Шағымнан соң электр өндірушіні тексеру басталды

Бірнеше Ақтау тұрғыны артық төлем талабы туралы МАЭК есептеу орталығы алдында кеңесіп тұр. Ақтау, 9 тамыз 2018 жыл

Ақтау тұрғындары электр энергиясы үшін төлемнің күрт артып кеткеніне қатты наразылық білдірген соң облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті «МАЭК (Маңғыстау атом энергетика комбинаты) – Казатомпром» компаниясын тексере бастады. МАЭК төлемнің өсуіне шілде айындағы аптап ыстық себеп болғанын айтады. Тұрғындар мен белсенділер бұл уәжбен келспейді.

Ақтаулықтардың шілде айында тұтынған коммуналдық төлемдер түбіртегін алғалы бері мазалары кетті. Ондаған наразы тұрғын бірнеше күннен бері «МАЭК есептеу – касса орталығының» есігін тоздырып жүр. Олар ай сайынғы есептегіш құрал көрсеткен төлемдердің деңгейінің түбіртекте белгісіз себептермен екі есе өсіріліп көрсетілгеніне ренжулі.

«ҚАЙДАН ШЫҚҚАН КВТ?»

Зейнеткер Берік Сәрсенбаев Ақтаудағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрады. Ол түбіртек қағазына шілде айында тұтынғаны 124 кВт энергиясы көрсеткішіне тағы бір түсініксіз 78кВт-тың қосылғанына қынжылады.

- Электр энергиясын бақылауда ұстаймын, барынша үнемдеймін. Әдетте тұтынатын энергиям 70-80 кВттан аспайды. Бірақ шілде айында қатты ыстықтың салдарынан ауа салқындатқышты көп қолдандым, сондықтан 124 кВт болды. Мен одан бас тартпаймын, есептегіш көрсеткіште не көрсетілсе, соны төлеп келемін. Ал қосып қойған 78кВтты не үшін төлеуім керек? - дейді ол.

Ақтау тұрғыны Берік Сәрсенбаев МАЭК есептеу орталығының ғимаратында отыр. Ақтау, 9 тамыз 2018 жыл

«МАЭК есептеу- касса орталығына» келгендердің бірі мекеме қызметкерлерінен түбіртектегі «жалпы үй қажеттілігі» (ОДН – общие домовые нужды) деген тарауды түсіндіріп беруді талап етті.

- Мұнда ОДН үшін келіп тұрмын. Ол біз үшін өте көп шығып тұр. Мәселен, пәтерімде ауа суытқыш, мұздатқыш тағы басқа құралдарды пайдаланғанның өзінде шілдеде 56 кВт электр энергиясын тұтындым. Ал подъездегі жарық үшін маған 63 кВт қосып отыр. Ол қайдан шыққан кВт? - деді аты - жөнін айтқысы келмеген әйел.

Тұрғындар наразылығынан соң МАЭК өкілдері кеңсеге келгендерге қосымша электр кВтын төлемей-ақ қоюға болады деп кеңес бере бастады.

Ақтау тұрғыны Берік Сәрсенбаев келген коммуналдық төлем түбіртегіндегі артық кВтты көрсетіп тұр. Ақтау, 9 тамыз 2018 жыл.

«УАҚЫТША ҚАЖЕТТІЛІК»

«МАЭК – Казатомпром» кәсіпорыны бас директорының көмекшісі Қолғанат Нұржаубайұлының Азаттыққа айтуынша, бұл шілде айындағы аптап ыстықтың салдарынан артық тұтынылған электр энергиясын қайтару үшін уақытша жасалып жатқан әрекет.

- Электр энергиясының орташа көрсеткішінің түбіртекте көрсетілуі уақытша қажеттіліктен туындап отыр. Шілде айындағы аптап ыстықтың салдарынан Ақтау тұрғындары межелі 75 мВт орынына 120 мВТтұтынды. Ал мекеменің өз шығыны бар, газға алдын ала төлем төленуі керек. Тамызда қараңғыда қалмау үшін осылай істеуге мәжбүр болдық, - деді ол.

