Ауыл әкімдерін төте сайлау басталмай жатып кандидатқа кедергі көп

Приречное ауылының көшесінде. Ақмола облысы, 21 сәуір 2021 жыл.

Биыл күзде Қазақстан тарихында бірінші рет ауылдық округ әкімдері тікелей әдіспен сайланады. Билік мемлекеттік қызметте істеген, ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы тексеруінен өткен адам ғана әкім бола алады деп есептейді. Сарапшылар мұны билікке жақпайтын кандидаттарды сайлауға жібермеу үшін жасалған кедергі деп бағалайды.

Әкім сайлауына жасы 25-тен асқан, жоғары білімі және кемі бір жыл мемлекеттік қызмет атқарған я мемлекеттік органға жатпайтын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген азамат қатыса алады. Әкім сайлауы қалай өтетіні "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңда жазылған. Қазір парламент мәжілісінде осы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланып жатыр.

Ауылдық округ басшыларын сайлау туралы хабарландыру 2021 жылдың екінші жартысында жасалады деп күтіліп отыр. Елде барлығы 836 ауылдық округ әкімін жергілікті халық төте дауыс беру жолымен сайламақ.

Парламент депутаттары ауыл әкімін сайлауға байланысты заң жобасын талқылап жатқан кезде Азаттық тілшісі осыған дейін екі рет әкім сайлап көріп, "сайлауалды соғысқа" куә болған ауылға барып қайтты. Бұл – Қазақстан астанасынан 50 километр жерде орналасқан Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Приречное ауылы.

ЖОЛ

Приречное ауылы Нұр-Сұлтан – Павлодар автожолының бойында, Селета өзенінің жағасында орналасқан. Астанадағы "Әлем" базарының жанындағы тұрақтан Приречное ауылына бірнеше сағат сайын шағын автобус жүреді. Ескі Mercedes-Benz Sprinter көлігіне жолаушы жиналғанша, айналадан такси жүргізушілері қаумалай бастайды.

– Тезірек кеткің келсе, жолдың арғы бетінде күт. Тек тыныш қана, – дейді шағын автобустың ақысымен бірдей ақшаға өз көлігіне отыруды ұсынған жүргізушілердің бірі. Ол көзінің қиығымен өзімен салыстырғанда заңды жұмыс істеп жүрген шағын автобус жүргізушісіне қарап қойды. Жүргізуші салонға адам толғанын күтпей, уақыт болғанда жүріп кетті. 18 орындық көлікте төрт жолаушы отырмыз. Астана әлі де қызыл аймақта, сондықтан шағын автобуста адамның аз екенін көріп, көңіліміз жайланды.

2021 жылы күзде Ақмола облысындағы Приречный ауылдық округ әкімін жергілікті халық төте дауыс беру жолымен сайлайды. 20 сәуір 2021 жыл.

Қырық минуттан кейін ауылға кірдік. Көшеде жаңа төселген асфальт бірден көзге түседі. Ауылдағы жаңа жолға қаржы үнемделгені көрініп тұр, өйткені тротуар жоқ. Тұрғындар мен мал көлікпен қатарласып жол үстінде жүр. Ал әкімдік алдындағы жылдамдықты азайтуға арналған кедергінің қысқа болғаны соншалық, көліктер оны оп-оңай айналып өтеді.

Приречное ауылында қайда барсаң да ағаш басынан қарға мен ұзақтың дауысы естіледі. Әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға қойылған гүлзарда қарға көп. Құстар соғыста мерт болған адамдардың аты-жөні жазылған қара мәрмәр тақтайшаның үстіне ұя салып, саңғып тастаған. Жақын маңда балалар алаңы бар. Бірақ жаттығу құралдарының ешбірі істемейді.

Үйлердің сыртына Комсомольская, Первомайская, Советская сияқты ескі көше атауы жазылған тақтайша ілінген. Бұл көшелердің атауы 2018 жылдан бастап ресми түрде Тәуелсіздікке 25 жыл, Ыбырай Алтынсарин және Әлихан Бөкейханов деп өзгертілген. Приреченое ауылдық округі әкімінің көше атауын ауыстыру туралы шешімінде "Бұл шешімнің орындалуын бақылауға өзім жауаптымын" деп жазылған.

