Лондон олимпиадасының қарсаңында бірнеше спортшы допингпен ұсталды. Тыйым салынған препараттарды қолданғандар бірнеше жылға спорттан шеттетілді. Көбі – ауыр атлеттер.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2011 және 2012 жылдары допинг қолданған спортшылардың тізімін жариялап, оларға әртүрлі жаза тағайындады.
ЖАЗА ТҮРІ - ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫНАН АЙЫРУ
Мәселен, Бейжіңде өткен олимпиада ойындарының күміс жүлдегері украиналық Ольга Коробка (+75 килограмм) допинг қолданғаны үшін 4 жылға жарыстардан шеттетілді. Атлет 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған еді. Кейін Кельн биохимиктері оның ағзасынан допинг тапқан. Әзірге неміс зертханасының мамандары оның қандай препарат екенін жарияламай отыр.
Ольга Коробка спортқа енді 2015 жылы қараша айында ғана оралады. 26 жасар ауыр атлет украиналық «Подробности-ТВ» арнасына берген сұхбатында төрт жылдан кейін міндетті түрде жарыстарға қайта қатысатынын айтқан.
Бұған дейін Бейжің олимпиадасының чемпионы - қытайлық ауыр атлет Ляо Хуэй (69 килограмм) де допингпен ұсталып, 2014 жылдың қыркүйегіне дейін спорттан қуылды. Ол да биылғы олимпиада ойындарына қатыса алмайды.
Армениялық ауыр атлет Геворг Погосяннің (2010 жылғы Еуропа чемпионатының алтын жүлдегері) ағзасынан «Оксандралон» препараты табылып, ол 2015 жылға дейін жарыстарға қатысу құқығынан айырылды.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы күш көбейтетін дәрілерді пайдаланғаны үшін Тайландтың жеті, Сирияның үш, Чили мен Ирактың екі спортшысын жазалады. Бұлардың барлығы спортқа тек 2015 жылы оралатын болады. Ал сәуірдің 4-і Албанияның 35 жасар ауыр атлеті Иллириан Сулидің қанынан «Метандиенон» табылып, төрт жылға спорттан қуылды.
«БҰРЫНҒЫ ЖЕҢІСТЕРІ ЖОЙЫЛЫП, АҚШАСЫН ҚАЙТАРАДЫ»
«Еуроспорт» телеарнасының хабарлауынша, болгариялық жеңіл атлет Инна Ефтимова да допингпен ұсталып, екі жылға жарыстардан шеттетілді. Оның 2011 жылы Кореяның Дэгу қаласында өткен әлем чемпионатында тексерілген қанынан «Соматотропиннің» көп мөлшері табылған.
Болгария жеңіл атлетика федерациясының президенті Добромир Карамаринов «Спортшы барлық айыбын мойындады және керекті құжаттарға қол қойды. Оның соңғы жарыстарда көрсеткен нәтижелері толығымен жойылып, ұтып алған ақшалары қайтарылады» деп мәлімдеді. Ефтимова Лондон олимпиадасына 100 және 200 метрге жүгіруден жолдама алған еді.
Ұзындыққа секіруден Афина олимпиадасының күміс жүлдегері Ирина Мелешина (Ресей) антидопинг заңын бұзған үшін екі жылға спорттан кетті. Ресей антидопинг агенттігі спортшының нақты қандай ереже бұзғанын құпия сақтап отыр. Бұл спортшы да Лондон лицензиясынан айырылды.
Тағы бір Ресей спортшысы допинг қолданып, Лондон олимпиадасының жолдамасынан айырылды. Велошабандоз Денис Галимзяновтың наурыздың 22-сі алынған қанынан «Эритропоэтин» табылған. 25 жасар Галимзянов велоспорттан Лондон олимпиадасының алтын жүлдесінен үміткерлердің бірі болатын.