Ақмола облысындағы Бестөбе кентінің халқы елдімекен маңына салынған жаңа кен байыту фабрикасы онсыз да нашар экологиялық ахуалды одан әрі ушықтырады деп, кәсіпорын жұмысына қарсылық білдірген. Мұның соңы наразы жұрттың арасындағы белсенділерін "көрінеу жалған ақпарат таратты", "ҚДТ қозғалысына қатысты" деген айыппен қудалауға ұласқан.
"ТҮСІНІКСІЗ СҰРАҚТАР"
47 жастағы Николай Катчиев – Бестөбе кенінің тумасы. Екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әке кіндік қаны тамған жерден ешқайда көшкісі келмейді. Сондықтан оны аймақ экологиясының жайы қатты толғандырады.
– Қазір ауылда болып жатқан жайтқа, мұндағы халыққа немқұрайды қарайтынына жаным ауырады, – дейді Катчиев.
Кейінгі үш жылда жергілікті халықтың назары Бестөбе маңынан жаңа кәсіпорын – "Қазақалтын" концернінің үлескер компаниясы "Қазақалтын Technology" кәсіпорнының кен байыту фабрикасын ашу мәселесіне ауған. "Қазақалтын" концерні алтын өндірісін еселей түскісі келеді. Жергілікті халық бұл аймақтағы экология ахуалын одан әрі нашарлатып жібереді деп қауіптенеді.
Алты мыңға жуық халқы бар Бестөбенің экологиялық жағдайы Катчиевтен басқа адамдарды толғандырады. Ол пікірлес азаматтармен бірге халық наразылығынан соң жергілікті шенеуніктердің бастамасымен құрылған жұмыс тобына кіріп, YouTube платформасынан "Бестөбе. Өмір үшін күрес" деген арна ашқан. Жергілікті жұрт осы арнаға әртүрлі видео салып, желі қолданушыларына Бестөбе халқының қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын, мемлекеттік органдар және "Қазақалтын Technology" компаниясы өкілдерімен кездесу қалай өтетінін көрсеткен.
– Бар мәселенің жай-жапсарын тұрғындарға тәптіштеп түсіндіруге тырыстық. Мені қазір осы үшін "жауып тастауға" әрекет жасап жатқан сияқты, – дейді Катчиев.
Мамырда Бестөбе тұрғындары кішігірім жеңісін тойлаған: халық петицияға қол қойып, наразылыққа шығып, әртүрлі органның табалдырығын тоздырып жүріп, фабрика жұмысын тоқтата алған еді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады: бірнеше айдан кейін кәсіпорын қайта іске қосылып, наразыларға қарсы басқа әдістер қолданыла бастаған.
2 қыркүйекте Бестөбе тұрғындарынан құралған бастамашыл топ ауыл әкімдігіне жиналды. Катчиев ол жиынға қатыса алмаған: сол күні таңертең оның үйіне полиция келіп, тінту жүргізген. Ол кезде белсенді бұл оқиғаны "кинодағыдай болды" деп сипаттаған: полиция терезеге шығып, есікті бұзып кірмек болған, "түсініксіз сұрақтар" қойған. Белсенді әсіресе, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы туралы сұрақтарға таңғалғанын жасырмайды.
– Құқық қорғау органдарының Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ ұйымымен байланысым болуы мүмкін деп, маған түсініксіз сұрақтар қойғаны алаңдатады. Ол ұйымға еш қатысым жоқ. Қозғалыстың толық атауын да білген жоқпын. Мақсатымыз – экология үшін күресу. Мені бірнеше рет тергеуге шақырды, кей күні тергеу алты сағатқа дейін созылды. Жақындарым арқылы ықпал етуге тырысып, әкем мен ағамның үйіне де тінту жүргізді. Экология үшін күрес осындай айыптар тағып, қылмыстық қудалауға ұласып кетеді-ау деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе. Оқиғаның қалай өрбіп жатқанына қарап, маған қарсы кез келген амал қолдануы мүмкін деп қорқамын, – дейді Николай Катчиев.
Кейінірек полиция екі қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды. Әзірге Катчиевтің бұл істерге қандай қатысы бары белгісіз. Ақмола облыстық полиция департаменті белсендіге қарсы кім арыз бергенін ашып айтпады, Азаттық тілшісінің Катчиев пен оның жақындарының үйіне жүргізілген тінту шарасы туралы сұрақтарына да жауап берген жоқ.
Полиция департаменті "Степногорск қаласы полиция басқармасына жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысынан кәсіпорын қызметіне кедергі келтіріп, жеке құқықтары мен заңды мүддесіне залал келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратып жүрген адамдарға қарсы шара қолдануды сұраған арыз түсті. Сол арыз бойынша "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қылмыстық іс қозғалды" деп хабарлады.
Полицияның дерегінше, "Өзінше билік ету" бабымен тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Бұл іске де Бестөбе кентіндегі ескі стадионның орнына жаңа мектеп салуға қарсылық білдірген азаматтарға қарсы шара қолдануды сұраған аты-жөні белгісіз біреудің арызы түрткі болған.
Бұл жерде әңгіме елдімекендегі стадионды жұрт спортпен айналысатын алаң күйінде қалдырып, мектепті басқа жерге салуды сұраған жергілікті тұрғындар (арасында Катчиев те бар) жайлы болып отыр. Құрылыс басталмай тұрып, тұрғындар бұл алаңда футбол ойнап, ескі жаттығу құралдарын пайдаланып спортпен шұғылданып келген. Жергілікті жұрт Бестөбе кентінің бас жоспарына сүйеніп, құжат бойынша бұл аумақта стадион болуы керегін алға тартады.
Полицияның ҚДТ жайлы қойған сұрақтарына экобелсендінің алаңдауы тегін емес. 2018 жылы билік ҚДТ-ны тіркелмеген қозғалыс деп тапқан, астана соты оны "экстремистік ұйымдар" қатарына қосып, қызметіне тыйым салған (Еуропарламент қарарында ҚДТ "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп көрсетілген – ред.). Содан бері осы ұйымға қатысы бар деген күдікке ілінген жүздеген адам "экстремистік баптар" бойынша қудаланған (бұл баптарда ұзақ мерзімге түрмеге қамау жазасы да қарастырылған).
Құқық қорғаушылар биліктің Қылмыстық кодекстің 274-бабын ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") қолдану ерекшелігіне назар аударады. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған азамат айыппұлға кесіледі не бостандығынан айырылады. Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" бабының орнына енгізілген "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы кейінгі кезде жиі қолданылып жүргенін айтады.
– Біздің билік белсенділердің аузын жауып, өз түсінігіндегі тұрақтылықты сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұл президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев айтқан "еститін мемлекет" позициясына сай келмейді, – дейді Төреғожина.
– Біз жеке бас пайдамыз үшін емес, Бестөбені қорғау үшін күресіп жүрміз. Президенттің саясатына ешқашан қарсы шыққан емеспін. Ол жергілікті билік органдарына тапсырма береді, ал біз, тұрғындар, оның қалай жүзеге асып жатқанын қадағалауымыз керек. Мен солай түсінемін. Бірақ сұрақ қоя бастасақ, біздің үстімізден қылмыстық іс қозғайды. Белсенділердің аузын жауып, "сәлемдеме" жеткізіп, терезеден кіріп, үйіне тінту жүргізеді, – дейді Николай Катчиев.
"ЖАҒДАЙЫМЫЗ ҚИЫН"
Бестөбенің басқа тұрғындары да қудалауға ұшыраған. Олардың арасында 53 жастағы Александра Назаренко да бар. Ол "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қозғалған іс бойынша куәгер, ал "Өзінше билік ету" бабымен ашылған іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер ретінде тергеуге шақырылған. Қатты күйзелгеннен Назаренконың денсаулығы сыр беріп, бірнеше күннен бері үйінде төсек тартып жатып қалған.
– Біз, қарапайым адамдар, аулымыздың экологиясы үшін күрестік. Сол ісіміз үшін бізді саясатқа араластырып, "ҚДТ-ға қатысы бар" деп шығарып, осындай сұрақтар қойып отыр. Бұл енді ақылға сыймайды. Адамдарды қорқытып тастады. Біздің оған не қатысымыз бар? – дейді Назаренко.