КЕЗДЕСУ ОРНЫ – СУ ҚҰБЫРЫ

Ауыл тұрғындары күнделікті жиналатын негізгі орын – жергілікті су құбыры. Темір контейнердің ішінен су ағатын жалғыз пластик құбыр көрінеді. Оператордың есігіне 2017 жылы ел астанасында өткен EXPO көрмесінің ұраны – "Future Energy, Astana, Kazakhstan" деген жазуы бар қағаз жапсырылған.

Ауыз су алуға кезекте тұрған адамдар. Приречное ауылы, Ақморла облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

Таңнан кешке дейін құбыр басы су таситын ыдысын арқалаған балалар, әйелдер, қарттар мен жастардан арылмайды. Шенеуніктердің ресми есебінде ауылдағы су құбыры "ауыз суды тазартуға арналған аралас блок-модуль" деп аталады. Оператор ауыл тұрғындарынан ақша (40 литр су екі теңге тұрады) жинап, судың рәсуа болмауын қадағалайды. Су тартқыш бұзылып қалып, таңертең ғана жөнделген екен, сондықтан түске қарай су құбырының басына әдеттегіден көп адам жиналды.

Құбыр басына жиналған жұрт бір-бірімен сөйлеспейді. Көбіне үнсіз ғана ыдысын суға толтырып, тезірек кетіп қалуға тырысады. Олар астана маңында тұрып, ауыз суға жарымағанына қысылатын сияқты.

Екінші топ мүгедегі Гүлзағифа Кішкенова тот басқан темір қоларбасына 40 литрлік ескі бөшкені әзер ілді. Гүлзағифа су алуға күніне екі-үш рет келетінін айтады. Оның үйі бұл жерден бір километр қашықта.

Гүлзағифа Кішкенова үйіне су апара жатыр. Приречное ауылы, 20 сәуір 2021 жыл.

– Үйде су жоқ, ал мен жалғыз тұрамын. Сондықтан сиырға да су тасуға тура келеді. Су құбырын тым болмаса әр көшеге қою керек еді. Қыста боран болғанда тіпті қиын. Жол болмайды, сұмдық! Қарды тазалайды, сонда да. Әлі зейнетке шықпағаным үшін әлеуметтік қызметкер бермейді. Әрине, олар міндетті емес. Осылай өмір сүріп жатырмын, – дейді ақсаңдап, қоларбасын асығыс сүйрей жөнелген Кішкенова. Ол бүгіндікке су басына бірінші рет келіп тұр.

Су алуға келген жас жігіт өзін жергілікті мектептің ағылшын тілі мұғалімімін деп таныстырды. Ардақ Ильясов Приречное ауылына 2006 жылы "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша келіпті. Мемлекет оған үй сатып алуға 15 жылға несие (3,1 миллион теңге) берген. Ардақ несиесін мерзімінен бұрын төлеуді жоспарлап отыр. Ол да басқалар сияқты үйіне су алу үшін оқушыларымен бірге құбыр басында кезекте тұр.

– Жастарға көңіл бөлмейді. Стадион жоқ. Спорт секциясы да жоқ. Балалар ағылшын тілі курсына, домбыра үйірмесіне қатысқысы келеді. Мектепте волейболға арналған жалғыз зал бар. Кешке ауылда велосипед пен мотоцикл мініп жүреді. Баратын жер жоқ. Ильинкада [Целиноград ауданы Қараөткел ауылы] қандай стадион салғанын қараңызшы, – дейді телефонынан жасанды шөбі бар стадионның суретін көрсеткен Ардақ Ильясов.

Приречное ауылына кірберісте жолдан өтіп бара жатқан сиыр. Ақмола облысы, 21 сәуір 2021 жыл.

– Күніміз кезекте тұрып, су тасумен өтеді. Астанадан елу километр жерде тұрамыз. Әкімнің кінәсі жоқ. Жас жігіт. Өз жұмысын істеп жүр. Көп сөзге жоқ. Бірдеңе сұрасаң жөнімен жауап береді. Жол керек деп едік, салып берді. Енді су құбыры керек, сонда ауылда мәселе болмас еді, – дейді осы ауылда тұратын Сайлау Қалиев.

Аудан шенеуніктері 2017 жылғы тамызда кезекті әкімді сайлау кезінде ақпарат құралдарына берген сұхбатында Приречное ауылына су құбырын тартуға уәде берген. Мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің біріндегі материалда "Бюджетке жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы бөлу туралы өтініш беру үшін инвестициялық ұсыныстар дайындалып жатыр" деп айтылған.

