Азаттық редакциясы мамырдың 9-ы күні жұмысын әдеттен тыс бастады. Азаттық журналистері Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар мен сол күні өтуі ықтимал рұқсат етілмеген митингіден хабар таратуды жоспарлаған болатын. Наразылық шарасы өтуі ықтимал деуге негіз бар еді: мамырдың 1-і күні елде көлемді наразылық акциясы өтті, әлеуметтік желілерде жаңа жиынға шақырулар тарады, Жеңіс күні мерекесі қарсаңында да бас прокуратура билік рұқсат етпеген акцияларға қатысқандар жауапқа тартылатынын ескертті.
Бірақ таңертең редакция тосын жайтқа тап болды: Азаттық сайты ашылмай қалды. Көп ұзамай мәселе әлдеқайда күрделі екені белгілі болды. Өз сайттарына кіру қиындағаны туралы он шақты өзге ақпарат құралдары мен ұйымдар, қолданушылар хабарлай бастады. Сайттар жұмысы тек кешкісін ғана қалпына келгендей болды. Ғаламдық интернет жұмысына мониторинг жүргізетін NetBlocks тобы өз тарихында алғаш рет Қазақстандағы интернеттің жайы туралы есеп дайындады.
Азаттық тілшісі NetBlocks тобының атқарушы директоры Альп Токермен сұхбаттасты.
Азаттық: Сұхбатқа келісім берген кезде сіз мамырдың 9-ы күні болған жағдайды "маңызды" деп атадыңыз. Неге?
Альп Токер: Қазақстаннан байқағанымыз әдеттегіден ерекше жағдай болды. Just-in-time blocking (уақытылы бұғаттау. - Ред.) деп аталатын бұл техникалық тәсіл әдетте бірыңғай орталықтан басқарылатын жедел жауап беру амалына жатады. Ол билікке әлеуметтік желілер мен елдегі негізгі байланыс жолдарына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Бұл әдісті бұқаралық ақпарат құралдарын бұғаттауға сирек қолданады. Өйткені әдетте БАҚ-ты ұзақ мерзімге жауып тастайды. Ал бұл жолы өте көп сайт қысқа уақытқа бұғатталды. Бұл біз бұрын байқағаннан ерекше құбылыс болды.
"ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТҰТЫЛУ"
Азаттық: Бұл бұғаттау тәсілін әдетте не үшін қолданады?
Альп Токер: Әлеуметтік желілерге қолданады. Соңғы апталарда мұндай әдіс Венесуэлада билікке жақпайтын жиындар кезінде немесе әлдекім жұрт алдына шығып сөйлеген кезде қолданылды. Мұндай шектеулерді бір-екі сағатқа енгізуі мүмкін, ол жақта мұнымен мемлекеттік провайдер айналысады. Егер сіз жеке компаниялардың қызметін пайдалансаңыз, интернетке шыға аласыз. Бұл мамырдың 9-ы күні сіздерде болған "жалпыхалықтық тұтылу" емес. 2015-2016 жылдары Түркия енгізген шектеулерді алып қарасақ, ол кезде түрлі провайдерлер әртүрлі уақытта бұғаттап отырды. Бұл біреу хабарласып, тізім беріп жатқан кезде компаниялар шектеу қою үшін қолынан келгеннің бәрін жасағандай әсер қалдырды. Соңғы терактілерден кейін Шри-Ланкада да осыған ұқсас жайт болды. Ал Қазақстанда мамырдың 9-ы күні болған жағдай шынымен ерекше деуге тұрарлық.
Азаттық: Сонда ерекшелік неде?
