Астық арзан, тасымал құны қымбат. Шаруаны әбігерге салған көлік коллапсына билік неге самарқау қарайды?

"Агро Атбасар" ЖШС қоймасы есігіне қапталған ұнды жақындатып қойып, жүк артатын вагонның келуін күтіп тұрған жұмысшы. Атбасар, Ақмола облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл

Астық тасымалдаудағы көлік коллапсы ішкі нарыққа және экспортқа өнім жөнелтетін кәсіпкерлерді тығырыққа тіреді, кейбірі жұмысын тоқтатуға мәжбүр екенін айтады. Сарапшылар мұны тасымалмен айналысатын ұлттық оператордың шетелдік транзитке басымдық беруімен байланыстырады. Соның салдарынан ішкі нарықтағы тасымал жылдамдығы үш есе төмендеп кетті дейді олар.

ҰН ТАРТУШЫЛАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

1995 жылдан бері ұн тартумен айналысатын Атбасар тұрғыны Дин-Магомед Асаев жоспарланған өнімді уақытында экспортқа жібермегені үшін алғаш рет айыппұл төлемек. Келісім-шартта сондай ереже бар. Кәсіпкер экспортқа өнім шығаратын трейдер ретінде "Қазақстан темір жолы" акционерлік қоғамына (ары қарай – ҚТЖ) қашан, қайда жән қанша өнім шығаратыны туралы жоспар жібереді. ҚТЖ оны қабылдап, бекітеді. Жүк жоспарда көрсетілген мерзімнен кешіксе не кәсіпкер жөнелтпесе, оған айыппұл салынады. Асаев өнім жөнелтуге дайын болғанын, бірақ оны тасымалдауға алдын ала келісілген вагондар дер кезінде жеткізілмегенін айтады. Ал ҚТЖ мәселенің ақ-қарасын анықтамай айыппұл салды деп шағынады кәсіпкер.

"21 қарашада Таразға бір вагон кебек жіберуім керек еді. Вагонды жеткізуі тиіс болған тасымал операторы бір жұмаға кешіккені үшін енді айыппұлды мен төлеуім керек. Ал 28 қарашада Ауғанстанға төрт вагон ұн жөнелтуге тиіс едім. Алдын ала жасалған келісім-шарт бойынша, Битранс компаниясы сол күні ұн таситын жабық вагондарын жеткізіп бермек болған. Бірақ вагондар келмеді" дейді Асаев.

"Өздері вагон бермейді, бірақ айыппұл салады" деп кейіді атбасарлық кәсіпкер.

Азаттық осы мәселеге байланысты Битранс компаниясы кеңсесіне бірнеше рет байланысқа шығып көрді. Бірақ компаниядан жауап болмады.

Мәселе тек айыппұлда емес. Дин-Магомед Асаев жетекшілік ететін "Атбасар ауданы ұн тартушылары" қоғамдық бірлестігіне кіретін кәсіпкерлердің қоймасы ұнға толған. Тасымалдаушы операторлар алдын ала отырған келісім-шарт талаптарын орындамай отыр дейді жергілікті кәсіпкерлер.

Асаевтың айтуынша, қазір Атбасардағы ұн тартатын жеті компанияда 329 адам жұмыс істейді. Олардың қуаты шектелмесе, күніне 1143 тонна ұн шығара алады. Айына 40 мың тонна ұн шығаруға шамасы бар. Қазір көбінің диірмені жартылай немесе толық тоқтаған. Себебі ұн сақтайтын қоймада орын жоқ.

Іnter Trade ЖШС директоры орынбасары Иван Бутаков қойманы аралап, ұн сапасын тексеріп жүр. Атбасар, Ақмола облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл

Бірлестікке кіретін "Inter Trade" ЖШС директорының орынбасары Иван Бутаков қарашада алған бір вагоны үш аптадан бері жеткізілмегенін айтады.

"Біз 18 қарашада жөнелткен бір вагон Тараз қаласына төрт күнде жетуі тиіс болған. Бірақ ол осы Атбасардан 110 шақырым жердегі Жалтыр бекетінде әлі тұр. Үш апта өтсе де, ол әлі орнынан қозғалар емес" дейді ол.

