Ақтөбе облысындағы Ембі қаласының халқы шағын қалалар арасында бірінші болып 2022 жылғы наурызда әкімін өздері сайлап алған еді. Халық сайлаған әкім бір жылда не тындырды? Жұрт үміті ақталды ма? Ембіліктердің ең өзекті мәселелері қандай? Азаттық тілшісі әкімін өздері сайлаған тұрғындардың қазіргі тұрмысымен танысып қайтты.
13 мыңдай халқы бар Ембі – облыс орталығы Ақтөбеден 200 шақырымдай жердегі шағын қала. Облыстағы Мұғалжар ауданына қарайды әрі теміржолдың бойында жатыр. Бірақ пойыз кестесі ыңғайына келмеген кезде жергілікті жұрт Ақтөбеге таксимен қатынайды. Биыл Наурыз мейрамынан соң Ембіде такси қымбаттап, кісі басына 2500 теңге болған. Қазір ембіліктер арасындағы азық-түлік қымбаттығынан кейінгі өзекті тақырып – осы такси бағасы.
– Такси ақысы бұрын 2 мың теңге еді, қымбаттап кетті. Халық оған наразы. Ембіде 1998 жылдан бері тұрамын. Таксистердің көбі таныс. Ақтөбемен екі ортадағы жол нашар. Таксистерді де түсінуге болады. Көліктері жиі сынады. Бірақ әкімдер жекенің меншігіндегі көлікке қарап отыра бермей, бір амалын табуы керек қой, – дейді Мейрамбек есімді қала тұрғыны.
Қалааралық қатынасты кәсіп еткендердің көбі жолаушыны минивэнмен тасиды. Көліктің маркасына қарай минивэнге 6-8 жолаушы сыяды. Ембіден ертелетіп шыққан таксист Ақтөбеге бір күнде екі рейс жасап үлгереді.
– Жолаушы тасымалымен айналыспай тұрған кезде мен де жұртқа ұқсап таксистердің ақшасын санайтынмын. Бір рейстен 30 мың теңге табады, өтірік жылайды деп ойлайтынмын. Олай емес екен. Ақтөбе мен Ембінің ортасындағы жол нашар, өте нашар. Екі рейс жасап келсең, жөндеу орталығында екі күн тұрасың. Тапқаныңның бәрі қосалқы бөлшекке кетеді. Сондықтан таксиді қойып, вахтаға кетіп қалдым. Қазір өзіме ыңғайлы кезде ғана жолаушы тасимын, – дейді ембілік Сейілхан.
Ембінің былтыр сайланған әкімі Райымбек Мұсағали халықтың наразылығынан хабардар. Айтуынша, әкімдік қазір Ембі мен Ақтөбе арасына тұрақты көлік бағытын ашу үшін шағын автобустары бар кәсіпкермен келіссөз жүргізіп жатыр. Әкім шағын автобустар екі сағат сайын қалаға қатынайтын болса, жолақысы арзандайды деп үміттенеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мұғалімге көше сыпыртпайды, пара алмайды". Ембі халқы әкімді қалай таңдады?"НАЗАРБАЕВТЫҢ ПОРТРЕТІ МЕН "АМАНАТТЫҢ" ТУЫН АЛЫП ТАСТАДЫМ"
40 жастағы Райымбек Мұсағалидің Ембі қаласына әкім болып сайланғанына биыл наурызда бір жыл толды. Бұған дейін 14 жыл бойы мектеп директоры болған ол әкім сайлауына өзін-өзі ұсынып, жеңіске жеткен.
Халық сайлаған әкімнің кабинеті Ембі қаласы әкімдігінің екінші қабатында. Шағын бөлменің мемлекеттік мекемелердегі өзге кабинеттерден еш айырмасы жоқ. Төрдегі әкім креслосының тұсында Қазақстанның туы мен елтаңбасы тұр. Екі терезенің ортасындағы қабырғада бұрын көп жыл бойы бір картина болғаны аңғарылады. Оның ізі бар, бірақ қазір шегесі ғана қалыпты.
Ембінің әкімі Райымбек Мұсағалидің айтуынша, ол жерде бұрын Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті болған. Әкім оның орнына Әлихан Бөкейхановтың портретін ілгісі келеді.
– Әкім болып, осы кабинетке кірген бойда Назарбаевтың портреті мен "Аманат" партиясының туын алып тастадым. Партия қатарынан 2019 жылы аудан әкімінің сол кездегі орынбасарымен соттасқан уақытта шығып кеткенмін. Қайтадан кіретін ойым жоқ. Оның үстіне, Қазақстан заңдарында әкімнің кабинетінде қандай да бір партияның туы тұруы керек деп міндеттелмеген, – дейді Райымбек Мұсағали.
2019 жылы тамызда Райымбек Мұсағали Ембідегі №2 мектептің директоры болып жүрген кезінде "ҰБТ өткізуге келетін комиссияны күтіп алып, қонақасы беру үшін мектеп директорларынан 100 мың теңгеден ақша жинауды тапсырды" деп, Мұғалжар ауданы әкімнің сол кездегі орынбасары Ғалым Қобыландинмен соттасқан.
Сол кезде Азаттыққа берген сұхбатында Райымбек Мұсағали педагогика саласында еңбек еткен 20 жылдық тәжірибесінде қызметкерлерден жүйелі түрде ақша жиналғанын айтқан. Жиналатын қаржы көлемі "жоғарыдан түскен тапсырмаға сай, 5-10 мың теңгеден бастап, 100 мың теңгеге дейін жетеді" деген.
Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы "ҰБТ қарсаңында мектеп директорларынан 100 мың теңгеден жинады" деп айыпталған Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландинді 2020 жылы 28 тамызда ақтап шықты. Қобыландин қазір өзге қызметте.
Былтыр Ембі қаласының әкімі қызметіне кірісіп, Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағашқа барған кезін Райымбек Мұсағали "Әріптестерім біртүрлі қабылдағанын сездім. Дискомфорт байқалып тұрды" деп еске алады. Айтуынша, сол салқындық әлі де бар.
– Кейде мемлекеттік қызметке барғаныма өкініп, кетіп қалғым келеді. Бірақ сайлауда өз-өзімді ұсынып, мойныма жауапкершілік алған соң, кетпеймін. Әлі кемінде үш жыл жұмыс істеуім керек. Бұрын еркін жүріп қалған адаммын ғой. Ал мемлекеттік қызметте тілің байлаулы, белгілі бір шеңбердің ішінде болады екенсің. Принциптеріме қарсы тапсырмалар болып жатса, үндемей кетіп қаламын. Мысалы, мерзімді баспасөзге жазылу науқаны қарсаңында аудан әкімдігінен "Мемлекет саясатын насихаттап, халықты ақпараттандыруға ықпал етіңіз" деген сарындағы хат жолданды. Мен ол хатты жергілікті мекеме басшыларына жібердім. Бірақ "жазылсаң да, жазыласың, жазылмасаң да, жазыласың" деп дікеңдеген жоқпын, – дейді әкім.
Мұсағали халық әкімге көп жүк артып тастайтынын, бұл салаға келгелі мемлекеттік қызметкерлерді аяйтындай жағдайға жеткенін айтты.
– Тағы бір аңғарғаным, кейбіреу қорасындағы бұзауы босап кетсе де, әкімдіктен көреді екен. Айтылған нәрсені табан астында орындап тастауың керек. Олай болмаса, сенен сырт айналады. Әкімдікке келген бір жыл ішінде осылайша электоратымның 20-25 пайызынан айырылдым. "Қолыңнан түк те келмейді. Жүйеге қарсы тұра алмайсың" дегендер болды, – дейді әкім.
"ЖОЛДЫ ЖӨНДЕП, КӨШЕНІ ЖАРЫҚТАНДЫРА БАСТАДЫ"
Азаттық тілшісімен бірге түс әлетінде көше аралап жүрген қала әкімін Шара Айтқұлова есімді тұрғын "Райымбек, Райымбек" деп тоқтатып алды. Шараның сөзінше, қарт анасы тұратын Ембідегі Алтынсарин көшесінің жолы нашар. Ешқашан жөндеу көрмеген. "Сайлауда сізге дауыс берген едік. Жолдарды жөндеймін деген уәдеңіз қайда?" деді бастырмалата сөйлеген әйел.
Әкім Алтынсарин көшесін жөндеу 2023 жылғы жоспарға енбегенін айтты.
– Ембіде 54 көше бар. Былтыр соның бірі – Есет батыр көшесінің жолы жөнделді. Биыл тағы төрт көшені жөндегелі отырмыз. Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылда Ембіде жөнделгені – небәрі төрт көше. Сол себепті алдымен негізгі көшелерді назарға аламыз, – деді әкім.
Ембіні аралай жүріп, қай тұрғынмен сөйлессеңіз де, алдымен жолдың жайын айтады. Шынымен де қаланың жолдары ойқы-шойқы. Көшелері көк шаң. Аздан соң тынысың тарылып, үсті-басыңды қаққыштай бастайсың.
– Бұл әкімнің келгеніне биыл бір жыл ғой. Ембінің негізгі проблемасы жол еді. Жолдарды жөндей бастады. Енді көшелерге су себетін көлік шығарса, жөн болар еді. Ембіге жақын жерде Юбилейный деген ауыл бар. Сол ауылдың көшелеріне су сеуіп қояды. Бізге де сол керек. Ал енді жарық жөніне келсек, былтырдан бері көшелер жарықтандырыла бастады. Бұрын мектептен шыққан балаларға алаңдайтынбыз. Қазір көшеміз жап-жарық, – дейді зейнет жасындағы тұрғын Қали Құлжанов.
Әкімнің айтуынша, былтырдан бері Ембі қаласындағы 32 көшеге жарық берілген. Биыл тағы жеті көшенің шамы жануы керек. Мұны тұрғындар да растап отыр.
– Жаңа әкім қолынан келгенше жұмыс істеп жатыр ғой. Жүйеге қарсы тұру, оны өзгерту ағысқа қарсы жүзген сияқты қиын болар деп ойлаймын. Оның үстіне, қала әкімінің қолында анау айтқандай бюджет те жоқ. Ембінің айналасынан мұнай, алтын, қиыршық тас – бәрі шығып жатыр. Бірақ бізге бөлінетіні – тамшыдай ғана қаржы. Ембі моноқалаға айналса, бюджеті көбейер ме еді, кім білген? – дейді қала тұрғыны Ерқасым Құтжанов.
Қала әкімінің сөзінше, Ембіден 45 шақырым жерде алтын өндіретін AltynEx және мыс өндіретін "ҚазГеоруд" компанияларының кен орындары бар. Ал мұнай-газ шығаратын кеніштер Ембіден 60-90 шақырымдағы Батпақкөл ауылдық округінің аумағында жатыр.
Ембіде жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер аз емес. Соның бірі – кәріз жүйесінің жайы. 2015 жылы қалаға кәріз желісі тартылған кезде 2 мыңнан астам аула қамтылады деп есептелген. Алайда құбыр талапқа сай тартылмай, кәріз желісіне небәрі 656 үй қосылған. Қала әкімі Райымбек Мұсағали кәріз жүйесіне реконструкция жасалуы керек деп есептейді.
Құрылысы совет заманында басталып, аяқталмай қалған теміржолдың үстімен өтетін көпірдің жайын да ембіліктер жиі қозғайды. Ембінің теміржолдың екі жағындағы бөлігін жалғауға тиіс көпір туралы әкім "Пойыз қозғалысы кезінде теміржолдың екі жағында көлік нөпірі қалыптасады. Жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері кідіріп қалады" дейді.
Әкімнің сөзінше, жыл басында қала бюджеті 190 миллион 516 мың теңге болып бекітілген. Бұл қаржы қара әкімдігінің аппаратын ұстау, қаланың басқа да шығындарына жұмсалады. Ал жол, жарық, басқа да мәселелер бюджет есебінен шешілуі тиіс. Салықтан түсетін бюджеті 31 миллион теңге болатын шағын қала үшін мұндай ауқымды жобалар оңайға соқпайды.
Көшеде Азаттық тілшісін жүре тыңдаған тұрғындар арасында қала әкімі туралы сұрай бастағанда, қолын бір сілтеп, "Көркейіп кеткен ештеңесі де жоқ, сол баяғы Ембі" дегендер де болды.
Пікірін де, аты-жөнін де ашық айтудан қашпаған қала тұрғыны Кеңес Қойекенов "Әкімдердің халыққа жаны ашымайды" деп сынады. Ембіде туып-өсіп, қазір зейнет жасына жеткен тұрғын "Кемпіріміз екеуіміз 90 мың теңгедей зейнетақы аламыз. Азық-түлік күн сайын қымбаттап жатыр. Ол әкімдердің ойына кіріп те шықпайды" деп шағынды.
Ал әкім Райымбек Мұсағали "Менің деңгейімде шешілмейтін мәселелер де көп. Бірақ қол қусырып отырған жоқпын" деді.