"Божко жерімізді қайтарсын". Оразақтағы жер дауы

Ақмола облысының Оразақ ауылы. 11 маусым 2021 жыл.

Нұр-Сұлтанға жақын орналасқан Оразақ ауылдық округіндегі егістік жерлер Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысының бұрынғы орынбасарының ұлы Максим Божконың компаниясына қалай өткен? Ауыл тұрғындары неге наразы?

Мақала оқуға ыңғайлы болу үшін бірнеше бөлімге бөлдік. Қызықтырған бөлімді оқу үшін тиісті тақырыпшаны басыңыз.

ВЕККЕРШТРАССЕДЕГІ ҚИРАҒАН ҮЙЛЕР. ОРАЗАҚ АУЫЛЫНДАҒЫ КӨРІНІС

Оразақ ауылы Нұр-Сұлтаннан 60 километр, аудан орталығы – Ақмолдан (Сталиннің тұсында бұл жерде "отанын сатқан азаматтардың" әйелдеріне арналған Ақмола лагері (АЛЖИР) болған) 25 километр жерде орналасқан. Оразақ елдімекеніне ауылдық округ мәртебесі берілген. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдық округтің құрамына Оразақтан бөлек, Бірлік ауылы кіреді.

Оразақ ауылы 1998 жылға дейін "Қызыл ту" деп аталған. СССР тарағаннан кейін ауылға Оразақ батырдың аты берілген. Жергілікті халықтың аузында жүрген аңыз бойынша, Оразақ батыр жат жерден келген жаулармен шайқасып, осы жерде көз жұмған.

Бұрын гүлденген совхоз болған ауылды аралатып, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен таныстыру міндетін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Рамазанұлы өз мойнына алды.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың аты берілген орталық көшеде терезелері сынған қосқабатты ғимарат тұр. Бұрын бұл жерде сауда үйі болған екен. Ғимараттың сыртындағы "Қазақстан 2030" (бұрынғы президент Назарбаевтың 1997 жылы жариялаған елді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы осылай аталады) деген жазудың өңі кете бастаған.

Оразақ ауылындағы бұрынғы сауда үйі. 11 маусым 2021 жыл.

Оған қарама-қарсы бетте сауда үйінен де қатты қираған бұрынғы асхана ғимараты, қараусыз қалған қос нысанның ортасында жаңадан салынған алтын күмбезді мешіт тұр. Мешітті әкесінің құрметіне жергілікті кәсіпкер салдырған. Жөндеу жұмыстарынан өткен мектеп пен балабақша да салыстырмалы түрде жаңа көрінеді.

Ауылдық өңірлерде жиі кездеспейтін, жергілікті мамандарға арнап бетоннан салынған, қосқабатты, екіпәтерлі үйлер Оразақтың бұрынғы шалқыған дәуірінен хабар береді.

Оразақ ауылының тұрғыны Асылбек Рамазанұлы.

– Совхоз өндіріс көлемі бойынша республикада – үшінші, облыста екінші орында болған. Бұл жерде диірмен, сүт кешені, шұжық өндіру цехы, кірпіш зауыты жұмыс істеген. Мұнда не болмады дейсің! – дейді көзін мұң шалған Асылбек Рамазанұлы. Ол совхоздың соңғы директоры Иерих Веккерді еске алды.

– Адал еңбек адамы еді. Ол кеткеннен кейін бәрін сатып, жойып жіберді. Ауыл бомбалаудан кейінгі мекенге ұқсайды. Адамдар Веккерді әлі күнге алғыс айтып, жылы қабақпен еске алады. Мына көше жергілікті халық арасында "Веккерштрассе" деп аталады, – дейді ақсақал екі шетін қалың арамшөп қаптаған көшені нұсқап.

2015 жылы көктемде ауылды су алып кеткен кезде Веккердің тұсында салынған қосқабатты үйлер ғана аман қалған. Ол кезде су тасқынынан Оразақ ауылының көп бөлігі қирап, билік жедел түрде 200 екіпәтерлі үй салуға мәжбүр болған. Оразақ тұрғындары жаңадан салынған мөлтекауданды Нұр-Сұлтандағы үкімет ғимараттары ораласқан, салтанатты сол жағалаумен салыстырып, өз арасында “сол жағалау” деп атайды. Тұрғындардың бірі осы аудандағы азық-түлік дүкеніне "Нұрсая" деген атау берген (парламент депутаттарына арналған тұрғын үй кешені осылай аталады).

– Ауылда негізінен зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлер тұрады. Күн сайын ауылдан шығатын бес-алты автобус жүзге тарта жұмысшыны "Астана Орман", "Астана Тазалық" және "Астана-Зеленстрой" мекемелеріне (көшелерді тазалаумен және абаттандырумен айналысатын мемлекеттік ұйымдар) апарады. Бірақ жастар үшін бос уақытын өткізіп, спортпен айналысатын орын жоқ, – дейді Рамазанұлы.

Ақсақал жол мен ауыз су сапасына, көшеде жарық жоғына шағынды.

– Ауылды су басқан жылы көшелерге қиыршық тас төседі. Кейін халықтың сұрауымен аудан әкімдігіне бардым. Әкімдіктің қаржы бөлімінде істейтін қызметкерлер ауыл әкімінің өтінішті уақытылы жібермегенін, сондықтан көшелерге асфальт төсеуге бөлінген 28 миллион теңге ақша аудан бойынша оқулық пен мектепке қажетті құралдар сатып алуға берілгенін айтты. Сол күйі асфальт төселмеді. Енді көшені жөндеу жұмыстарына қайтадан ақша бөліне ме, жоқ па, белгісіз, – дейді Рамазанұлы.

Қираған ғимараттың арғы жағынан мешіт мұнарасы көрінеді. Оразақ ауылы, 11 маусым 2021 жыл.

Ол басында шамы жоқ, 1980-жылдары қойылған биік бетон бағандарды көрсетті. "Ауыл тұрғындары болып, шамға ақша жинағымыз келген. Бірақ жергілікті әкімдіктің рұқсаты қажет болды. Осылай көшелерді жарықтандыру мәселесі шешілмей, аяқсыз қалды" дейді ол.

– Судың сапасы нашар. Ескі скважинадан шыққан суды пайдаланамыз. Ішетін суымызды қаладан әкелеміз. Жердің астында ауылға ортақ цистерна бар. Оның бетін ашсаң, батпақтың иісі келеді. Былтыр аудан әкімінің есепті кездесуінде шағым айттық. Ол суды тазартуға көмектесіп, фильтр орнатуға уәде берді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Шынымызды айтсақ, наразы болып отырмыз. Жоғарыдағылар үнемі ауылды көтеріп, дамытамыз дегенді аузынан тастамайды ғой, – дейді ақсақал.​

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАЛЫПТЫ "ПАЙ" ХИКАЯСЫ: "БОЖКО ЖЕР АЛЫП, ДӘН СЕПКЕН" ​ ​

Қазір Оразақта салмақты жер дауы болып жатыр. СССР тарағаннан кейін совхоздар мен колхоздар жойылып, ауыл тұрғындары 49 жылға жер үлесін (пай) алып, заңда көрсетілген талап бойынша, серіктестіктерге қосылған. Осылай Ақмола облысында "Оразақ" ЖШС пайда болған.