"Вагондарға ақысын төлеп қойсақ та келмеген соң, қазір амалсыздан ұнды жүк көліктерімен жөнелтуге мәжбүрміз. Бірақ ол вагонмен тасығаннан үш есе қымбатқа түседі. Ұнымыз қоймада бұзылғанын күткенше, осылай жеткізген абзал деп ұйғардық" деді "Лимар Агро" ЖШС директоры Магомед Зархметов.

"Лимар Агро" ЖШС қоймасы сыртында тұрған ұн таситын жүк автокөлігі. Атбасар, Ақмола облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл

Ал "Агро Атбасар" ЖШС жетекшісі Ширин Байрамов қызметкер санын да азайтуға мәжбүр екенін, өйткені ұн жөнелтілмесе, диірменде де жұмыс болмайтынын айтып шағынды.

Дин-Магомед Асаев басқаратын "Иман 777" ЖШС қоймаларында 12 вагон, яғни 816 тонна ұн жиналып қалған. Кәсіпкер бір апта бұрын толтырып өнім артқан вагон әлі сол қойманың жанында тұр дейді.

Азаттық тілшісі Атбасар ауданына арнайы барып, "Атбасар ұн", "Нан абыройы", "Иман 777", "Inter Trade", "Халал астық", "Агро Атбасар" компаниялары қоймаларын аралады. Оларда шынымен өнім толы екеніне көз жеткізді.

"Иман 777" ЖШС қоймасына жиналған қапталған ұн төбеге дейін жетеді. Атбасар, Ақмола облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл

Астық өндірушілер мен тасымалдаушы операторлар арасында жасалған келісім-шарт талаптары орындалмай қалған жайттар бұған дейін болған. Бұл туралы Парламент мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Бауыржан Сартбаев 2 қарашада мемлекеттік арналардың біріндегі бағдарламада мәлімдеді. Ал нақты кімдердің арасында ондай шарт орындалмай қалғаны жайлы Азаттық қойған сауалға парламент комитеті жауап бермеді.

Қазақстандағы жүк вагоны паркі ең ірі оператор – "Қазтеміртранс" (ары қарай – ҚТТ) акционерлік қоғамы. 2003 жылы құрылған және толықтай ҚТЖ меншігіндегі бұл квазимемлекеттік компания жүк вагондарын жалға береді және жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

6 желтоқсанда Азаттық тілшісі Атбасарға барып қайтқаннан кейін Ақмола облысы бойынша ҚТТ бөлімшесінің директоры Марат Кенжебаев Атбасар кәсіпкерлерімен кездескен. "Ол туындаған мәселелерді шешуге, көп ұзамай Атбасарға 18 вагон жіберуге уәде етті. Бірақ онысы уәде күйінде қалды" деді кейін Азаттыққа хабарласқан Дин-Магомед Асаев.

ТАСЫМАЛ КОЛЛАПСЫ НЕДЕН ТУЫНДАДЫ?

Қазақстан астық өңдеушілер одағының дерегінше, елде өндірілетін астықтың шамамен 80 пайызы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланған. Олардың негізгі жеткізу географиясы ішкі нарықта Қазақстанның оңтүстігі мен батысын, ал экспорт бойынша Орта Азия елдері, Ауғанстан, Иран мен Әзербайжан елдерін қамтиды.

Қарашаның ортасында Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ұн тартумен айналысатын кәсіпкерлер солтүстіктен астық алдыра алмай жатқанын мәлімдеген еді. Шымкент кәсіпкерлері әдетте 4-5 күнде жететін астық вагондары қазір 40 күнге дейін кешігіп жатқанын айтқан.

28 қарашада елдегі негізгі жүк тасымалы операторы "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ басшысы Владимир Петров пен көмекшісі Күмісбек Матжанов астық тасудағы қиындықтарға байланысты уақытша жұмыстан шеттетілді. Сол күні ҚТЖ астық тасымалы мәселесімен айналысатын жедел штаб құрғанын хабарлады.