Су құбырының басында тұрған ауыл тұрғындарының ешқайсысы алдағы әкім сайлауы туралы естімепті.

ЖЕР БАР, БІРАҚ ЖАЙЫЛЫМ ЖОҚ

70 жастағы Жанбай Ғабдол су басындағы жалғыз орындықта кезегін күтіп отыр. Ол Приречное ауылында 23 жылдан бері тұрады. 1991 жылы Моңғолиядан көшіп келген. Ауыл халқының жартысынан көбі оралман (қазір қандас деп аталады).

Приречное ауылында тұратын Жанбай Ғабдол ауыз су кезегінде тұр. Ақмола облысы, 21 сәуір 2021 жыл.

– Мұндағы халық малмен күн көріп отыр. Жайылым мәселесі қиын. Жерді кіл мықтыларға ғана береді. Бастықтардың оларға қарсы бірдеңе айта қоюы екіталай. Мәселенің тамыры тереңде жатыр, қайда апаратынын білмейсің. Қазір парламент пен комиссиялар жер мәселесін жиі талқылай бастады. Шешетін шығар. Жайылым жергілікті халық үшін ортақ болуы керек. Жер сатылмасын, жалға берілмесін. Жекеменшікке берсе, бастықтардың малы ғана жайылады, онда қарапайым халыққа қиын болады. Ауылдағы табыс күнкөріске де жетпейді. Жайылымды алып қойса, қалай өмір сүреміз?! – дейді Ғабдол.

Қарияның айтуынша, былтыр ауыл халқы сиыр жаятын жерге әлдекім бес жүз жылқысын әкеліп, жергілікті малға жайылым жетпей қалған.

– Қысқа қарай мал арық болды. Әкімге жиналыста осы жағдайды айттық. Бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кетеді. Қыста бір сиыр мен бұзау, он шақты қойды асырау үшін екі арба шөп керек. Оның бір арбасы 70 мың теңге тұрады. Қосымша бидай алу керек. Қысқасы, малдан пайда көрмейсің. Күнкөріс үшін ғана. Бұзау бағып жүрген жерімізге егін егіп тастады. Мал егінге түсіп кетсе, қамап қояды. Ара-тұра кикілжің болып тұрады. Мұны халыққа жаным ашығаннан айтып отырмын. Қазір қара басыңды ғана ойлайтын заман емес. Халықтың жағдайы нашар болса, сенің де жағдайың жақсы болмайды, – дейді ол.

Приречное аулының тұрғыны Айман Ақтан. Ақмола облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

84 жастағы Айман Ақтан ауылға кіреберістегі жол бойында қой бағып жүр. Бұрын санитар дәрігер, газеттің штаттан тыс тілшісі болып істеген ол 1993 жылы Моңғолиядан тарихи отанына оралып, Павлодар облысына қоныстанған. 2013 жылдан бері Приречное ауылында тұрады. Зейнеткер балалары көлігін уақытша жалға алған адамның малын бағып жүргенін айтады.

– Халық әкімді өз ортасынан таңдауы керек. Еңбек өтілі және басқа да талаптар әкімнің жоғарыда отырғандардың ықпалында болып, айтылған нәрсеге үндемей келісуі үшін жасалады. Оларға сондай адам керек. Ал халыққа тіке сөйлейтін, қарапайым елдің тұрмысын түсінетін, саясаттан хабары бар адам керек, – дейді әкім сайлауына қатысатын азаматтарға қойылатын талаптар жайлы пікір білдірген зейнеткер.

Ақтан қазіргі әкімді сайлауға өзі үлес қосқанын, ауылға өзгерістер керек болғанын айтады. Бірақ қазір көңілі қалғанға ұқсайды.

– Әкімнің орнына ер не әйел келсін, бәрібір. Бастысы, халықтың жағдайын ойлап, мәселесін шешсе екен. Бірақ олар қызметке қолы жеткеннен кейін халықты ұмытып кетеді, – дейді Айман Ақтан.

