38 жастағы Орынбек Көксебек Қытайда туып, 2004 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына әке-шешесімен бірге көшіп келген. 2005 жылы Қазақстан азаматтығын алған жігіт былтыр қарашаның 22-сінде Шыңжаңдағы тіркеуден шығу үшін Қытайдағы туған жері – Құлжа қаласына барады.
- Алғаш шекарадан ("Бақты" кеден бекеті – ред.) өткен кезде [қытайлық шекарашылар] "напосымның" (қытайша тұрақты тіркеу – ред.) өшкен-өшпегенін сұрап, "егер өшпесе, шекарадан қайтадан өте алмайсың" деді. Мен Қытайға барғаннан кейін паспорттың жайымен Шәуешектегі сақшы кеңсесіне (қалалық полиция бөлімшесі – ред.) барғанымда олар сенің "напосың өшкен жоқ" деп бір қағаздарға қол қойғызып алды. Сөйтсем ол "напосты тірілту" (Қытайдағы тұрақты тіркеуді қайтадан қалпына келтіру – ред.) қағазы екен, - дейді ол.
"ҚОС АЗАМАТТЫҒЫ БАР САТҚЫН"
Орынбектің айтуынша, Шыңжаңда жалпы білім беретін мектепте екі жыл ғана оқыған. Одан кейін мектеп қабырғасын көрмеген, малды ауылда ер жеткен. Сол себепті қытай тілін мүлдем түсінбейді. Жөнді жазып оқи да алмайды.
- Мен ол қағазда не жазылғанын түсінбедім. Олардың "напосты өшіру қағазы" деген сөзіне сеніп, қол қойып бердім. Желтоқсанның 15-і күні Шәуешектегі сақшы мекемесінен қоңырау шалып, "Напосыңды өшіріп, денсаулығыңды тексеріп шекарадан шығарып жібереміз, кел" деп шақырды. Маған хабарласқан сақшының аты – Жеңіс еді, - деп еске алады ол.
Орынбектің сөзіне сәйкес, Шыңжаңдағы полиция оны алдап шақырып алып, бірден "саяси тәрбие орталығына" жіберген. Ол өзі "мені мектепке жіберді" деп ойлаған. Барған соң орталық өкілдері әке-шешесінен бастап Қазақстанда тұратын туыстарының суреттерін көрсетіп, олар жайлы сұраған.
- Ең бірінші әкемнің суретін көрсетіп, "Мына адамды танисың ба?" деді. "Әкем. Қайтыс болған" деп едім, суретті екіге бөлді де, қоқыс жәшігіне тастай салды. Одан кейін анам мен әкемнің інісінің суреті шықты. Олар жайлы ақпараттарды жазып алды. Ал таққан айыптары: "Сен қос елдің азаматтығын пайдаланып жүрсің. Сатқынсың", - дейді Орынбек.
Соңғы бірнеше жыл ішінде Қытайдың батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі деп аталатын провинцияда шоғырланып тұратын негізгі этникалық топтар – ұйғырлар мен қазақтарды жергілікті билік жиі тексеріп, жаппай қамау оқиғалары жиілеген.
Оқи отырыңыз: Қытайдың "саяси қайта тәрбиелеуін" көргендер
Пекин бұл аймақтағы ұйғыр сепаратизмі мен діни радикализмнен қауіптеніп, сақтық шараларын барынша күшейтіп жатыр. Шетке қашқан ұйғыр белсенділері мен халықаралық құқық қорғаушылар Қытайдың асыра сілтеу саясаты этникалық азшылықтардың саяси, мәдени және діни бостандығын шектеп жатыр деп шағымданады.
Соңғы жылдары жергілікті этникалық қазақтар Шыңжаңда түрлі қысым мен шектеуге ұшырап жатқандарын хабарлай бастады. Олардың ішінде Қытайдан тарихи атамекеніне қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған, кейін Шыңжаңға саяхаттап барған қазақтар да бар.
Үржарда тұратын Орынбек әуелі сұхбаттасудан қорқатынын айтып, өзін Қытай полициясы қамаудан шығарғанда көргенін ешкімге айтпау туралы қолхат жаздырып алғанын, "егер біреуге айтсаң, Қазақстаннан алып келіп бес жылға қамаймыз" деп қорқытқанын еске алды. Алматы түбіндегі туысқанына қонаққа келген кезінде ол Азаттық тілшісімен Қаскелең қаласында мамырдың 21-інде сөйлесуге келісті.