Альп Токер: Мәселен, қаңтарда Зимбабве немесе желтоқсанда Судан бірнеше интернет-платформаны өшірді, бірақ онда провайдерлер дербес жұмыс істеді. Әр провайдер қандай платформаларды бұғаттауды, нені әлеуметтік желі деп тану керегін өзі шешті. Қазақстан жағдайында орталықтандырылған әрекет байқалады. Провайдерлерге бұғаттау туралы бұйрық тым жылдам жеткендей әсер қалды. Нәтижесінде, ала-құлалық аса көп байқалған жоқ – белгілі бір сайттарды барлығы бірдей бұғаттады. Сондай ақ интернетке еркін кіру қалай қалпына келтірілгенін ескерсек (бір күнде өте қысқа уақытқа екі рет), мұнда да бәрі ұйымдасқан, келісілген түрде жасалғаны көрінеді. Басқа елдерде провайдерлер арасында үш-төрт сағат уақыт айырмашылығы бар. Қазақстанда бәрі өте тез болды. Бұл не автоматтандырылған, не үйлестіріліп, қолмен жасалған іс-қимыл болғанын білдіреді.
Азаттық: Қазақстандағы жағдайға ұқсас оқиғаны басқалардан кездестірмедім дегіңіз келе ме?
Альп Токер: Деректерді қосымша зерттеуіміз керек. Дегенмен расында өз басым бүкіл елге және мұншама көп сайттың жұмысына әсер еткен ұйымдасқан іс-қимылды есіме түсіре алар емеспін.
Азаттық: Мұндай бұғаттауды ұйымдастыру үшін не керек?
Альп Токер: Мұндай қысқа мерзімді шектеулер "хайтек" болуы міндетті емес. Әрине, ол үшін белгілі бір желілік құралдар жиынтығы болуы керек. Бірақ бұл шектеулер енгізуге деген ынта пен табандылықты көрсететін шығар. Осыған ұқсас құбылысты 2010 жылы Шыңжаңнан, "араб көктемі" кезінде Египеттен байқадық. Бірақ бұл кабельді қолмен жұлып жасалған дөрекі шектеулер болды. Қазақстанда сандық жүйе қолданылды, жұмыс программалау жүйесі арқылы үйлестірілгенге ұқсайды. Қазірше біз ол жүйе нақты бір өндірушінікі деп айта алмаймыз. Бұл ноу-хау импорттық немесе отандық технологиялық шешім болуы да мүмкін.
"ҮШ МИЛЛИОН ДОЛЛАР ШЫҒЫН"
Азаттық: Қанша сайт бұғатталғанын білесіз бе?
Альп Токер: Біз әдетте өзіміз бақылап отыратын сайттардың бірқатары бұғатталғанын байқадық. Ал бұл тек https-платформасында жұмыс істейтін сайттар ғана (https - қауіпсіз байланысты қолданатын сайттар - ред.). Олар әлдеқайда көп болуы мүмкін. Біз Қазақстанда шамамен 250 сайтқа мониторинг жүргіземіз: жаңалықтар, әлеуметтік желілер, жергілікті онлайн-платформалар. Шектеулер қосымшалар жұмысына да әсер еткенін байқадық. Мысалы, Facebook-тағы CDN (контент жеткізу желісі - ред.) қосымшасы. Бұл қосымша бұғаттауға қарсы тұруға қабылетті болса да, оның жұмысын тоқтатуға әрекеттер жасалды. Осындай шектеулер Instagram-ға қатысты да қолданылды. Бұл шектен шығу деңгейін көрсетеді.
Азаттық: Бұл бір платформалар басқалармен салыстырғанда әлсіздеу дегенді білдіре ме? Сіздер дайындаған есепте, мысалы, Telegram жұмыс істеп тұрғаны көрсетілген. Платформаның бұғаттауға қарсы тұра алу қабылеті мен әлсіздігі неге байланысты?
Альп Токер: Telegram – өте қызық жағдай. Оған қарсы шектеулер қолданылғанымен, Telegram-да бұғаттауды айналып өтетін әдістер бар. Мысалы, Telegram IP-адресті өзгерте алады. Жақында Ресейде қалай болғанын білеміз. Билік Telegram-ды шектегісі келді, бірақ үлкен шығынға ұшырады. Веб сайттың бір IP-адресі болғандықтан оны бұғаттау оңай. Telegram сияқты құралдардың бір артықшылығы – бүкіләлемдік желіге немесе DNS-ке (домен атауларының жүйесі - ред.) қатысы жоқ мобильді қосымшасы бар. Сондықтан ондай қосымшаның болуы шектеуді айналып өтуге жақсы құрал бола алады.