ЖАҢА ӘКІМ, БАЯҒЫ МӘСЕЛЕ

Приречное ауылының бір ерекшелігі – 2017 жылы бір топ тұрғын ауыл әкімін сайлау алдында сол кездегі әкім Жанар Ағзамованы екінші рет сайламауды сұрап, билікке хат жазған. Олар шенеуніктің тиімсіз жұмыс істейтінін айтқан. Ауылға журналистер келген. Әкім тұрғындардың хатын "сайлауалды соғыс" деп атаған.

Ақмола облысындағы Приречное ауылдық округі әкімінің кеңсесі. 2021 жылы күзде жергілікті халық ауыл әкімін төте дауыс беру жолымен сайламақ.

Сол жылы күзде мәслихат депутаттары аудан әкімімен және жергілікті қауымдастықпен кеңескеннен кейін ауыл әкімі қызметіне Амангелді Өтепов есімді азаматты таңдаған.

Бірақ жергілікті халықтың айтуынша, ауылда ешқандай елеулі өзгеріс бола қоймаған. Ауылдың екі негізгі мәселесі – су құбыры мен жайылым жер тапшылығы сол күйі шешілмеген.

1992 жылы Қазақстанға Моңғолиядан көшіп келген Зұлқарнай Байтеұлы қазір Приречное ауылында тұрады. Ақмола облысы, 21 сәуір 2021 жыл.

Осындай пікірдегі тұрғындардың бірі – 29 жыл бұрын Моңғолиядан атамекенге оралған Зұлқарнай Байтеұлы.

– Ауылдың дамуында ешқандай өзгеріс көріп отырған жоқпын. Халық әкімді өзі сайлағаны дұрыс. Өйткені жоғарыда отырған депутаттар халықтың жағдайын білмейді, түсінбейді. Кейбіреуі ауылды мүлде білмейді. Халық әкімін өзі таңдаса, менің ойымша, еңбек өтілінің болуы қажет емес, – дейді су артқан арбасын сүйреп келе жатқан Байтеұлы.

Бес баланың әкесі Манарбек Боғанұлы Қазақстанға 20 жыл бұрын көшіп келген. Басында Көкшетауда тұрған. Кейін балаларға жоғары білім беру үшін астанаға жақын маңға көшуге бел буған. Ол өзі салған үйдің айналасын тазалап жүр. Айтуынша, отбасы малмен күн көріп отыр.

Приречное ауылында тұратын Манарбек Боғанұлы Селета өзеніндегі өткелден өтіп барады. Ақмола облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

– Әр әкім төрт жылда тым болмаса халықтың бір маңызды мәселесін шешуі керек. Өзі шеше алмаса, өзінен кейінгі әкім шешуі үшін қолынан келгеннің бәрін жасасын. Әр әкім өзіне дейін жасалған жұмыс нәтижесін бұзбай сақтасын. Мүмкін жоғарыдағылар жас әкімге жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін шығар, оны бір құдай біледі. Халық сайлайды дегенге сенім аз. Қанша жылдан бері осыны айтып келе жатыр ғой. Жоғарыдағы жүйе өзгермейінше, ештеңе өзгермейді, – дейді Боғанұлы.

Манарбек үйінің артындағы ауыл халқы үшін маңызды саналатын Селета өзеніндегі өткелді көрсетіп, оның "ақылмен жасалмағанын" айтады. Халық айналма жолмен 20 километр жүретін көрші Опан ауылына осы өткелдің үстімен оңай жетеді. Тұрмыс қалдықтарын көрші ауылдың қоқыс полигонына жеткізіп, малды жайылымға шығарғанда да өзеннің қарсы бетіне осы жерден өтеді. Өткел бойына әрқайсысы бір метр болатын бес бетон сақина қойылған. Жылда көктемде тасыған су өткелдің үстінен асып, қозғалыс тоқтап қалады. Манарбектің айтуынша, біз ауылға барардан бір апта бұрын ғана судың беті қайтып, өткел арқылы жүріс-тұрыс қайта жанданған.

– Иә, әкім әлеуметтік желіде есеп береді. Бірақ қағазда жазылған дүние мен іс жүзіндегі жағдайдың арасында айырмашылық болатынын өзіңіз де білесіз ғой. Мысалы, жоба бойынша көшенің сиқы осындай болу керек пе? Бізге айтпайды. Тротуар болмағанның өзінде жол жиегіндегі тас осылай шашылып жата ма? Мәселе туралы көп айтуға да болмайды. Бастысы, су мәселесі шешілсе болды, – дейді ол.