- Олардың (Шәуешек полициясының – ред.) "Қос елдің азаматысың" деп отырған себебі, мен қараша айында өзім қол қойған қағазда тұрақты тіркеуді қалпына келтіруге өтініш берген екенмін. Яғни тұрақты тіркеуден шықпағандықтан мен Жуңго (Қытай – ред.) елінің де азаматымын. Өздері маған осылай түсіндірді. Білім қабілетімнің төмендігін пайдаланып, ойларына келгенін істеді, - дейді ол.
Орынбектің сөзінше, Шәуешек қаласындағы "саяси тәрбие орталығында" оны полиция бірінші күні "жиырма төрт сағат тікесінен-тік тұрғызып қойған". Қытай тілін және партия туралы өлеңдерді үйренуді талап еткен.
- Жеті күн кісенмен жаттым. Түнде қолымдағы кісенді шешеді, бірақ аяқтағы кісенмен ұйықтаймын. Жетінші күні кісеннен босатып, тағы да сұраққа апарды. Ол жерде айтқандары: "Қытай тілін бір жылдың ішінде үйреніп шығасың. Егер үйрене алмасаң, тағы бес жыл отырасың" болды, - дейді ол.
ДИМАШТЫҢ ҚЫТАЙША ӘНІН ТЫҢДАТУ
Орынбек Көксебек Қытай сақшыларының өзін "терең құдыққа тастап, үстіне мұздай су құйғанын, тіпті есінен танып қалғанын, таяққа еті үйренгендіктен оны қазір есіне де алғысы келмейтінін" айтты.
- Мен үшін бұл тозақ секілді көрінді. Қолымда – кісен, жан-жағыма бұрылып қарай да алмаймын. Тар. Осы сөзді айтқаннан өзім бір жағы қорқып та тұрмын. Төбемнен бір шелек суық суды құйып жіберді. Сол кезде шыңғырыппын. Оны кейін өзгелер айтты. Есімді жисам, бір топ жігіттің ішінде жатыр екенмін. Орталарында бір қазақ бала бар екен. Сол жігіт: "Аға, жаныңыз темір емес қой. Бәрін мойындамайсыз ба" деді. Сондағы олардың маған қойған талабы – Қытай азаматы екенімді, қос азаматтықты пайдаланып жүргенім және Қытай еліне қарыз екенімді айту. Бірақ мен ол талаптан бас тарттым, - деп еске алады Орынбек Қытайдағы қамауда болған күндерін.
Қытай қазақтарының қысым көруі талқыланған жиын (Алматы, 24 сәуір 2018 жыл):
Орынбектің сөзінше, көрген азабы тек мұнымен бітпеген. Қытай тіліндегі партия туралы өлеңдерді төте жазумен қағазға түсіріп жаттауға мәжбүр болған. Саяси тәрбие орталығының қызметкерлері оған арасында қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің қытай тілінде орындаған әндерін тыңдатқан.
- Адам бәріне көнеді ғой, бірақ организм тұзсыз асқа көнбейді екен. Шамамен үш айдан асқан кезде мені басқа бір жерге ауыстырды. Сол жерде бізге екі ыдыс берді. Оның біріне қайнаған су құйып ішесің, екіншісіне күріштен жасалған тамақ салып береді. Бір күні ортамызға бір тегеш тұз алып келді. Тұзды уыстап алып, суға салып жібердім де, шайқап-шайқап іше салдым да, "тұз-тұз" деп айқай салдым. Кейін бәрі де "тұз-тұз" шулады, - деп күледі Орынбек.
Орынбек Көксебек Қытайдың Шәуешек қаласындағы "Саяси тәрбие орталығынан" 2018 жылғы сәуірдің 13-інде босап шыққанын айтады. Оның айтқандарын Қытайдағы қандай да бір тәуелсіз дерек көзі арқылы растау мүмкін емес. Қытайдың Қазақстандағы елшілігі де ешқандай мәлімет бермейді. Мамырдың 22-сінде телефон соғып комментарий беруді сұраған Азаттық тілшісіне Қытайдың Алматыдағы консулдығы жауап қатпады.
"ЕКІ АЙ МАҚҰЛБАЙ БОЛДЫМ"
Бірақ Орынбекпен бірге "саяси тәрбие орталығында" қамалғанын, "бір күнде босап шыққанын" айтқан және бір қазақстандық азамат бар. Ол – алматылық Аман Жансейіт. Аманды мамырдың 22-сінде "Атажұрт" жастары қоғамдық қозғалысы "Қазақстан" қонақ үйінде өткен дөңгелек үстелге шақырған. Бұл жиында Шыңжаңдағы қамаудан босап шыққандар өздері туралы хабар таратқан ақпарат құралдары мен Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне алғыс айтты.