Азаттық: Вебсайттарға бұғатталудан қорғанудың жалғыз жолы осы ма?
Альп Токер: Басқа жолдары да бар. Олар әлі жасалып жатыр. Мысалы, Service Workers скрипті. Ол вебсайттарға офлайн жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біздің бұғаттау кесірінен болған экономикалық шығынды есептеуге арналған құралымыз шектеу қойылса да жұмысын жалғастыра береді. Бұл біз үшін тәжірибе болды. Бұғаттауды айналып өту шараларын сайтқа тікелей орналастыру мүмкіндігін байқап көргіміз келді.
Азаттық: Техникалық тұрғыдан қиын болды ма?
Альп Токер: Оңай емес, бірақ жасауға болады. Мұның бәрі әлі жасалып жатқан қосымшалар, бірақ оларды қазірдің өзінде қолдануға болады.
Азаттық: Экономикалық шығынды есептейтін құрал туралы әңгімеңізге оралсақ, мамырдың 9-ы күнгі бұғаттаулар Қазақстанға қанша шығын әкелгенін білесіз бе?
Альп Токер: Біздің есебіміз бойынша жалпы ішкі өнімге келген шығын ең кемі үш миллион долларды құрады. Бұл ең қысқа бұғаттау кезінде келген шығынға берілген баға. Инвестиция жоғалту сияқты балама қиындықтарды қоса есептегенде шығын бұдан әлдеқайда үлкен болады. Экономикалық шығынды есептеу тәсілін Брукинг институты дайындаған. Біз Дүниежүзілік банк индикаторларын қолданып, аясын кеңейттік. Бұл әдіс интернет пен мобильді интернетке қолжетімділік деңгейін, әлеуметтік желілердің танымалдылығын есепке алады. Біз әлеуметтік желідегі хабарландырулардың монетизациясын зерттеп, оларды бизнес пен жекелеген адамдар коммерциялық пайда табу үшін қалай пайдаланатынын бақылаймыз. Яғни, оңай түсініп өлшеуге болатын индикаторларға қараймыз. Бұл әдіс бойынша ұзақ мерзімді салдарды бағалау мүмкін емес. Соған қарамастан, біз бұғаттау адамдар үшін де, билік үшін де қымбатқа түсетінін сеніммен айта аламыз.
"ҚАЗАҚСТАНДА ҮМІТ БАР ЕКЕНІНЕ СЕНЕМІН"
Азаттық: NetBlocks басқа бұғаттауларды анықтай алды ма? Соңғы жылдары, әсіресе кешкі уақытта, қазақстандық интернет қолданушылар әлеуметтік желілерге кіруде қиындықтарға тап болып жүр. Мұны Қазақстанда желіде бір оппозиционердің тікелей эфирге шығуымен байланыстырады.
Альп Токер: Біз бұғаттауларды көрдік, бірақ оның саяси астары жоқ деп ойладық. Алғашында біздің жүйеде қателік жоқ па деп тексердік. Өйткені бұл күтпеген жерден болды. Бұл туралы жаңалықтарда айтылмаған соң, біз неге бүкіл ел аумағында қысқа уақытқа интернетте ақаулар болып жатқанын түсіне алмадық. Біздің радарда бұл ақаулар күмәнді жағдай боп тіркелгенімен, аса мән берген жоқпыз. Ал мамырдың 9-ы күнгі жағдай шынымен ерекше болды.
Азаттық: Қазақстан бұл істе бастауыш деңгейде екенін айттыңыз. Бұғаттау шараларымен көзге түскен көшбасшы мемлекеттер де бар ма?