"Оразақ" ЖШС 2000 жылы құрылған. Бұрын Қызыл ту совхозында болған пайшылардың бәрі ЖШС қатарына қосылған. 2005 жылы ЖШС мемлекеттен 17 239 гектар ауыл шаруашылық жерін (14 809 – егістік жер, 2376 – жайылым жер, 54 гектар – шабындық жер) 2054 жылға дейін 49 жылға жалға алып, жыл сайын 343 194 теңге төлеп тұруға міндеттелген. Одан бөлек, бұрынғы совхоздан қалған ток, қойма және басқа да нысандар ЖШС иелігіне өткен. Кейінірек "Оразақ" ЖШС сол кездегі ең ірі "Агроцентр-Астана" агрохолдингінің құрамына кірген. 2008 жылы холдинг ірі көлемде несие алу үшін шаруалардың жерін БТА банкіне кепілге қойған. Нәтижесінде "Агроцентр-Астана" өзін банкрот деп жариялаған. Кепілге қойылған жер банктің меншігіне өткен.

Оразақ ауылында байлаулы тұрған бұзау. Ақмола облысы, 11 маусым 2021 жыл.

2016 жылы Оразақ ауылының екі тұрғыны сот арқылы жерді кепілге қою туралы келісімшартты жарамсыз деп тануға қол жеткізген. 2017 жылы Целиноград аудандық әкімдігі "Оразақ" ЖШС-ның иелігіне берілген егістік және жайылым жерлерді мақсатқа сай пайдаланылмағаны үшін мемлекеттік қорға қайтарып алған. Дәл сол жылы байқау жарияланып, бұл жерлер "Шаңырақ Агро" ЖШС компаниясына 10 жылға жалға берілген. Бұл компания құрылтайшыларының бірі – елге танымал кәсіпкер, жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы, Оразақ ауылына көршілес жатқан аудан орталығы – Ақмолда ауыл шаруашылығымен айналысатын Максим Божко.

Бұл жағдайға "Оразақ" ЖШС қатысушыларының бәрі бірдей көндіге қоймаған. Қазір 24 адам сот арқылы ЖШС құрамынан шығып, жер үлесін өз қалауынша пайдаланғысы келеді. Бірақ жердің жаңа иесіне бұл бастама ұнамайтын сияқты.

– Жерімізді сырттан келген адамдар пайдаланып отыр. Бұрынғы стадионның артында 300 гектардай жайылым және шабындық жеріміз бар. Оны Божко алды да, бидай сеуіп тастады. Екі апта бұрын. Сәл әріректен егістік алқабына түсетін малды қамап, бері өткізбейтін шарбақ салмақ болды. Вагон әкеліп, белгіленген аумақты айнала күзететін адам отырғызып кетті. Бетон араластыратын техника әкеліп, жерге қада қағайын деп жатқанда ауылдың жігіттері көріп қалып, қарсы шығып, қуып жібердік. Ертеңіне тағы да келді. Тағы да жұмыс істеуге мүмкіндік бермедік. "Божконың өзі келсін" дедік. Не деген бассыздық? Осының бәрі халықтың ашу-ызасын туғызып отыр. Бұл –ауыл тұрғындары үшін өте маңызды жер. Мал жаятын басқа жер жоқ, – дейді Асылбек Рамазанұлы.

Оразақтан бірнеше километр қашықтықта жатқан даладағы жайылым жерлері мен егістік алқабы тоғысатын учаскеде шынымен вагон тұр, оның жанына құм мен қиыршық тас төгілген.

Рамазанұлының дерегінше, ауыл тұрғындарының қолында жеті мыңға жуық ірі қара мал, 800 жылқы мен екі мыңнан астам қой бар. Ақсақалдың есебінше, осынша малға шабындық жерді қоспағанда, кем дегенде 11 мың гектар жайылым керек.

– Бәрін тартып алды. Бір кездері Оразақтағы ғимараттарды банкке кепілге қойды. Ақшасын алып кетті, ал нысандар банктің қолында қалды. Банк оны сатылымға шығарды. Бұл ғимараттарды қайтару үшін көп қаржы керек. Халықта ондай ақша жоқ. Оларды Божко сатып алғысы келеді. Оның дәулеті жетеді ғой. Сатып алып, сол жерлерді бізге жалға беріп қоймақшы. Бізге осы керек пе? Ондайға жол бермейміз. Бұл – халықтың жері, елдің мүлкі. Халыққа жерін пайдаланғаны үшін тиын-тебен ғана төлейді. Жерімізді қайтарып, шаруа қожалығына бірігіп, өзіміз игерсек дейміз. Жер халықтың игілігіне жұмыс істесін, – дейді Асылбек Рамазанұлы.

Ақмола облысындағы Оразақ ауылы. 11 маусым 2021 жыл.

"ЖЕРДІ АУКЦИОН АРҚЫЛЫ САТСА, АДАМДАР МҮЛДЕ ҚҰР АЛАҚАН ҚАЛАР ЕДІ"

Оразақ ауылдық округі әкімінің міндетін Ләззат Омарқызы атқарады. Оның айтуынша, бұрынғы әкім Нұрлан Қасымбеков жақында ғана жұмыстан шығып кеткен. Омарқызы сапарда жүргендіктен, жергілікті тұрғындар мен Максим Божконың компаниясы арасындағы кикілжіңге қатысты пікір білдірмей, Азаттық тілшісін аудандық әкімдікке жіберді.

– Қазір көбі "бір кездері берген жер үлесіміз солардың қолында қалып қойды" деп, жағдайды қате түсініп отыр. Жоқ, жер олардың қолында қалған жоқ. Жер үлесіне иелік ету құқығы жерді пайдалану құқығына ауысты. Бұл құқық ЖШС-ға берілген. Яғни, жер жеке-жеке әр қатысушыға емес, жалдау құқығы бойынша нақты заңды тұлғаға тиесілі, – дейді Целиноград аудандық әкімдігінің жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас инспекторы Жәнібек Тұрмұхамбетов.

Целиноград аудандық әкімдігінің жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас инспекторы Жәнібек Тұрмұхамбетов.

Шенеуніктің айтуынша, 2017 жылы "мал болмай, жайылым жер пайдаланылмағаннан кейін" әкімдік "Оразақ" ЖШС-ға жерді мемлекетке қайтаруды ұсынған.

– Бұл мәселеге ЖШС-ның жұмыс істемеуі себеп болды. ЖШС қарызын қайтару үшін жерді кепілге қойған. Яғни, жер аукцион арқылы сатылып, адамдар мүлде құр алақан қалуы мүмкін еді. Біз "Халықтың мүддесін қорғайтын кәсіпкер табамыз, жер ары қарай да табыс әкеліп, сіздерге ЖШС жарғысы бойынша төлем беру жалғасады" дедік, – дейді Тұрмұхамбетов.

Мемлекеттік инспектордың айтуынша, жерді мемлекеттік қорға қайтару туралы ұсыныс "Оразақ" ЖШС-ның жалпы жиналысында қаралып, қатысушылар да бұған келіскен. Жер мемлекетке қайтарылған. Ары қарай байқауға шығарылған жерді 10 жылға жалға алу құқығын "Шаңырак Агро" ЖШС жеңіп алған. Инспектор заң бойынша жалға алу мерзімін ұзартуға болатынын, бірақ жер екі жылдай игерусіз жатса, мемлекетке қайтарылатынын айтады.

