«АУЫЛ АРМАНЫ»
"Ауылымызға спорт кешені керек" деген Талап тұрғындарының бірі Тұрсынәлі Орынбеков ауылдарында спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік қалмағанына налиды. 1989 жылы Мәскеуде өткен марафонға Қазақстаннан барған отызға жуық спортшымен бірге 42 шақырымды толық жүгіріп өткенін мақтанышпен еске алады.
- Облыстық, республикалық спартакиадаларға аудан атынан қатысатын команданың 70-80 пайызы біздің ауылдан шығатын. Қазір де спорттың әр түрімен шұғылданатын жастар көп. Бірақ спорт кешені жоқ ауылдан чемпион шыға ма? - дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, қазір баскетбол мен волейболдан Қызылорда облысының құрама командасына енетін Талап жастары ауылдағы №54 мектептің спорт залына барып жаттығады. 1979 жылы салынып, тозығы жеткен мектептің спорт залы шағын - ұзындығы 17, ені 9 метрден аспайды. Оның өзі оқушылардың дене шынықтыру сабағынан артылмайды.
Ұзақ жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп жүрген Өмірзақ Оспанбеков та Совет кезінде одақтық деңгейдегі жарыстарға қатысқан команда мүшесі болғанын айтады.
- Қазір мектептің спорт залында волейболды әр командадан төрт-төрт адамнан ғана шығып ойнайды, бес адам сыймайды. Мұндайда спортшылар қалай өседі? - дейді қапаланып.
Тұрсынәлі Орынбеков пен Өмірзақ Оспанбеков көршілес "Юбилейный" мен Талап ауылының арасындағы Қаратас деген жерге спорт кешені салынса, екі ауылдың да мәселесі шешілер еді деп армандайды. Бірақ спорт кешенін кім салып беретінін, кімнен сұрау керегін білмей дағдарып отыр.
"ӘКІМ КӘСІПКЕРГЕ ӨТІНІШ АЙТАДЫ"
Қызылорда облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының өкілі Серік Жұматовтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде елдімекендерге спорт кешені "мемлекеттік - жекешелік әріптестік" жобасы бойынша салынады.
-Бұл жоба бойынша спорт кешенін салу кәсіпкерлердің мойнына жүктеледі. Бір немесе бірнеше кәсіпкер спорт кешенінің жобасын ұсынады, оны облыстық мәслихат қарайды. Мәслихаттың келісімінен кейін құрылыс басталады. Дайын болған соң иесі мемлекет қарамағына өткізсе, шығынын бес жылда бөліп-бөліп алады немесе жалға беру арқылы шығынын өндіріп алады,-дейді ол.
Оның айтуынша, "мемлекеттік - жекешелік әріптестік" жобасы бойынша былтыр Қызылорда облысында 20 спорт кешенінің жобасы мақұлданған. Он спорт кешені ауылдарға салынады.Алайда, оның ішінде Азаттыққа хабарласқан тұрғындардың ауылы – Талап жоқ.
Азаттық тілшісі Талап ауылының әкімі Әлібек Абдуллаевпен сөйлесіп көрген еді. Талап ауылында республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүрген жастар бар екенін ол да растайды. Бірақ спорт кешенін салуға аудандық, облыстық бюджеттің шамасы келмейтінін айтады. Ең ыңғайлысы - "мемлекеттік - жекешелік әріптестік" жобасы. Ал, ол үшін Талап ауылына спорт кешенін салуға ынталы кәсіпкер керек. Ондай кәсіпкер бар ма?
– Талап ауылынан шыққан кәсіпкерге "туған жеріңізге спорт кешенін салып беріңіз" деп өтініш айттым. Келіскендей сыңай танытты,- дейді ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев.
Егер, ол кәсіпкер спорт кешенін салудан айнып қалса, басқа бір кәсіпкер өздігінен құлшынып шықпаса, Талап ауылына әлі де біраз жыл спорт кешені салынбайтынға ұқсайды.
"КӘСІПКЕР МЕМЛЕКЕТКЕ СЕНБЕЙДІ"
Ауылдық жерлерге спорт кешенін салу неге кәсіпкердің көңіл күйіне тәуелді? Кәсіпкерлер спорт кешенін салуға ынталы ма? Бұл сұраққа билік орындары мардымды жауап бере алмайды. Өйткені жергілікті билік қарсы болмаса да мол ақшаны қажет ететін құрылысты өз бетімен бастай қоюға ынталы кәсіпкер сирек кездеседі.
"Мемлекеттік - жекешелік әріптестік" жобасы бойынша қазір Жаңақорған ауданының Бірлік ауылында спорт кешенін салып жатқан кәсіпкер Бақыт Берділлаев "кәсіпкер мемлекеттен қолдау алатынына сеніңкіремейді" деп санайды.