Альп Токер: Интернетке қатаң шектеулер қоятын елдерге аз мониторинг жүргіземіз. Өйткені онда сөз бостандығы жоқ. Солтүстік Корея мен Қытайға қарасақ, олар радарға ілінбейді. Бұқаралық ақпарат құралдары белсенді жұмыс істейтін елдер интернет тәуелсіздігін қорғайтын белсенді қауымы мен үміті бар аймақтарға жатады. Мен Қазақстанда үміт бар екеніне сенемін. Жақында бірнеше сайтты бұғаттаудан шығарған (мамырдың 10-ы күні Өзбекстан көп жылдар бойы істемей тұрған бірқатар ақпарат құралдары мен құқық қорғау ұйымдарының сайттарына қойылған бұғатты алып тастады - ред. ) Өзбекстанда да үміт бар. Әрине, кей елдерде белсенділерді ұстау, өз конституциясын жиі бұзу сияқты сұмдық жағдайлар болып жатыр. Бұл қуанарлық жағдай болмағанымен, диалог орнатуға ықылас бар жерде мүмкіндік те бар. Билік ақылға салып, азаматтарды бұғаттаудың еш мәні жоғын түсінеді деп үміттенеміз. Былайша айтқанда, бұл өз еліне қарсы кибершабуыл жасаумен тең.
Азаттық: Өзбекстан туралы айтсақ, сіз сайттарды бұғаттан қалай босатқанын көрдіңіз бе?
Альп Токер: Иә, біз есеп жарияладық, негізгі провайдерлер жұмысын бақылай алдық. Мұнда да бірлескен қимылдар байқалды. Бұл (Қазақстанмен) ұқсас жағдай болды демеймін, өйткені біз есепті бірнеше сағат бұрын ғана аяқтадық. Бірақ Өзбекстанда да билік бір механизмді қолданып, контентті жылдам бұғаттап, бұғаттан қайта шығарған болуы мүмкін. Бірақ мұнда толықтай орталықтандырылған әрекетке қарағанда, әртүрлілік байқалады.
Азаттық: Әлемде елдер бұл салада өзара технология алмасып, әріптестік орнатады деп айтуға бола ма?
Альп Токер: Біз әдістердің алуан түрін бақылап отырмыз. Бірде бір ел екіншісінің әдісін қайталамайды. Бұғаттау моделіне қарасақ, әдетте офлайн цензура онлайн форматқа көшетінін байқауға болады. Мысалы, мемлекет радионы өшірсе: оларда дауысты басуға қолданылатын "қызыл батырма" бар, интернет цензураны да байқап көруге тырысады. Бірақ әр ел әртүрлі нәтижеге қол жеткізеді. Тәуелсіз БАҚ-ты үш-алты айға жауып тастайтын мемлекеттер сол әдісті онлайн платформалар үшін де қолданады.
Азаттық: Сүзгілері мүлде жоқ елдер бар ма?
Альп Токер: Жоқ. Сөз бостандығы бар елдерде интернеті еркін емес елдермен бірдей сүзгілер жұмыс істейді. Құжат алмасу сайттары немесе пираттық программалар жүйесінде жұмыс істейтін сайттар Еуропада шектелгенімен Ресейде жұмыс істеп тұр. Сондықтан бұғатталған сайттар санын салыстырса, АҚШ, Еуропа мен Ресей арасында аса үлкен айырмашылық жоқ. Жалғыз айырмашылық – қандай сайттар бұғатталғанында ғана.
Азаттық: Бұған дейін неге Қазақстанға назар аудармай келдіңіз?
Альп Токер: Біз жұмыс істейтін қауымдастық мамырдың 9-ына дейін бұл туралы сұраған жоқ. Мониторингке көмектесетін серіктестер табу өте қиын. Мысалы, Батыс, тропикалық Африкада адам құқықтары мен сөз бостандығын қадағалайтын әртүрлі қауымдастықтар бар. Біз олармен жағдайды толық түсініп, өзгерістерге қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істедік. Бізде Қазақстан бойынша сұрақтар пайда болғанда кімнің көмегіне жүгінерімізді білмейміз. Техникалық тұрғыдан бір нәрсе болып жатқанын көріп отырамыз, ал нақты не екенін түсіну қиын. Өйткені жағдайдың астарын білмейміз, белсенділер қауымдастығы жоқ, тілді түсінбеу мәселесі тағы бар.
