лығын жеңіп Желтоқсан айында америкалық киноакадемия үздік шетелдік фильм номинациясы бойынша үміткерлердің қысқа тізімін жариялады. Онда тоғыз картина бар: "Жыл құстары" (Колумбия), "Капернаум" (Ливан), "Ешқашан артыңа бұрылма" (Германия), "Дүкен ұрылары" (Жапония), "Кінәлі" (Дания), "Рома" (Мексика), "Қырғи-қабақ соғыс" (Польша), "Жалынды" (Оңтүстік Корея) және Қазақстаннан ұсынылған "Айка" фильмі.
Кейбір БАҚ "Айка" фильмі Оскар жүлдесіне номинант болды деген ақпарат таратты, бірақ ол қате дерек. Тоғыз позициядан тұратын қысқа тізімді жариялаған соң киноакадемия мүшелері финалға шығатын бес картинаны іріктейді. Номинант деп соларды айтады. Қазақстаннан бұған дейін 2007 жылы Сергей Бодровтың "Моңғол" фильмі мен 2009 жылы Ермек Тұрсыновтың "Келін" фильмі қысқа тізімге ілінген болатын.
Режиссер Сергей Дворцевойдың фильмі қай елге тиесілі екені – даулы мәселе. IMDB-дегі фильм профайлында бес мемлекеттің аты аталған, оның ішінде Польша, Ресей, Қытай мен Германия бар.
Қазақстаннан фильмге үлес қосқандар – продюсер Гүлнар Сәрсенова мен басты рөлде ойнаған Самал Еслямова. Туған жерін есепке алар болсақ, бшұл тізімге режиссер Дворцевойдың өзін де қосуға болады.
Бұған дейін Қазақстан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Айка" фильмі Оскарға қатыса алмайтынын, себебі Қазақстанның фильмде 50 пайыз үлесі бар екенін дәлелдей алмағандарын айтқан еді. Кейін министрлік академияға хат жолдаған, кейін Дворцевойдың фильмін қазақстандық өнім ретінде қабылдаған. Соған қарағанда сенімді дәлел айтылса керек.
"Айка" - қазақстандық актриса Самал Еслямова түскен Дворцевойдың екінші фильмі. Режиссердің айтуынша, Мәскеуде 250-ден астам қырғыз әйел балаларынан бас тартқаны туралы оқыған соң сол жайлы фильм түсірсем деген ой келген. Орталық Азияның мәдениеті мен тұрмысын жетік білетін Дворцевойды әлгі жаңалық шошытыпты. Ол жаңа туған сәбиін перзентханаға тастап, Ресейдің аязы қатты астанасында күнкөруге тырысқан әйелдің тағдырын сипаттайтын фильм түсіруді шешкен. Камера суық қалада ары-бері безілдеген бас кейіпкерді көзден таса қылмайды, солайша көрермен оның тағдырына алаңдап отырады.
"Айка" фильміне алты жыл уақыт кетті деседі, себебі фильмді тек қыс кезінде, қар қалың жауғанда түсіріпті. Түсіруші топтың еңбегі зая кетпеді: Самал Еслямова Канн кинофестивалінде жүлде алды, Котбустегі (Германия) фестивальде гран-при иеленді, жалпы алғанда картина постсоветтік кеңістіктегі кинематограф үшін де, қоғамдық-саяси өмірде де маңызды құбылыс саналады.
ВИДЕО: "Жүлде фильмге берілді деп ойладым"
Your browser doesn’t support HTML5
Қысқа тізімдегі өзге үміткерлердің ішінен "Айкаға" идеологиясы мен жанры жағынан ұқсас фильм ретінде ливандық режиссер Надин Лабакидің "Капернаум" картинасын атаса болады. Онда жоқшылықта өскен, адам өлтірмек болғаны үшін түрмеге түскен, өзін өмірге әкелгені үшін ата-анасын сотқа берген 12 жасар баланың тағдыры баяндалады.
Екі картина да "әлемдегі әділетсіздікті" сипаттауымен қатар, түсірілген уақыттары да ұқсас. Ресми дерек бойынша, "Айканы" алты жыл бойы түсірсе, "Капернаумды" түсіруге бес жыл кеткен. Режиссер Дворцевой гастарбайтерлер өмірін зерттесе, Надин тағдыры қиын балалармен көп уақыт өткізен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Самал Еслямова Канн фестивалінде үздік актриса атандыЕгер осы екі жұмыстың біреуін таңдау керек болса, академиктерге геосаяси және гендерлік басымдық тұрғысынан таңдау жасау керек болады. Бір жағынан – Таяу Шығыстағы өміріне қапалы бала, екінші жағынан – дәл сондай өміріне ренішті Мәскеудегі әйел. Екі картина да Каннада көзге түсті. Самал Еслямова үздік әйел рөлі үшін марапатталды, "Капернаум" әділқазылар жүлдесін алды.
"Оскар" үміткерлерінің "Үздік шетелдік фильм" қысқа тізіміндегі басқа фильмдер туралы айтсақ, олар "Айка" мен "Капернаумнан" тақырып жағынан ерекшеленеді.
Павел Павликовскийдің (2015 жылы "Ида" фильмі үшін "Оскар" алған) "Қырғи-қабақ соғыс" картинасы саяси ғана емес, гендерлік жағынан да қырғи-қабақ соғыс пен махаббаттың қабыспайтыны туралы ақ-қара түсті ретродрама. Ли Чхан-донның (Оңтүстік Кореяның бұрынғы мәдениет министрі) "Жалынды" фильмі өзіңнен бастап ешкімді түсіну мүмкін еместігін көрсетеді.
Тағы бір азиялық картина - жапон режиссері Хирокадзу Корееданың "Дүкен ұрылары" фильмінде көрерменге Жапонияны басқа қырынан таныстырады. Жоқшылық зардабын шеккен ел тұрғындарының супермаркеттен азық-түлік ұрлап жан сақтайтынын суреттеген.
Бұл фильмге "Алтын пальма бұтағы" сыйлығын берген Канн кинофестивалі қазылар алқасының реакциясына қарағанда, оқиғаның әлеуметтік астары мен тарихы 1999 жылы ағайынды Дардендер түсірген "Розетта" фильмі тәрізді әсер қалдырған сияқты, онда да сырттай қарағанда тоқ әрі ауқатты Еуропаны басқа жағынан көрсетеді. Бірақ бір қызығы "Айка" - "Розеттаның" ремейкі сияқты, оның да кейіпкері маргинал, ешкімге керегі жоқ адам. Бірақ тым қатігез әрі деректі фильмге ұқсайды. Америкаға ондай қатігездік ұнай ма, жоқ па?
Соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, академиктер қойылымға жақын әрі кинематографиялық картиналарды ұнатады. Мысалы, Альфонсо Куаронның "Рома" картинасы сондай талапқа сай. Жалпы көрініспен түсірілген фильмде мексикалық отбасының өмірі баяндалады. Оны нағыз "үлкен" кино деп атаса болады, айбынды әрі күрделі көркем фильм. Оған қоса Куарон – Америкада танымал режиссер, бұған дейін "Гравитация" фильмі үшін "Оскар" алған.
Канн кинофестивалі Netflix-пен арадағы келіспеушілікке бола "Романы" елеусіз қалдырған, есесіне Куарон Венецияда бас жүлдені жеңіп алған.
"Айка" лайықты марапаттауға ие болғанымен оны "Ромамен" салыстыру қиын. Сергей Дворцевойдың фильмі Оскар номинанттары тізіміне ілінетін шығар, бірақ бас жүлдені иеленбейді деп толық сеніммен айтуға болады.