"Иман 777" ЖШС қоймасында жүк таситын вагон келуін күтіп тұрған жұмысшы. Атбасар, Ақмола облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл

Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (ары қарай – Антикор) ҚТЖ жоғары лауазымды қызметкерлері әр вагонға пара алып отыр деп мәлімдеген болатын. Қазан айының басында ҚТТ-ның Қостанайдағы филиалының бұрынғы басшысы Бүркіт Ұсабеков алты жылға сотталды. Ал 8 желтоқсанда Антикор "астық тасымалы коллапсы қолдан жасалғаны анықталғаны" жөнінде ақпарат таратты. "ҚТЖ жоғары лауазымды қызметкерлері әдейі вагон тапшылығын туындатып, кәсіпкерлерге жылдам астық жеткізу қызметіне заңсыз ақы алумен айналысқан" дейді Антикор. Ол әрбір вагонға 1 миллион теңгеге дейін пара талап еткен деген дерек келтіреді.

Әзірге ҚТЖ бұл ақпаратқа байланысты ешқандай реакция білдірмеді.

Антикор мәліметіне сай, кейінгі бес жылда ҚТЖ жоғары лауазымды қызметкерлеріне қатысты 139 қылмыстық іс қозғалған. 54 адам айыпты деп танылып, сотталған.

Қазақстан астық өңдеушілер одағының вице-президенті Таисия Хонахмедова Азаттық тілшісіне берген пікірінде астық тасымалын реттеу үшін құрылған жедел штабтың көлік коллапсын реттеуге қауқарсыз екенін айтты.

"WhatsApp мессенджеріндегі "Астық штабы" ("Зерновой штаб") атты чатқа өңірдегі кәсіпкерлерден вагондардың әр бекетте 5, 10 кейде 20 күнге дейін бөгелгені жайлы күніне шамамен 200-дей хабар түседі. Бірақ штаб өкілдері арыз қабылданғанын айтумен шектеліп отыр" дейді ол.

Сондай-ақ, Хонахмедова вагон жеткізу барысына онлайн мониторинг жасайтын ресурс қажет екенін айтады. "Ол нақты жауапты операторларды анықтап, жылдам шара қолдануға мүмкіндік берер еді" деді ол.

"ҚТЖ мәселенің ауқымын көрмей тұрғандай әсер қалдырады. Егер бізде вагон қозғалысын бір орталықтан бақылайтын онлайн ресурс болғанда, қанша вагонның бекеттерде бөгелгенін анықтай алар едік. Күн сайын келіп жатқан хабарларға қарасақ, олардың саны 100, тіпті 1000-нан асып кетуі мүмкін" деді одақ өкілі.

МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНДЕГІ КОМПАНИЯНЫҢ "ҚҰПИЯСЫ"

Ұн тасуға арналған жабық вагондардың барлығына дерлік ҚТТ иелік етеді. ҚТЖ Азаттықтың ресми сауалына жіберген жауабында ҚТТ меншігінде ұн тасуға бейімделген 7300 жабық вагон барын мәлімдеген. Бірақ ҚТТ өкіліне жіберілген Азаттық хатына келген жауапта ондай жабық вагон саны 4200 деп көрсетілген. ҚТТ меншігіндегі мүліктің жыл сайынғы түгендеу есебі жайлы ақпарат ашық дереккөздерде болмағандықтан, бұл екі дерек айырмасы неден туындағанын анықтау мүмкін болмады.

Жабық вагондарды жалға беру келісімдері жайлы Азаттықтың ресми сауалына ҚТТ Кәсіпкерлер кодексінің 28-бабы 8-тармағын алға тартып, ондай ақпарат "коммерциялық құпияға" жататынын мәлімдеді. Бірақ ҚТТ мен елдегі ең ірі астық тасымалдаушы жекеменшік компания саналатын "Астық Транс" АҚ арасында вагон жалдаудың ұзақ мерзімді шарты жасалғанын растады.

Азаттық сауалына үкіметтен келген жауапта Қазақстан астық тасымалы нарығында жиынтығы 10,5 мың вагон бары айтылған. Оның 4,75 мыңы Қазақстан нарығындағы ең ірі астық тасымалдаушы "Астық Транс" АҚ иелігінде екен (бірақ оның қаншасы квазимемлекеттік ҚТТ компаниясынан жалға алынғаны белгісіз). Ал тағы 2,7 мың вагон өзге жекеменшік операторлардың иелігінде. Қалған 3050-і шетелдік операторлардың вагондары екен.