Бестөбеде бұрыннан тұратын 67 жастағы Балтабай Мұфтафиденов жарты ғұмырын шахта мен фабрикада еңбек етумен өткізген. Жерасты геологы болып та қызмет атқарға. Ол фабрика жұмысына қарсы шығып, өз позициясын қорғағанда бірнеше жыл бұрын жүргізілген "Пайдалы қазба кен орындарын игерудің арнайы әдістері" деген зерттеуге сүйенеді. Зерттеуде жергілікті алтын кеніші жайлы деректер де кездеседі. Онда "Қазақалтын" АҚ Бестөбе кен орны аумағында бір тәулікте шығаратын шаң-тозаң мөлшері санитарлық нормадан 40-70 есе көп" деп жазылған.
Мұфтафиденов жаңа фабрика іске қосылғаннан кейін жағдай одан әрі ушығуы мүмкін деп санайды.
– Жағдайымыз қиын. Фабрика жұмысы тоқтағаннан кейін үш-төрт ай еркін тыныстадық. Балалар көшеде ойнап, құстар көріне бастады. Қазір фабриканы қайта іске қосайын деп жатыр. Бұрынғы жағдай қайталанатын болды, – дейді ауыл тұрғыны.
Мұфтафиденов тұрғындар наразылық білдірумен ғана шектелмей, мәселенің шешімін де ұсынғанын айтады.
– Фабриканы 20-23 километр жерге көшіру керек. Біз уран өндірілетін жерді ұсындық. Онда бос орын да, жанында су айдыны да бар. Болмаса, өзеннің оңтүстік жағалауына жаңа ауыл салсын, біз сол жаққа көшейік. Бұл тоғыз километр жерде: біз жел бағытын ескеріп, көшеміз, сонда біз жаққа шаң-тозаң келмейді, – дейді Мұфтафиденов.
"ӘУЕЛІ МАЛ, КЕЙІН ҚҰС, АҚЫРЫНДА ХАЛЫҚ ҚЫРЫЛАДЫ"
27 тамызда жергілікті билік өкілдерімен кездесуге қатысқан Бестөбе тұрғындарының бірі "Бұл фабрика жұмысын жалғастыра берсе, әуелі мал, кейін құс, ақырында халық қырылады. Біздегі саяси емес, әлеуметтік мәселе. Мемлекетке қарсы емеспіз, жай ғана адамша өмір сүргіміз келеді" деді.
Жергілікті жұрттың айтуынша, "Қазақалтын Technology" компаниясы халықпен диалогқа бармай отыр. Бестөбе тұрғындарының бастамашыл тобы әкімдіктен компания басшылығымен кездесу ұйымдастыруды сұраған, бірақ халықтың өтініші орындалмаған.
31 тамызда ондаған адам мәдениет сарайының алдына жиналған. Билік өкілдері халыққа митинг өткізу үшін рұқсат алу керегін ескерткен. Наразылар ауыл тұрғындарының жиналысы өтіп жатқанын, бұл туралы әкімдікке ескертілгенін айтқан.
"Жаңа фабриканы іске қосуға қарсымыз!" деп айғайлаған жиналған халық.
Осы жиыннан кейін бастамашыл топ белсенділеріне қысым күшейген. Полиция кей азаматтармен сол кездің өзінде "профилактикалық әңгіме" өткізген.
Тамыз айында белсенділер Қазақстан президенті әкімшілігіне хат жолдаған. Әзірге тұрғындар ол хаттың діттеген жерге түскені туралы хабарлама ғана алған. 2 қыркүйекте жергілікті билік халықтың бас прокуратураға берген экологиялық қауіпсіздік жөніндегі шағымы бойынша экология департаменті камералды талдау жүргізгенін хабарлаған.
Экология департаментінен келген жауапта фабрика құрылысы кезінде "санитарлық-қорғаныш аймағының көлемі, желдің бағыты, табиғатты пайдаланудың басқа да шарттары мақұлданғаны жазылған. Департамент өкілдері тұрғындарға 2017 жылы "Бестөбе кен орнындағы техногенді минералды құрылымдарды өңдеуге арналған жылдық қуаты 2,5 миллион тоннаны құрайтын кен байыту фабрикасының құрылысы" жобасының қоршаған ортаға әсері туралы қорытынды дайындаған Алматыдағы "Госэкспертиза" компаниясына жүгінуге кеңес берген.