Азаттық: Сіз айтып отырған қауымдастықтар әдетте байланысқа өздері шыға ма, әлде сіздер іздеп табасыздар ма?
NetBlocks немен айналысады?
NetBlocks – әлемдегі интернет жұмысы мен онлайн цензураны бақылайтын ұйым. Жоба 2014 жылы Түркиядағы оқиғалардан кейін қолға алынды. Қазір NetBlocks жүзге жуық елде мониторинг жүргізіп, интернетке, ғаламдық ауқымдағы сайттар мен әлеуметтік желілерге қолжетімділік жағдайын бақылайды.
Альп Токер: Олар бізбен өздері байланысады. Біз әртүрлі мемлекеттерде адам жинаумен айналыспаймыз. Олар біздің жұмысымызды көріп, біздің құралдарды пайдалана бастайды. Кейде бұл адамдар бізге хабарламай жұмыс істейді. Айтпақшы, Қазақстанда дәл солай болды. Біз (интернет жұмысын) бағалаудың көптігін көрдік. Бірақ ешкімнен осылай жасауды сұраған жоқпыз. Адамдар таңертең ұйқыдан тұрып, тестілеуді бастап, күні бойы және ең соңғы тексеруді кешке жүргізді. Бұл шағын, бірақ ісіне адал топ. Олардың саны әуелде 20 адам еді, мамырдың 9-ынан кейін 200-ге жетті. Олар ел аумағында біркелкі таралған. Мобильді интернет арқылы қосылған көп қолданушыны байқадық. Бір байқағанымыз, сіздерде мобильді интернет стационарлы интернетке қарағанда, жылдамырақ істейтін сияқты.
Азаттық: Яғни сіздерге елден адам керек пе?
Альп Токер: Иә, бұл нақтылықты арттырады. Бізде төрт түрлі өлшем жүйесі бар. Біз жақсы картинаға қол жеткізе аламыз, бірақ дәлдігі жоғары ақпарат алу үшін бізге құралдарымызды қолданып, платформаны бақылап, дерек жинауға үлес қосатын адамдар керек. Сайттың ел ішінде қалай жұмыс істеп тұрғанын білу – алтын қағида.
"ДАУЫСТЫ ТАРАТУ КЕРЕК"
Азаттық: Біздің БАҚ әлеуметтік желінің бұғатталуы туралы биліктен бірнеше рет түсініктеме алуға тырысты. Олар қиындықтар желі қолданушыларының қатары артқаннан туған деп түсіндірді. Бұл иланатын түсініктеме деп ойлайсыз ба?
Your browser doesn’t support HTML5
Альп Токер: Біріншіден, биліктің қандай да бір жауап бергенінің өзі жақсы. Кей үкімет мұны да жасамайды. Бірақ техникалық тұрғыдан қарасақ, бұл жүйелі жауап емес. Өйткені трафик деңгейі артса, барлық байланыс жылдамдығы төмендеу керек. Бірақ біз интернет пен басқа сайттар жақсы жұмыс істеп тұрғанын, тек жекелеген платформалар жұмысында проблемаға кезіккенін көреміз. Провайдерлерде қолданушы санының артуына жауап беретін белгілі бір өткізу қабылеті бар. Мұны қандай да бір ауқымды спорттық шаралар кезінде көруге болады. Маңызды матчты елдің жартысы көріп отырса да, интернет қызметіне ештеңе болмайды. Ал сосын бір белсенді желіге шығады, оны мыңдаған адам көргенінен бәрі жұмыс істемей қалады. Мұнда логика бұзылған. Техникалық тұрғыдан, қай кезде сүзгіден өткізгені және оның өткізу қабылетіне қатысы жоғы анық көрінеді.