- Құрылысқа салған қаржыңды мемлекет бес жыл ішінде қайтарамыз деп уәде береді. Бірақ бес жылда кім бар, кім жоқ. Келісімшартқа қол қойған әкім ол кезде орнында отыра ма, жоқ па? Келісімшарттың өзін әкімдік орындамаса не болады? Осыған ұқсас сұрақ көп. Сондықтан қомақты қаржы салуға кәсіпкерлер тәуекел етуі екіталай,- дейді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, спорт кешенін жалға беріп шығынды қайтарып алу да өнбейтін шаруа. Ал өзі "мемлекеттік-жекешелік әріптестік" жобасына кездейсоқ қосылғанын айтады.
Бірлік ауылында туып өсіп, іргелес жатқан Шалқия кенішіндегі өндіріс жұмыстарына араласып кәсіпкерге айналған ол Бірлік жастарына арнап спорт кешенін салу үшін 2015 жылы жер сатып алған. 2018 жылы 107 миллион теңге жұмсалатын, ұзындығы 50, ені 40, биіктігі 8 метр спорт кешенінің құрылысын бастап кеткен. Сонан кейін ғана "мемлекеттік-жекешелік әріптестік" жобасы жайлы естіп, құжаттарын өткізген.
- Шығынымды мемлекет қайтармаса ауылға көмектескенім болады. Совет кезінен қалған спорт мектебі баяғыда бұзылған. Ауылымызда Сидней олимпиадасына қатысқан спортшылар да бар. Бірақ олардың артынан ерген жастарға жағдай жасалмады. Сөйтіп ауылымыздан танымал спортшы шықпай қалды,- дейді кәсіпкер Бақыт Берділлаев.
Азаттық тілшісі ауылдағы спорт кешендері қалай салынып жатқанын республиканың басқа өңірлерінен де іздестіріп көрді. Спорт кешенін салатын кәсіпкері жоқ ауылдардың кейбірі өздері қаржы жинап салатын болып шықты. Соның бірі Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық ауылындағы спорт кешені.
Тұщықұдықтың Сәттіғұл Жанғабылов атындағы орта мектебінің директоры Бибігүл Себепбайдың айтуынша, спорт кешенін 2014 жылы ауыл жастары қаржы жинап салған. Қазір ауыл мектебінің балансына енген спорт кешенінің құны 64 миллион теңге.
- Бокс, дзюдо секілді спорттың бірнеше түрінен үйірме бар. Жаттықтырушылар Ақтау қаласынан келеді. Жалақыларын мемлекет төлейді. Біз жылуы мен мен жарығына және тазалығына ғана жауап береміз. Күндіз дене шынықтыру сабағы өтеді. Кешке ауыл жастары дайындалады,- дейді мектеп директоры.
"ҚАЙЫР СҰРАҒАНДАЙ ӘРЕКЕТ"
Әзірге спорт кешенін салуға құлшынып отырған кәсіпкері жоқ Талап сияқты ауыл тұрғындары спорт кешенін салып алған ауылдарға қызыға қарайды. Спорт кешенін "мемлекеттік-жекешелік әріптестік" жобасы арқылы салуды көздейтін мемлекеттен де көп үміт күте алмайды. Сонда не істеуі керек?
"Ауыл спорты" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, спорт журналисі Несіп Жүнісбай "ауыл спортын дамытуды мемлекет өз мойнына алуы қажет" деп санайды.
- Ауылда спорт кешендерін салмай әлем немесе олимпиада чемпиондарын шығара алмаймыз. Спорт кешенін салу үшін жеке кәсіпкерді үгіттеумен, патриоттық сезімін оятумен іс бітпейді. Ондай кәсіпкерлер ілуде біреу ғана. Олар да өз ауылына, әрі кеткенде көрші ауылға салып береді. Қазақстанда 7 мыңға таяу ауыл бар. Жеті мың ауылға спорт кешенін салу үшін шелегімізді ұстап, қайыр сұрап жүгіреміз бе?- дейді Несіп Жүнісбаев.
Ауылдардағы спорт кешендері жөнінде Азаттық тілшісі мәдениет және спорт министрлігіне сұрау салып, хат жіберген, жауап келмеді.
Қазақстанда "мемлекеттік-жекешелік әріптестік" жобасы соңғы жылдары экономиканың барлық саласында кеңінен қолданылып келеді. 2015 жылы "Мемлекеттік - жекешелік әріптестік туралы" арнайы заң қабылданды. Билік "мемлекеттік - жекешелік әріптестікті" кәсіпкерлерді экономикаға инвестиция салуға ынталандыру деп санайды.