"БҰЛ - ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСТРЕМИЗМ"
Азаттық сауалына берген жауабында "Қазақалтын" компаниясы жаңа фабрика Бестөбедегі кенішті жаңғырту, адамдарға жұмыс орнын сақтап қалу және қатты минерал қалдықтарды қайта өңдеу жоспарының бір бөлігі ретінде салынған деп мәлімдеді. Компания ескі фабрикада әлгіндей қалдықты өңдеу "өзін өзі ақтамайтынын және оған техникалық мүмкіндік болмағанын" айтады.
Компания жаңа фабрика ең жақын тұрғын үйден 500 метрден астам қашықта орналасқан, құрылыс талаптары орындалып, тиісті рұқсат құжаттар алынған, ал оны басқа жерге көшіруге себеп жоқ және ол мүмкін емес дейді. Компания фабриканы 10 қазаннан кейін іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Кеніштен алтын кенін қазып алу әдісімен өндіресіздер ме деген Азаттық сауалына компания "ол 2024 жылы өндіріс жұмысы толық тоқтап қалуына жол бермеуге және жаңа фабриканың жұмысын жалғастырып, жұмыс орнына сақтап қалуға көмектесетін бір ғана вариант" деп жауап берді. "Тау жынысын қазу жұмысын бастауға жергілікті халықтың келісімі керек" дейді компания.
Жаңадан өндіріс қалдығын төгетін орын салуға байланысты сұраққа компания қазір пайдаланылып отырған орын бар қалдықты көмуге жетілікті, ал егер жаңа кен қоры анықталып жаста, онда "қалдық төгетін жаңа орын салу қажет болады" деп жауап берді.
Компаниядан келген хатта былтыр жергілікті халықпен диалог орнататын "жұмыс тобы" құрылғаны да айтылған. "Компанияның дәйекті дәлелдер келтіргеніне қарамастан түсіністік танытпады" дейді "Қазақалтын". "Нәтижесінде кәсіпорынның іс-әрекетін жағымсыз етіп көрсететін ахуал қалыптастырып, өндірістің тоқтауына апарып соққан ашық тіреске ұласты" деп жазады компания.
Хатта "Қазақалтын Тechnology" компаниясы "көрінеу жалған ақпарат тарату" фактісі бойынша кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкерішілікке тартуды сұрап полицияға арызданғанын растады. Бірақ нақты қандай ақпарат екенін ашып айтпаған.
"Жергілікті халықтың ауқымды бөлігін жұмыспен қамтып отырған бизнестің заңды жұмысына қарсы әдемі ұран көтеріп, өз көзқарасы және іс-әрекетімен зиян тигізуге талпынған экологиялық экстремизмге жолыққан сияқтымыз" деп жазған "Қазақалтын" компаниясы.
"ӨЛІСПЕЙ БЕРІСПЕЙМІЗ!"
Ал Бестөбе тұрғындары алған бетінен қайтпайтынын айтып отыр. Жақында олар "Қазақалтын" басшылығына хат жолдады.
Онда "Қазақалтын Technology" компаниясына тиесілі фабриканың жұмысын толықтай тоқтатып, кәсіпорынды ауыл маңында қызметін қайта жандандыру құқығынан айыру; құрамында алтыны бар техногенді минералды құрылымдарды уақытша қоймадан алып кету; фабрика мен оның айналасындағы қосымша нысандарды бұзу; қоқыс көметін аумақты залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу ; ауылдағы өндіріске қолданылған жерлердің құнарлы қабатын қалпына келтіріп, көгалдандыру" сияқты бірнеше талап қойған.
– Мемлекетке қарсы емеспіз, экология үшін күресіп жүрміз. Қазір сол үшін белсенді тұрғындарымызды полицияға шақырып жатыр. Өліспей беріспейміз! – дейді Балтабай Мұфтафиденов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тынысты тарылтқан алтын". Ақсу халқының экология үшін күресі