"Қыруар қаржы бөлінді". Облыс орталығына айналған Семейде екі жылда не өзгерді?

Семей қаласында Ертіс өзені үстінен салынып жатқан жаңа көпір. Абай облысы, 10 шілде, 2024 жыл.

2022 жылы Қазақстанда үш жаңа облыс құрылды, соның бірі – орталығы Семей қаласы болып белгіленген Абай облысы. Президент қаланы көркейту жөнінде тапсырма берді, ал бір жылдан кейін жергілікті билік "өңірдің жаңғыруы шындыққа айналды" деп мәлімдеді. Азаттық кейінгі екі жылда Семейде қандай өзгерістер болғанын, өмір сүру сапасы қаншалық жақсарғанын анықтап көрді.

2022 жылғы 8 маусымда Қазақстан президентінің жарлығымен Абай облысы құрылды. Бұл Семей халқы үшін көптен күткен оқиға болды. Жұрт енді өңірдің дамуына ақша бөлініп, өмір сүру сапасы жақсарады деп күтті.

Облысқа Астананың бұрынғы бас архитекторы Нұрлан Ұранхаев әкім болып тағайындалды. Өңірде мемлекеттік құрылымдарға арналған әкімшілік ғимараттар болмады. Жаңа облыстың құрылуымен мемлекеттік құрылымдар екі есе көбейді. Бірақ ауыс-түйіс жиіледі, мәселен, Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімінде бір жарым жылда 8 басшы ауысты.

Ұранхаев командасының нақты жұмысы 2023 жылы басталды. 2022 жылы шенеуніктер Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі жоспарлаған бюджет аясында жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Маусымда жаңа облыста төтенше жағдай болды. "Семей Орманы" резерваты өртеніп, 14 адам қаза тапты. Осыдан кейін Ұранхаевқа сөгіс жарияланды.

Семей қаласындағы орталық көшелердің бірі. Абай облысы, 10 шілде, 2024 жыл.

2023 жылы күзде Семей қаласының азаматтық белсенділері Абай облысында халықтың 92 пайызы емес, 40 пайызы ғана ауыз сумен қамтылғанын хабарлады. Су құбырының 50 пайызы қағаз жүзінде ғана салынғаны мәлім болды.

2023-2024 жылдары облысты қалпына келтіруге бюджеттен – 666 млрд теңге, ал облыс орталығы Семей қаласына 185 млрд теңге бөлу жоспарланған. Салыстыру үшін айта кетейік: жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімшілік орталығы Талдықорғанның екі жылдық бюджеті – 89 млрд, ал Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанның бюджеті 92 млрд теңге.

Қаржы көлемі ұлғайған соң, облыс басшылығының жоспары да ауқымды бола бастады. Жаңа көпір, жылу электр станциясы, нарықтарды модернизациялау, автокөлік көпірін жаяу адам жүретін көпірге айналдыру, тұрғын үй, зауыт, жаңа ықшамаудандар мен жол салу, 870 млрд теңгеге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Осының бәрі – бір-екі жылға арналған жоспар емес. Әзірге өңірдегі өзгерістер облыс орталығы Семейде ғана басталды, оның да өз қиындықтары бар.

"ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҚАЛА ЕДІ"

Жұма, кешкі уақыт. Ертіс өзенінің оң және сол жағалауын байланыстыратын аспалы көпір үстінде көлік кептеліп қалды. Ардақ есімді такси жүргізуші "Екі жұмысшы үшін жолдың бір бөлігін жауып тастапты" деді. Екі жігіт көпір үстіндегі шұңқырларды бітеп жүр.

Ардақ басқа қаладан келген қонақтар Семейде екі жыл бойы атқарылған жұмысты бағаламады дейді.

– Шымкенттен қонақтар келді. Олар үшін ештеңе өзгермепті. "Қанша ақша бөлді, ештеңе істемепті ғой" деді. "Білмеймін" деп қысқа қайырдым. Құдалыққа келген қонақтар "Семейді бір жылға оңтүстіктің адамдарының қолына берсе, бір жылда қаланы көркейтіп жіберер едік" деді. Мүмкін, рас шығар?

Семей тұрғыны бір сәтке үндемей қалды да, "рас айтады" деді.

