-туыстары, кәсібі туралы да әзірше ақпарат жоқ. Қазір қылмысқа қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Мюнхендегі шабуыл сәтінен куәгер түсірген видео:
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған дейін полицияның қарулы шабуылға күдікті үш адамды іздестіріп жатқаны туралы хабарланған еді. Жұма күні Мюнхендегі шабуылға байланысты бірнеше сағатқа жалғасқан полицияның арнайы операциясына екі мыңнан астам адам жұмылдырылды. Қалада қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылып, метро мен орталық вокзал жабылды, кейбір көпшілік шаралар кейінге шегеріліп, тұрғындарға көшеге шықпау туралы хабарландыру айтылды.
Соңғы мәліметтер бойынша, 22 шілде күні Мюнхендегі «Олимпия» сауда орталығында болған қарулы шабуыл салдарынан 9 адам мерт болып, 21 адам зардап шеккен. Жараланғандардың арасында балалар мен жасөспірімдер бар. Зардап шеккендердің үшеуінің жағдайы ауыр деп хабарланды.
Германия президенті Йоахим Гаук Мюнхендегі шабуылды айыптап, қаза тапқандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Германия канцлері Ангела Меркель сенбі күні Германия қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өтізетіні хабарланды.
АҚШ президенті Барак Обама Мюнхендегі қайғылы оқиғаға байланысты Германия үкіметіне көңіл айтып, жәрдем беруге дайын екенін мәлімдеді. «Германия біздің ең жақын одақтастарымыздың бірі. Біз мұндай жағдайда іс-әрекет ету үшін оған қажетті кез-келген көмекті ұсынамыз» делінген Ақ үй мәлімдемесінде.
Жұма күнгі қарулы шабуыл 1972 жылғы Мюнхен олимпиадасы кезінде палестиналық экстремистер Израильдің 11 спортшысын кепілге алып, кейін түгел өлтіріп тастаған стадион маңында орналасқан сауда орталығында болған.
Бұл Германияда осы аптада көшілік орында адамдарға қарсы жасалған екінші шабуыл оқиғасы. Бұған дейін, 19 шілдеде елдің оңтүстігіндегі Вюрцбург қаласында Ауғанстаннан келген 17 жастағы азамат пойыздағы жолаушыларға пышақ және балтамен шабуыл жасап, төрт адамды жаралаған. Полиция «Аллаһу акбар» деп айқайлап шабуыл жасаған жігітті атып өлтірген. Кейін неміс полициясы ауған босқынының бөлмесінен «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының қолмен салынған туы табылғанын хабарлаған.