"Агро Атбасар" ЖШС-інің ұны тиелген екі вагон компания қоймасының алдында тұр. Атбасар, Ақмола облысы, 06 желтоқсан 2022 жыл

"Астық Транс" АҚ 2013 жылы "Қазтеміртранс" АҚ мен Ресейдегі ірі тасымал операторы "Русагротранс" АҚ-ның өзара келісімімен құрылған. Бастапқыда екі тарап ортақ компанияны тең басқарған. Ал 2016 жылы квази-мемлекеттік компанияларды меншіктеу мақсатында "Астық Транс" АҚ-ның "ҚазТемірТранс" АҚ-на тиесілі 50 пайыз акциясын "Русагротранс" АҚ сатып алған. Тағы үш жылдан кейін "Астық Транс" АҚ-ның 100 пайыз акциясы Британ Виргин аралдарында тіркелген Molesto Investments Ltd атты оффшор компаниясына өткен.

2017 жылы Қазақстан Қаржы министрлігі "Астық Транс" компаниясының қаржы шаруашылығына аудит жүргізуді міндеттейтін қаулы шығарған. Аудитті 2019 жылдың аяғында америкалық Ernst & Young фирмасы жүргізген. Қаржы есебінде Molesto Investments Ltd Британ Виргин аралдарында тіркелген өзге Mekita Investments Ltd" (93%) және "Triticum Investments Ltd" (7%) компанияларына қарасты екендігі жазылған. Ал АҚШ үкіметіндегі құнды қағаздар мен биржалар комиссиясының мына дерегінде Mekita Investments Ltd иесі ретінде Константин Синцов және Константин Засов есімді Ресейдегі ең ірі жүк тасымалы операторларының бірі "Русагротранс" АҚ иелері көрсетілген.

Астықты қайта өндеушілер одағы былтыр маусым айында "Астық Транс" АҚ-ның нарықта монополист күшке айналғанын алға тартып, Қазақстан президенті әкімшілігі мен бірқатар үкімет мекемелеріне хат жазған. Ресми хатта компанияға нарықтағы астық тасымалының шамамен 50 пайызы тиесілі екендігі, бірақ ішкі нарықта оның үлесі 75 пайызға дейін өсетіні жазылған.

Осы хатқа одақтың сол кездегі басшысы Евгений Ган қол қойған. Ол хатқа биліктен қандай жауап болғанын сұраған Азаттыққа Ган мырза жауап бермеді. Ал ҚТЖ мен Қазақстан үкіметі Азаттыққа берген жауабында "Астық Транс" АҚ монополист емес деп мәлімдеді.

ВАГОН БАҒАСЫ НЕГЕ ТҰРАҚСЫЗ?

Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарумен айналысатын қазақстандық Export Grain компаниясының коммерциялық директоры Ахмет Ахметов қазіргі кезде астық экспорты өте тұрақсыз екенін айтады.

"Тасымалдау вагондары өте аз және оларды жалдау тым қымбатқа түседі. Сосын нақты бір бағаға негізделіп, трейдинг жасау мүмкін емес. Себебі вагондар бағасы күн сайын өсіп жатыр. Мысалы, астықты Солтүстік Қазақстаннан Ташкент қаласына жеткізу былтыр 800-900 мың теңге болған. Ал биыл дәл сол қашықтыққа жеткізу 2-2,5 миллион теңгеге жетіп отыр" деді Ахметов.

Баға шарықтап кеткенін Атбасардың ұн тартушылары да мәлімдеген болатын. Дин-Магомед Асаев қазақстандық операторлардан вагон ала алмаған соң, ресейлік тасымалдаушыларға шыққанын айтады. Ол Ресей тасымалдаушылары да тым жоғары баға қойған дейді. Мысалы, Ақмола облысынан Алматы, Тараз және Шымкентке дейінгі құны 2 миллион теңгеден кем болмайды екен.

