Қазіргі уақытта Сирия аумағында Қазақстанның 90-нан астам азаматы (63 пайызы әйелдер) бар, оның 15-і (екеуі ер адам) лагерьлер мен түрмелерде және 6 әйел Иракта қамауда отыр. Азаттықтың сауалына Ұлттық қауіпсіздік комитеті осындай деректермен жауап берді.
ҰКК-нің жауабына қарағанда, Сирия мен Ирактан Қазақстанға 277 ересек адам (57 ер адам, 220 әйел адам) және 547 кәмелет жасқа толмаған бала қайтарылған.
Қазақстан биыл жаңа жылдан бастап "Жусан" операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағындағы азаматтарын қайтарған болатын. Әр операция сайын Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаева пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, нақты санын көрсеткен.
ҰҚК берген дерек пен "Жусан" операциясы бойынша қайтарылғандар туралы мәліметте 118 ересек адам мен 190 бала айырмасы бар.
Қаңтардың бас кезіндегі алғашқы "Жусан" операциясы бойынша Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Сириядан 47 адам әкелінгенін, оның 30-ы бала екені айтқан.
Биыл 7-9 мамыр күндері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жусан - 2" операциясы бойынша Қазақстанның 231 азаматы жеткізілгенін, оның 156-сы бала екенін хабарлаған.
Биыл 28-31 мамырда "Жусан - 3" операциясымен 67 әйел, 171 бала жеткізілген. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамырда мәлімдеген.
Үш рет өткізілген "Жусан" операциясымен барлығы 159 ересек адам мен 357 бала Қазақстанға қайтарылған.
Қазақстан "Жусан" операциясына дейін Сирия мен Ирак аумағында жүргендерді қайтару үшін арнайы операция ұйымдастырғаны жайлы мәлімет жоқ.
Бірақ ҰҚК деректеріне қарағанда, Сирия мен Ирак аумағынан Қазақстан азаматтары "Жусан" операциясына дейін де орала бастағаны көрінеді.
2018 жылдың наурызында ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Сирияда ұрыс қимылдары басталғалы Қазақстанның 112 азаматы оралғанын хабарлаған (61 ер адам, 51 әйел адам). Мұнан өзге халықаралық террор ұйымдардың лагерьлері мен базаларынан Қазақстанға қайтарылды делінген балалардың саны – 81-ге жеткен.
Қазақстан азаматтары Сирия мен Ирак аумағына 2011-12 жылдардан бастап кете бастағаны байқалған. 2013 жылы күзде "Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топтың" YouTube желісінде жарияланған алғашқы көлемді видеосы қоғам назарын аударған еді. Кейіннен олардың туыстары "жиһадқа кеткен" балаларының қаза болғаны жайлы хабар тарата бастаған еді. Осыдан соң қарулы қақтығыс аймағында қалған балаларын, келіндері мен немерелерін қайтаруға көмектесуді сұраған ата-аналардың арыз-шағымдары көбейген.
Қазақстан 2017 жылы Қазақстан "террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін" азаматтығынан айыру туралы заң нормасын енгізді.
2019 жылдың қаңтарынан бастап, Қазақстан бірнеше рет арнайы "Жусан" операциясы өткізіп, Сирия мен Ирак аумағынан азаматтарын қайтарып ала бастады. Қазақстаннан өзге Орталық Азияның бірнеше мемлекеті осыған ұқсас арнайы операциямен азаматтарын әкетті.
Фотогалерея: ДАИШ содырлары қамалған түрме
Қараша айында Түркия президенті Режеп Ердоған Сирияның солтүстігінде таяуда Түркия әскері жүргізген операция барысында "Ислам мемлекеті" террор ұйымына қатысқан 300-ге жуық шетел азаматы қолға түскенін мәлімдеген. Артынша "Ислам мемлекеті" террор ұйымының 956 адамын келген елдеріне депортациялайтын хабарлады. Оның арасында Қазақстанның - 10, Өзбекстаннның - 82, Қырғызстанның - 23, Түркіменстанның - 6, Ресейдің 99 азаматы бар.
Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түрік түрмелерінде ДАИШ тобының 2500 мыңдай адамы отырғанын айтқан. Түркия ішкі істер министрі Сүлеймен Сойлу "Түркия – ДАИШ содырларына қонақ үй емес" деп қамаудағы террористерді елдеріне қайтара бастайтынын мәлімдеген.
Сирия мен Ирак аумағында террор топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер "террор топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты", "терроризмді насихаттады және қаржыландырды" деген айыппен Қазақстанда сотқа тартылып жатыр.