Қажы Мұхаммед Шадком: «Иран қазақтарына ана тілін үйрену қиын»

Иранда тұратын этникалық қазақ Қажы Мұхаммед Шадком. Алматы, 25 мамыр 2015 жыл.

Абай шығармаларын парсы тіліне аударған, Иранда тұратын этникалық қазақ Қажы Мұхаммед Шадком Азаттыққа сұхбатында жергілікті қазақтардың мәдениеті жайында айтты.

Қажы Мұхаммед Шадком Иранның Горган қаласында тұрады. Ол отыз жыл құқық қорғаушы болып қызмет істеген. Алайда өз бастамасымен қазақ тілінің түсіндірме сөздігін және Абайдың толық шығармаларын парсы тіліне аударған. Алматыға келген сапарында Азаттыққа сұхбат беріп, Иран қазақтарының тарихы, өмірі және мәдениеті жайлы баяндады.

«БІЛІШ МАХАЛЛА» – ТАНЫС АУЫЛ

Азаттық: – Аталарыңыз Иранға Қазақстаннан, Маңғыстау өңірінен қоныс аударған екен. Олар қай жылдары барған?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Бұл шамамен 1930 жылдар. Анық қай жылы екенін айта алмаймыз. Марқұм әкем көзі тірі кезінде «80 жыл бұрын шамасында біз Маңғыстаудан, Ақтау жақтан Иранға кетуге мәжбүр болдық» дейтін.

Қазақтың қыз-келіншектері. Иран, 1978 жыл. (Суреттің авторы Мансұр Киай)

Олар алдымен Түркіменстан жерімен босып жүріп, Иранның солтүстік жағындағы «Түрікмен сахара» деген жеріне тұрақтайды. Арасында Ауғанстанға, одан да әрмен өткіп кеткендер болған.

Уақыт өте келе Иранға ауып барған қазақтар қалалы жерлерге қоныс аударған. Каспийдің Иран жағалауында Бендер-Түрікмен қаласында екі «қазақ махалласы» болыпты. Басында ол жерде тек қазақтар ғана болған екен, қазір түркімендермен араласып кетті.

Әкем Маңғыстаудан қопарыла көшкенде алты ағайынды болған екен. Соның төртеуі Ауғанстан жеріне өтіп, екеуі Иранда қалыпты. Кейін олар бір-бірін іздеп тапты. Ауған жеріне өткен туыстарымның бірінің қызы бүгінде Түркістанда тұрады.

Азаттық: – Қазір Иран жерінде қанша қазақ өмір сүріп жатыр?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Ирандағы қазақтардың басым бөлігі әлі сол Бендер-Түрікменде тұрып жатыр. Осы қалада мыңға жуық қазақ бар деп есептеледі.

Бұдан кейінгі қазақтардың көп шоғырланған қаласы – Горган. Мен сол жерде өсіп, өндім. Горганның өзінде екі махалла бар. Оның бірін жергілікті түркімендер «біліш махалла» деп атайды. Яғни бұрыннан таныс, біліс ауыл деген мағынада. Осы екі қаладан басқа да жердегі қазақтарды қосқанда барлығы үш мыңға жуық қазақ Иран жерінде өмір сүріп жатыр. Бұл осы күнгі қалғаны ғана. Ал бұған дейін атамекенге көшкендері қаншама.

«АБАЙ АУДАРМАСЫН ЖЕКЕ КІТАП ЕТІП ШЫҒАРСА»

Азаттық: – Сіз отыз жыл құқық қорғаушы болып қызмет етіпсіз. Сөйте тұра Абай шығармаларын толықтай аударып, қазақ тілінің түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударып шыққан екенсіз. Аудармаға қалай келіп қалдыңыз?

Киіз басып жатқан Иран қазақтары. 1978 жыл. (Сурет авторы - Мансұр Киай.)