Қазақстан агроөндірісіне талдау жүргізумен айналысатын З&М Қазақстан ақпарат бюросының жетекшісі Виктор Аслановтың айтуынша, "Астық Транс" АҚ астық тасымалы нарығында монополист болып танылмаса да, оның нарықтағы үлесі вагон бағасына әсер етеді. Себебі өзге шағын және орта астық тасымалдаушы операторлар оның бекіткен вагон бағасына қарап түзеледі.

"Олар көтерсе, өзге операторлар да сол бағаға маңайлатып қоюға үйренген. Себебі Астық Транс біздің нарықтағы ең ірі компания" дейді Асланов.

"Астық Транс" АҚ вагонды жалға алу бағасы жайлы Азаттықтың сауалына жауап берді. Оператордың дерегінше, биыл жыл басынан бері Қазақстанның ішкі нарығында 2,5 мың шақырымға астық жеткізудің орташа бағасы 850 мың теңгеден 1,4 миллион теңгеге дейін өскен. Мұның себебі астық тасымалына сұраныс жыл басынан бері 3-4 есеге артқан деп түсіндіреді компания.

Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек астық және дайын ұн өнімін тасымалдау тарифінің тұрақсыздығына тасымалдау операторларының дайындығы төмен болғанымен байланыстырады.

"Биыл Қазақстан астық өндіруден рекорд орнатты. Ресейдің көрсеткіші де биыл өте жоғары. Ал Ресейдің Еуропа нарығынан айырылып қалғанын ескерсек, олардың Қазақстан транзитін пайдаланып, біз өнімді тұрақты түрде жөнелтіп жүрген Орта Азия нарығына кіріп кетті" дейді ол.

АСТЫҚ НЕГЕ АРЗАН?

Қазақстан астық өндірушілер одағының дерегіне орай, биыл жиналған 23 миллион тонна астықтың 14 миллионы – бидай. Қалғаны арпа, соя, рапс пен жүгері. Әдетте, бидайдың 2 миллион тоннасын келесі жылдың егініне, 2,5 миллионын ірі қара өсіруге, тағы 5,5 миллионын ішкі нарық сұранысын жабуға жұмсайды. Содан қалған 4 миллион тонна бидай экспортқа шығарылатын өнімге жатады.

"Лимар Агро" ЖШС-іне қарасты диірменнің жұмысшысы ұн қаптап жатыр. Атбасар, Ақмола облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл

Айта кетсек, Қазақстан үкіметі жыл басынан бері астық пен ұн экспортын екі рет шектеп үлгерді. Біріншісі 15 сәуірден бастап екі айға созылса, екіншісі 8 шілдеден қыркүйектің аяғына дейін енгізілді. Бірақ екінші квота шектеуі белгіленген уақытынан ерте, 15 қыркүйекте тоқтатылды.

Одақ президенті Әлихан Талғатбектің ойынша, үкімет шарасы астықтың арзандауына белгілі бір деңгейде әсер еткенімен, экспорт көлемі азаймағанын айтты. Мысалы, отандық астық өндірушілер қазан айында 800 мың тонна астық экспорттаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 33 пайыз артық.

"2021 жылдың алғашқы 10 айында экспортқа 5,7 миллион тонна шығардық. Ал биылғы он айда 4,7 миллион шығарып үлгердік. Жыл аяғына дейін тағы 1,2-1,3 миллион тонна жөнелтуді көздеп отырмыз. Бірақ желтоқсанның айында тасымалдау қиындайды" дейді ол.

Астық өндірушілер одағы президенті ұн экспорты бойынша Қазақстан әзірге былтырғы көрсеткішіне жете қоймағанын айтты. Мысалы, қазан айында 240 мың тонна ұн экспортқа шығарылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 35 мың тоннаға кем.

Ұн экспорты былтырғы көрсеткішке жетпейтіні 5 желтоқсанда белгілі болды. Сол күні Өзбекстан үкіметі шетел компанияларының транзитіне уақытша шектеу қойды.

"Қазақстан Ауғанстан ұн нарығының 70 пайызын қамтамасыз етіп келген. Сол нарықтан айырылып қалдық" дейді Таисия Хонахмедова.

"Агро Атбасар" ЖШС-іне қарасты қоймадағы қапталған ұн. Атбасар, Ақмола облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл

Әлихан Талғатбек Қазақстандағы астық бағасының құлдырауына Ресейден "заңсыз" өтіп жатқан өнім әсер етіп отыр деп есептейді.

