"ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТСІЗДІК КӨРІП ОТЫРМЫЗ"
Жолымбет – Ақмола облысы Шортанды ауданындағы алтын өндіретін ауыл. 1932 жылы алтын өндірісі басталған кезде салынған. Астанадан 120 шақырым қашықта орналасқан.
Қазір Жолымбет ауылында құрамында алтыны бар кен өндіріліп, өңделеді. Бірақ бұл жер алтын өндіретін, әл-ауқаты жақсы ауылға ұқсамайды: жергілікті тұрғындардың көбі басқа жаққа көшіп кеткен. 1999 жылғы халық санағы кезінде ауылда 5218 адам тұратын, қазір тұрғындар саны 4 мыңнан сәл ғана асады.
Кен орнын игеруші "Алтыналмас" компаниясы – ауылдағы негізгі жұмыс беруші. Басқа кәсіпорын жоқ. Сондықтан тұрғындар жұмыстағы жағдайға алаңдап отыр.
1 наурыздан бастап компания 76 адамды бос тұрып қалуға байланысты демалысқа жіберген, жазда тағы 84 кісі жұмысынан айырылады. Барлығы – 160 жұмысшы. Компания оған алтын өндіруші фабрика апат жағдайына байланысты жабылатыны себеп деп түсіндіреді. Басшылық кей қызметкерлерді 2017 жылдан бері істейтін басқа фабрикаға жұмысқа шақырған.
Жаңа жұмыс орнында ауыл тұрғындарына азырақ жалақы төленеді. Жұмысшылар солай дейді. Еңбек шартына келіспегендер жұмыстан босатылады. Зейнет жасына жетіп қалғандарға мерзімінен бұрын зейнетке шығуды ұсынған. Халық бұған ашуланып отыр.
Бос тұрып қалу деген не?
Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, бос тұрып қалу – экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өндірістік немесе табиғи себепке байланысты жұмыстың уақытша тоқтауы.
Еңбек кодексінің 112-бабында бос тұрып қалған уақыт үшін ақы төлеу тәртібі қарастырылған. Төлем көлемі ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы керек. Өндіріс жұмыс берушінің кінәсінен тоқтап қалса, орташа жалақы мөлшерінің кемінде 50 пайызы төленуге тиіс.
Жолымбет тұрғындары Қазақстан президентіне хат жазған.
"2022 жылы маусымдағы референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияда жер мен оның қойнауындағы қазба байлық халыққа тиесілі деп жазылған. Біз президент резиденциясынан 100 шақырым жерде тұрып, қазба байлық иесі екенімізді сезіну былай тұрсын, әлеуметтік әділетсіздік көріп отырмыз". Жолымбет тұрғындарының наурызда президентке жазып, ондаған адам қол қойған хатында осылай делінген.
Жұмысшылар президент Тоқаевқа әлеуметтік шиеленіс өршіп тұрғанын ескерткен.
Наурызда бастамашыл топ Астанаға барып, партиялардың бірі өткізген жемқорлыққа қарсы рұқсат етілген митингіге қатысқан.
– Еңбек жағдайымыз ауыр болатын, енді тіпті өндірісті тоқтатып, бізді жұмыстан шығарғалы отыр. Бізге басқа жұмыс ұсынды. Онда да жұмысшылардың бәріне емес. Фабрикамыз жабылса, ауыл мен көрші елді мекендер халқының тең жартысы жұмыссыз қалады, – деді ұжымның талабын жеткізген бастамашыл топ мүшесі Иван Попов.
ЖАҢА ФАБРИКАНЫҢ НЕСІ ЖАМАН?
Алтын өндіретін жаңа фабрика "Алтыналмастың" еншілес компаниясы – "Қазақалтын Technology" кәсіпорнына тиесілі. Ол жаққа жұмысқа тұру үшін қызметкерлер қазіргі жұмысынан шығып, оқу оқып, емтихан тапсыруы керек.
"Алтыналмас" осындай шартпен цианид дайындайтын цех, кен үгітетін учаске, аса улы заттар қоймасы, қоюлату, хлоратор, сорбция және десорбция бөлімшелерінің қызметкерлерін уақытша еңбек демалысына жіберген.
– Компания уәдені үйіп-төкті. "Кеніш қарқынды дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады" деді. Ал іс жүзінде бәрі керісінше болды: қызметкерлердің бір бөлігі жұмыссыз қалды. Апат жағдайында тұр деген сылтаумен ескі фабриканы жауып тастамақ. Бірақ компания сөзін растайтын құжаттар көрсетпеді. Фабрикамыз үнемі жоспарды артығымен орындайтын, енді оны жауып, бізді жалақысы аз, жұмыс кестесі басқа, еңбек жағдайы ұнамайтын жерге жіберіп жатыр. Жаңа фабрикаға ауыспасақ, еңбек шартын бұзады. Жұмысшыларды оқытамыз дегенді шығарып алыпты. Емтихан тапсырамыз, одан құласақ, жұмысқа алмайды. Осының бәрін бізді жұмыстан шығару үшін жасап отыр, – дейді Иван Попов.
