"Тынысты тарылтқан алтын". Ақсу халқы экологиясы нашар аймақта тағы бір фабрика салуға қарсы

Ақмола облысы Степногорск ауданы Ақсу кенті.

Ақмола облысы Ақсу кентінің халқы экологиясы нашар аймақта алтын өндіретін тағы бір кәсіпорын ашылса, лас ауа жұтып, тұншығып қаламыз деп қауіптенеді. Белсенділер алтын өндіретін фабрика салуға қарсы екенін екі жылдан бері айтып жүр. Құзырлы органдар шағым айтқан жұртты "бәрі жақсы болады" деген құр уәдемен я "сотқа арыз жазыңыз" деген кеңеспен шығарып салады. Экология министрлігі де "құрылысқа қарсы тұра алмаймыз" деген уәж айтады.

"КІШІ ЧЕРНОБЫЛЬ"

– Күресіп жүрміз, бірақ түк нәтиже жоқ. Олар бюджетке қаржы құяды. Алайда мемлекет қазынасын адамдар мен балалардың денсаулығын құртып толтырмайтын шығар! Онсыз да үйілген күл-қоқыстың арасында өмір сүріп жатырмыз, – дейді Ақсу кенті маңына жаңа өндіріс орнын салуға қарсы күресіп жүрген жергілікті тұрғындардың бірі Александр Сизов.

Ақсу халқы өздері тұратын ауданды "кіші Чернобыль" деп атайды. Астанадан 200 километр қашықта жатқан, төрт мыңнан астам халқы бар Ақсу кентінің айналасы бірнеше карьер, кен өндіретін фабрикалар және қоқыс төгетін орындармен қоршалған. Ақсудың маңында алтын кенішінен бөлек, уран қалдығы көмілген жер де бар.

Ақсу кентінің айналасында бірнеше кәсіпорынның карьерлері мен қалдық көметін орындар бар.

Ақсуға тек батыс жақтан таза ауа келеді. Ал енді жылына 350 мың тонна алтын өңдейтін жаңа кен байыту фабрикасы мен одан шыққан қоқысты көметін орын салынса, елдімекен өндіріс орындарының қоршауында қалмақ. Жергілікті халық 2019 жылы әкімдіктен екі жер учаскесін "кейін қайтару шартымен ұзақ мерзімге уақытша пайдалануға" алған Adelya Gold компаниясының құрылыс жобасын тоқтатуды талап етіп, қарсылық білдіріп отыр.

"ОЛ ЖАҚТА КҮШӘН, ЦИАНИД, ХЛОР БАР"

56 жастағы Александр Сизов өзімен бірге петицияға қол қойып, шағым жазып, әлеуметтік желіге туған жерінің экологиялық ахуалы жайлы видео түсіріп жүрген басқа тұрғындар сияқты амалсыздан азаматтық белсендіге айналған.

– Мына фабрика салынғаннан кейін, жел қай жақтан тұрса да, лас ауа жұтып тұншығатын боламыз. Сондықтан қарсыласып жатырмыз. Ол жақта күшән, цианид, хлор және басқа да заттар бар, – дейді ол.

Ақсу тұрғыны Игорь Слюзко үйінің ауласында тұр, арғы жағындағы – алтын өндіретін "Adelya Gold" компаниясының жаңадан салынып жатқан фабрикасының құрылыс орны.

Экобелсенділерге бұрғылау жұмыстарының инженері Игорь Слюзко да қосылған. Жарылыс және бұрғылау жұмыстарымен жақсы таныс маман компанияның "жарылыс жұмыстарының бәлендей әсері болмайды" деген сөзіне сенбейді.

– Олар топырақты қопсыту мен кішкентай зарядтар туралы айтып жатыр. Бірақ олай болмайды, үлкен жарылыс жасауына тура келеді. Бізден бес километр жерде басқа компания игеріп жатқан карьер бар, сондағы жұмыстардың әсерін сезіп отырмыз. Ал жаңа фабрика бізден небәрі бір километр жерде орналасқан! – дейді Слюзко.

Сизовтың айтуынша, жергілікті билік тұрғындардың шағымынан кейін белсендімен "сөйлесіп", "митингіге шықпауды", "саяси талаптар қоймауды" ескерткен.

Бірақ Ақсу халқының құрылысты тоқтату, құрылыс алаңдарына рекультивация жасау, жаңа қоғамдық тыңдау ұйымдастыру, оған халық түгел қатысуы үшін жиынды Степногорскіде емес, Ақсуда өткізу сияқты бірнеше талабын "саяси талап" деп атау қиын.

Жергілікті халық құзырлы органдарға жазған шағымдарын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жіберген. Осыған дейін президентке мыңдаған адамның қолы қойылған екі хат жолданған. Белсенділер президентті жоғары инстанция санап, хат жазғанымен, бұдан нәтиже шығады деп үміттенбейді.

Елдімекен маңына фабрика салуға қарсы Ақсу тұрғындары. Экобелсенді Александр Сизов (ортада) Қазақстан президентіне жазылған үндеуді оқып тұр.