"Ресей астығы Қазақстан аумағы арқылы тек транзит ретінде өткізілсе, әдетте бір тоннасы 350-360 АҚШ доллары болады. Себебі тасымалдаушы операторлар шекарадан өткені үшін баж салығын әрі Қазақстан аумағы арқылы тасымалдағаны үшін транзит тарифін төлейді. Ал астық қазақстандық компания арқылы импорт ретінде еніп, сосын экспортқа жөнелтілсе, нарықтағы бағасы кейде 270 АҚШ долларына дейін түсіп кетеді. Мұндай жағдайда біздің астық өндірушілерге де сол шамаға дейін төмендетуге тура келеді. Мысалы, дәл қазір біздің шаруа қожалықтарының астық тоннасын 360 АҚШ долларынан емес, 300 доллардан сатудан басқа амалы болмай отыр. Әрбір тоннадан 60 доллардан ұтылып жатырмыз. Мұны 6 миллион тоннаға шағар болсақ, сонда біздің өндірушілер 360 миллион АҚШ долларынан айырылып отыр" дейді ол.

Азаттық Ресейден импортталатын астық көлемін анықтау үшін Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал хат жолдаған еді. Әзірге жауап келмеді. Ал Ресей астығының контрабандасы жайлы ресми сауалымызға Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ресми өкілі "Сауда қызметін реттеу туралы" заңның 7-5-бабының 3-тармағына сәйкес, біз жіберген сұрақтарға жауап берілмейтінін хабарлады.

БИЛІК ТАСЫМАЛ ҚИЫНДЫҚТАРЫ БОЛАРЫН ЕРТЕ БІЛГЕН

Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының логистика бойынша сарапшысы Бақытбек Қадыровтың пікірінше, Қазақстандағы қазіргі транспорт коллапсы елдің транспорт нарығы стратегиясының болмауының салдары.

"Мәселе вагон жетпеуде емес, вагонның қаншалықты тез жетпеуінде болып отыр. ҚТЖ Ресей транзитін бірінші өткізуге басымдық беріп қойған. Себебі одан табыс көбірек түседі. Ал оның ішкі тасымалды қиындатып жіберу қаупіне ҚТЖ әкімшілігі аса бас қатырмағанға ұқсайды" дейді сарапшы.

Қадыров биыл ақпан айында үкімет жанынан құрылған, премьер-министрі Әлихан Смайлов жетекшілік ететін кәсіпкерлер кеңесіне енген. Содан бері кеңес отырысына бірнеше рет қатысып, транспорт мәселесін көтерген. Сарапшы осы жиындарға арнайы дайындалған талдау құжаттарын бөлісті.

Сараптамаға сәйкес, Қытай транзиті Алматы облысынан Батыс Қазақстанға дейін 10-15 күнде жүріп өтеді. Солтүстіктен оңтүстікке баратын Ресей транзиті де 10 күннен көпке созылмайды. Ал Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит вагондар саны кейінгі 4 жылда 3900-дан 14700 данаға өскен. Бұл темір жол бағыттарына салмақ түсіргендіктен, далада қалған ішкі нарық вагондарының саны да күрт өскені байқалады. Былтырғы жылдың өзінде белгіленген уақытынан кешіккен ішкі нарық вагондарының саны 5378-ге жетіпті.

Былтыр ішкі нарық тасымалының орташа жылдамдығы күніне 312 шақырым, транзит жылдамдығы 940 шақырым болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан Украинаның кебін құшуы мүмкін бе? Қазақстан ірі астық экспорттаушыға айнала ала ма?Ресей Украина астығын теңіз жолымен шығаруға бөгет қойып, одан тартып алған астықты сата бастадыЭкспорт шектеудегі мүдделер қайшылығы. Қазақстан бидайы қай диірменге барады? "Біреудің көзі түссе керек". Ғарыш мониторингіне сүйеніп, шаруадан жерді тартып алмақҰн саудасы, Өзбекстанмен бәсеке һәм саяси PR. Қазақ-тәліп кездесуінің астарында не бар?