Қажы Мұхаммед Шадком: – Мен қанша жерден қазақ болғаныммен өскен ортам, алған білімім парсы тілінде болды. Ол кезде Совет одағының бар кезі. Тегеранда бір мәдени орталық болатын. Бірде сол орталыққа барып қазақша газет журнал, кітап бар ма деп сұрадым. Сол жерде Пушкин өлеңдерінің қазақша аудармасы бар екен. Одан басқа жер-дүниедегі қазақтарға арналған «Родина» дейтін газет болды. Кейін атауы «Біздің Отан», одан кейін «Шалқар» болып өзгертілді. Соның өзі біз сияқтыларға себеп болып, қазақ тілін меңгеруге көмектесті.

Кейін «Шалқар» газетінің ұйымдастырған бір бәйгесінде жеңімпаз болып, олар маған сый ретінде қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін берді.

Мен сосын өзімізді өзгелерге таныту үшін сол сөздікті өз шамамша парсы тіліне аударып шықтым. Бірақ, ол еңбегім осы күнге дейін жарық көрген жоқ, әлі қолжазба күйінде жатыр.

Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін де парсыша тәржімаладым. Мұндағы мақсат атымды шығару емес, бөтен жерде жүрген қазақтардың да тарихы бар, мәдениеті бар, Абай сынды ақыны мен Абылайдай ханы болғанын өзгелерге түсіндіру еді.

Азаттық: – Аудармаларыңыз жарық көрді ме?

Иран қазақтары, Горган қаласы, 2005 жыл.

Қажы Мұхаммед Шадком: – Сөздік әріптерін кішкентай қылған күннің өзінде баспадан шықса қалың кітап болар еді. Бірақ бұл сөздік ешкімге керек болмады, сол себепті қолымда қала берді.

Абайдың оншақты өлеңі, қара сөздері және «Ескендір» поэмасы Қазақстанның Ирандағы елшілігінің демеушілігімен жарық көрді.

Менің ойымша, Абайдың өз өлеңін бір бетіне, парсыша аудармасын келесі бетіне қатар қойып, Абай шығармаларының толық аудармасын жеке кітап етіп шығарса, жақсы болар еді.

Қажы Мұхаммед Шадкоммен сұхбат:

«ҚАЗАҚ МАХАЛЛАДАҒЫ» ҚАЗАҚ ТІЛІ

Азаттық: – Дәл қазіргі кезде Иран жеріндегі қазақ жастарының қазақ тілін меңгеруі қай деңгейде?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Арнайы орталық болмағаннан кейін жастардың тіл үйренуі қиын. Ал Иранда оқуды тек парсы тілінде жүргізуге ғана рұқсат берілген. Сол себепті арнайы орталық болмағандықтан қазақ тілін үйрену мүмкін емес.

Азаттық: – Қазақтар шоғырланған елдердің көбінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының филиалдары жұмыс істейді. Ондай бөлімше Иранда бар ма?

Иран қазақтары той кезінде. 1978 жыл. (Суретті түсірген - Мансұр Киай.)

Қажы Мұхаммед Шадком: – Жоқ. Өйткені оны ашуға үкімет рұқсат бермейді. Жастарға қазақ тілін үйретуге мен өз еркіммен үйірме ашпақ та болдым. Келгендерге қазақ тіліндегі кітаптарды ұсынамын. Тіліңізді біліңіз, ата-бабаңыздың кім болғанын таныңыз деп уағыз айтамын. Бірақ ешкім құлықты емес. Мен әйтпесе тегін сабақ беремін. Үйде отырып үйренем десе де, түзде оқимын десе де келісемін.

Азаттық: – Отбасыңыз туралы қысқаша айта кетсеңіз?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Он жеті жасымда үйлендім, қазір алпыс жетіге келдім. Отыз жыл Горганда құқық қорғаушы болып істедім. Екі жылдан бері зейнеткермін. Бала-шағам түгелдей аяқтанып кетті. Әкем Нұрымшат өз жанынан өлең шығарып айтатын ақын, сосын ескі жырларды көп білетін жыршы еді. Өз қолымен жазған жырлары әлі қолжазба күйінде сақтаулы тұр.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.