Билік қалағанмен, белсенді көнбейді. Щучинскідегі жалғыз саябақтың орнына спорт кешенін салу дауы

Щучинск қаласындағы жалғыз саябақ. Ақмола облысы, 25 тамыз 2021 ж.

Шучинск шенеуніктері мен депутаттары қаладағы жалғыз саябақ аумағына спорт кешенін салуға рұқсат берген. Бірақ жергілікті белсенді Владимир Прокопьев бастаған бірнеше тұрғын оған қарсы болды. Осыдан кейін Прокопьевтің соңына полиция түсіп, аудан әкімінің баспасөз хатшысы өзі басқаратын газет бетінде белсендіні "пайдакүнем" деп айыптады. Белсенді билік жұрттың пікірін ескеруі тиіс дейді.

5 тамызда Щучинск тұрғыны Владимир Прокопьев пикет өткізіп, саябақ құрылысына қарсы қала тұрғындарынан қол жинаған. Ертеңіне Ақмола облысының "Стабильная газета" қоғамдық-саяси басылымының Instagram парақшасына "Белсендіге" қанша төлеген?" деген жазба жарияланған. Оның авторы Прокопьевті "пайдакүнем адам" деп айыптаған.

"Оған және тапсырыс берушіге тұрғындарды адастырып, шетелге тапсырманың орындалғаны жөнінде есеп беру керек" деп жазған автор.

Ақмола облысындағы Щучинск қаласы. 25 тамыз 2021 жыл

Ресми дерек бойынша, 2019 жылы өткен қоғамдық тыңдауда 47 мың халқы бар қаланың тоғыз тұрғыны ғана Шучинскінің орталығына спорт кешенін салуға келісіп, қол қойған. Азаттық тілшісі Шучинскіге арнайы барып, қаладағы жалғыз саябақтан шыққан даудың жай-жапсарын біліп қайтты.

БУРАБАЙ БАУРАЙЫНДА

Астанадан Щучинскіге 2008 жылы салынған, ұзындығы 240 километр болатын елдегі алғашқы автобанмен жетуге болады. Қазақстандағы ең жақсы жол саналатын алты жолақты автобанның біраз тұсы бүлініпті, кей жерде жұмысшылар жаңа асфальт төсеп жатыр. Щучинскіге таяған тұста Лос-Анджелестегі танымал HOLLYWOOD жазуына ұқсас BURABAY деген жазуы бар тау көрінеді (шипажай Шучинскіден 10 километр жерде орналасқан).

19-ғасырда орыс казактары мен Шортанды көлінің жағалауына қоныс аударған халық негізін қалаған Щучинск қаласы бесжұлдызды қонақүйі, казиносы, демалыс орындары мен сапалы жолдары көп көршілес Бурабайға мүлде ұқсамайды.

Қаланың орталығына апаратын жолдың ой-шұқыры көп, көлікке қолайсыз. Щучинск – Щучинск-Бурабай шипажай аймағы мен Бурабай ауданындағы ең ірі елдімекен. Қала бір қарағанда жасыл желегі мол, жүргіншіге жайлы мекенге ұқсайды. Бірақ әр жерде қаулаған арамшөп, ескі ғимараттар мен сұрқай атмосфера Шучинскіні Қазақстандағы тұрғын-үй шаруашылығы әбден жүдеген қалалардың қатарына қосады.

Щучинск қаласындағы көппәтерлі үйдің ауласы. Ақмола облысы, 25 тамыз 2021 ж.

Орталық көшелердің өзі 1980-жылдардағы СССР-дің шалғайда орналасқан қаласына түскендей әсер қалдырады. Дүкен, сауда орталықтары мен қызмет көрсету нысандарының сыртындағы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жазулар ғана Қазақстандағы жүргеніңізді аңғартқандай болады.

ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАРСЫЛЫҚ

– Жұмыстан сұранып келдім. Бірден іске көшейік, – деді Азаттық тілшісін қалалық саябаққа кіреберістегі I love you Shuchinsk деген қызыл жазудың алдынан күтіп алған жергілікті белсенді Владимир Прокопьев. Ол 5 тамызда дәл осы жерде пикет өткізген.

40 жастағы Прокопьев Шымкентте туған, бес жасынан бері Шучинскіде тұрады. Мамандығы – психолог. Біраз уақыт мектепте істеген. Қазір бетон зауытында қара жұмысшы болып істейді. Үйлі-баранды, баласы бар.