– "Шаңырак Агро" ЖШС жалға алушы ретінде бұл жерді иеленіп, қатысушыларға (250 адам) ЖШС-ға қосылуды ұсынып отыр. Ашығын айтқанда, олар қатысушыларды қабылдағысы келмеді. Бірақ алдын-ала жасалған келісім бойынша ЖШС мені осындай әлеуметтік жауапкершілік алуға міндеттелді. Қазір қатысушылар жыл сайын қосымша төлемдер алады, – дейді Тұрмұхамбетов.

Ақмола облысындағы Оразақ ауылы, 11 маусым 2021 жыл.

ЖЕР ИНСПЕКТОРЫ: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ЗАҢДЫ ЖАҚСЫ БІЛМЕЙДІ

Азаттық: Адамдар егістік аумағының жайылымдық жерлерге жақын орналасқанын айтып, шағынып отыр.

Жәнібек Тұрмұхамбетов: Бұл дала жаңадан салынған жоқ. Бұрын ол жерге егін екпейтін, сондықтан мал еркін жайылатын. "Шаңырақ Агро" биылға дейін жер өңдеп, барлық учаскеге дән сеуіп шықты. Олар да егістік үстінде біреудің жүргенін қаламайды ғой. Кез келген қожайынның құқығы бар.

Соған қарамастан, біз далаға барып, компания басшылығымен кездесіп, жағдайды түсіндірдік. ЖШС бидайық еккен мына "торды" (картадан жер учаскесін көрсетті) қалдыруға келісті. Яғни, бұл жерді "Шаңырақ Агро" жалға алып отырса да, ол жерге мал жаюға болады. Осындай келісім. Енді ертең бұл адамдар бізді тағы да дұрыс түсінбеуі мүмкін. Біз бидайық егілген жерге мал жаюға рұқсат алып отырмыз ғой. Ал олар ертең "бұл – біздің ата-бабамыздан қалған жер” деп айтады. Ауыл тұрғындары заңды жақсы білмейді.

Азаттық: Оразақтың айналасында барлығы қанша жайылым бар?

Жәнібек Тұрмұхамбетов: Жерді қайтарып алған кезде шабындыққа және мал жаюға арналған үш мың гектар жерді мемлекетке қалдырдық. Егістік жерлерін ғана жалға бердік. Бұл жерлерді жергілікті тұрғындар мал жайсын деп алып қалдық. Ауылдың арғы бетінде тағы екі мың гектардан асатын жер бар. Біреудің екі, екінші біреудің жиырма жылқысы бар. Сонша жылқысы бар адам шаруашылық құрып, үйірін жайылымға шығарып бағуы керек. Осыдан "жерді қайтарыңдар" деп айқайлайды. "Жер жетпейді" дейді. Жер ешқайда кеткен жоқ. Совхоз кезінде қазіргіден де көп мал болған. Қазір шаруа қожалықтарында мал жоқ. Тек халықта ғана. Бәрі жерді қалай пайдаланғаныңа байланысты.

Азаттық: Божконың серіктестігіне қосылғысы келмеген адамдар не істеуі керек?

Жәнібек Тұрмұхамбетов: 250 адам кіріп, 25-і ғана қалды. Олар бәрін қиратып, жерді "Оразақ" ЖШС-ға қайтарғысы келеді. Бірақ олай болмайды. Қазір олармен шешсек, барлық жұмыс пен төлем тоқтайды. Басқа біреу келе ме, келмей ме, белгісіз. Бұл менің жеке пікірім. Жерден үлеспұл алып отырған отбасылы 250 адамды қайда жібереміз?

Азаттық: Ауылдағы нысандардың тағдыры не болады?

Жәнібек Тұрмұхамбетов: Барлық нысан жекеменшік құқығы негізінде "Агроцентр-Астана" ЖШС-ға тиесілі болған. Олар кепілде тұрған. ЖШС банкрот болды, енді мүлік қайтарылмаған активтер қорының меншігінде. Қазір бұл нысандар құны 60 миллион теңгелік бір лотпен сатылымға шығарылды. Кез келген адам қатысып, сатып алса болады. Бес жылға бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Адамдарды жинап, нысандарды сатып алуға қатысу үшін қажет соманы (шамамен тоғыз миллион теңге) бірігіп төлеуді ұсындық. "Жеңіп алыңыздар, кейін бөліп төлейсіздер" дедік. "Шаңырақ Агро" бұл нысандарға қызығып отырған жоқ.

Оразақ ауылы маңында далада тұрған вагон. Ақмола облысы, 11 маусым 2021 жыл.

АУЫЛДЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ БАСШЫСЫ БОЖКО ТУРАЛЫ: "БІРІНШІ КӨЗ ТІГІП, КЕЙІН ҚОЛ САЛДЫ" ​ ​

Максим Божконың серіктестігіне қосылудан бас тартқан азаматтардың ішінде ауылдық қауымдастық басшысы Абылайхан Бижанов та бар. Ол Нұр-Сұлтанда тұрады және "Оразақ" ЖШС қатысушыларының бірі саналады. Бижанов – биыл тамызда өтеді деп күтілген сайлауда Оразақ әкімі болуға үміткер азаматтардың бірі.

– 2016 жылы "Оразақ" ЖШС басшылығы кепілді заңсыз деп табуды талап етіп, банкті сотқа бергенін білдім. ЖШС-ға Максим Божко көмектескен. Ол кезде ауылдағылар ештеңе білмеген, белсенді азаматтар болмаған. Осылай Божко жерімізге көз тіккен, кейін қол салған. Ауылдағы сатқындардың көмегімен жерді заңсыз тартып алды, – дейді ол.

Абылайхан Бижанов.

Бижанов өзімен ойы ортақ азаматтармен бірге редакциялардың табалдырығын тоздырып, әлеуметтік желіде Оразақтағы жер мәселесі туралы жазып, сот арқылы жерді алып, Божконың фирмасына беру процесі заңсыз екенін дәлелдеуге тырысып жүр.

– Жерді мемлекетке, ал мемлекет оны "Оразақ" ЖШС-ға қайтарғанын қалаймыз. “Оразақ” ЖШС-ның жұмысын жандандырғымыз келеді. Ары қарай жерін басқа шаруа қожалықтарына жалға беріп, үлеспұл ала ма, әлде жеке пайдалана ма, әркім өзі шешеді. Халыққа тиесілі жердің тағдырын бірнеше күнде шешіп тастады. Мен жеке шаруа қожалығына бөлінемін деп шештім. Бірақ маған олай жасауға мүмкіндік бермей отыр. Олар ауыл тұрғындарына жерді 49 жылға жалға беру шартын бұзды. Мұның заңсыз болғанын сот та дәлелдеді, – дейді Бижанов.

МАКСИМ БОЖКО: "БІЗ БҰЛ ЖЕРДІ ЖЕҢІП АЛДЫҚ…" ​ ​

Максим Божко – Ақмола облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, Қазақстандағы жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы, ""Шаңырақ" басқарушы компаниясы" ЖШС құрылтайшыларының бірі және бақылау кеңесінің төрағасы, "Шаңырақ Агро" ЖШС құрылтайшыларының бірі. "Шаңырақ Агро" компаниясына Оразақ ауылының 250 пайшысы кіреді.

"Шаңырақ" компаниясының сайтында Максим Божко – "Ақмола Феникс" АҚ бас директоры, парламент сенатының сайтында сенат пен Ақмола облысының өңірлік кәсіпкерлік кеңесі жанындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі деп көрсетілген. Оның әкесі– Владимир Божко соңғы рет парламент мәжілісі төрағасының орынбасары болған.

Максим Божконың ауыл шаруашылығы саласында ықпалды тұлға екенін мына оқиғадан байқауға болады: 2020 жылы ақпанда ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен жиындардың бірінде Максим Божко бәрінің көзінше салалық министр Сапархан Омаровпен жұмыртқа өндірісіне мемлекеттік субсидия беруді тоқтату мәселесіне қатысты пікір таластырған.

Кәсіпкер Максим Божко. Сурет оның Facebook-парақшасынан алынды.

– Олар сізді адастырып отыр, шын мәнінде бәрі олар айтқандай емес. Біздің қолымызда бәрі қалай болғанын растайтын құжаттар бар. Жерді мақсатқа сай пайдаланылмағаны үшін біз емес, мемлекет тартып алды. Мемлекеттік комиссия актілері, прокуратура қағазы бар, яғни, біз заң жүзінде әрекет етіп отырмыз. Болған нәрсенің бәрі ашық жүрді. Бәрібір сот арқылы шындықтың өз жағымызда екенін дәлелдейміз, – дейді Максим Божко.

Ол қазіргі жағдайға "Оразақ" ЖШС-ның бұрынғы басшылығын кінәлайды:

– Қуат Әбілдинов адамдарды жерінен, ЖШС-дан шығу құқығынан айырды. Жерді кепілге қойып, бәрін "Агроцентрге" беріп, жұмысын тоқтатты. Бүкіл мүлікті сатып, техниканы металға өткізіп, жерді басқа шаруаларға егін егуге жалға берді. Яғни, компания жұмыс істеген жоқ, мал болмады, жерге егін егілмеді. Бұған мен немесе "Шаңырақ Агро" емес, Қуат Әбілдинов кінәлі. Олар жерінен айырылып қалғанына қарамастан, оны өз иелігіне қайтарғысы келеді.

Божконың айтуынша, бұрын "Оразақ" ЖШС-ға тиесілі болған жайылымдық жер ауыл тұрғындарына қалған.

– Адамдар ол жерге мал жайса болады. Бірақ олар мені "мал жаюға рұқсат бермеді" деп жүр. Бес мың гектардан асатын жайылымдық жер – ауылдық округтің қолында. Олар бар болғаны, "кім қайда мал жайып, шөп шабады?" дегенді өзара келісе алмай отыр.

Божко жерді ашық байқауда "жеңіп алғанын", бұлай жасауға міндетті болмаса да, "әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес" ретінде бұрынғы пайшыларға "Шаңырақ Агро" ЖШС-ға қатысушы болып кіруді ұсынғанын айтады.

– Бірнеше адам бар, әрі кетсе алты-жеті адам шығар. Олардың қатарында біздің компаниямызға қосылудан бас тартқан бұрынғы директор Әбілдинов, бұрынғы пайшы Бижанов жүр. Олар "жерімізді қайтарып аламыз" дейді. Олардың бұлай жасауына заңды негіз жоқ. Ал олар құқықтық алаңда әрекет етудің орнына әлеуметтік желіде "шу" шығарып, бұрынғы коммунистер партиясын шақырып, блогерлерді араластырып жатыр. Тыныш жерден дау шығарып отыр. Өздері компаниямызға қарсы осындай дүниелер жасап отыр, – дейді Максим Божко.

Оразақ ауылдық округі әкімдігі. Ақмола облысы, 11 маусым 2021 жыл.

Целиноград ауданында Божкомен байланысты ауыл шаруашылығы саласындағы үш кәсіпорын бар. Олардың қатарына "Ақмола Феникс" АҚ, "Ақмола Феникс+" ЖШС, "Шаңырақ Агро" ЖШС және "Курочка Ряба" бройлер фабрикасы жатады. Бұл кәсіпорындар барлығы 30 мың гектар жерді өңдеп, әртүрлі дәнді-дақыл егеді.

– Біз бір ауданның өзінде 1200 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырмыз. Арқалық, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар туралы айтып отырған жоқпын. Жақын маңдағы ауылдарда тұратын жұмысшыларымызды қызметтік көлікпен тасып, тегін тамақ пен арнайы киім береміз. Мектепті жөндейміз, спорт алаңын салдық, биыл Оразаққа жедел-жәрдем көлігін сатып әпердік. Осының бәрі біз жасап отырмыз. Бізге күйе жағуға тырысатын наразы адамдар бары көңілімізді жабырқатады.

Божко "Ауылдағы аукционға шығарылған 23 нысанды сатып аласыз ба?" "Ауылдық округтің инфрақұрылымын дамытуға инвестиция құю ойда бар ма?" деген сұрақтарға “Барлық ғимаратты сатып алмаймын, бірақ ауылды дамытуға қаржы құюға дайынмын” деп жауап берді.

– Қазір мына ғимараттың бәрін сатып алсам, наразы адамдар келіп, біреудің бірнәрсесін тартып алғанымды айтады. Жақсылық жасасам да, жамандық жасасам да, маңызды емес, мені бәріне айыптап жатыр. Біз шындықты және бәрінің заң аясында болуын қолдаймыз, – деген Максим Божко Азаттық тілшісін өзінің құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасарына жіберді.

ОРАЗАҚТАҒЫ ЖЕРЛЕР, "АГРОЦЕНТР-АСТАНА" ЖӘНЕ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ РОМИН МАДИНОВ

Бас директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, "Шаңырақ" басқарушы компаниясының заңгері және Целиноград аудандық мәслихатының депутаты Индира Сәденовамен компанияның Нұр-Сұлтандағы кеңсесінде кездестік.

Заңгердің айтуынша, басында ауыл тұрғындары құрған "Оразақ" ЖШС-ның иелегінде 17 мың гектар жер мен ауылдағы 23 нысан болған. Кейін ЖШС-ға бір кездері мәжіліс депутаты Ромин Мадинов құрылтайшысы болған "Агроцентр-Астана" ауыл шаруашылығы холдингі қосылып, үлес мөлшері былай өзгерген: 80 пайыз – ЖШС басшылығына, 20 пайыз – 300 пайшыға тиесілі болған.

– Агроцентр өз үлесін арттырған. "Размывание" деген ұғым бар. Бұрын олар дәл осындай әдіспен кем дегенде Ақмола аумағындағы ауыл шаруашылық кәсіпорындарын тартып алған. Директор Қуат Әбілдинов басқаратын "Оразақ" ЖШС бүкіл жерді банкке кепілге қойып, 23 нысанды Агроцентрге сатқан. Бірақ кейін Агроцентр банктен қарыз алу үшін бұл ғимараттарды кепілге қойған, – дейді Индира Сәденова.

Оразақ ауылындағы балалардың ойын алаңы. 11 маусым 2021 жыл.

"Шанырақ" компаниясының заңгері 2008 жылы "БТА Банк" АҚ (кепілге алушы), “Оразақ” ЖШС (кепілге қоюшы) және “Агроцентр-Астана” ЖШС (қарыз алушы) арасында жасалған Оразақ жерлерін (17 239 гектаров) кепілге қою туралы келісімшарттың көшірмесін көрсетті. Бұл келісімшартқа сәйкес, банк жерді кепілге алып, 219 миллион 578 мың теңге (ол кезде 1,8 миллион АҚШ доллары) қарыз берген. Қарыз алушы мен кепілге қоюшы несиені 2011 жылдың қазанына дейін қайтаруы керек болған. Жердің келісімшартта көрсетілген нарықтық бағасы 467 миллион 187 мың теңге (ол кезде 3,9 миллион доллар) болған. Келісімшартқа сәйкес, банк кепілге қоюшы тарап шарттарды орындамаған жағдайда жерді тартып алуға құқылы болған.

2002 жылы 10 қарашада жасалған бас несие келісіміне сәйкес, БТА банкте Оразақ ауылындағы “ғимараттар, құрылыс нысандары, жер учаскелері және басқа да мүлік” кепілде болған. 2004 жылы "Киф Ойл" ЖШС (ашық дереккөздерде бұл серіктестік туралы ешқандай ақпарат жоқ) бұрынғы совхоз мүлкін кепілге қойып, тоғыз миллион теңгеден сәл асатын (62,3 мың доллар) несие алған. Мүліктік нарықтық құны берілген қарыз көлемінен екі есе көп болған.

2003-2008 жылдары "Агроцентр-Астана" ЖШС мемлекеттен жалға алған ондаған мың пай жері мен Ақмола облысындағы бұрынғы совхоздар мен колхоздардан қалған бірнеше ондаған нысанды осындай әдіспен БТА Банкке кепілге қойып, миллиондаған доллар қарыз алған.

2011 жылы "Агроцентр-Астана" ЖШС құрылтайшылары арасында (олардың қатарында “Нұр Отан” партиясы атынан парламенттің төртінші және бесінші шақырылымына сайланған бұрынғы депутат Ромин Мадинов та болған) кикілжің туып, серіктестіктің қызметі тоқтаған.

БТА Банкке кепілге қойылған мүлік қайтарылмаған несиелер қорына берілген.

– Нысандардың сатылымға шығарылғаны белгілі болған кезде адамдар "мұның бәрі біздікі" деп айта бастады. Тұрғындар ғимарат ауыл ішінде тұрса, демек ол біздікі деп ойлады. Шын мәнінде құжат бойынша бұл нысандар 2009 жылы "Агроцентр-Астана" ЖШС-ға берілген. Ал компания бұл мүлікті банкке кепілге қойған. 2017 жылы "Агроцентр" банкрот болып, өңірдегі көп ауылға кері әсерін тигізген. Қарыз алу міндеттемесі бойынша жер мен нысандар банктің иелігіне өткен. Бірақ БТА Банктің де қарызы көп болып шығып, қайтарылмаған несиелер қоры кепілді өзіне алған. Егін егілмеген, ауыл тұралай бастаған. Қайтарылмаған несие қоры – квазимемлекеттік кәсіпорын, қазір 23 нысанның сатылымын мемлекет ұйымдастырып жатыр, – дейді заңгер.

Оразақ ауылында көшеде кетіп бара жатқан адам. 11 маусым 2021 жыл.

БОЖКО ЖЕРДІ АЛУҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛҒАН?

Индира Сәденованың айтуынша, кейінгі төрт жылда компания бұрын "Оразақ" ЖШС құрамында болған, "Шаңырақ Агроға" кіруден бас тартып, сот арқылы Оразақ жерлерінің заңсыз түрде мемлекеттік қорға қайтарылғанын дәлелдеуге тырысып жүрген азаматтармен соттасып келеді.

Сәденова кей азаматтардың Божко Оразақ жеріне бұрыннан көз тіккен" деген айыбын жартылай мойындайды. Мысалы, "Шаңырақ Агро" жерді 2017 жылы ресми байқауда жеңіп алған, бірақ Божконың командасы банкке кепілге қойылған жерлерге 2015 жылдан бері назар аудара бастаған. Бұл жылы компания басшылығы ауылда жиналыс өткізіп, жер тағдыры мәселесін күнтәртібіне шығарған.

– Бізге жер сатып алуды ұсынды, бірақ біз олай жасай алмадық. Өйткені жер кепілде болды, банктің алдындағы қарыз сұмдық үлкен, несие доллармен алынған. Әкімдік пен прокуратура жердің жылдар бойы пайдаланылмай жатқанын көріп отыр. Бірақ кепілге бола олар да ештеңе істей алмайды. Осылай бұл жерлер бос жата берді. Жерді игеру үшін бірінші кезекте, оны кепілден шығару қажет болды, – дейді Сәденова.

2016 жылы компания ауылдың үш тұрғынынан ("Оразақ" ЖШС қатысушылары) сенімхат алып, БТА банкті сотқа беріп, "Оразақ" ЖШС және "Агроцентр-Астана” ЖШС қатысты жерді кепілге қою шарты мен хаттамалық шешімнің күшін жоюды талап еткен.

Арыз берушілер ЖШС қатысушыларына жерді банкке кепілге қою мәселесі шешілген жиналыс өтетіні туралы дұрыс хабар берілмегенін айтып, жалпы жиналыста қабылданған шешімді заңсыз деп табуды сұраған. Сот бұл арызды қанағаттандырған. Содан бері банкте жерге иелік ету құқығы болмаған. 2017 жылы мемлекет бұл жерлерді арнайы қорға қайтарып алып, байқау өткізіп, 10 жылға Божконың серіктестігіне жалға берген.

ҮЛЕСТІҢ 80 ПАЙЫЗЫ – БОЖКОҒА, 20 ПАЙЫЗЫ – АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ТИЕСІЛІ

Божконың адамдары "Шаңырақ Агро" ЖШС бірлескен кәсіпорнын құрады. Құрылтайшылардың бірі Максим Божко болады. Заңгердің сөзінше, "Оразақ" ЖШС қатысушыларының басым бөлігі 250 адам (қайтыс болған адамдардың үлесін қоса алғанда) ерікті түрде жаңа серіктестікке қосылады.

– Сондықтан адамдар деген олар [арыз берушілер] емес, біз екенімізді сеніммен айта аламыз. "Шаңырақ Агро" ЖШС – Божко емес, Оразақта тұратын 250 адам. Компания жарғысында ауыл тұрғындарына табыстың емес, жалпы жиналған өнімнің жеті пайызына тең мөлшерде төлемақы беріледі деп көрсетілген. Яғни, сіз жай ғана серіктестікке қосылып, ақша алып отырасыз, – дейді Индира Сәденова.

ЖШС-дағы үлес бұрынғыдай бөлінген: 80 пайызы басшылыққа, 20 пайызы– ауыл тұрғындарына тиесілі. Жаңа ЖШС басшылығы мұны компанияның жерге инвестиция құюымен түсіндіреді. "Шанырак Агро" ЖШС да Jusan Bank-ке (бұрынғы Цеснабанк) жерді кепілге қойып, дән себу үшін 430 миллион теңге (миллион доллар шамасында) несие алған.

– "Шаңырак Агро" бұл ақшаны егін егу үшін алды. Біз астық жинап, 314 миллион теңгеге техника сатып алдық. тенге. Бұл қысқамерзімді несие және аз ақша. Биыл және келер жылы несиені жабамыз. Осыған дейінгі несиеден айырмашылығы көп. "Оразақ" ЖШС да жер қолдан қолға өтетін тиын сияқты болған, ол жерді басқалардың қарызы мен міндеттемесі үшін кепілге қойған. Яғни ақшаны "Агроцентр-Астана" алған. Біз несиені өз атымызға алдық, ол бойынша ешқандай қарызымыз жоқ, – дейді Саденова.

Азаттық: Демек сіздер бұл жерді алдын-ала көріп, оған қол жеткізудің амалын қарастыра бастадыңыздар ма?

Индира Сәденова: Жағдайды түсініп, зерттеп, дайындалып, "көз тіккен" кезде осының бәрін ауыл тұрғындарымен бірге жасағанымызды түсіну керек. Бәрі барлық жиынға ашық қатысты: арыз берушілер мен жергілікті ақсақалдар, облыстық әкімдік өкілдері, депутат болды. Банкте кепілде тұрған жерден айырылып қалу қаупі бәрімізді, оның ішінде Әбілдинов та бар, біріктіргендай болды. Бәріміз банкке қарсы күш біріктірдік. Әкімдік "біз ешкімнің мүддесін қорғамаймыз, өзара келісіңіздер" деген позицияны ұстанды. Мүлде басқа адам келіп, жерді пайдалану құқығына ие болуы мүмкін еді. Сонда ешқандай қатысушы пай болмайды. Яғни, ЖШС мен жер жүз пайыз бір адамға тиесілі болады. Міне осындай жағдай болды, бұл туралы бәрі естіді.

Азаттык: Аудан әкімдігі мен Божко ауыл тұрғындарын мекемеге жұмысқа алуға міндетті болмағанын айтты. Неге бұлай жасадыңыздар?

Индира Сәденова: Халықсыз жұмыс істегіміз келмеді. Мүмкін бұл тым әсірелеу сияқты көрінетін шығар, бірақ сіз бөтен ауылға келіп, жерін жыртып, орнына алғыс білдірмей көріңізші. Бұл дұрыс емес. Ауыл тұрғындары сізге адал болса, кейін өздері-ақ егістік алқабына ешкімді жібермейді.

Азаттық: Болашақта адамдар тағы да алданып қалмайды деп кепілдік бере аласыз ба?

Индира Саденова: Біз басынан ауыл тұрғындарымен шарттарды келісіп алдық. Бәрін бірге құрдық. Үлесті салым мөлшеріне байланысты бөлдік. Біз егін егуге көп инвестиция салдық. Болашақта ЖШС басшылығы ауысып, біздің орнымызға кім келсе де, жарғыда ауыл тұрғындарына жеті пайыз бөлінгені жазылып тұр.

Азаттық: Кей қатысушылар төлем аз деп шағымданып жатыр.

Индира Саденова: Мүмкін бәрі ұмытылып кеткен шығар. Өйткені біз 2015 жылы келгенде адамдар мүлде ештеңе алмайтын. 2016 жылы біз жұмысымызды "Агроцентр-Астананың" ескі қарыздарын өтеуден бастадық. Пайшыларға жерден кім қанша ақша төлеп отырғанын зерттеп көрдік те, табысты тек ақшамен ғана береміз деп шештік. Бір адамға жылына орташа есеппен алғанда ең аз дегенде 180 мыңнан жоғары қарай шығады, үлесіне байланысты арта береді.

Заңгер-депутат төлемдер бойынша есеп берді: 2018 жылы тұрғындарға – 18,8 миллион теңге, 2019 жылы – 29,9 миллион, 2020 жылы – 32,2 миллион және 2021 жылы – 46 миллион берілген. Жалпы алғанда, төрт жылда 127 миллион теңге тенге төленген.

Оразақ ауылындағы үйлердің бірі. 11 маусым 2021 жыл.

"ТАПАНША" АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛЫНДА ҚАЛДЫ ​ ​

Азаттық: Оразақ тұрғындарының жайылым жер жетпейді деген шағымына қатысты не айтасыз?

Индира Сәденова: Біреу "Мал жаятын жеріміз жоқ!" деп, бұған Божконы айыптаған соң, ақпарат құралдары тарапынан қызығушылық пайда болды. Бізде жайылымдық жер болмаса, "Шаңырақ Агроға" қандай сұрақ болуы мүмкін? Принципиалды түрде осылай жасадық және әуел бастан тұрғындарға "мал шаруашылығымен айналыспаймыз, бізге жайылым керек емес" деп айттық. Байқауға Оразақ ауылындағы егістік жерлер ғана шығарылды. Жайылым жерлер мемлекеттің, яғни ауылдық округтің қолында қалды. Бұл бес мың гектар жер.

Азаттық: Әлеуметтік желіде тараған, Оразақтың іргесіндегі жайылым жерлерге қоршау қою мәселесі туралы айтып беріңізші?

Индира Саденова: Бізде Ақмолада "Акмола Феникс" кәсіпорны бар. Ол жақта жер мен құс фабрикасы орналасқан. Оразақтың іргесінде "Ақмола Феникстің" жалғыз даласы (№ 64) бар. Оразақ тұрғындарының иелігінде бес мың гектар жайылым жер бола тұра, олар малын "Акмола Феникс" АҚ-тың егістік жеріне жайғысы келеді. Кейінгі үш-төрт жылда АҚ ауыр әрі аяққа тапталып кеткен бұл жерді өңдеумен болды. Жерге тиген жоқпыз, адамдар салын жайды. Бірақ бұл егістік жері, олардың әрекеті дұрыс емес. Биыл мамырдың басында жерді игеруді бастадық. Тракторларымыз кірді, бірақ адамдар шығып, бізге олай жасауға мүмкіндік бермеді.

Азаттық: Сіз ауыл тұрғындарының көбі серіктестікті қолдайтынын айттыңыз. Ендеше бұл қандай адамдар?

Индира Саденова: Жергілікті адамдардың бәрі келді. Неге екенін білмеймін. Олар бұл біздің жеріміз, бұл жайылым деді. Мен адамдардың жағындамын, әрине, бірақ онда "Акмола Феникстегі" адамдардың құқығы мен егістік жерлерге мал жаюға тыйым салатын заң бұзылады. Нәтижесінде біз ақша шығындап, 322 гектар жерге егін ектік, бірақ соған кейн жарайды, мал жая беріңіздер дедік. Ол жаққа дән себуден бас тарттық. Бұл ауылдағылар сыртқы пішініне қарап тапанша деп атайтын жер учаскесі. Оны адамдарға қалдырдық.

Сәденованың айтуынша, үш аптадан кейін компанияның күзетшісі "Шанырак Агроның" егістік жерлерінде жайылып жүрген жылқыларды көрген. Жылқылардың иесіне айыппұл салынды.

Біз "Жарайды, мына аумақты бердік, бірақ басқа егістік жерлеріне мал жаюға болмайды" деп жатырмыз. Сондықтан "Шанырак Агро" және "Акмола Феникс" егістік алқабының бас жағына қоршау орнатайын деп жатырмыз. Егістікті малдан қорғау – қалыпты нәрсе. Жер пайдаланушылардың бәрі солай жасайды. Адамдардың қоршау салуға неге қарсы шыққанын түсінбеймін, біз дұрыстап келістік қой. Олар тапаншада жайылып жүрген малды осы қоршауға кіргізбекші деп ойлаған шығар. Бірақ әзірге бұл құрылыстан бас тарттық. Адамдар қоршау өздеріне үлеспұл төлеп отырған "Шанырак Агро" алқабына мал кіргізбеу үшін керегін түсінгенше қоя тұрамыз.

Азаттық: Бұл жерге әлі қанша жыл егін егетін ойларыңыз бар?

Индира Саденова: Ұзақ жыл өңделмеген жерге көп күш пен қаржы жұмсап жатырмыз, сондықтан кетіп қалу дұрыс болмас еді. Бірақ қайткен күнде де компания мен адамдар қалады.

Божконың компаниясы соттасып жүргенде, Оразақ жерін жалға беру мерзімінің жартысы өтіп кеткен.

– Әбілдинов бәрінен айырылды. Қолындағы құзыретімен ауылда қанша нәрсе істеуіне болар еді. Бес адам [арыз берушілер] бөлінгісі келетіндерін ашып айтты. Қазір 250 адам үлеспұл алып отыр, ал оларға бұл ұнамайды. Әр жолы ақша төлеген кезімізде арыз берушілер біз де үлеспұл алғымыз келеді дейді. Сотқа да берді, бірақ судья олардың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Яғни, әзірге бұл жақта жұмыс істегенімізден соттасқанымыз көп болып жатыр, – дейді депутат Саденова.

Оразақ жері жайлы сот істері

2017 жылы "Оразақ" ЖШС бұрынғы директоры Қуат Әбілдинов басқарған қатысушылар тобы аудандық әкімдік пен "Шаңырак Агро" ЖШС компаниясын сотқа беріп, жергілікті атқарушы органның жерді мемлекеттік қорға беру әректеін заңсыз деп тануды сұраған. Целиноград аудандық соты әкімдіктің әрекетін заңды деп тапқан. Облыстық сот коллегиясы да осыған ұқсас шешім шығарған.

Ары қарай арыз берушілер сотқа әкімдік пен Оразақ ЖШС арасындағы келісімшартты бұзу жөніндегі келісімді заңсыз деп табу туралы арыз берген. Бірінші инстанциядағы Ақмола облыстық ауданаралық экономикалық соты арыз берушілердің өтінішін қанағаттандырмаған. Бірақ 2018 жылы желтоқсанда областық сот коллегиясы келісімшартты бұзу туралы келісімді жарамсыз деп мойындаған. Бірақ сот арыз берушілердің келісімшартты бастапқы қалпына қайтару туралы талабын қанағаттандырған.

Арыз берушілер сот арқылы әкімдік пен "Шаңырақ Агро" ЖШС арасында жасалған келісімшарттың күшін жоюға тырысып көрген. Бірінші инстанциядағы сот олардың арызын қанағаттандырмаған. Ауыл тұрғындары аппеляциялық арыз беріп, істі қайта қарауға жіберген. Биыл сәуірде арыз берушілердің бірі дүние салуына байланысты мұрагерлер құқығы күшіне енгенге дейін сот процесі тоқтатылған.

Арыз берушілер өздеріне өтемақы ретінде жалпы жер аумағынан учаске бөлуді талап етіп, сотқа жүгінген. Бірінші инстанциядағы сот пен апелляциялық коллегия тағы да азаматтардың өтінішін қанағаттандырмаған.

ҚУАТ ӘБІЛДИНОВ: БОЖКО МЕНІ ЖҰМЫСТАН БОСАТЫП, ӨЗ АДАМЫН ҚОЙДЫ

"Оразақ" ЖШС бұрынғы директоры Қуат Әбілдинов кездесуге адвокаты Тұрсын Төлегеновамен бірге келді. Әбілдинов 2007-2015 жылдары "Оразақ" ЖШС директоры қызметінде істегенін, серіктестік өңірдегі басқа 40 ірі шаруашылық (бұрынғы совхоздардан қалған жер мен құрылыс нысандары) сияқты әуел бастан "Агроорталық-Астана" ЖШС-ның құрамында болғанын айтады. Ол кезде Әбілдинов "Оразақ" ЖШС-да инженер бригадир болып істеген.

"Оразақ" ЖШС бұрынғы директоры Қуат Әбілдинов.

– Мен 2007 жылы директор болғанға дейін бәрі Агроорталыққа сатылып кеткен. "Оразақ" ЖШС 80 пайызы соған тиесілі болды. Ол кезде бәрі жұмыс істеп тұрды, егін егіп, мал ұстайтынбыз. Қатысушыларға жеті пайыздан төленетін. Бәрі жақсы болды. 2008 жылы қатысушылар жиналысынан кейін (62 адам қатысқан) жерді банкке кепілген қойған. Мен ол кезде денсаулығыма байланысты еңбек демалысында едім. Жерді кепілге қою туралы келісімшартқа мен қол қойдым. Қатысушылар менің атқарушы орган ретінде қол қойғанымды қолдады. 2015 жылы Агроорталыққа барғанымда маған сен боссың, енді қожайын Божко деді. "Оразақ" ЖШС "Шаңырақ GmbH" құрамына кірді. Божко мені жұмыстан босатып, өз адамын қойды,– дейді Қуат Әбілдинов.

2017 жылы 13 наурызда Целиноград ауданы әкімінің қызметін атқарушы Берікжан Әбуталипов "Оразақ" ЖШС директоры Бақтыбай Сахановтың атына "жерді пайдалану құқығына ие болғалы серіктестік жер учаскесіне бір де бір килограм минералды тыңайтқыш құймаған, "дәнді-дақылдарды кезекпен егу ережесін сақтамаған", "өсімдіктерді қорғау құралдарын толық мөлшерде қолданбаған" деген мазмұнда хат жіберген. Шенеунік "серіктестікте мал жоқ, демек жайылымдық жер қолданылмайды. Ал бұл мемлекетке шығын келтіреді" деген. Әбуталипов хатта жалға беру шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы келісімге отыру үшін 15 күн уақыт беретінін, оған келіспесе, келісімшарт сот арқылы бұзылатынын жазған.

Әбілдиновтың адвокаты Тұрсын Төлегенованың айтуынша, оларға 2017 жылға дейін болған нәрселер қызық емес.

Адвокат Тұрсын Төлегенова.

– Божко қазір тырнақ астынан кір іздеп отыр. Ол келгенге дейін не болғаны маңызды емес. Адамдар шағым айтпайтын. Қазір адамды не ашуландырып тұрғаны маңызды. Әкімдіктің жерді тартып алу туралы хатынан кейін "Оразақ" ЖШС директоры Сахановтың төрт күннен кейін келісіп, жауап бергеніне назар аударған жөн.

Адвокат 2017 жылы 17 наурызда "Оразақ" ЖШС-ның Максим Божконың қатысуымен өткен кезектен тыс жиналысы хаттамасының көшірмесін көрсетті.

Жеті қатысушының жиналысын Денис Плужник ("Шанырак Агро" ЖШС директорының жобалар жөніндегі орынбасары) өткізді. Ол директордың орынбасары ретінде "Шаңырақ" басқарушы компаниясымен" байланысты "Шанырак GmbH" ЖШС директоры Екатерина Легкаяны таныстырды.

Жиналыс хаттамасына сәйкес, "Шанырак GmbH" ЖШС қатысушысы ретінде алғашқы сөзді Максим Божко алған. Оның сөзі аудандық әкімдіктің талабына ұқсайды. Божко әкімдікпен келісіп, жерді арнайы қорға қайтаруды ұсынған. Қатысушылар Легкаяны жиналыс төрағасы етіп сайлап, әкімдіктің "Оразақ" ЖШС жерін қайтару туралы ұсынысын бірауыздан қолдаған. Сәуірдің соңында "Шаңырақ Агро" ЖШС Оразақ жерін жалға алуға арналған байқауда жеңіске жеткен.