Жұмысшылардың айтуынша, жаңа фабрикада жұмыс күні – 12 сағат, ал вахталық әдіс 15 күннен тұрады. Өндірістің зияны жоғары, бірақ жалақысы аз.
– Кей жұмысшылар оқуға барған кезде фабрикадағы еңбек жағдайын көрдік. Ол жақта жұмыс істеп, уланғымыз келмейді. Онда цианид мөлшері жоғары, адамдар соны жұтып, ауылға келеді. Ал олар бізді сонда ауысуға мәжбүрлеп жатыр, – дейді жұмысшылардың бірі. Ол жұмыс берушінің қырына ілігуден қорқып, аты-жөнін көрсетпеуді сұрады.
"АЛТЫНАЛМАС": "КОМПАНИЯ ЖҰМЫСТЫ ТОҚТАТУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫ"
Жолымбет өндіріс алаңында тау-кен жұмыстары ашық және жерасты әдісімен жүреді. Алтын өндіруші компания 1953 жылы іске қосылып, бірнеше рет реконструкциядан өткен. 2022 жылы қыркүйекте төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптегі қауіпсіздік комитетінің департаменті фабрикаға бірқатар ескерту берген. Оның ішінде цианид ерітіндісін дайындауда қол еңбегін пайдаланбау туралы да айтылған. Компания жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған.
– Технологиялық учаскелер жұмысын 2023 жылғы 1 наурыздан (76 жұмысшы) және 1 шілдеден бастап (84 қызметкер) екі кезеңмен тоқтату туралы шешім қабылданды. Жабық тұрған цех жұмысшыларына бос тұрып қалу уақытына Еңбек кодексіне сай ақы төленіп жатыр, – деді "Алтыналмас" компаниясының өкілі.
Компания өндірісті біртіндеп тоқтатуға байланысты жұмысшыларды еншілес компанияның фабрикасы – "Қазақалтын Technology" ЖШС-ға ауыстыру туралы шешім қабылданғанын айтады. Бұл фабрика 2017 жылы жылдар бойы жинақталған өндіріс қалдықтарын өңдеу үшін құрылған. Кейін кәсіпорын кен өңдеуге бейімделген.
2022 жылдан бері фабрикада алтын кені өңделеді. Жұмысшылар жаңа фабриканың кен өңдеуге шамасы келмеуі мүмкін деп алаңдайды.
Компанияның жауабына қарағанда, жұмысшыларды ауыстыру оңай болмайтын сияқты.
– Жұмысшыларды жаңа фабрикаға ауыстыру үшін еңбек шартын бұзамыз. Өйткені "Қазақалтын Technology" ЖШС бөлек компания деп есептеледі, оған басқа еңбек шарты жасалады. Жабылған цех жұмысшыларына 1 наурыздан бастап ерікті түрде кәсіби дайындықтан өтуге болады деген хабарлама жіберілді. Өйткені жаңа фабрикадағы өндіріс технологиясында айырмашылық бар, – деді "Алтыналмас" компаниясының қоғаммен байланыс және коммуникация департаментінің директоры Анар Сауырбекова.
Сауырбекованың дерегінше, жұмысы тоқтаған 160 жұмысшының 11-і кәсіби дайындықтан өтіп, емтихан тапсырған. Тағы сегіз қызметкер оқуға ниет білдірген, 51 жұмысшы себебін түсіндірместен кәсіби дайындық курсынан бас тартқан. Алты жұмысшыға уақытша еңбекке жарамсыз азаматтар тізімінен шыққаны жөнінде хабарлама жіберілген.
Компания зейнет жасына таяған азаматтарға еңбек шартын бұзып, өтемақы алып, мерзімінен бұрын зейнетке шығуды ұсынған.
– Компания қызметкерлер құқығын бұзып, жұмыстан шығарамыз деп қорқытып немесе "Қазақалтын Technology" серіктестігінің фабрикасына жұмысқа тұруға мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бәрі ерікті түрде жүреді. Жұмысшыларды жаңа кәсіпорынға ауыстыру әлеуметтік әділетсіздік актісі бола алмайды. Жұмысшылардың көбі Жолымбет ауылында тұратындықтан, "Алтыналмас" оларға тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыс тауып беруге тырысып жатыр. Бұл үшін "Қазақалтын Technology" өз қызметкерлерін "Алтыналмастағы" басқа бос орындарға ауыстырып, жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын босатады, – деді бас кеңсе қызметкерлері.
БИЛІК: "ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТКЕ БАРМАҢЫЗДАР, ӨТІНІШ"
Шортанды ауданының (Жолымбет ауылы осы ауданға қарады) әкімі Сағындық Шабаров жұмысшылармен кездесуде "Бастысы – заңсыз әрекетке бармаңыздар, өтініш! Өйткені бәрін бұрмалап, теріс түсінуі мүмкін" деді.