Белсенді қаланың басқа бөлігінде тұратындықтан, саябаққа жиі келе бермейтінін, бірақ арасында баласымен серуендейтін жер керегін, ал орталықта басқа қоғамдық орын жоғын айтады.

Белсенді Владимир Прокопьев қала саябағында отыр. Щучинск, Ақмола облысы, 25 тамыз 2021 ж.

– Жарайды, саябақтың орнына "мына жерге спорт кешенін салайық, ал саябақты басқа жерден ашамыз" деген балама ұсыныс айтса мейлі. Бірақ ондай ештеңе айтылған жоқ! "Саябақтың орнына құрылыс бастаймыз" деді, бітті! "Спорт кешені болғанын қаламасаңдар, мүлде ештеңе болмайды!" деп шорт кесті. Пикетте дәл осылай айтты, – дейді Прокопьев.

Сол күні Владимир саябақтың орнына спорт кешенін салуға қарсы 15 адамның қолын жинаған. Бұл – 2019 жылы өткен қоғамдық тыңдау хаттамасына қол қойғандар санынан алты адамға артық (құрылысқа тоғыз тұрғын келіскен). Прокопьев "одан да көп қол жиналар еді, бірақ жүргіншілер шенеуніктер мен полициядан қорқып, акцияны ерте аяқтауға тура келді" дейді. Акция өтіп жатқан жерге жанына полиция ерткен Щучинск әкімі Ерлан Қаппасов пен Бурабай ауданы әкімі Әсет Мұздыбаев келген.

– Саябаққа лайықсыз соншалық жаман қала болғанымыз ба? Саябаққа да, спорт кешеніне де құқығымыз бар деп ойлаймын. Басқа қалаларда екеуі де бар, неге бізді ондай мүмкіндіктен айырып отыр? Өз басым мұны қорлық көремін, – дейді тұрғындардың қолы қойылған тізімді көрсеткен белсенді.

ПИКЕТКЕ РЕАКЦИЯ

Пикет өткен күннің ертеңіне Владимир Прокопьевтің үйіне үш рет учаскелік полиция қызметкері келіп, түсініктеме беруін сұраған. Бірақ белсенді түсініктеме беруден бас тартқан.

– Оның жанында жай киімдегі бір адам болды. Ол өзін таныстырып, куәлігін көрсеткісі келмеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері шығар деп топшыладым. Өйткені осыған дейінгі пикеттерде осы кісі жаныма келіп, "Володя, тағы шығыпсың ғой" деп, танысым сияқты сөйлескен. Бірақ өзін таныстыруды сұрағанымда, аты-жөнін айтқан емес, – дейді белсенді.

Бұл – Прокопьев қатысқан бірінші пикет емес. Айтуынша, осыған дейін Владимир алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевті қолдап, екі рет акция өткізген.

– Елімде демократия мен ашықтық болғанын, соттар жұмыс істегенін қалаймын. Әділетсіздік көрсем, наразылық білдіруге шығамын, үнсіз қалғым келмейді. Бұл – менің қалам, менің елім. Осында бір өзгеріс болғанын қалаймын, – дейді Прокопьев.

Белсенді жергілікті ақпарат құралындағы өзі туралы жазылған мақала жайлы "Басқа белсенділерге қарсы осындай амал қолданылғанын көргенмін. Бұл – адамдарға мені маргинал етіп көрсетіп, жаныма ешкімді жолатпау ниетімен жасалған дискредитация. Оның міндеті – ар-ожданыма нұқсан келтіру. Мұның жалған ақпарат екені түсінікті ғой" дейді.

"КӨП АҚШАНЫ ҚАЙДА ЖҰМСАРЫН БІЛМЕЙДІ"

Ескі мәдениет үйінің шаңын шығарып бұзып жатқан экскаватордың жанындағы балаларға арналған ойын алаңы; шағын футбол және би алаңы; воркаут жабдықтары; жаттығу құралдары мен ағаш пен темірден жасалған 20-ға жуық орындық. Саябақта одан бөлек қиыршық тас төселген бірнеше соқпақ жол, қолшатыр ұстаған әйел мен цилиндр ішіндегі ер адамның пластиктен жасалған жасыл мүсіні бар. Саябақтың қақ ортасындағы "совет билігі үшін күрескен тұлғаларға" қойылған ескерткіштің түбінде екі жұмысшы жүр. Жақында бұл жерге жаңадан кеспе тас төсеп, ескісін осы маңға үйіп қойған.

Щучинск қаласындағы саябақта. Ақмола облысы, 25 тамыз 2021 ж.

Саябақ сыртындағы қоғамдық демалыс орнының төрттен бір бөлігін алып жатқан, болашақта спорт кешені салынатын аумақ темір тақтаймен қоршалған. Спорт сарайы салынатын жерді көпжылдық ағаштан тазалап, құрылыс жұмысын бастауға дайындап қойған. Қоршау сыртына тапсырыс беруші (Ақмола облыстық құрылыс басқармасы), бас мердігер ("Авторемстрой-ЛТД" ЖШС) туралы деректер мен құрылыстың 2022 жылы 20 шілдеде аяқталатыны көрсетілген жазу ілінген.

Билік өкілдері былтыр саябақта ландшафт дизайнерінің қатысуымен жөндеу жұмысы істелгенін айтып, есеп берген.

– Нашар идея. Бүкіл жолды жауып қалады. Бұрын базарға шығатын түзу жол болатын, ал қазір айналып өтуге тура келеді. Ыңғайсыз. Ақша көп, қайда жұмсарын білмейді. Одан да маңызды мәселе жеткілікті. Мысалы, жолдар! – дейді құрбысымен бірге спорт кешені салынатын аумақтың сыртындағы орындықта отырған студент Арай Әбдіманап.

– Осы жерге, тура орталыққа салып жатқаны дұрыс. Ана жерде орман болған. Бос тұрғанша, спорт кешені болғаны жақсы. Кейінгі жылдары саябақтың іші жақсы болып қалды, – дейді балаларымен серуендеп жүрген тағы бір тұрғын Ғамзат Нұртаев.

– Қарсы емеспін. Бұл жер қанша жылдан бері бос тұр. Жастар баратын жер ашылады. Бізде жаңа тұрғын үй аз салынады. Қираған, ескі ғимараттар тұр, қараудың өзі қорқынышты. Жол керек, бірақ бұл барлық өңірде кездесетін мәселе. Жалпы алғанда, бұрын қалай өмір сүрсек, дәл солай өмір сүріп жатырмыз. Дүкендер мен ірі сауда орталықтары ғана салынады, болды. Адамдарға жұмыс істейтін жер жоқ. Ешқандай өндіріс жоқ, – дейді көпжылдық шыршаның көлеңкесінде отырған зейнеткер Лида Афанасьева.

Виталий Макаренко (кейіпкердің сұрауымен аты-жөні өзгертілді) басына бәле тілеп алғысы келмейтінін, бірақ құрылыс жөнінде пікірі барын айтты.

– Біріншіден, саябақ кішкентай. Екіншіден, құрылыс жүрсе, саябақ ішіндегі бір де бір орындық сынбайтына, спорт кешенінің айналасы қоршалмайтынына кепілдік жоқ. Спорт нысаны жекеменшікке өтіп кетпейтініне де ешкім кепілдік бере алмайды. Не саябақты сақтап қаламыз, не осы жерде құрылыс бастасақ, саябақты басқа жаққа ауыстырамыз деген балама нұсқа ұсынуы керек еді, – дейді Макаренко.

ӘКІМДІККЕ БАҒЫНЫШТЫ ГАЗЕТ РЕДАКЦИЯСЫ

Жергілікті билік дерегінше, қоғамдық тыңдау туралы хабарландыру 2019 жылғы 5 қыркүйекте Бурабай аудандық әкімдігінің қазақ тілінде шығатын "Бурабай" газетіне жарияланған.

Сол күні 1167 данамен шыққан төрт беттік газеттің соңғы бетінде қазақ және орыс тілінде "3 қазан күні әкімдік конференц-залында қоғамдық тыңдау өтеді" деген хабарландыру берілген. Газет сайтында мұндай хабарландыру да, 2019 жылы шыққан газеттердің архиві де жоқ.

Дәл осындай хабарландыру Ақмола облыстық табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы сайтындағы "қоғамдық тыңдаулар" деген бөлімде де жарияланған.

Хабарландыруда қалалық саябақ орнына спорт кешенін салу жоспарланып отырғаны жөнінде ештеңе айтылмаған.

– Бұл қала халқына ортақ, маңызды мәселе болғандықтан, жиын туралы бүкіл ел құлағдар болуы тиіс. Сондықтан хабарландыруды бір жарым мың данамен шығатын "Бурабай" газетіне бермеу керек еді, – дейді редакцияға жол бастап келе жатқан Прокопьев.

Әкімдік жанындағы "Бурабай" аудандық газеті редакциясы отырған ғимарат. Щучинск, 25 тамыз 2021 ж.

Редакция ұжымы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратында отырады. Газеттің жауапты хатшысы Айгүл Абраева Азаттық тілшісі мен Владимир Прокопьевтің көзінше 2019 жылғы газет нөмірлері тігілген архивті бірнеше рет қарап шықты. Бірақ хабарландыру жарияланған газет нөмірін таба алмады.

"Біреу алып кеткен болса керек" деді ол қынжылып.

Бірақ сәлден кейін қосымша архивтен іздеген газетін тауып, әріптестеріне қарап: "Енді ешкімге бермеңдер, түсіндіңдер ме? "Стабильныйдан" ["Стабильная газета" — Ақмола облысының газеті]" әлгі адам келіп жүр еді ғой" деп ескертті.

– Сіз бұл адамның наразылыққа шығу үшін әлдекімнен ақша алатынын білесіз бе? – дейді Абраева Прокопьевті меңзеп.

– Маған кім ақша төлейді екен? – дейді Прокопьев.

– Мен қайдан білейін, "Стабильная газета" [сіз туралы] жазды ғой, бірақ ешкім жауап бермеді. Өтірік болса, адамдар "бұл жалған" деп ашулануы керек емес пе? – дейді Абраева.

– Сіз бұған сенесіз бе? – дейді белсенді.

– Сенемін, білмеймін – дейді жауапты хатшы ұялып.

– Мұның жала екені бәріне түсінікті ғой, – дейді Прокопьев.

Осыдан кейін жауапты хатшы мен белсенді спорт сарайын қайда салу керегі жөнінде тағы біраз пікір таластырды.

"ӘРКІМНІҢ СОҢЫНАН ЖҮГІРЕ АЛМАЙМЫЗ ҒОЙ"

Аудандық биліктің дерегінше, ресми құжат бойынша, спорт кешені құрылысына бөлінген жер саябақ аумағына кірмейді, ал қала орталығына спорт нысанын салу жобасы 2013 жылы аудандық мәслихат депутаттары қаланың бас жоспарын бекіткен кезде мақұлданған. Ол кезде мәслихат хатшысы қызметін қазір "Бурабай" газетін басқарып отырған Өтелбай Бейсенов атқарған.

– 2013 жылы спорт кешенін салу туралы сөз болған жоқ. Бұл әңгіме 2014 не 2015 жылы шықты. Бұл жерде ешқандай құқықбұзушылық жоқ. Бәрі заңды, – дейді Бейсенов.

Ол қабағын шытып, бұл жөнінде сөйлесуге құлқы жоқ екенін байқатты.

– Осындай наразылардың кесірінен… Ендеше осы спорт кешенін [Прокопьевтің] үйінің жанына салайық. Су жүргізген кезде құбырды дәл үйінің жанына орнатуды сұрағандар болған. Мына жігіт те дәл солай ойлайды. Үйінің жанына спорт сарайын салдырғысы келеді. Әркімнің соңынан жүгіре алмаймыз ғой. Бұл жерде азаматтардың конституциялық құқығы бұзылып жатқан жоқ. Шағымға адамның жеке эгоистік ойы себеп болған, – дейді Бейсенов.

ІШКІ САЯСИ ЖАҒДАЙ

Щучинск әкімі Ерлан Қаппасовты жұмыс орнынан табу мүмкін болмады. Әкім кейінірек Азаттық тілшісін аудандық әкімдік ғимаратында қабылдады. Оның жанында өзін Бибігүл Тыржанова деп таныстырған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болды. Ол Азаттық тілшісінің жеке құжаты мен қызмет куәлігін суретке түсіріп алды. Тыржанова кездесуге қатысу себебін "Мен ақпарат құралдарымен жұмыс істеймін. Ауданға келген журналистермен үнемі кездесіп, танысамын. Бүгін де сол үшін келдім. Бізде үнемі солай" деп түсіндірді.

– Мемлекеттік органдар жария түрде өткізді ғой. Халық шақырылды. Қатысқысы келген адам келді, – дейді қала әкімі.

Қаппасовтың айтуынша, спорт кешеніне бөлінген жер учаскесі заңды түрде саябақ шекарасына кірмейді.

– Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, жұрт осы кешеннің құрылысын күтіп отыр. Қалада спорт инфрақұрылымы мүлде жоқ. Жекеменшік нысандар ғана бар. Ал жаңа кешенде үйірмелер, спорт секциялары мен бассейн болады. Халық құрылысты қолдап отыр, – деді әкімнің сөзін қоштаған ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Бурабай аудан әкімі Әсет Мұздыбаев (оң жақта) пен Щучинск әкімі Ерлан Қаппасов (сол жақтан екінші) қала саябағында тұр. Щучинск, Ақмола облысы, 5 тамыз 2021 ж. Владимир Прокопьев түсірген фото.

Әкім бұл нысан спортшыларға арнап салынып жатқанын, бірақ бассейнге қатардағы азаматтар да бара алатынын айтады.

– Белгілі бір санаттағы азаматтар үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі болады. Бұл санатқа спортшылар, осы жерде жаттығатын тәрбиеленушілер жатады. Олар тегін жаттығады. Бассейнге келсек, ол жаққа қалаған адамның бәрі бірдей бара алмайды. Гигиеналық, санитарлық талаптар болады. Бассейнге кіру ақылы болуы мүмкін, – деді әкім.

Щучинск қаласын 2020 жылдан бері басқарып келе жатқан әкім Ерлан Қаппасов өз жұмысына оң баға береді:

– Бәрі салыстыру арқылы көрінеді ғой. Екі жыл бұрын келсеңіз, қазір қаржыландыру, қаланы басқару әдістері мен қызмет көрсетуде айырмашылық барын байқар едіңіз.

Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып тұратын әкім суретке түсуден бас тартты.

– Жеке сурет құқығы. Қазір құқығымды осылай пайдаланып жүрмін, – деп түсіндірді ол.

"ЖАҢА САЯБАҚ САЛЫНБАЙДЫ"

Әкім Азаттық тілшісін саябаққа апарып, жеке экскурсия өткізді. Қаппасов саябақтағы жөндеу жұмысы екі жылдан бері жалғасып жатқанын, бұл мақсатқа бюджеттен екі миллион теңге бөлінгенін, орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары ағаштарды тексеріп, әкімдікке жасыл желек отырғызу жүйесін дайындап бергенін айтады.

– Жұмыс әлі толық аяқталған жоқ. Әлі де жоспар бар. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Реконструкция жобасы жоқ. Бізге жоба дизайнын берді, ағаштарды соған сәйкес отырғызып жатырмыз. Қазір бұрынғы би алаңына реконструкция жасауды жоспарлап отырмыз. Оның орнына басқа ойын алаңын саламыз. Спорт ардагерлері өтініш жасады. Соларға арнап салып жатырмыз.

Қала саябағының спорт кешенін салуға бөлінген жері қазір қоршаулы тұр. Щучинск, Ақмола облысы, 25 тамыз 2021 ж.

Әкім "47 мың халқы бар қала үшін бұл саябақ кішкентай емес пе?" деген сұраққа "қолда бар нәрсемен жұмыс істеп жатырмын" деп жауап берді. Қаппасов қалада бос орын болмағандықтан жаңа саябақ салу жоспарда жоғын айтты.

– Міне, көрдіңіз бе, жас ағаштар, бұталар егілген. Канадалық үйеңкі ағашы, қарағай, шырша, балқарағай. Мына тастарды мен әкелдім. Осы жазда кеспе тастарды ауыстырдық, – деді қала басшысы мақтанышпен.

– Саябақ бола ма, болмай ма? – деп сұрады жанымыздан өтіп бара жатқан зейнеткер Александр Железнов әкімге қарап.

– Ал сіз қазір қайда жүрсіз? – дейді әкім.

– Алаң бос жатыр ғой...

– Ол жеке меншікке берілген кезде қала тұрғындары жақ ашқан жоқ...

– Қалай жақ ашамыз? Бізден ешкім сұраған жоқ, – дейді зейнеткер.

Ары қарай әкім мен қарияның әңгімесі жараспады.

МЕМЛЕКЕТКЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН РЕДАКТОРДЫҢ "ЖЕКЕ ПІКІРІ"

"Стабильная газета" басылымының иесі әрі бас редакторы Алексей Каримов пен Бурабай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Азаттық тілшісімен осыған дейін қала әкімі қабылдаған жерде – аудандық әкімдік ғимаратының кіреберісіндегі азаматтарды қабылдауға арналған, әйнектен жасалған бөлмеде кездесті.

Әңгіме басталғанда Каримов спорт кешені құрылысы туралы екі мақала жазуға атсалысқанын айтып, біраз қобалжып отырды.

12 тамызда "Стабильная газета" басылымының бірінші жолағында авторы көрсетілмеген "Шучинск қаласындағы алғашқы спорт сарайы" деген мақала жарияланған. Онда биліктің неге спорт кешенін саябақта салу туралы шешім қабылдағаны түсіндірілген. Мақалаға қосымша жобаның болашақта отырғызылатын ағаш санына дейін көрсетілген жер жоспарының суреті басылған.

Каримовтың пікірі қосылған дәл осы мақала Instagram-дағы shchuchinsk_info_portal парақшасына жарияланған.

Жазба авторы "Спорт сарайының жобасы көп жыл бойы дайындалған. Құрылысты дәл осы аумақта жүргізу бастамасын ауданға келген сапарында Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев пен Бурабай ауданы әкімі Әсет Мұздыбаев та қолдады. Қазір пайдакүнем "белсенділер" кесірінен жоба тоқтап қалуы мүмкін. Онда қаланың орталығында не спорт сарайы, не дұрыс жөндеу жұмыстары болмайды" деп жазған.

– "Келісімшарт" бойынша баспасөз хатшысы болып істеймін, яғни, мемлекеттік қызметкер емеспін. Бұл маған кәсіпкерлікпен айналысу құқығын береді. Газетте азамат Прокопьев туралы ештеңе жазылмаған. Мемлекеттік тапсырыс орындайтын газет және мемлекеттік тапсырыс орындамайтын Instagram бар. Жобалардың атауы да әртүрлі. Газетке суреті бар құр фактілер ғана шықты. Паблик иесі мақаланы көшіріп, өз пікірін қосқан. Бұл материалды баспасөз хатшысы жазған жоқ. Оны паблик иесі, яғни, мен жаздым. Бұл – өзімнің жеке пікірім, – дейді баспасөз хатшысы және газет иесі Каримов.

Бас редактор Factcheck.kz жобасының түлегі ретінде "қоғамдық тыңдау болғанын көрсеттім" деп есептейді.

– Өтірік деп отырғаным да – осы. Мен оны [Прокопьевті] айыптамаймын, тек оның сөзінде белгілі бір манипуляция барын айтып жатырмын. Қателеспесем, сіздер оны белсенді деп жаздыңыздар ғой деймін? Оның белсенділігі неден байқалады? Белсенді деп қала өміріне атсалысатын адамды айтады. Мысалы, белсенді адамдар мәслихат жиналысына немесе тарифтерді көтеру жөніндегі қоғамдық тыңдалымға қатысады, ерікті болып жұмыс істейді. Владимир [Прокопьевке] қанша төледіңіз? – дейді Каримов Азаттық тілшісіне.

Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бибігүл Тыржанованың дерегінше, "Стабильная газета" мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа жұмыс істейді. "Шучинск қаласының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2021 жылға жоспары" деген есебінде әкім Қаппасов "Әкімнің аппараты жүргізілген жұмыстар мен азаматтар мәселесінің шешілгені туралы ақпаратты инстаграм желісіндегі парақшаларына, танымал Щучинск лайф және Щучинск инфо портал топтарына салып отырады" деген.

Щучинск қаласына кіреберісте жол бойында кетіп бара жатқан адамдар. Ақмола облысы, 25 тамыз 2021 ж.

Азаттық сауалына Ақмола облыстық құрылыс басқармасы берген жауапта құрылыс орнын аудандық әкімдік бөлгені айтылған. Щучинск әкімі 2018 жылы "жер учаскесін аудандық физикалық денсаулық және спорт бөліміне төрт жылға қайтарымсыз негізде уақытша пайдалану құқығын беру" туралы бұйрыққа қол қойған.

Былтыр шілдеде мемлекеттік сатып алулар сайтында Шучинск қаласында спорт сарайын салуға 2,3 миллиард теңге бөлініп, байқау жарияланатыны хабарланған. 2021 ақпанда құрылыс жүргізуге ашық байқау басталып, маусымда жеңімпаз анықталған.