"БАСҚАЛАР ДА "ШЫҒАМЫЗ" ДЕУІ МҮМКІН ДЕП ҚОРҚАДЫ" ​

– Жер мақсатқа сай пайдаланылмаса, Божко қайда қарады? Ол мемлекет жерді тартып алғанға дейін "Оразақ" ЖШС 80 пайызына иелік ететін "Шанырак GmbH" ЖШС қатысушысы болып, екі жыл "Оразақта" жұмыс істеді ғой, – дейді адвокат Төлегенова.

Адвокат аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен 2021 жылы 2 сәуірде алған анықтаманы көрсетті. Онда бөлім бастығы "Оразақ" ЖШС-ның 2014 жылы 16,1 мың гектарға, 2015 жылы 14 мың гектарға, 2016 жылы 16 мың гектарға арпа мен бидай сепкенін растайды.

Әбілдиновтың қорғаушысы 2018 жылы тамызда нотариуста бекітілген арызды көрсетті. Онда жиналысқа қатысқан жеті адамның бірі Венера Әлжанова "жиналысқа қатысып, қол қоймағанын" мойындаған. Жиналыстың тағы бір қатысушысы Омар Нұрмағамбетов 2006 маусымда қайтыс болып кеткен. Адвокат Төлегенова оның өлгенін растайтын құжаттың көшірмесін көрсетіп, хаттамадағы кем дегенде екі қолтаңбаның "қолдан құрастырылғанын" айтады.

– Әкімдік Оразақ жерін арнайы қорға тартып алғанда, бұл туралы қатысушыларға айтылған жоқ. Қатысушылардың ЖШС-дан шығу және өз үлесін қалағанынша пайдалану құқығы бұзылды. Осы екі мың гектарды бөлінгісі келген 24 қатысушыға беріңдер, болды. Бірақ олар олай жасағысы келмейді, өйткені басқалар да "шығамыз" десе, Божко жерсіз қаламын деп қорқады, – дейді Тұрсын Төлегенова.

"Оразақ" ЖШС қатысушыларының 2019 жылы 1 наурызда кезектен тыс өткен, Максим Божко "Шанырак GmbH" ЖШС құрылтайшысы ретінде қатысқан жиналысының хаттамасына сәйкес, 53 азамат өз үлесін алып, "Оразақ" ЖШС-дан шығуға ниет білдірген. 44 қатысушы (3,2 пайыз үлес) "иә" деп дауыс бергенімен, жиналыста "Шанырак GmbH" ЖШС атынан сөйлеген Индира Сәденова (80,2 пайыз үлес) "жоқ" деп жауап берген. Нәтижесінде азаматтардың үлесін алып, ЖШС-дан шығу туралы өтініші қанағаттандырылмаған.

– Оның "Оразаққа" бір ниетпен келгені анық. Божко келді, артынша апат су мен жұт келді. Оның 2015 жылдан бергі үлеспұлы қайда? Неге ол адамдардың үлеспұлын халық шу шығарып, жерден айырылып қалу қаупі төнген кезде бір-ақ төледі? Мен бірнеше рет адам сияқты барып, "жұмысым жоқ, өз жерімді алайын" деп түсіндіріп көрдім ғой. Бірақ ол мені адам құрлы көрмеді. Төрт жылда бізге үлеспұл төлемеді. "Бірінші "Шаңырақ Агроға" кіріңдер" дейді. Ал мен ол жаққа жерсіз қалай кіремін?! Біз, 24 адам, "Оразақ" ЖШС-дан шықпаймыз. Ол жақтан шықсақ, болды! "Оразақ" ЖШС болмаса, "Шаңырақ Агро" ғана болады, – дейді Әбілдинов.

Адвокат Төлегенова сот арқылы дегеніне жетіп, "Оразақ" ЖШС жерін қайтарып алатынына сенеді.

– Біз жеңеміз. Қазір бүкіл республика аумағында осындай істерге деген қарым-қатынас өзгеріп келе жатыр, – дейді Тұрсын Төлегенова.

Оразақ ауылындағы тұратын Асылбек Рамазанұлы.

САРАПШЫ: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚҰЛ БОЛАДЫ

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы, жер мәселелері жөніндегі жұмыс тобына қатысқан Асхат Рахымжанов қазіргі заңнамада пайшылардың құқығы қорғалмаған деп есептейді.

Асхат Рахымжанов.

– Жер үлесін бір серіктестіктен екіншісіне беру, пайды банкке қою – бұл нормалардың бір де бірі пайшыларды қорғамайды. Бұл серіктестіктердегі адамдардың құқығы жоқ. Яғни, бұл таза феодализм. Мұндай жағдайда ауыл тұрғындарын қорғаған бір де бір әкімді көрмедім. "Неге жағдайды бақыламадыңыз, жерді қалай банкке кепілге қойған?" деп сұрасаң, олар "Бұған әкімдіктің қатысы қанша?" деп жауап береді. Бұл қалай сонда? Сіз – адамдар жақсы өмір сүрсін деп, оларға жер бөліп берген президент пен мемлекеттің жергілікті жердегі өкілісіз. Ал нәтижесінде жерді кепілге қойғандар банкрот болып, адамдар құр алақан қалып жатыр.

Рахымжанов жер дауы шыққан ауылдарды көп аралаған. Ол көбіне жер иелерінің құқықтық сауаты төмен болатынын, өз үлесін қалай басқаруды білмейтінін айтады.

– Жер мәселесін жақсы білетін ірі компаниялар осыны пайдаланып, бизнесін кеңейтуге тырысады. Мемлекет ауыл тұрғындарына күнін көріп, нанын тауып жесін деп жер бөлді. Ал шын мәнінде олар құл болады. Олар серіктестіктен шыға алмайды, өйткені басшылар заңнан әртүрлі амал-айла тауып отырады. Қазір болып жатқан оқиғалар, адамдардың көзін ашып, бізден көмек сұрап жатқаны халықтың наразы екенін білдіреді. Ал бұл елдегі халықтың жартысы деуге болады. Осыдан кейін әрине, олар көшеге, тікелей эфирге шығып, әділетсіздік туралы айтады.

Саясаттанушы мұндай жағдайдағы ең тиімді әдіс – бірігіп, мемлекеттік органдардан көмек сұрап, мәселеге қоғам назарын аудару деп есептейді.

– Бұған міндетті түрде қарсы шығып, өз құқығың үшін күресу керек. Бірақ жалғыз адамның үні шықпайды. Адамдар біріккен кезде қозғалыс басталады, басшылар бірден құжат беріп, қарызын төлей бастайды.

Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алады. Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің дерегінше, елдегі ауыл шаруашылығына арналған жердің жалпы көлемі – 219,8 миллион гектар. Оның 26,3 миллион гектарын – егістік, 0,1 миллион гектарын – көпжылдық өсімдіктер, 3,8 миллион гектарын тыңайған жер, 5,1 миллион гектарын шабындық және 184,3 миллион гектарын жайылымдық жерлер құрайды.

107,2 миллион гектар жер ауыл шаруашылық мақсатында уақытша пайдалануға, оның 105,4 миллион гектары ұзақмерзімге жалға берілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Депутат байып, пай иесі 12600 теңгеге қарап қалды". Ауыл халқы жерін қайтарғысы келеді