"МЕНІ ЖАЗЫҚТЫ ЕТІП ШЫҒАРДЫ"
Ақмола облысы Ақсу ауылындағы кен байыту фабрикасының аға технологы 38 жастағы Зәуірбек Исин былтыр күзде жұмыстан шығып қалды. Жұмыс беруші оны келеңсіз себептерді алға тартып жұмыстан шығарып жіберген. Де-юре – Исин тәртіптік жазаға тартылған. Де-факто – жұмысшылардың айтуынша, әріптестерінің басын қосып, өндірістегі проблемаларды көтергені үшін компания одан "құтылған".
– Кикілжің тозып-ескірген, нашар жұмыс істейтін желдеткіштен шықты. Жұмысшылардың силикозға (шаң-тозаң жұтқаннан болатын өкпе ауруы – ред.) шалдығу қаупі бар еді. Құрамында алтыны бар шаң -тозаң өкпеге қонады. Респираторлар бітеледі. Жұмысшылар шағымданған соң мен де сол мәселені айта бастадым. Кейін маған бұл тақырыпты қозғама деп ескерту жасады. Бірақ қалай айтпайсың? Ол жерде мал емес, адамдар жұмыс істеп жатыр ғой. Неге жұмысшы өзіне ұнамайтын жайт туралы жақ ашпауы керек? – дейді Зәуірбек Исин Азаттыққа.
Бағалы металл өңдеумен және шығарумен айналысатын жұмысшылар еңбек етуге қолайлы жағдай жасау және желдету жүйесін жақсарту мәселесін шынымен көтерген. Оған дәлел – Ақсуда алтын шахтасы мен кен байыту фабрикасы бар "Алтыналмас" АҚ компаниясына ұжым атынан жазылған, 120 адам қол қойған хат. Жұмысшылар кәсіпорын басшылығы бұл мәселені шеше алмай отыр деп шағымданған. Олар түсіріп алған видеода жұмыс орны шаңға көміліп жатқаны анық көрініп тұр.
Ұжымда наразылық күшейе түскен. Кейін жұмысшылардан оларға берілген көлікті тартып алғанда шыдамымыз шегіне жетті дейді Исин. Ұжымдағылар қарсыласа бастағанда оны басшылық кабинетіне шақырып алады. Сол жерде өндіріс жөніндегі директор Асхат Байботановпен араларында кикілжің туған.
Осы жағдайдан кейін Исин медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер оның жағы сынғанын, бетінің бірнеше жері қанталап, ісіп кеткенін анықтайды. Ал өндіріс жөніндегі директордың денесінің екі жері сырылған болып шығады.
Зәуірбек Исин полицияға арыз жазған. Полиция денесіне жарақат түскен оны жәбірленуші деп танып, қылмыстық іс қозғайды. Шілденің аяғында іс тоқтайды: тергеу қылмыстық құқықбұзушылық болғанына дәлел жоқ деген қорытындыға келеді, прокуратура мұнымен келіседі. Оған дейін де іс екі рет тоқтаған болатын, алайда Исин мен оның адвокаты істі қайта қозғауды талап етіп, Бас прокуратура мен президент әкімшілігіне жүгінген. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Мәселенің мән-жайы белгісіз, өйткені тараптар тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат берген.
Директордың кабинетінде болған оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Исин басшылықпен кикілжің кезінде тек өзін қорғауға тырысқанын айтады. Азаттық тілшісі бұл туралы Асхат Байботановпен сөйлесе алмады. Жалғыз куәгер – кикілжің кезінде кабинетте болған тағы бір директор – куәлік бергенде "Исин ашуға мініп, Байботановты өзіне бірінші болып соққы жасауға арандатты" деп мәлімдеген.
Кикілжіңнен кейін Исин күнкөріссіз қалады. Әйелі жұмыссыз, шиеттей үш баласы бар. Достары мен жақындары қаражат беріп көмектескен.