– Шынымен қаламыздың түбіне жетті. Асфальт сапасыз. Күзде салған жол көктемге жетпей шұрқ тесік боп жатады. Тым болмаса, бес жылға шыдайтын сапа қашан болады? Қазір кішкене өзгеріс бар, – дейді такси жүргізуші.

Семейдегі жөндеу жүргізілген аспалы көпір. Абай облысы, 10 шілде, 2024 жыл.

Үлкен бөліктерінің жігіндегі қоспалары осыдан бірнеше ай бұрын ажырап кеткен аспалы көпірдің көлік жүретін бөлігіндегі тесіктерді алматылық "Сонита Строй" компаниясы жамап жүр. Мамырда аталған компания Семей қалалық қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімімен 90 млн теңгенің келісімшартына қол қойған. 2002 жылы салынған көпір содан бері күрделі жөндеуден өтпеген.

Семейде жаңа көпір салынып жатыр. Мамырда көпір салып жатқан вахта қызметкерлері үш айдан бері жалақы алмағанын айтып шағынған.

"Көбі мына берекетсіздік басталғанда жұмыстан кетіп қалды, көбі вахтаға бармай қойды", – деді электромонтер Сергей Воронин.

Әкімдік бұған ақша бөлінген, бірақ белгісіз себептермен жұмысшыларға жетпеген деп жауап берді. Сондай-ақ жергілікті билік жұмыс жүріп жатыр, жаңа көпірдің құрылысы жалғасады деп хабарлады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың аяғына қарай бітеді деп жоспарланған. Қазір көпір жұмыстары 40 пайызға аяқталған.

Жол сапасы – Семейдің бұрыннан бергі көкейкесті мәселесі. Көшелердің 60 пайызына асфальт төселмеген. Оларға көбіне құм, кейде тіпті топырақ төгіп, бетін тегістеген болады. Жаңбыр жауса ол жермен жүру мүмкін болмай қалады.

Семейдегі Міржақып Дулатов көшесінде жол жөндеп жатқан жұмысшылар. Абай облысы, 10 шілде, 2024жыл.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының дерегінше, Абай облысында сапасы жақсы немесе қанағаттанарлық деңгейдегі республикалық маңызы бар жол өте аз.

2022 жылы семейлік белсенділер орташа жөндеу жұмыстары жасалған жолдарға сараптама жасатқан. Сараптама нәтижесінде кей көшелерге 5 сантиметр асфальттың орнына 1,7 сантиметр асфальт төселгені анықталған.

Қоғам қайраткері Майра Әбенова – сараптамаға тапсырыс берген азаматтардың бірі. Семейдің жолдарына оның көңілі толмайды.

– Көше салынып, асфальт төселіп жатыр. Бірақ сапасыз жасайды, бордюр жоқ, газон өсіп кеткен, барлық жер шаң-тозаң. Орталықтың өзінде тротуар жоқ, – деді ол.

Семейдегі көпір астынан жабдықталған орындардың бірі.

Қоғам қайраткері Николай Исаев жағдайға басқаша қарайды.

– Қоғамдық орындар – көпір астындағы кеңістіктер пайда болды, көп ағаш отырғызылды. Жұмыс жүріп жатыр. Прогресс бар. Ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген жолдарды түзету қиын ғой, – дейді Исаев. – Жақсы жаққа өзгеріс бар, бірақ бәрін бірден өзгерту қиын.

Такси жүргізуші Ардақ та қала жақсы жаққа өзгергенін байқаған.

– Сәл жақсарып қалды. Көше салып жатыр, бұрын асфальт мүлде жоқ еді. Бес жылдан кейін жақсы болады. Осы істегендеріне де рақмет. Әйтпесе қараусыз қалған қала еді, – дейді такси жүргізуші.

АУЛА САЛУ МАШАҚАТЫ

Семейдің орталығында бірден көзге түсетін нәрсе – жаяу адамға арналған аумақ. Жергілікті халық бұл маңды Арбат деп атайды. Жобаны көбі қолдаған. Арбаттың сызбасын Израиль архитекторы Роман Шнайдерман жасаған. Алматыдағы Панфилов көшесіндегі жаяу адамдарға арналған аумақ пен Астанадағы ботаникалық бақ та – осы сәулетшінің жобасы.

Арбаттың бойында демалатын орындықтар, шағын архитектуралық формалар, балалар ойнайтын және спорт алаңы бар.

Тұрғын үйлердің ауласына да балалар алаңы салынып жатыр. Бұл Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің тұсында жоспарланған, бірақ жобаны жүзеге асыру Нұрлан Ұранхаевтың кезіне тұспа-тұс келді. 2023 жылы әкімдік балалар алаңын салуға 2,6 млрд теңге бөлді. Әр аула 26-30 млн теңгеге түскен, бірақ нәтиже тұрғындардың көңілінен шықпаған.

Қасбетіндегі бояу түсіп жатқан көпқабатты тұрғын үй. Абай облысы Семей қаласы. 10 шілде, 2024 жыл.

Жоспар бойынша аулаға тротуар салып, жарық орнатып, жаттығу құралдарын, әткеншектер қойып, ойын және футбол алаңдарын салуы керек еді. Бірақ не тротуар, не жарық, не жоспардағы басқа жабдықтар жоқ.

– [Мердігер компаниялардың бірі] "Жан-Ерке и К" ЖШС-ға 35 ауланы жөндеуге бөлінген 850 миллион теңгенің 400 миллионы қайда кеткені белгісіз. Мердігер әр ауланы кемі 25-27 миллион теңгеге салуы керек. Ауланы көркейтуге 12-15 миллион, қалғаны футбол алаңына кетеді. Аулалардың 75 пайызында футбол алаңы жоқ, сонда 400 млн теңгедей артылуы керек еді, – дейді қоғамдық кеңес өкілі әрі комиссия мүшесі Илья Бароховский.

Аулада футбол алаңына орын болмаса, үнемделген қаржы бюджетке қайтарылуы керек. Бірақ мердігерден ақша артылмаған.

Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков мәселе барын мойындап, шешуге тырысып жатырмыз деп жауап берді.

– Қалада 570 аула бар, биыл жоспарда тұрғандарын қосқанда, 120 аула жөнделген. Жұмысын дұрыс атқармайтын мердігерлер бар, оларға ескерту жасалды. Мәселе бар, шешуге тырысып жатырмыз, – деді Гариков.

Илья Бароховский әдіс өзгермегендіктен, бұл жағдай тағы да қайталануы мүмкін деп алаңдайды. Көп нысан жобалау және есеп қағаздарынсыз жөнделеді, сондықтан мемлекет тарапынан тиісті бақылау болмайды деп сын айтты ол.

– Бұл жекелеген кейстер ғана емес, Семейдегі жаңа шынайылық осындай. 2024 жылы мемлекеттік сатып алу жүргізіп, көше жарықтандыру жүйесін де ақсатып алды, – деді Илья Бароховский.

"СЫРТЫН БОЯМАЙ ТҰРЫП, ІШІН ЖӨНДЕУ КЕРЕК ЕДІ"

Семейдегі тағы бір жобада мердігерлер мәселе туғызып отыр. Жоспар бойынша тұрғын үйлердің қасбеті боялуы керек еді. Бірақ кей үйлердің бояуы бір жылға да жетпеген.

Димитрий Гариков тұрғын үйлердің қасбетін бояумен айналысқан мердігерлердің бірін кепілдеме бойынша міндеттемелерін орындасын деп, сотқа бергенін айтты.

– Қазірге дейін бес үй бойынша ескерту түсті. Мердігер – Талдықорғандағы ANVAR Valve Group компаниясы. Олар жасаған тұрғын үйдің қасбеті бойынша ескерту айтылды. Бояуы түсіп қалды, жұмыс сапасыз жасалған. Әкімдіктің тұрғын үй инспекциясы компанияны сотқа беріп, процесті жеңіп шыққан. Қазір кепілдемелік міндеттемелер аясында компания тамыздың аяғына дейін жұмыстың кем-кетігін түзетуі керек, – деді ол.

Семейдегі аквапарк пен көпір астындағы кеңістік арасындағы аумақ. 10 шілде, 2024 жыл.

ANVAR Valve Group 2023 жылы наурызда тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу құқығын тендерде ұтып алған. Басында тапсырыс құны 36,9 млн теңге болған, бірақ қосымша келісімшарттардан кейін (соңғысы қарашада жасалған), жиынтық қаржы көлемі 43,3 млн теңгеге жеткен. 2023 жылы тұрғын үйлердің қасбетін жөндеуге жалпы 198 млн теңге бөлінген деген ақпарат тараған.