Қазақстандық Аман Жансейіт Қытайдағы "саяси тәрбие лагерінде" қамауда болғаны туралы (Алматы, 22 мамыр 2018 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5
- 2018 жылғы ақпан айының 18-і күні жұмыс бабымен Пекинге ұшып барған болатынмын. Барған жерімде сақшылар ұстап, Шәуешекке жеткізетін болды. Олардың сөздерінің сыңайынан қолыма кісен, аяғыма көзір салып апаратынын түсіндім де, "Шәуешекке өзім барамын" дедім. Шәуешекте аэропорттан түскен бетте үш сақшы қарсы алып, қамауға алды, - деп еске алады ол.
Аманның сөзінше, Шәуешек полициясы оны төрт күн тергеп, істейтін қызметінен бастап туысқандарына дейінгі ақпарат сұраған.
Таңғы, түскі және кешкі ас алдында мемлекеттік әнұран айтамыз. Ең қиыны – біздің қай уақытта шығатынымыз белгісіз болды. Бір жыл ма, әлде екі жыл ма, ешкім айта алмайды
- Төрт күннен кейін оқу орталығына (саяси тәрбие орталығы – ред.) апарды. Сол жерден 53 күн дегенде әрең босап шықтым. Таңғы, түскі және кешкі ас алдында мемлекеттік әнұран айтамыз. Ең қиыны – біздің қай уақытта шығатынымыз белгісіз болды. Бір жыл ма, әлде екі жыл ма, ешкім айта алмайды. "Қазақстанда кәмелет жасқа толмаған төрт баламның бар екенін, менсіз қиын екенін" қайталап айта бердім. Бірақ олардың жауабы "олар сенсіз де өмір сүре береді" болды. Екі аптада бір рет сөйлесуге шақырады. "Жағдайың қалай?" деп сұраса, мәжбүрлі түрде "жақсы" деп айтамыз. Содан кейін олардың әр сөзіне тек "мақұл" деп қана жауап береміз. Егер "мақұл" демесең, жазаң басқаша. Адамды жеке қамайтын жерлері бар. Соған салады. Ол жер өте суық, қараңғы. Екі ай бойы "мақұлбай" болып жүрдім, - дейді Аман Жансейіт.
Аман саяси үйрену орталығында жергілікті шыңжаңдық қазақтармен бірге Қазақстанға кезінде келіп, ықтияр хат алған кейін Қытайға қайта барып қолға түсіп қалған қазақтардың да жатқанын айтады.
- Менімен бірге тағы бір қазақ жігіті болды. Оның әйелі де сол жерде. Бірақ екеуін кезіктірмейді. Олардың кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар екен. Оны жетпістен асқан әкесі қарап отырғанын айтты. Ал анасы науқас екен. Күндіз орындықта отырып кітап оқимыз. Сағат сайын орнымыздан тұрып, 10 минут бой сергітеміз. Сол кезде сыбырласып сөйлесеміз. Бәрін видеокамерадан қарап отырады, - дейді Аман.
Азаттық бұған дейін Қытайдың Бурылтоғай ауданындағы саяси тәрбие орталығында бірнеше ай қамауда болып келген және бір қазақстандық азамат Қайрат Самарқан туралы жазған болатын. Азаттыққа берген сұхбатында ол "өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барған" сәттері туралы айтқан еді. Мамырдың 22-сінде Алматыда өткен жиында Қайрат Самарқан:
- Мен жазықсыз жапа шектім. Сол себепті халықаралық ұйымдар арқылы Қытай үкіметінен 1 миллион АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуді және "саяси үйрену орталығы" деп аталатын жазалау лагерінде отырған жазықсыз қазақтарды босатуды талап еткім келеді, - деді.
Қытайда қазақтардың қысым көре бастағаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан бастап хабарлана бастаған болатын. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде германиялық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.
Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты (Астана, 23 маусым 2017 жыл):
Назарбаев Шыңжаңда қамалған қазақстандықтардың мәселесін шешуді Сыртқы істер министрлігіне тапсырған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін берген сирек комментарийлерінде Қытайда қамалған қазақстандықтардың бар екенін растап, оларды босату бойынша Пекинге нота жолдағанын, Шыңжаң өлкесінің жетекшілігімен келіссөз жүргізгенін айтқан. Бұл әрекеттің нәтижесі туралы Азаттық бүгінге дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне де, Қытайдың елшілігіне да бірнеше ресми хат жолдап, сауалдарына жауап ала алмай отыр.
Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларында, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, бұлардан басқа тағы бірнеше өңірлердегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көбірек шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.