«МАЭК есептеу - касса орталығы» директорының орынбасары Байдұлла Чиняев. Ақтау, 9 тамыз 2018 жыл

Қолғанат Нұржаубайұлының сөзінше, МАЭК-тің Ақтауды электр энергиясымен қамтуға қуаты жеткілікті, ай сайын 950 мВТ өндіре алады, ал қазір 600Мвт өндіріп отыр.

Ал «МАЭК есептеу – касса орталығы» директорының орынбасары Байдұлла Чиняев монополияға қарсы комитет белгілеген бағадан аспағандарына сенімді.

- Қала тұрғындарының 60% еңбекақылары мен зейнетақыларын әр айдың 10-ына дейін алады да, сол кезде төлем төлеп тастайды. Ал бізде айлық көрсеткіш әр айдың 25-сінен бастап келесі 25-сіне дейін жалғасады. Біздің міндетіміз адамдар тұтынған энергияны ақшаға айналдырып, олардан ақша жинау ғана. Егер олар пәтерлеріндегі есептегіш құралдардың көрсеткішін әр айдың 23-24-і күндері әкеліп, төлемді сол кезде төлесе, проблема болмас еді, - дейді Байдұлла Чиняев.

БЕЛСЕНДІ ПІКІРІ

Алайда бұл уәжбен азаматтық белсенді, «Ақтау» тәуелсіз кәсіподақ ұйымының жетекшісі Кенжеғали Сүйеуов келіспейді. Оның ойынша, тұтынушылар мейлі айдың басында немесе аяғында төлесе де, олар өздері өткен айда толық тұтынған энергия үшін ғана төлейді. Оның сөзінше, тұрғындардан «жалпы үй қажеттіліктері» деген желеумен алынатын қосымша қаражатқа қатысты Ақтаудағы 26-шағын аудандағы 46-көп пәтерлі үйді қоғамдық комиссия тексеруден өткізген.

- Подъездердегі есептегіш құралдардың 90% пломбыланбаған немесе жұмыс істемейді. Әр үйде түрлі коммерциялық субъектілер орналасқан. Олар да тұрғындар төлейтін тоқты пайдаланады, бірақ ол есептелмейді, - дейді ол.

Азаматтық белсенді Кенжеғали Сүйеуов пен «МАЭК – Казатомпром» кәсіпорыны бас директорының көмекшісі Қолғанат Нұржаубайұлы мекеме кеңсесінің алдында тұр. 9 тамыз 2018 жыл

Кенжеғали Сүйеуов өзінің және басқа барлық тұрғындардың түбіртегіне қосымша кВттан бөлек «түзетілген көрсеткіш» деген тармақтың да қосылып, тағы бір төлем алынатынын, бірақ оның не төлем екенін ешкімнің түсіндіріп бере алмайтынын айтты.

- «Егер қазір алдын ала төлем алмасақ, тамызда қараңғыда қаламыз» деген МАЕК өкілінің әңгімесі – бос сөз. Себебі ол жоғарыда МАЭК-тің қазір 600 мВт ток өндіріп отырғанын айтты. Тіпті қала әдеттегі межеден көп [қуат] тұтынды дегеннің өзінде де бұл Ақтауға артығымен жетеді, - деп санайды ол.

Ақтаулықтар талабынан соң «МАЭК-Казатомпром» мекемесін Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Маңғыстаудағы департаменті тексере бастаған. Департаменттің тамыздың 10-ы күні хабарлауынша, тексеруге байланысты тұрғындардан қосымша кВТ үшін ақша жинау тоқтатылған. Тексеру қорытындысы бірнеше айдан соң белгілі болады.

Маңғыстау атом энергетика комбинаты 1962 жылы іске қосылған. Монополист кәсіпорын екі жылу электр станциясы арқылы қуат өндіріп, аймаққа таратады. МАЭК-те 4000 адам еңбек етеді.