– Шәкәрім даңғылы бойындағы үйлерді кір жасыл түске бояп шықты. Содан? Пародия сияқты. Халықтан сұрады ма? Сыртын боямас бұрын үйдің өзін жөндеу керек еді, – дейді Майра Әбенова. – Сырты өзгергенімен, іші сол күйі қалды: құбырлар шіріп жатыр, онымен ешкімнің шаруасы жоқ.

Николай Исаев аула мәселесіндегідей үйлердің сыртын бояу да әкімдік тарапынан дұрыс бақыланбаған дейді.

– Үйлердің көбінің сырты түсіп қалды. Сырты дұрыс құмдалмаған, мердігер компанияға жұмысын қайта істетіп, келесіде олардың қызметінен бас тарту керек. Жұрт бұлай бояғанша, мүлде ештеңе істемей-ақ қойғаны жақсы еді деп жүр. Қазір бояудың түр-түрі бар ғой, мәселен, кей материалдар үйді суықтан қорғайды.

Майра Әбенова сыртқы көріністі ғана жөндейтін жобаларды "ақшаны желге шашу" деп атайды.

– Жерасты өткелінің де қабырғасын бояп, портрет салып қойған, баспалдағы іске жарамай тұр. Қабырғасы мен төбесін ғана жасаған, бітті. Не күрделі жөндеуден өткізу керек, не мүлде тимеген дұрыс. Жолдың да жыры сол. Асфальт төсейді, онысы көп ұзамай тесіліп жатады. Арбатта да тасты арасына су жиналмайтындай етіп төсеу керек қой. Қалаға жаным ашиды.

Көпір астына архитектуралық пішіндер мен спорт алаңдарын орнатқан. Оң және сол жағалаудағы көпір астындағы кеңістікті көркейту – облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың идеясы. Ол астанада осыған ұқсас жоба жасаған. Көпір астындағы қабырғалар боялып, дене жаттықтыратын құрал-аспаптар қойылған, шағын амфитеатр, баскетбол алаңы бар. Дүңгіршектерде балмұздақ сатады, балалар, жасөспірімдер мен ересек адамдар серуендеп жүр.

Сол жағалаудағы көріністі жүз метр жердегі орындықтарда жатқан сыра бөтелкелері, қоқысы төгілген жәшіктер, қараусыз қалған аквапарктің алды бұзып тұр. Аквапарк терезесі сынған, есігі ашық-шашық, іші-сыртында сынған әйнек шашылып жатыр. Ішінде бірде-бір жұмысшы жоқ, сынған терезе, жұлынған сым, граффити. Балалар мен жасөспірімдер ашық есіктен кіріп, қабырғаға сурет салып кеткен сияқты.

– Қала өте лас, оны бәрі айтады. Көшелерді дұрыс тазаламайды. Арнайы автобаза көрінбей кетті, көше тазалығына жауап беретін бірыңғай оператор жоқ, – дейді Николай Исаев.

Жол жөнделіп жатқан көшенің биіктен түсірілген суреті. Семей, 10 шілде, 2024 жыл.

"КӨБІРЕК ҚАРЖЫ КЕРЕК"

Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков әкімдік 115 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжаттар жиналған, бірақ оларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту керек деді.

– Инвесторлар есебінен көп жобалық-сметалық құжаттар жасадық. Аурухана, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимараттар салуымыз керек. Республикалық бюджеттен көбірек қаржы бөлінсе жақсы болар еді. Полиция бөлімшесі, тергеу изоляторы мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жаңа ғимарат жобасы сараптамадан өтіп жатыр, – дейді Димитрий Гариков.

Жазда Семейде ыстық су болмайды, жарық та жиі өшеді.

– Жаңбыр жауған сайын 1960-1980 жылдары салынған желілер істемей қалады. Қаладағы желілерге 100 пайыз жүктеме түседі. Инфрақұрылым желілерін (жылу, су, кәріз жүйесі, электр жарығы) жаңартуға 8 жоба дайындап жатырмыз, – дейді Гариков.

Абай облысы – жан басына шаққандағы бюджеті ең аз облыстардың бірі. 348 млрд теңге бюджеті мен 607 мың халқы бар Абай облысы төменнен санағанда, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облысынан кейін төртінші орында тұр.

Семей қаласының бюджеті – 96 млрд теңге, халқы – 331 мың адам. Қала қаржыландыру көлемі бойынша ортаңғы орында. Қала табысындағы трансферт үлесі – 21 пайыз.