"ХАЛЫҚ ӘКІМГЕ ҮМІТ АРТТЫ"

Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамының жетекшісі Қымбат Сүлейменова – екінші топ мүгедегі. Ол жергілікті қоғамға мүше 28 азаматтың бірі болғандықтан, ауыл әкімін басқалардан жиі көреді.

– Жоспарымыз көп еді. Пандемия кедергі болды. Өзіңіз білесіз, халықты жинауға болмайды. Тек онлайн. Ал ол [әкім] жалғыз. Оның тұсында көп мәселе шешілді. Жұрт біреуге мін таққанды жақсы көреді ғой. Көмектесудің орнына ту сыртынан сөйлейді. Мысалы, мен үнемі әкімге өтініш айтамын. Бүгін ғана хабарластым. Үйімнің жанындағы ағаштың бұтағы сымдарға кедергі келтіріп тұр. Ағашты кесуге көмек сұрадым. Ол шешеміз деді, – дейді әкімді жақтаған Қымбат Сүлейменова.

Приречное ауылы әкімдігінің алдындағы хабарландыру ілінген тақта. 20 сәуір 2021 жыл.

Қымбат бұрынғы әкімді қайта сайлауға қарсы шыққандардың бірі болған. Ол алдағы әкім сайлауында дауыс беретінін айтады. Бұрын мемлекеттік қызметте істеген Қымбат әкімнің міндетті түрде мемлекеттік қызметте істеген еңбек тәжірибесі болуы керек деп есептейді.

– Бұрын-соңды мемлекеттік қызметте істемеген, өзінен жоғары басшыларды көрмеген, өзі басқарушы қызметте болмаған адам халықты қалай басқарады? Басқара алмайды. Мемлекеттік қызметте бәрібір тәртіп бар. Ал былай даладан келіп, лауазымға ие болуға болмайды. Халықпен жұмыс істеу ойын емес! Халықтың мінез-құлқы әртүрлі. Олардың тілін таба білу керек, – дейді Қымбат Сүлейменова.

Ол қазір ауылда әкім болуға лайық кандидат жоқ деген пікірде. Жоғары білімі бар азаматтардың бәрі қалада жұмыс істейді, өз орнын тауып үлгерген.

– Мұнда малшы-сауыншылар ғана. Мұғалімдердің өз жұмысы бастан асады. Кей мұғалім әкімнен көп жалақы алады. Адамдар өзін ұсына алады, бірақ әуелі [әкім болу] қолынан келетінін дәлелдесін. Ауыл үшін не істедің? Ештеңе. Әкімдік ұйымдастырған шараларға барып, көмектескен болсаң, мейлі. Бірақ әкімдіктен жырақ жүрсең, жұмысын білмейтін болсаң, сайлауға қалай түсесің?! – дейді жергілікті қауымдастық мүшесі.

Приречное ауылындағы балаларды ойын алаңы. Ақмола облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

Қымбат Сүлейменовамен бір көшеде тұратын ауыл тұрғыны Валентина Скрипина керісінше, бұрынғы әкімді мақтайды.

– Жанар жақсы, пысық болатын. Ауыл үшін көп нәрсе істеді. Оны неге алып тастағанын білмеймін. "Кім қолдайды, кім қарсы?" деп қол жинады. Мен толықтай қолдаймын деді. Содан бері ауылдың жағдайы жақсарды ма, нашарлады ма, білмеймін. Қазіргі әкім туралы жаман ешнәрсе айта алмаймын. Жақсы адам. Бірақ жұмысы жайлы ештеңе айта алмаймын. Ол жас, оған үміт артты. Бірақ біздің ауылға Жанар сияқты "Міне, былай!" деп ұстайтын әкім керек. Амангелді ондай қатал емес. Ол біздің халыққа тым жұмсақ сияқты. Бұл жақтың халқы қиын, – дейді Скрипина.

ҚЫЗМЕТІ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН ҚАЛҒАН ӘКІМ

Пошта, полиция мен әкімдік Советская көшесіндегі ескі аласа ғимаратта орналасқан. Оның артында ағаштан салынған әжетхана мен әкімдікке жапсарлас ағаш сақтайтын орын бар. Кіреберістегі ағаш тақтайшаға аумақты қоқыстан тазарту туралы хабарландыру мен "электронды үкімет" жарнамасы ілініпті. Түс мезгілінде барғанымызда ғимарат қаңырап бос тұр екен. Желден ашылған сыртқы есіктен бұрышында ағаш салынған темір шелектер тұрған дәлізге кірдік. Бөлмелердің есігі құлыптаулы тұр. Төбесінен су аққаны байқалатын бір бөлме ғана ашық. Оған ескі жиһаз, техника және жол белгілерін жинап қойыпты.