Жолымбет ауылының әкімі Еркін Әуезханов жұмысшылармен өткен тағы бір кездесуде халықты сабырға шақыруға тырысты:
– Сіздермен бірнеше рет кездестік. Қазір ауылда ескі фабрикадан жаңасына ауысуға қатысты жағдай шиеленісіп тұр, солай ғой? Біз "Алтыналмасты" не басқа компанияны жақтамаймыз. Мемлекеттік қызметкерлер ретінде бейтарап болуға тырысамыз. Бізге қоғамдық тыңдау өткізу құзыреті берілген. Пікірлеріңіз өте маңызды, – деді әкім.
Ауылда кәсіпорын қызметкерлерінен, "Алтыналмас" пен "Қазақалтын Teсhnology" өкілдерінен және Шортанды ауданының әкімінен тұратын үшжақты "жұмыс тобы" құрылған. Әкімнің қатысуымен өткен кездесуден кейін "Алтыналмас" басшылығы кей жеңілдіктерге келіскен:
- жұмысшыларды жаңа фабрикаға ауыстыру кезінде мерзімсіз еңбек шартына отырып, сынақ мерзімінсіз жұмысқа алу;
- жалғызілікті аналарға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жұмысшыларға бөлек ауысым кестесін бекіту;
- фабрикада әйелдер мен ерлерге бөлек модульдік монша ашу;
- қазақ тілінде оқытатын қосымша топ ашу;
- қайта оқып, емтихан тапсыру мүмкіндігі.
"400 МЫҢ ЖАЛАҚЫ АЛАТЫНМЫН, ЕНДІ 250 МЫҢ ҰСЫНЫП ОТЫР"
Жұмысшылардың айтуынша, жаңа фабриканың жалақысы аз. Наразылықтың негізгі себебі де – осы.
– Жалақысы екі есе аз жұмыс ұсынып отыр. Біздің фабриканы жөндеп жатыр. Не үшін? Кәсіпорынды сататын сияқты, – дейді жұмысы тоқтап қалған қызметкерлердің бірі.
Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, бұрын өндірісте істеп, 300 мың теңгедей жалақы алып келген адамға жаңа фабрикада мүлде басқа, кестесі бөлек жұмыс пен 130 мың теңге жалақы ұсынып отыр. Жұмысшылар бұрынғы жалақысы сақталғанын қалайды. Бұрынғы жұмыс орнында 400 мың теңге алған тағы бір қызметкер енді 250 мың теңгеге жұмыс істеуге мәжбүр.
"Алтыналмас" кен орындары орналасқан Жолымбет және Бестөбе ауылдарының былтырдан бері тынышы кеткен.
Бестөбеде компания кенді ашық әдіспен өндіруге көшпек болған. Тұрғындар мен кеншілер қарсы болып, кенді жерасты әдісімен өндіре беруді не басқа инвестор табуды талап еткен. Нәтижесінде компания мен билік өкілдері карьер ашылмайды деп мәлімдеді.
Бірақ Бестөбе кен орны да жұмыс істемей тұр: шахталарды су басып қалған. Ешкім оны сыртқа шығарып, кен орнын құтқаруға тырысып жатқан жоқ. Компания "суды қайда жіберерімізді білмейміз" дейді, кеншілер мен тұрғындар "кәсіпорын иелері халықты карьерге көндіру үшін әдейі қол қусырып қарап отыр" деп шағынады. Кенді ашық әдіспен өндіру компанияға арзан әрі тиімді болғанымен, ауылда көп адам жұмыссыз қалғалы тұр.
Бестөбе кен орнының жұмысшылары да бірнеше айдан бері үйде отыр. 2023 жылғы қаңтардан бастап ай сайынғы төлемдер ең төменгі жалақы мөлшеріне дейін түскен. Бұл ақшаны салалық коэффициентке көбейтіп төлейді.
Компания басқа өндіріс алаңдарынан немесе тау-металлургия компанияларынан жұмыс ұсынып отыр. Бірақ халықтың көбі еңбек шартына келіспейді.
"Алтыналмас" дерегінше, әзірге 50-ден астам адам ғана жұмысқа тұрған. 2022 жылғы желтоқсанда компания Бестөбе ұжымына кәсіпорын қызметін тоқтату шараларына кіріскенін, мемлекеттік органдарға кен орнын басқа инвестордың атына рәсімдеуге көмектесетінін хабарлады. Бірақ әзірге жаңа инвестор табылмаған.
Жолымбеттегі жағдай да тұрақсыз. Осылай жалғаса берсе, мұның соңы неге апарып соғары белгісіз. Жұмыссыз қалған азаматтар дегенінен қайтпай отыр, ал компания халықты өз шартына көндіргісі келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Алтыналмастың" Бестөбеден кетуі және ауылдың бұлыңғыр болашағы. Артында саясат бар ма?Алтынға бай Бестөбе ауылының күресі"Жұмыс орнымызды қорғаймыз". Бестөбе халқы алтын өндіретін шахталарды жабуға қарсы