Ақсу халқы президентке жазған кезекті хатында азаматтардың экологиясы жақсы аймақта өмір сүру құқығын сақтауды және құрылысты тоқтатуды талап еткен. Олар Ақмола облыстық тексеру комиссиясының дерегіне сүйеніп, Степногорск ауданы (Ақсу кенті осы ауданға қарайды) онкология және қан жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша өңірде бірінші орында тұрғанын айтқан.

Хатқа қол қойғандар "кентке жақын маңдағы аумаққа және Ақсу өзені арнасына жаңа кәсіпорын салып, өндіріс бастауға қарсымыз" деп жазған.

"КҮШ ҚОЛДАНУҒА ТУРА КЕЛДІ"

Александр Сизов Азаттық тілшісіне ерніндегі жарақатты көрсетті. Айтуынша, ол тамыздың басында Ақсудың үстіндегі шаң-тозаңның қайдан шығып жатқанын білу үшін құрылыс орнына барған. Елдімекен маңындағы жазыққа жеткенде Adelya Gold компаниясының құрылыс орнында топырақтың беткі қабатын алып жатқанын көрген. Сол жердегі "дөрекі адамдардың" бірі белсендіге қол жұмсап, ернін жарақаттаған.

Өндіріс қалдығын төгетін орынды қазып, дайындап жатқан техника. Ақсу кенті маңы, Степногорск ауданы, Ақмола облысы.

– Ол жерде ешқандай белгі болған жоқ. Вагондар тұрды, мен 150 метрдей қашықтан тоқтап, видеоға түсіре бастадым. Жаныма бір адам келді. Көлікте отырғам. "Мұнда не істеп жүрсің? Вагонға жүр" деді. Бас тарттым. Ол рациямен "Бағынбай жатыр" деп хабарлап, тағы бір адамды шақырды. Мен осының бәрін видеоға түсірдім. Ол телефонды қағып, қолымнан ұшырып жіберді. Көліктен түсіп, жерде жатқан телефонымды алдым. Әлгіден телефонымды қорғаштап, қолымды созып, өзіме жақындатпауға тырыстым. Ол қолымнан ұра бастады. Осылай тартысып тұрғанымызда, бетіме тағы бір адамның жұдырығы тиді. Телефоным тағы ұшып кетті, оны жерден көтеріп, видеоны қосуға тырысқанымда, олар мені ұрып, итере бастады. Өз-өзімді ұстап, оларға қол жұмсаған жоқпын, – дейді Сизов.

Осы оқиғадан кейін Александрдың ернін тігуге тура келген. Белсенді әлі күнге ерні мен тісі ауырып жүргенін айтады. Сизов шағым айтып полицияға барған. Adelya Gold компаниясы да белсендінің үстінен арыз түсірген. Бірнеше күннен кейін компания баспасөз қызметі болған оқиға жайлы ақпарат таратқан. Ол ақпарат белсендінің соққыға жығылғаны туралы бірінші болып жазған Vласть интернет басылымына шыққан. Adelya Gold компаниясы құрылысты тоқтатуды талап еткен Сизовтың "жұмысшылардың біріне тап бергенін, сондықтан жұмысшылардың бірі Сизовқа қарсы күш қолданып, оны бір рет ұрғанын" жазған.

Болған оқиғаның жай-жапсарын полиция анықтауы керек. Бірақ полиция әзірге ешқандай қорытындыға келмеген сияқты.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ЖАУАБЫ

Ақсудағы мәселелерден алыста, астананың төрінде отырған экология министрлігі кент халқының шағымына "қолдан келер қайран жоқ" деген жауап қайырып отыр. Ал жергілікті билік органдары халыққа құр уәде беруден жалықпайды.

Тамызда жергілікті биліктің ұйымдастыруымен өткен онлайн кездесу де осылай аяқталған. Кездесу барысында Степногорск әкімі экологиялық мәселелердің барын мойындаса, Ақсу әкімі кен орнын игеруші компания заңбұзушылықтарға жол берген жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатынын айтқан.

Ақсудың іргесіндегі жаңадан салынып жатқан фабрика құрылысы маңында жайылып жүрген мал.

– Экология тұрғысынан алғанда мәселе көп. Өндірісті дамытудың аяғы осы мәселеге барып тіреледі. Өйткені жеріміз алтынға да, уранға да бай. Осының бәрі көп мәселе туғызады, – деді Степногорск әкімі Еркебұлан Баяхметов.

Ақсу әкімі Марат Смағұлов "Белгілі бір ұйымның кесірінен қоршаған ортаға зиян келгені дәлелденсе, әрине, жарылыс жұмыстарын жүргізген компания жауап береді" деп түйіндеген.

Adelya Gold компаниясымен әңгіме де үнемі осы сарында жүреді. Тамызда өткен кездесуде компания директоры Сергей Хабер тұрғындарды "жаңа фабрикадан еш зиян келмейді, жарылыстан қорқудың қажеті жоқ, компания барлық жұмысқа рұқсат алған" дегенге сендіруге тырысқан.