Ауыл әкімдігіндегі төбесінен су аққаны байқалатын бөлмеге ескі жиһаз, техника мен жол белгілерін жинап қойыпты. Приречное, Ақмола облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

Әкімдік қызметкерлері Приречное ауылдық округінің әкімі Амангелді Өтеповтың аудан орталығына кеткенін, қашан келері белгісіз екенін айтты. Әкімге телефон шалдық, жауап бермеді. Екінші күні таңертең әкім тағы да телефон тұтқасын көтермеді. Бірақ оны жұмыс орнынан таптық.

Ауылдық округ басшысымен жұмыс кабинетінде сөйлестік. Әкімнің бөлмесі әдеттегі қазақстандық шенеуніктің стилінде жабдықталыпты: мемлекеттік ту, елтаңба мен екі жыл бұрын отставкаға кеткен бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті ілінген. Қабырғадағы қою жасыл түсті түсқағаздың өңі кете бастаған. Терезеге темір қоршау қойылған. Бір-бір шамы жанып тұрған екі люстрадан әлсіз жарық түсіп тұр. Шкафтарға көшелердің советтік атауы жазылған көк папкалар жиналған. Әкім кабинетінен көшедегі қарғалардың дауысы анық естіледі.

Приречное ауылдық округі әкімінің жұмыс бөлмесі. Ақмола облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

Биыл күзде Амангелді Өтеповтың әкім қызметіндегі мерзімі аяқталады. Ол 13 жылдан бері мемлекеттік қызметте істейді. Депутаттар өзін әкім етіп сайлағанға дейін аудандық статистика басқармасы мен аудан орталығы Ақмолдағы ауылдық әкімдікте жұмыс істеген. Әкімнің іс-қимылынан қобалжығаны көрініп тұр. Әңгіменің басы бірігер емес.

– Қайта хабарласуға телефонымда ақша болмады, – деп ақталған әкім "Неге дәл біздің ауылға келдіңіздер?" деп сұрады.

Әкім кандидаттардың мемлекеттік қызмет атқарған еңбек тәжірибесі болуы керек деген талапқа байланысты "Бұл жаңадан енгізілген талап. Уақыт көрсетеді. Көреміз" деп жауап берді.

Азаттық: Төрт жылда ауылдың қандай мәселелерін шештіңіз?

Әкім: Мұны халықтан сұрау керек. Жұмысыма солар баға берсін. Өзімді қалай бағалаймын? Сіз ауылды аралап, сұрадыңыз ғой.

Азаттық: Ауылға су құбыры жүргізіле ме?

Әкім: Биыл сұрағанымда жобалық-сметалық құжат дайындаймыз деді. Бұл көп кешікпей белгілі болады. Аудандық құрылыс бөлімінен нақтылап алсаңыз болады.

Азаттық: Әкімдікте қанша адам жұмыс істейді? Штат қызметіне бюджеттен қанша ақша бөлінеді?

Әкім: Штатта бес адам бар: мені қосқанда, үш мемлекеттік қызметкер және келісімшартпен істейтін екі қызметкер.

– Зәуреш! – деп қаттырақ дауыстап, әкім көрші бөлмеде отырған қызметкерін шақырды. – Тілші штаттың қызметіне қанша ақша жұмсалатынын сұрап отыр. Бюджеттен жылына қанша ақша кетеді?

"Қазір нақты айтамын" деп, қағаз-құжаттарды іздеп кеткен қызметкер қайтадан келіп, "Серікбайұлы [әкімнің әкесінің аты], біздің мұндай ақпарат беруге құқығымыз бар ма?" деп сұрады.

– Беріңіз.

– Төрт миллион алпыс тоғыз мың теңге.

Азаттық: Халық мал жаятын жер жоқ деп шағынып жатыр?

Әкім: Қазір жайылым бар. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен келісіп жатырмыз, жеке сектор да солардың жеріне жаяды.

Азаттық: Тұрғындардың өзен үстіндегі көпірге де көңілі толмайды.