Өзі әлі күнге әртүрлі деңгейдегі сот орындарының табалдырығын тоздырып, әділет іздеп жүр. Жұмыстан заңсыз шығарып жібергенін дәлелдегісі-ақ келеді. Айтуынша, ол еңбек келісімшарты бұзылғанға дейін ешқандай тәртіптік жаза алмаған, мұның бәрі басшылықпен сөзге келіп қалғаннан кейін ғана шыққан.
– Фабрикада құрылғы бұзылып қалған, мені соған кінәлі етіп шығарғысы келгенге ұқсайды. Бірақ мен құрылғыларға емес, тек ұсақталған кен фракциялары сияқты технологиялық процесске жауап бердім. Жазығым болмаса да, жазықты қылды, – дейді Исин.
Жұмыстан шығып қалғаннан кейін ол жұмыс берушінің үстінен келісім комиссиясына шағым түсіруге тырысқан. Бірақ комиссия оны емес, басшылықты жақтайды. Кейін Исин тәртіптік жазаға тарту мен жұмыстан шығару туралы бұйрықтарды заңсыз деп тануын сұрап, сотқа арызданған. Қызметке қайта алуын және мәжбүрлі түрде жұмысқа бармаған уақыттары үшін жалақы төлеуін талап еткен.
АЙЛАРҒА СОЗЫЛҒАН СОТ МАШАҚАТЫ
Сотта компания Исинге тағылған тәртіптік жазаның бәрі негізді, жұмыстан шығарылуы да заңды деген уәж айтты. Себебі жұмысшы тәртіпке бағынбаған, құрылғының істен шығып қалғанына және проблеманы дер кезінде шешпегеніне жауапты болған, өндіріс жөніндегі директормен кикілжіңге келген. Компанияның мәліметіне сенсек, жұмысшы бұған дейін екі рет қатаң сөгіс алған. Оған 2022 жылғы шілденің 18-і және 19-ы күндері "лауазымдық нұсқаулықтың талабын орындамағаны" және "еңбек міндеттерін тиісінше атқармағаны" үшін шыққан бұйрық дәлел. Оны 30 қараша күнгі бұйрықпен сол жылдың жазында болған өндіріс жөніндегі директормен жанжал үшін "ұжымдық этика кодексін бұзды" деп жұмыстан шығарған. Компанияның айтуынша, қызметкер директорды арандатып, "орынсыз әрекетке" баруға әдейі жол берген.
Сотта өндіріс жөніндегі директордан да, кикілжің кезінде кабинетте болған екінші директордан да жауап алынған жоқ. Сот отырысына компанияның заңгері Василий Спесичцев қана қатысты. Кәсіпорын Байботановтың кабинетінде болған оқиғаның өндіріске еш қатысы жоғын дәлелдеуге тырысты. Арнайы тергеу комиссиясы кабинетте болған оқиғаға ...кездейсоқ жағдай деп баға берді.
Жәбірленуші қызметкер мен оның адвокаты комиссия шешімінің күшін жоюға қол жеткізе алды. Ақмола облыстық мемлекеттік еңбек инспекторы басшылықпен арадағы кикілжің "өндіріс мәселелеріне байланысты туындады және еңбек қызметіне қатысы бар, сол себепті жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі" деп көрсетті. Компания бұған келіспей, қорытындының күшін жоюын талап етіп, сотқа қарсы арыз берді. Сот талапты қанағаттандырмады. Сол кезде жұмыс беруші бірінші сатыдағы сот шешімінің және мемлекеттік инспектор шығарған қорытындының күшін жоюды талап етіп, апелляциялық шағым түсірді. Оны әлі қарастырып жатыр.
Одан кейін қайтадан дау басталды, бұл жолы сотқа Исин жүгінді. Ол азаматтық арызында өзін жұмысқа қайта алуды талап етті. Биыл мамыр айында Степногорск қалалық соты оның дәлелі негізсіз деп, арызын қанағаттандырмаған. Исин апелляциялық шағым түсірген. Жауапкер – "Алтыналмас" компаниясы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алтынға бай Бестөбе ауылының күресіТамыз айының ортасында апелляциялық сот алқасы алдыңғы сот шешімінің күшін жойып, жаңа шешім шығарды – жұмыстан босатылған қызметкерді қайта алу, тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтарды жарамсыз деп тану және жою, жұмысқа мәжбүрлі түрде келе алмағаны үшін жұмыс берушіден жалақысын өндіріп алу, адвокаттың шығындарын өтеу. Сот жұмыс беруші Исинді жұмыстан заңсыз шығарған деп тапты.
"Арызданушының жазығы жоқ, заңсыз әрекетке бармаған және еңбек міндеттерін бұзбаған", – деп жариялады сот алқасы.
Алқа құрылғының кінәратына Исиннің қатысы жоқ, ал бұйрықтар "қызметкердің тәртіп бұзу фактісі тіркелмегеніне қарамастан" шығарылған деген қорытынды жасаған. Сот "Исин жанжалдан кейін жұмыс беруші айыптағандай, лауазымдық міндеттерін де, ұжымдық этика кодексін де бұзған жоқ" деген шешім шығарды. Облыстық сот шешімінде оқиға "жұмысшылар мен өндіріс жөніндегі директорлар арасындағы еңбек жанжалынан туындаған" делінген. Өндіріс жөніндегі директор Исинді кабинетіне шақырады да, "қоқан-лоққы жасап, күш көрсетеді", одан қорғанған "Исин директорды итеріп жіберген".
Қуылған фабрика қызметкері жұмысқа қайта орала ма, әлде компания жұмыстан шығару заңды әрекет екенін дәлелдеуге тырысып, онымен соттасуды жалғастыра ма – әзірше белгісіз.
"БАСЫБАЙЛЫ ЕТУ"
Бұған дейін өңірлерде тәуелсіз кәсіподақтар құруға тырысқаны үшін билік тарапынан қысым көргенін мәлімдеген "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Андрей Пригорь жұмыс берушілер қолайсыз қызметкерді жұмыстан шығарудың небір жолын ойлап табады дейді. Айтуынша, әдетте жұмыс беруші ондайлардың арасындағы ең белсендісін көздеп, жұмысынан кінәрат тауып, жұмыстан шығарамыз деп қорқытады.
– Шығарып жібергісі келсе, сылтау табады. Негізінен, жұмысқа қайта орналасуға болады, бірақ ол қиын: ештеңе бүлдірмегенің жайында дәлел жинау, әдетте жұмыс берушінің сөзін сөйлейтін келісім комиссиясының алдынан өту, содан соң комиссияның шешімімен сотқа бару керек. Сот онсыз істі қарамайды. Содан кейін сотта кінәлі емес екеніңді дәлелдеп көр. Жұмысшылар соттың әділдігіне сенбейді. Олар әдетте күрескісі келмей, кінәлі болып қала береді – біздің жүйе осындай. Тіпті заң бойынша тиесілі дүниелердің өзіне – жеңілдіктерге, өтемақыларға жұмысшылар сот арқылы қол жеткізуге мәжбүр. Жұмыс беруші келіседі, бірақ артынан жұмыстан шығарып тынады, – деді Андрей Пригорь Азаттыққа.
Ол мысал ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы бір кәсіпорында ұжымдық шартта көрсетілгендей зиянды өндірістегі жұмысшыларға тиесілі сүтті бермей, дау-дамайға әкелгенін келтірді. Кәсіпорынның кәсіподақ комитетінің төрағасы осы мәселені көтергеннен кейін жұмыстан шығып қалған.
– Біздегі жұмысшылар басыбайлы. Жұмыс беруші заң бұзса, оны дәлелдеймін деген жұмысшы айлап соттың табалдырығын тоздырады. Бірақ ақырында жұмыс беруші ешқандай жазаға тартылмай, ұсақ айыппұлмен құтылып кетеді. Бәрі жұмыс берушінің қолында, өйткені ол кәсіпкер, салық төлеп отыр. Билік соның жағында, – дейді Пригорь.
Ол шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий еңбек қатынастары саласына қолданылмауы керек деп санайды, өйткені бақылаусыз жерде қашанда "тәртіпсіздік" етек алады. Биыл мораторийді ішінара алып тастады, бірақ ол жеткіліксіз дейді.
– Ішінара тексеру парағын жасаған, онда да бірнеше позицияларды ғана тексереді. Бірақ онымен барып, толық тексеру жүргізе алмағандықтан, жұмысшыларды сотқа жолдайды. Заңсыз жұмыстан қуылды ма, сотқа баруға мәжбүр. Олай болса, еңбек инспекциясының қажеті қанша? Халықаралық ареналарға шығып, бізде еңбек кәсіподақтары, ұжымдық келісімшарттар, демократия мен үшжақты әлеуметтік серіктестіктің барлық атрибуттары бар деп көрсетеді. Ал із жүзінде мұның бәрі – бутафория, – деп атап өтті Пригорь.
Елдегі бұрыннан келе жатқан құқық қорғау ұйымы – адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның деректеріне сенсек, Қазақстан еңбек заңнамасының жетілмеуі, мемлекет тарапынан тексеру жүргізуге мораторийлер жариялап, "кәсіпкерлерді қорғау мен қамқорлық жасау" "жұмысшылардың конституциялық құқықтарын бұзса да, жұмыс берушілерге жауапкершіліктен сытылып кетуіне жосықсыз мүмкіндік береді". Бұл ретте, мемлекеттің ұзақ жылдар бойы тәуелсіз кәсіподақ құрылымдарын басып-жаншуы салдарынан қол-аяғы маталған кәсіподақтардың осалдығы да маңызды рөл атқарады.
Адам құқықтары жөніндегі бюромен және "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымымен бірлесіп, "Қазақстандағы еңбек құқықтары" жобасын іске қосқан халықаралық еңбек құқықтарын қорғау ұйымы – Ынтымақтастық орталығының мәліметтерінше, 2016 жылдан бастап "үкімет тарапынан болған қуғын-сүргін барлық тәуелсіз кәсіподақтардың жабылуына алып келген, оннан аса кәсіподақ лидеріне қарсы айыптар тағылған және белсенділер мен олардың отбасының қауіпсіздігіне қатер төнген".
Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы жасайтын жұмысшылар құқығының сақталуы жөніндегі дүниежүзілік индексте 2023 жылы Қазақстан жұмысшылары сот әділдігіне қол жеткізе алмайтын немесе құқығы шектелген елдердің қатарында деп танылды. 2018 жылғы индексте Қазақстан "жұмысшылар үшін әлемдегі ең нашар 10 елдің" қатарында болған. Қазақстандағы кәсіподақ жетекшілері немесе жұмысшылар құқығын қорғаушылар "жалған айыптар арқалап, жиі қудалауға ұшырайды" деп атап өтті ХКК.
Зәуірбек Исин Ақсу сияқты шағын елді мекендерде немесе жақын маңдағы Степногорск сияқты моноқалада еңбек құқығын талап ету ерекше қиын деп есептейді. Әдетте, ондағы халықтың өмірі қаланың тірегі саналатын ірі кәсіпорындарға тәуелді. Бұл компаниялардан басқа жерден жұмыс табу мүмкін емес. Исиннің айтуынша, ол жұмыстан шығып қалғаннан кейін басқа қызметкерлер жұмысынан айырылып қалудан қатты қорыққан.
– Мені жұмыстан шығарып жіберген соң, басқалардың аузына құм құйылды. Біздің қала кішкентай ғой. Бұл жерден жұмыстан қуылсаң, басқа жұмыс табу үшін көшіп кетуің керек, – дейді Исин.