Азаттық: Сіздің ойыңызша, бұғаттаулар не үшін керек? Байланыс қалпына келгенде бар ақпарат қайтадан қолжетімді болады ғой.
Альп Токер: Әр ел мұны әртүрлі себеппен жасайды. Бір даулы оқиға шыққанда, билік оның халық арасында таралғанын қаламайды. Екіншіден, бұл терактінің алдын алу амалы. Қашықтықтан жарылыс ұйымдастыру қаупін алдын алу үшін интернетті толық өшіріп тастайды. Немесе марқұм болғандардың суреті таралуын тоқтату үшін қолданылатын сүзгі (фильтрация). Бірақ Қазақстанда мамырдың 9-ы күні бұл жағдайлардың бірде бірі тіркелген жоқ. Соған қарағанда, интернетті адамдардың көшеге шығуының алдын алып, наразылық акциясы туралы ақпарат таратпау үшін бұғаттаған сияқты.
Азаттық: Не күтуге болады?
Альп Токер: Біз мамырдың 9-ы болған жағдай туралы көп ақпарат құралы жазғанын байқадық. Бұл құқықтар мен бостандықтарға қатысты түсініксіз позициядағы елдерді жақсы қырынан көрсетпейді. Бұл бір ғана жағдай болды және осы жағдайды әлем бақылап отырғаны түсінікті болды деп үміттенеміз.
Азаттық: Қарапайым қолданушылар не істей алады?
Альп Токер: VPN (виртуалды жекеменшік желі - ред.) – олар әлі де тиімді. Қазақстанда VPN-ді шектеуге тырысу амалдары байқалды. Бірқатары ендігі шектелген немесе олардың жұмысында қиындықтар болуы мүмкін. Бұл керемет шешім емес және әдетте оны қолданушы ақшаға сатып алады. Байланыстың ар жағындағы қауіпсіздік те мәселе тудырады: ол жақта сіздің трафигіңізді кім бақылап отырғаны белгісіз. Бұл халыққа арналған ең қарапайым жол. Бізге әмбебап қолжетімділік әлдеқайда қызығырақ қой. Бәрі VPN қолдана бастаса, проблема туралы аз айтылып, ол жөнінде ақпарат та аз болады. Сондықтан бұл интернет тәуелсіздігіне апаратын жол емес. Бізге бұғаттау нашар саясат екеніне үкіметті көндіру керек.
Азаттық: Ешкімді көндіргісі, күрескісі келмейтіндер бар. Олар Facebook парақшасына кіруге, мессенджердегі хабарламаларды біреудің қалауы бойынша емес, қалаған уақытында оқуға мүмкіндігі болғанын қалайды. Оларға не істеу керек?
Альп Токер: Әркімнің практикалық қажеттіліктері бар. Бірақ біз бүкіл әлемде адамдар аз ғана күш салғанда өзгерістер болатынын көрдік. Мәселен, Түркияда солай болды. Жұрт әлеуметтік желінің бұғатталуы туралы барлық деңгейде талқылай бастаған соң, үкімет бұғаттаудан бас тартты. Бұл адам құқықтары мәселесінен бөлек, ұлттық мақтаныш мәселесі де. Себебі, интернет дәуірінде сенің интернетіңнің жартысы істемейді. Адамдарға бір нәрсені өзгерту үшін белсенді болу міндетті емес. Ешкім күтпеген елдерде оң өзгерістер болып жатады. Ал бірақ бұл туралы айтқың келмесе, онда ештеңе істемейтін, ешкім де интернетке еркін кіре алмайтын, VPN де жоқ жағдайға жақындай түсесің. Ол тек уақыттың еншісіндегі мәселе болмақ. Дауыс естілсін десек, сол дауысты көпшілікке тарату керек және ондай әрекеттің осы бастан жасалғаны маңызды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Биліктің қорқынышы" һәм "ұнамайтын сайттардың жолын жабу"