Әкім: Ол маған дейін де болған. Сарапшы емеспін. Ештеңе айта алмаймын.

Азаттық: Ауылда неге тротуар жоқ?

Әкім: Бізде ешқашан тротуар болмаған. Көріп тұрсыз ғой, тротуар төсей алмайсың, өйткені үйлердің сыртындағы қоршау жолға жақын орналасқан. Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жолға асфальт төселетінін ғана білдіреді. Тротуар, ештеңе салынбайды. Білуімше, тротуар "жол салған" кезде қарастырылады. Ал бізде "орташа жөндеу жұмыстары" ғана жүрді.

Азаттық: Алдағы сайлауға қатысасыз ба?

Әкім: Әзірге айта алмаймын. Әлі ойлануға уақыт бар. Мәселелерді жергілікті қауымдастықпен бірлесіп шешіп жатырмыз. Мүмкіндігінше жылдам шешуге тырысамыз. Мысалы, адамдар қабылдауыма күнде келе алады. Кейде ауылды жаяу аралаймын. Кімнің қандай мәселесі барын қарап шығамын, – деді әңгіме осымен тәмам болғанын емеурінмен білдірген әкім.

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға қойылған ескерткіш. Приречное ауылы, Ақмола облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

"ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ АТЫН ЖАМЫЛЫП"

Қазақстандық құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев сайлау туралы заң жобасы азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару туралы конституциялық құқығын жүзеге асыру мәселесін шешпейді деп есептейді.

27 сәуірде құқық қорғаушылар, депутаттар мен жұмыс тобының жиынында болған азаматтардың қатысуымен өткен алдағы әкім сайлауын онлайн-талқылауда "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры" қоғамдық ұйымының басшысы "Халықтың әкімдерге деген сенімін арттыруға, демократияландырудың атын жамылып, қоғамның қазіргі билік вертикаліне көзқарасын жақсартуға талпыныс жасалып жатыр. Бірақ мемлекеттік қызметтегі, басқарушы болып істеген еңбек тәжірибесі болуы керек деген секілді кедергілер сақталған. "Барлық әкім мемлекеттік қызметкер және солай болады" деп ашық айтылып отыр" деді.

Шорманбаевтың айтуынша, "әкімдердің бастықтарға бағынышты болуы" партия атынан кандидат ұсынуға мүмкіндік береді.

– Жергілікті өзін-өзі басқаруға партияның еш қатысы болмаса да, оларда осындай эксклюзив құқық қалады. Өзін-өзі ұсынуды қалдырды. Бірақ өзін-өзі ұсынған адамның жинаған қолын жергілікті билікке тәуелді комиссия тексереді. Сондықтан билікке жақпайтын адам бір емес, он пайыз қол жинап келсе де, сайлауға қатысуға рұқсат ала алмайды. Яғни, сайлауға тек билікке керек адамдар ғана қатысатын жағдай жасалып отыр, – дейді құқық қорғаушы.

Шорманбаев өз ұйымының атынан сайлауда заң бұзғандарға, мысалы, жәшікке бірнеше бюллетеньді қатар салғаны (қазір мұндай әрекет жасағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған) үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынатынын хабарлады. Ол сайлауда заң бұзуға жол беру "мемлекет пен қоғамға қарсы жасалған ең ауыр қылмыс" деп есептейді.

"Ақ жол" партиясының төрағасы және парламент депутаты Азат Перуашев Азаттыққа кандидаттардың мемлекеттік қызмет атқарған еңбек тәжірибесі болуы керек деген талапқа байланысты пікір беруден бас тартты, бірақ жиында сайлауға бюджеттік ұйым қызметкеріне өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік беретін толықтыру енгізуді ұсынып, хат жібергенін айтты.

– Жұмыс тобында жағдайды түсініп отыр. Азаматтардың мүмкіндігін шектемеу үшін мәселе белгілі бір деңгейде шешіледі деп ойлаймын, – деді Перуашев.

Депутаттың пікірінше, кандидаттарды саяси партиядан ұсыну "жағдайды ушықтырмайды, керісінше, белсенді азаматтардың сайлауға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді".

