Италияда желтоқсанның 4-і референдум өтіп, Еуропа Одағынан (ЕО) шығу-шықпау мәселесі қаралады. Ұлыбританияда жазда өткен «Брекзит» референдумы мен АҚШ сайлауында Дональд Трамп жеңгеннен соң өткелі тұрғаншарада ЕО-дан шығуға шақырағн популистер жеңіске жақын тұр.
Референдумда италиялықтар ЕО-ны қолдайтын премьер-министр Маттео Ренцидің экономикалық реформаларды батыл жүргізуі үшін оның өз өкілетін кеңейту туралы ұсынысын дауысқа салады. ЕО-ға қарсы партиялар «жоқ» деп дауыс беру арқылы Ренциді қызметінен кетіріп, Италияны еуро аймағынан не тіпті одақтан біржола шығаруға жол ашуды көздейді.
Италияда келесі «Брекзит» болуы мүмкін бе және оның салдары қандай болады? Ол үшін төмендегі үш мәселені білген жөн.
Желтоқсанның 4-і күні таразыға не түседі?
Желтоқсанның 4-і күнгі референдум тікелей ЕО туралы емес. Онда Италия сенатының көлемі мен билігін азайтып, премьер-министрге атқару билігінің біраз тетігін беру мәселесі дауысқа түседі. Премьердің кетеуі кеткен экономикаға жан бітіруді көздеген реформаларды жүзеге асыру жоспарына сенат табандап қарсы шыққандықтан, Ренци мәселені осылай төтесінен қойып отыр.
Маттео Ренци «менің ұсыныстарым қабылданбаған жағдайда биліктен кетемін» деп жұрт алдында уәде берген соң ЕО-ға қарсы күштер бұл науқанды оны орнынан тайдырудың мүмкіндігі ретінде қарастыра бастады. Премьер отставкаға кетсе, жаңа үкімет құру қажет болады, онда ЕО-ға қарсы партиялардың үкіметке енуіне, немесе мерзімінен бұрын өтетін сайлауда басымдыққа ие болуына мүмкіндік бар. Римдегі Луис университетінің саяси тарих профессоры Джиованни Орсина:
- Ренцидің сөзін байыптауымыз керек, егер ол референдумда жеңілсе, отставкаға кетуге тиіс. «Жоқ» деп дауыс бергендер көп болса, ЕО-ға қарсы популистер жеңеді, - дейді.
Бірақ референдумда «жоқ» дейтіндер жеңсе, Италиядағы ЕО-ға қарсы екі популистік топ - «Бес жұлдыз қозғалысы» мен Lega Nord (Солтүстік Лига) партиясының қаншалық күш алатынын болжау қиын.
- ЕО-ға қарсы күштердің барлығы «жоқ» деп дауыс беруді қолдайтындар жағында, бірақ бұл қатарда ЕО-ны қолдайтын, тек Ренциге наразы топтар да бар. Сондықтан, бұл - еуропашылдар мен ЕО-ға қарсылардың ғана текетіресі емес, одан әлдеқайда күрделі нәрсе, - дейді Орсина.
Италияда референдумға үш апта қалғаннан ары сауалнама өткізуге шек қойылған. Сол мораторийдің алдында өткізілген соңғы сауалнама қорытындыларына сәйкес «жоқ» деп дауыс беруді жақтайтындар 4-5 пайыз басым. Екі жақтың арасы тым жақын болғандықтан, нақты болжау қиын.
Италияда ЕО мен еуроға қарсылар қаншалық ықпалды?
Сарапшылардың айтуынша, популистік партиялар италиялықтардың өкіметке деген өкпе-назын өз мақсаттарына пайдалануға бейіл. Лондондағы еркін сауданы зерттеумен айналысатын экономикалық қатынастар институты қызметкері Стив Дэвис:
- Италияның мақсатты түрде ЕО құрамынан шығу мүмкіндігі тым төмен, бірақ оның еуро аймағынан шығып, ортақ валютаны одан әрі құрдымға жіберу мүмкіндігі бар, бұл мүмкіндік күннен күнге көбейіп келеді, - дейді.
Оның айтуынша, Италия еуро аймағына өткен кезден бері оның экономикасы жылына 1 пайыздан жоғары өсіп көрген емес. Ал бұл халықтың Брюссельге, Италия экономикасындағы олқылықтарға деген наразылығын арттырып отыр.
Елдің әсіресе еуроға деген өкпесі қатты. Себебі Италия экспортқа серпін беру үшін өз бетімен еуроны девальвациялай алмайды. Бұрын Италия жеке валютасы лираны жиі құнсыздандырып отыратын.
Дегенмен Британия ЕО құрамынан шығудың алғашқы сүрлеуін салып бергенімен, италиялықтардың көбі ЕО-дан шығу идеясына секеммен қарайды.
- Италияның жағдайында ЕО-дан шығу деген тек одақтан ғана емес, еуро аймағынан да кету дегенді білдіреді. Валютаны ауыстыру, лираға қайта көшу, бұл әрекет қараңғы түнекке қадам жасаумен пара-пар, - дейді Орсина.
Италияның ЕО-ға қарсы қозғалыстарының өзі мақсат-мүдделеріне қарай бөлшектеніп отыр. Халықтың 30 пайыздайы қолдайтын «Бес жұлдыз қозғалысы» референдумда ЕО-дан емес, еуро аймағынан шығуға үндеу арқылы оңшылдарды да, солшылдарды да өз жағына қаратпақ ниетте. Ал 12 пайыздай қолдауға ие болып отырған ұлтшыл әрі иммигранттарға қарсы партия Lega Nord Италияны ЕО-дан мүлде шығарып алуға үндейді. Әзірге бұл екі партия бірлесе жұмыс істеп отырған жоқ.
Италия Еуроодақтан шықса, оның салдары не болмақ?
Италия – ЕО-дағы Германия мен Франциядан кейінгі үшінші ірі экономика, сондықтан сарапшылардың көбі бұл елдің одақтан не еуро аймағынан шығуы ЕО-ға ауыр соққы болып тиеді деп болжайды.
Италияның барлық формадағы қарыздары, әсіресе мемлекеттік қарыздары күрт артады, ал бұл – үлкен сома.
- Италия еуродан шығатындай жағдай қалыптасса, инвесторлар бірден үрей шақырады, сөйтіп Италияның барлық формадағы қарыздары, әсіресе мемлекеттік қарыздары күрт артады, ал бұл – үлкен сома, - дейді экономист Дэвис.
Оның айтуынша, бұл Италия қарызының біразын ұстап отырған, қазірдің өзінде шатқаяқтап тұрған банк жүйесін дағдарысқа ұшыратады, әрі бұл бүкіл Еуропадағы әріптес банктерге әсер етеді. «Инвесторлардың еуроға деген қызығушылығы төмендегендіктен, мұның соңы қазіргі формадағы ЕО-ның тарауына алыпкеледі» дейді сарапшы.
Чарльз Рекнагелдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.