Accessibility links

Қазақстанда жалақы төлемейтін, борышкер компаниялар көбейген


Ақтөбеде автопарк қызметкерлері жалақы төлеуді талап етіп тұр. 19 тамыз 2021 жыл.
Ақтөбеде автопарк қызметкерлері жалақы төлеуді талап етіп тұр. 19 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда екі мыңнан астам жұмысшы жалақысын ала алмай жүр. Ресми дерек бойынша, кәсіпорындардың жұмысшылар алдындағы қарызы миллиард теңгеден асады. Билік бұл жағдайды жұмыс берушілер мен қызметкерлердің құқықтық сауатсыздығымен байланыстырады. Кәсіподақтар бірлестігі мәселенің себебін мемлекеттік бақылаудың жоқтығынан және борышкер компаниялардың жауапсыздығынан іздейді.

Қарағандыдағы "СейСер" құрылыс компаниясында істейтін жиырмадан астам жұмысшы жалақысын ала алмай отыр. Жұмыс беруші міндетті зейнетақы және сақтандыру жарналарын да аудармаған. Біреулер өткен жылды жалақысыз өткізген, басқалар биыл еңбекақысыз қалған. Екі жылдан бері компаниядан маңдай терімен тапқан табысын талап етіп, нәтиже шығара алмай жүргендер де бар. Аптап ыстық пен аязда далада жұмыс істейтін азаматтар өздеріне тиесілі ақшаны сұрап, талай табалдырықты тоздырған.

— Жұмыс берушіге бардық, әр жолы "төлейміз, күте тұрыңыздар, ақша жоқ" деп қайтарады. Бұрын жалақымызды бөліп беріп жүрді. Компания маған 800 мың теңге қарыз. Қанша күттік, қашанғы шыдауға болады? Басқа жұмысқа ауыстым. Еңбек инспекциясынан көмек сұрадық, олардан қайыр болмады. Заңгерге жүгіндік, мәселені бейбіт жолмен шешкіміз келді, бірақ жалақымызды төлеген жоқ. Еңбекақымыздан бөлек, зейнетақы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жарнасы да аударылмаған, — дейді өткен жылдың төрт айлық жалақысын алмаған Асқар Сағынаев.

Азаттық тілшісі "СейСер" компаниясына хабарласып, жағдайға қатысты пікір ала алмады.

Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы басқармасы жұмысшылардың өкілі, заңгер Александр Пактың арызынан кейін компанияға тексеру жүргізген. Тексеріс нәтижесі бойынша, басқарма жұмыс берушіні еңбек заңнамасын бұзуды доғарып, жұмысшылардың жалақысын төлеуге шақырған. Сот заңды тұлғаға қарсы әкімшілік іс қозғап, жұмыс берушіге айыппұл салған. Бірақ мәселе шешілмеген.

МИЛЛИАРДТАН АСТАМ ҚАРЫЗ

"СейСер" — жұмысшыларын жалақысыз қалдырған жалғыз компания емес.

Шілденің соңындағы ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда жұмыс берушілердің жалақы бойынша қарызы 1 миллиард 93 миллион теңгеден (2,2 миллион доллар) асып-жығылады. Осылай 56 кәсіпорында істейтін екі мыңнан астам жұмысшы табысынан қағылып отыр. Бұл статистикаға еңбек келісімшартына отырып, заңды жұмыс істеп жүрген азаматтар ғана кіреді. Бірақ ондаған, тіпті, жүздеген мың адамның келісімшартсыз жұмыс істейтінін ескерсек, еңбекақысыз қалған азаматтар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Қазақстанның еңбек кодексінде жұмыс беруші әр айдың 10-на дейін қызметкерлеріне жалақы төлеуі керек деп жазылған. Жұмыс беруші белгіленген уақытқа дейін жұмысшылардың жалақысын толық бермесе, кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл төлейді. Өтемақы көлемі Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлеменің 1,25 еселік бөлігіне тең. Қазір базалық мөлшерлеме 14 пайызды құрайды.

2021 жылы және 2022 жылдың бірінші жартысында мемлекеттік еңбек инспекторлары жеті мыңға жуық тексеру жүргізген. Нәтижесінде 1590 компанияның жалақы бойынша қарызы бары, 40 мың адам еңбекақысын ала алмай жүргені, жалпы қарыз көлемі 9,1 миллиард теңгеден асатыны анықталған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі борышкер кәсіпорын басшыларына 1682 ескерту беріліп, 230 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғанын мәлімдеді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Азаттықтың хатына жауабында "Қатаң графиктер бекітіп, жалақы бойынша қарызды жабу мерзімін белгілеу нәтижесінде, 35,2 мың жұмысшының құқығы қорғалды. 8,4 миллиард теңге төленді" деп жазған.

Министрлік еңбек заңнамасының бұзылуын жұмыс беруші мен қызметкерлердің құқықтық сауатсыздығынан және заңды көзге ілмеуден көреді. Биліктің дерегінше, көбіне жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорын басшылары заңда жазылған ережелерді елемейді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін аралап, тексеру жүргізуге мораторий жарияланған. Шенеуніктер жалақы мәселесінің бақылаудан шығуына осы жағдай да әсер етті деп отыр.

