«Биржа» жұмысшылары билік ұсынған жұмысқа барғысы келмейді

Жұмыс берушімен сөйлесіп тұрған адамдар. Шымкент, 21 қазан 2019 жыл.

Уақытша жұмысқа жалданатын Шымкент тұрғындары тұрақты жұмыстың жалақысын азсынады. Олардың кейбірі өздерін жұмыссыздар қатарына қоспайды. Қала әкімдігі 40 мыңға жуық адамның немен күнелтіп жүргені белгісіз деп санайды.

- Сексен мың теңге жалақыға жұмыс істегеннен гөрі, «биржаға» келіп, орта есеппен 100-120 мың теңге тапқан артық, - дейді жалдамалы жұмысшылар. Шымкент қаласының еңбекпен қамту орталығы «жұмыс істеуге жарамды 39 мыңнан аса адамның немен күнкөріп отырғаны белгісіз» екенін айтады.

«ЕҢБЕК БИРЖАСЫНДАҒЫ ӨМІР»

Шымкент қаласының Жансүгіров көшесіндегі «Меланж» аялдамасына таяу тұста, жол бойында жүзге жуық адам тұр. Арасында жастар да, жасамыстар да бар. Кейбірі аялдама орындығына, кейбірі көше жиегіндегі цементке қалың қағаз төсеп, жайғасып отыр. Жұмыс киімін салған сөмке-пакеттерін ағаш бұтақтарына іліп қойған. Бұл жерді олар «Биржа» деп атайды немесе «Еңбек биржасы» деп те атауға болады.

"Биржаның" жалдамалы жұмысшыларының пакеттері. 21 қазан 2019 жыл.

«Биржадағы» тыныштықты анда-санда тоқтаған көлік бұзады. Емін-еркін отырғандар ондайда жасы, кәрісіне қарамай жүгіре басып, көлік есігін жүргізушінің өзінен бұрын жарыса ашып, ентелейді. Өйткені жұмыс керек. Тоқтаған көліктер ыңғайлы жұмыс айтса, ақшасы көңілден шықса, сөмкесін алып кете береді.

Аялдамадан түсіп «Биржаға» беттеген біздің алдымыздан да екі ер адам өзгеден бұрын таяп, қандай жұмыс бересіз деп сұрады.

Шымкент қаласының тұрғыны, Қайрат есімді елулер шамасындағы адамның «Биржада» жүргеніне жиырма жылға жуықтапты. Екі баласы кәмелетке толған. Әйелі мен кіші ұлы теміржолда жұмыс істейді. Үлкен ұлы құрылыста.

Қайраттың өзі «Биржаның» жұмысына үйренген. Көбіне бетон құяды. Әскери қызметте жұмыс істеген ол екі рет сотталған. Кейде аспаз болып, жұмысшыларға тамақ дайындайды. Күніне орта есеппен 5-6 мың теңге табады.

- Мұнда жетіскеннен ешкім келмейді. Жазда жұмыс көп, қыста аз. Кейде 2-3 сағатта 4-5 мың теңге табасың. Кейде кешке дейін жұмыс істеп, еңбекақыңды ала алмайсың. Басына кірпіш түсіп өлгенді, құдық қазып топырақ астында қалғанды да естідік. Оқыс оқиға болса, ешкім жауап бермейді. Еңбекақыңды бермей қойса да келісімшарт жоқ болған соң дауласу қиын, - дейді ол.

Қайрат тұрақты жұмысқа тұруға талпынып көргенін айтады. Бірақ бұрын сотталған адамды жұмысқа алғысы келетіндер сирек. Кейбірінің жалақысы аз болғандықтан өзі де істегісі келмейді.

Сексен мың теңге жалақыға бір жерге байланып, кейде демалыссыз жұмыс істегенен гөрі, «биржаға» келіп, айына орта есеппен 100-120 мың теңге тапқан артық,-дейді ол.

«ЖӘРДЕМАҚЫДАН ДА БАС ТАРТТЫМ»

Қайраттың сөзінше, «биржада» тұрғандардың көпшілігі жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысты істеп көргендер. «Биржаға» жұмыс іздеп келген 30 жастағы Ермек те Шымкент қаласының тұрғыны, құрылысшы. Алты баласы бар. Әйелі екінші топ мүгедегі. Күніне «Биржадан» 4-5 мың теңгесімен отбасын асырайды.

- Жұмыссыз ретінде қалалық жұмыспен қамту орталығына мен де тіркелдім. Көше сыпырушысы болып жұмысқа орналастым. Айлығы – 70 мың теңге еді. Бір рет айлық алдым, екінші айында кешіктірді. Бұлай отбасымды асырай алмайтын болған соң «биржаға» қайта келдім, - дейді ол.

Шымкенттегі "биржаға" келіп тұрған көлік. 21 қазан, 2019 жыл.

Ермек жұмыспен қамту орталығы жалақысы жоғары жұмыс тауып бере алмайтынын айтады. Жалақысы жоғары жұмысты жұмыс берушілер еңбекпен қамту орталығына ұсынбайды. Мәселен, 150 мың теңге жалақысы бар тұрақты жұмысқа орналасуға талас көп. «Пара беріп орналастым» дейтіндерді де естіген. Сондықтан күші жетіп тұрғанда «Биржада» жалданып қара жұмыс істей беруге бекінген.

Ол, тіпті, биыл көктемнен бері тұрмысы ауыр, көп балалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті де алуға ұмтылмаған. Бұл көмек бойынша әр балаға 21 мың теңгеден беріледі дегенді ести тұра бас тартқан.

- Атаулы әлеуметттік көмек алу үшін бірнеше құжат дайындап, кеңседен кеңсеге қағаз тасып жүру керек екен. Қажеті жоқ деп қолымды бір-ақ сілтедім,-дейді ол.

Ермектің ойынша, мемлекет жалақысы күнкөрісіне жететін тұрақты жұмыс тауып берсе, адамдар көшеге шығып жалданып жұмыс істемес еді.

«39 МЫҢ АДАМНЫҢ НЕМЕН КҮНЕЛТЕТІНІ БЕЛГІСІЗ»

Көше бойында сөмке ұстап, топ-тобымен тұрған «Биржаның» жергілікті билікке ұнай қоймайтыны байқалады. Кейде аяқ астынан полиция тексеріп, үй-үйіне тарқатады. Көше тазарып қалған сияқтанғанымен бір-екі күннен кейін «биржадағы» тіршілік қайта жалғасады.

Шымкент қалалық еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Шәріпов «биржадағы жалдамалы жұмысшылар» мәселесін жақсы білетіні аңғарылады.

Оның сөзінше, басқармаға арыздардың сексен пайызы жалдамалы жұмысшылардан түседі.

-Еңбекақымды бермеді деп шағымданады. Бірақ біз оған араласа алмаймыз. Өйткені жалдамалы жұмысшы мен жұмыс беруші арасында еңбек келісімшарты жасалмайды. Сондықтан көше бойында тұратын жалдамалы жұмысшылардың құқығын қорғау қиын. Еңбекақысын өндіру мүмкін емес, - дейді ол.

Оның сөзінше, еңбек келісімшарты бар жұмысшылар жалақысын ала алмай жүрсе, жұмыс берушіге әуелі ескерту беріледі. Оған да болмаса сот арқылы шешіледі.

Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дәурен Болыс берген мәліметке қарағанда, Шымкентте 280 мыңнан аса адам жалданып жұмыс істейтін көрінеді. Миллион тұрғыны бар қалада 22 мыңнан аса адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.

Оларға «Еңбек» бағдарламасы арқылы техникалық және кәсіптік білім алуға жолдама, кәсіп ашу үшін кредит беріледі, әлеуметтік және қоғамдық жұмысқа орналастырылады. Қаладағы жекеменшік кәсіпорындардан, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктерден қажетті жұмысшылар туралы ақпарат жиналып, бос жұмыс орны анықталады.

Шымкенттегі еңбек "биржасы". 21 қазан 2019 жыл.

- Мысалы, аула сыпыру, мекеменің есепшісіне көмекші қажет екені хабарланады. Жұмыссыз ретінде тіркелгендер жолдамамен осы әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына жіберіледі. Қоғамдық жұмысқа жолданғандардың айлық жалақысы 50 мың теңге шамасында. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына жолданғандардың айлық жалақысының 35 пайызын орталық төлейді. Қалған бөлігін жұмыс беруші өтейді. Қоғамдық жұмыстың мерзімі – 12 ай, әлеуметтік жұмыс орнының мерзімі – 6 ай. Жұмыс мерзімі біткеннен соң тұрғындар қайта құжат жинап, орталыққа өткізеді, - дейді баспасөз хатшысы.

Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дәурен Болыстың сөзінше «жұмыс істеуге жарамды 39 мыңнан аса тұрғынның қандай жұмыс істеп, немен күнкөріп отырғаны белгісіз».

Азаттық тілшісі сөйлескен «Биржаның» жалдамалы жұмысшылары осы белгісіздердің қатарына жатады. Бірақ билік оларды білмегенімен, олар билікті біледі, әсіресе халықты жұмыспен қамту орталығының ұсыныстарымен таныс. Азаттық тілшісі сөйлескен жоғарыдағы кейіпкерлердің көпшілігі орталық ұсынған жұмыстың шет жағасын көргендер.

Азаттық тілшісі «Биржадағы» жалдамалы жұмысшыларға жұмыспен қамту орталығының ұсынысын айтып көрген еді. Биржада жұмыс күтіп, сарылып отырған Гауһар Оразқұлова:

- Өкімет «көше сыпыр» дейді. Мейлі ғой, ол да жұмыс. Бірақ жалақысы 50 мың теңге. 50 мың теңгені жалдап отырған пәтеріме беремін бе, балаларыма тамақ аламын ба? Ал мұнда күнделікті тәп-тәуір ақша аласың. Бір ай бойы еңбекақыңды күтіп отырғаннан, осы жұмыс ыңғайлы. Жұмыссыз жүрген жоқпын, - дейді.

Халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынатын жұмыстардың жалақысын жалдамалы жұмысшылар азсынады. Алайда 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте көрсетілген ең төменгі жалақы – 28 мың екі жүз сексен төрт теңге. 50 мың теңгені азсынатын жалдамалы жұмысшылар мұндай цифрға таңырқап, үрке қарайды.