– Бұл процесті саясиландырмау үшін әкімдердің партия таңдаған кандидаттарына жергілікті жердегі партия ұйымдарын басқаруға тыйым салу туралы толықтыру енгіземіз. Әкім өз партиясының ісімен айналыспай, бүкіл қоғам игілігіне жұмыс істеуі керек. Өкінішке қарай, бұл барлық деңгейден көрінеді. Мұндайды қою керек, – деді онлайн талқылау кезіндегі сөзінде "Ақ жол" партиясының төрағасы.

Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров ауыл әкімдерін тікелей сайлау – қоғамды демократияландыру жолындағы "маңызды қадам" деп есептейді.

– Қазір ауылдарда жоғары ғана емес, орташа білімі бар, қолынан іс келетін азаматтар бар. Біз мұны да қарастырып жатырмыз, – деді телефон арқылы жауап берген Сайыров. Ол кандидаттың мемлекеттік қызмет атқарған немесе мемлекеттік органға жатпайтын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген еңбек тәжірибесі болуы керек деген талапқа қатысты ештеңе айтпады.

Селета өзеніндегі өткелден өтіп бара жатқан трактор. Приречное ауылы, Ақмола облысы, 20 сәуір 2021 жыл.

Жұмыс тобының отырысына саясаттанушы Димаш Әлжанов та қатысқан. Ол заң жобасында "сүзгі" көбін айтады.

– Бұл мәслихат пен парламент сайлауы сияқты науқан болады. Яғни, іс жүзінде билікке жақпайтын кандидаттарды ысырып, сайлауды ресми түрде ғана өткізу үшін сайлау жүйесіне көп "сүзгі" енгізілген. Мемлекеттік қызметтте еңбек тәжірибесінің болуын талап ету билікке кандидаттарды іріктеуге мүмкіндік беріп отыр. Екінші нәрсе – ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан арнайы тексеруден өткізу. Әлемде мұндай тәжірибе жоқ. Елестетіп көріңізші. Соттың рұқсатынсыз ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізеді. Мұндай тексерудің нәтижесі кандидаттарды тіркеуге қалай әсер ететіні түсініксіз, – дейді Әлжанов.

Саясаттанушының сөзінше, ел билігі реформа жүргізген кейіп танытып отыр.

– Біз ел ішінде және шетелде саяси режимді өзгерту бағытында жасалған салмақты өзгерістер ретінде қабылданатын жекелеген әдістің көмегімен сытылып кету амалын көріп отырмыз. Бірақ бұл бар болғаны реформа имитациясы ғана. Сайлау мәселесі өзгеріссіз қалды: Қазақстанда сайлау өткізгенде заң бұзу әлі де бар. Сондықтан ауыл әкімін сайлаудан көп нәрсе күтудің қажеті жоқ, – дейді Димаш Әлжанов.

Ауыл маңында қой бағып жүрген қарт адам. Приречное, Ақмола облысы, 21 сәуір 2021 жыл.

Өзін оппозициялық ұйым деп атайтын, былтыр күзде жергілікті мәслихат пен парламент сайлауына бойкот жариялаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асқат Рахымжанов кандидаттардан еңбек тәжірибесінің болуын талап ету дұрыс емес деп санайды.

– Бұл көп адамға ұнамайды. Әкім мемлекеттік қызметкер болмауы керек. Ауылда мемлекеттік қызметте қандай еңбек өтілі болуы мүмкін? Мысалы, жергілікті фельдшерлік-акушерлік пункте бір адам жұмыс істеуі мүмкін, сол ғана кандидат бола алады. Яғни, балама таңдау жоқ. Арнайы тексеруді де алып тастау керек. Біздің ойымызша, кандидаттың 25 жастан асқан және сотталмаған болуының өзі жеткілікті. Осының бәрінен қосымша шектеу көріп отырмыз. Әлеуметтік шиеленіс артпауы үшін оларды алып тастау керек. Заңға енгізуге ұсынылған толықтырулар қазіргі күйінде қабылданса, бірінші сайлаудан кейін-ақ айғай-шу болатынын сезіп тұрмын, – дейді Рахымжанов.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, биыл Қазақстанда 800-ден астам әкімнің қатысуымен сайлау өткізуге Оралық сайлау комиссиясы арқылы 4,8 миллиард теңге бөлінеді. Билік 2025 жылға дейін әкімдерді сайлауға 17,6 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алғашқы һәм соңғы ауыл әкімін "тікелей" сайлау ұмытыла бастады