– Өндіріс нысаны үлкен емес, жаппай жарылыс болмайды. Біздің жұмыстан еш зардап келмейді деп ойлаймын. Жергілікті жарылыстар болады, олар көбіне топырақ қопсыту үшін ғана жасалады. Жолға су сеуіп, ауаға шаң-тозаң көтерілуіне қарсы амал қолданамыз. Қоқыс көметін орын, қалдық су құбыры мен Ақсу өзеніне келсек, осыған дейін бұл жобаға рұқсат қағаздар берілгенін, былтыр және биыл арнайы тексерулер өткенін бірнеше рет айтқанмын. Тексеру кезінде жобадан ешқандай кемшілік байқалған жоқ, – деді Хабер.

Компания директоры фабрика іске қосылғаннан кейін 120 жұмыс орнының 60-70-іне жергілікті тұрғындарды алуға дайын екенін айтты.

Жаңа фабрика тұрғын үйлерге жақын жерге салынып жатыр.

Бірақ Ақсу халқын жұмыс орны емес, қоршаған ортаның тазалығы көбірек мазалап отыр. Олар әлі де түрлі органдарға шағым жазып, талабын орындатуға тырысып жатыр. Жақында белсенділерге экология министрлігінен жауап келген. Ведомство дерегінше, Adelya Gold компаниясы "Қарабұлақ кен орнын ашық әдіспен тәжірибелік-өндірістік игеру" жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын 2018 жылы, ал "Қарабұлақ кен орнынан өндірілген алтын кенін өңдеуге арналған, жылдық қуаты 350 мың тонна алтын өндіруге жететін модульдік кен байыту фабрикасы" жобасының рұқсат қағазын 2019 жылы алған.

Шенеуніктер қалған сұрақтар бойынша наразы жұртқа сотқа жүгінуге кеңес берді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серікқали Бірекешевтен келген хатта "Ақсу кентіне жақын жердегі "Adelya Gold" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тау-кен өндіру және кен байыту кешенін, қоқыс көмуге арналған орнын салу туралы шешімнің күшін сот арқылы ғана жоюға болады" деп жазылған.

"ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРЛІГІ НЕ ҮШІН КЕРЕК?"

Министрлік өкілдері 1 қыркүйекте Zoom платформасында өткен онлайн кездесуде дәл осы "кеңесін" тағы қайталады.

– Біз қоғамдық тыңдау [нәтижесі] мен экология сараптамасы қорытындысының күшін жоя алмаймыз. Осыған байланысты сіздерге сотқа арыз жазуға кеңес береміз, – деді экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Азамат Тәуірбеков.

Ақсудың іргесіндегі су толы карьердің дроннан түсірілген суреті. Автор - PMcanal, 2020 жылғы мамыр айы.

Ақсу кентінің бірнеше тұрғыны ғана қатысқан кездесуде белсенді Александр Сизов та пікір білдірді. Ол жергілікті белсенділер фабрика құрылысына қарсы күрестен бас тартпайтынын айтып, қоршаған ортаны қорғауға міндетті салалық ведомствоның неліктен қолдау көрсетпей отырғанын сұрады.

– Біз алтынның кепілінде қалдық па? Өндірісте қолданылатын цианид – аса күшті у. Құрылысты тоқтатуды талап етеміз! Біз тоқтамаймыз, БҰҰ-ға дейін хат жазамыз. Онда бізге экология министрлігі не үшін керек? Сіздер кімді қорғауға тиіссіздер? Неге бәрін қарапайым адамдардың иығына артып қойдыңыздар? Неге жалғыз күресуіміз керек? – деді ол.

Халық наразылығынан кейін, онлайн кездесудің аяғына қарай экология министрлігінің өкілі наразы жұртқа экология департаментіне барып, ауадағы зиянды қалдықтар мөлшерін өлшетуге кеңес берді. Шенеунік ауадағы зиянды қалдық көлемі рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кетсе, кәсіпорынды тексеру басталатынын айтты.

Ақсудағы қаңырап тұрған ескі көпқабатты тұрғын үйлер.

Қазір басқа амалы қалмаған Ақсу халқы экология министрлігінің кеңесімен сотқа арыз дайындауға бел буып отыр.

– Жүрегім ауырады. Бізде көбіне қазіргі құрылыс орны жақтан жел тұрады. Ауыл мен фабрика арасы шамамен мың метр ғана, ал өндіріс орнынан 300-400 метр жерде саяжай орналасқан. Ол жақта да адамдар тұрып жатыр. Жан-жағымыздан қоршап тастады. Мәселенің жалғыз шешімі – құрылысты тоқтату немесе халықты таза аймаққа көшіру. Бұл жақта қалу мүмкін емес, – дейді Ақсуда тұратын зейнеткер Антонина Регнер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қоқыстан шыққан дау. Доскей халқы күресіннен тараған улы түтінге тұншығып отыр"Өз жерімізде кепілге айналдық". Степногорск тұрғындары қауіпті қалдық өртейтін зауыт салуға қарсыТеміртау халқының шымбайына батқан экология мәселесі неге шешілмей келеді?