Нұр-Сұлтанда мешіт құрылысшылары журналистермен кездесіп, жұмыс берушінің жалақыны кешіктіріп жатқанын айтты. 21 сәуір 2022 жыл.
Нұр-Сұлтанда мешіт құрылысшылары журналистермен кездесіп, жұмыс берушінің жалақыны кешіктіріп жатқанын айтты. 21 сәуір 2022 жыл.

""Аманат" кәсіподақтар достастығы" республикалық бірлестігі еңбек кодексіне өзгертулер енгізіп, заңды бұзған жұмыс берушілердің жауапкершілігін қатаңдату керек деп есептейді.

— Заңбұзушылардың жұмысшыларда шаруасы жоқ. Өйткені жауапқа тартылмайды, бейберекетсіздікке еті үйреніп кеткен. Еңбек министрлігінде осы мәселені көтергенбіз. Қағаз жүзінде бәрі әдемі: жол картасы, тетіктер мен механизмдер. Бірақ олар жұмыс істемейді, өйткені бұл ешкімге керек емес, жауапкершілік жоқ. Жұмыс берушілер мұны біледі, сондықтан заңға, онда жазылған ережелерге пысқырып та қарамайды. Еңбек инспекциясы жағдайды бақылаудан шығарып, шет қалып отыр. Жағдай бақылаудан шығып кетсе, тағы да ереуілдер мен наразылықтар болады. Арыз-шағымнан көз ашпайтын болдық. Әділдікке қол жеткізу үшін сотқа жүгініп, сөзсіз орындалуы тиіс қарапайым дүниелерді дәлелдеуге тура келеді. Жұмыс беруші мен өкілетті тұлғалардың қатысы жоқ сияқты. Басыбайлы құлдыққа келе жатырмыз. Жағдай нашарлап барады, — дейді ""Аманат" кәсіподақтар достастығының" басшысы Андрей Пригорь.

"ӨКІЛЕТТІ ОРГАНДАР БАР, БІРАҚ ОЛАР ЕШТЕҢЕ ШЕШПЕЙДІ"

Андрей Пригорь еңбек инспекциясының тиімділігін арттыру үшін оны реформадан өткізу керек деп сенеді.

— Адамдарды бірден сотқа жіберуді әдетке айналдырып алды. Өкілетті құрылымдар бар, бірақ олар арасында бірлі-екілі іске араласқаны болмаса, ештеңе шешпейді. Бізде заңның бұзылмауын қадағалайтын прокуратура деген орган бар. Бірақ прокуратураға арыз жазған адамды қайтадан жұмыс берушіге жібереді. Кәсіпорын басшылығын жауапқа тартпайды. Негізі прокуратура реакция білдіруі керек. "Қызметкер жұмыс берушіден талап етсін" дейді. Басшылыққа талап қоя бастасаң, бірден қуып шығады. Өз тәжірибемізде ондайдың талайын көрдік, — дейді Андрей Пригорь.

Кәсіподақ өкілі Қазақстанда "еңбек құқығын қорғаудың жалғыз жолы –ереуілге шығу" дейді.

Кейінгі айларда Қазақстанда ереуіл жиілеген: елдің батыс өңірінде мұнай компанияларында істейтін жұмысшылар жалақысын көтеруді, еңбекақысын уақытылы төлеуді талап еткен. Осыған ұқсас талаптармен құрылысшылар, жүргізушілер мен өрт сөндірушілер де ереуілге шыққан. Жақында Орталық және Батыс Қазақстанда теміржолшылар наразылық білдіріп, жалақысын көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды сұраған.

Пригорь 2005-2010 жылдары Қазақстанда еңбек құқығының бұзылуы сиреп, жағдай тұрақталғанын айтады. Аталған уақыт аралығында жалақы төлемеу мәселесі өзекті болмаған. Жұмысшылардың басшылықпен соттасуы ілуде бір кездесетін оқиға саналған.

Теңге девальвациясы мен экономикалық тоқырау іскерлік белсенділікке кері әсер етіп, жұмысшылар құқығын қорғау нашарлаған. 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілі қантөгіске ұласып, полиция халыққа қарсы оқ атқан. Жаңаөзен оқиғасынан кейін ереуілге шығу қиындап, жауапкершілік қатаңдаған, тәуелсіз кәсіподақтарға қысым жасалып, ұйым басшылары қудалауға ұшыраған.

Коронавирус пандемиясы кезінде карантинге байланысты кәсіпорындардың көбі жұмысын тоқтатып, қайта аяққа тұра алмаған. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін логистикалық тізбектер үзіліп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне Мәскеуге қарсы санкциялардың салқыны тиген. Экономистер елде шағын және орта бизнес өкілдерінің салық жүктемесі жоғары, бұл кәсіпкерлерді заңсыз жұмыс істеуге мәжбүрлейді деп есептейді. Ал көлеңкелі бизнес жалақыны қолға беріп, жұмысшылар құқығына немқұрайды қарауға жол ашады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG