"Жиған-тергенімізді әп-сәтте жоқ қылды". Тасқын күйзелткен ауылдың уайымы мен үміті

Тасқын су құлатқан тұрғын үй мен оның ауласына тігілген шатыр. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл

Қаратал – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Берсиев селолық округіне қарайтын, халқы малмен жан сақтап отырған ауыл. Екі мыңға жуық адамы бар елді мекен биылғы су тасқынынан қатты зардап шекті. Ауылдағы 236 үй түгелге дерлік тұруға жарамсыз болып қалған. Баспана мен малдан айырылу жергілікті халыққа қиын тиді. Тасқын салдарынан мектеп, фельдшерлік пункт, кітапхана мен клуб ғимараттары да қауіпті күйге түскен. Азаттық тілшісі Қараталдың қазіргі жағдайын көріп қайтты.

Your browser doesn’t support HTML5

"Бәрі күйзеліп отыр". Ақтөбе облысындағы тасқын қиратқан ауылдан репортаж

"БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ТАСҚЫН"

2024 жылғы 29 наурыз, таңғы сағат бес жарым шамасы. Қаратал ауылының шеткі көшесіндегі үйде тұратын Мұрабек Оспановтың қалта телефоны кенет шыр ете түсті.

– Ауылдан 20 шақырым жердегі Екпеталдың жігіттері екен. "Мәке, ауыл жүз пайыз суға кетті. Шатырда отырмыз. Қамдана беріңдер" деді. Орнымнан ұшып тұрдым, – деп еске алады Мұрабек Оспанов.

Топан су келе жатқаны жөнінде суыт хабар алған ауыл халқы үй-үйге жүгіріп, бірін-бірі ұйқыдан оятқан. Қарттар мен балаларды, аяғы ауыр әйелдерді көлікке сыйғанынша отырғызып, Қараталдан 25 шақырым жердегі Ойылға жіберген. Қолда бар ірі қараны Барқын құмына қарай айдаған.

Екпеталды жайпап өткен топан су араға жеті сағат салып, сол күні түске таман Қараталға да жеткен.

– Қашып үлгергендер мектепке барып паналады. Үлгермегендер қора-қопсы мен үй төбесіне, шөптің үстіне шығып, сонда қалды. Мен де басында үйімнің төбесінде отырдым. Су бой бермейтін болғасын, біреудің атына мінгесіп, мектепке жеттім, – дейді Қаратал тұрғыны Мұрабек Оспанов.

Қаратал ауылындағы тасқын құлатқан үйлер. 13 сәуір, 2024 жыл.

Әкімдік содан бірнеше күн бұрын жергілікті халыққа тасқын қаупі барын ескерткен. Бірақ жыл сайын көктемде Ойыл өзені таситынына еті үйреніп кеткен жұрт ауылды топан су басады деп ойламағанын айтады.

Оның үстіне, былтыр жазда Ойылдан шыққан кәсіпкер 15 млн теңге жұмсап, Қараталға ұзындығы екі шақырым болатын топырақ бөгет салып берген. Адамдардың соңғы сәтке дейін үміт үзбеуіне жаңа бөгет те себепкер болған.

Ауыл азаматтары бір апта бойы қапшықтап құм тасып, бөгетті мықтап бекіткен. Бірақ есіл еңбек еш болыпты.

Тасқын Қаратал ауылындағы автобус тоқтайтын аялдаманы орнынан жұлып алып, теріс қаратып кеткен. 13 сәуір, 2024 жыл.

Көнекөз қариялар Ойылдың бұлай тасығанын бұрын-соңды көрмегенін айтады. Тасқынның күштілігі сондай, ауылға кіреберіске бетоннан құйылған аялдаманы орнынан жұлып алып, теріс қаратып тастаған.

Фельдшерлік пункттің ауласындағы 25 тонналық цистернаны допша домалатып, 300 метрдей жерге апарған. Тасыған сумен келген сең жолындағының бәрін жайпап, мектеп пен кітапхананың, тұрғын үйлердің қоршауын қиратып кеткен.

Қаратал ауылындағы тасқын бүлдіріп кеткен үй. 13 сәуір, 2024 жыл.

Қазір Қаратал ауылы астаң-кестеңі шығып жатыр. Топан су ауылдағы үйлердің 98 пайызын бүлдірген. Құлап қалған, құлауға шақ тұрған үй көп. Алдымен саманнан соғылған үйлер сыр бергенге ұқсайды. Судан сау қалған саман үй таба алмайсыз. Іргелері үгітіліп, қабырғалары қақырап тұр. Қаратал ауылының тасқыннан кейінгі көрінісі көңіл құлазытады.

"АУЫЛ ТҮГЕЛДЕЙ КҮЙЗЕЛІП ЖҮР"

Азаттық тілшісі барғанда Мұрабек Оспанов тасқын құлатқан үйінің ауласында жүр екен.

Үйінді астынан бір шеті көрінетін қазіргі заманғы тұрмыстық техника, жиhаз бен өзге де бұйымдарға қарап, бұл отбасының тәп-тәуір тұрмысы болғанын аңғару қиын емес. Бірақ саманнан соғылған үй суға шыдас бермей құлап түскен. Қора-қопсы да қирап алған. Ауыл сыртындағы құмға айдап үлгермеген мал үлкен су қаптап келгенде қырылған.

Қаратал ауылында тұратын Мұрабек Оспанов тасқын су құлатқан үйін көрсетіп тұр. 13 сәуір, 2024 жыл.

– Менің 25 бастай ұсақ малым суға ағып кетті. Бұл биылғы төлді санамағандағы есеп. Құлын, бұзау, бір бас сиыр – ол да кетті. Қозы-лақ дегеннің есебі жоқ. Ауылда мұндай шығын көп. Қой-ешкілер бақырып ағыспен кетіп бара жатқанын көзіммен көрдім. Өмір бойы жиған-тергеніңді әп сәтте жоқ қылып жібергенін көру өте қиын екен. Адамның іші жылап тұрады. Мұны суға кеткен адам ғана түсінеді. Осының бәрі жұрттың өмірлік еңбегі. Ауылдастарым қазір түгел күйзеліп жүр, – дейді Қараталдың тұрғыны Мұрабек Оспанов.

Қаратал ауылында тасқын салдарынан қырылған ұсақ малдың өлексеcі тиелген трактор тіркемесі. 13 сәуір, 2024 жыл.

Судың беті қайтқаннан кейін ауыл көшелерінен теңқиіп-теңкиіп өліп жатқан төрт түлік көп табылған. Арам өлген мал басының көптігі сонша, тасқыннан кейін 15 күн өткенде де өлексе әлі жиналып бітпепті.

Ойыл ауданы Берсиев ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Шәуменов

– Су тасқыны болған бойда екі күннен кейін Ақтөбе облыстық ветеринария бөлімінен, ауылшаруашылық бөлімінен, аудандық ветеринария бөлімінен және осы өзіміздің ветеринарлар әкімшілік қызметкерлерімен бірге ауылды аралап, әр үйге кіріп, 450 бас қой-ешкінің өлексесін тапты. Одан бөлек 11 бас ірі қара, 7 бас жылқы және екі бота суға тұншығып қалған. Өлексенің бәрін бір жерге жинап, аудан орталығы Ойылдағы мал өлексесін көметін орынға әкетті, – дейді Берсиев ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Шәуменов.

Барқын құмының оңтүстік-батысында орналасқан Қаратал ауылы – малға жайлы жер. Ауыл халқының негізгі кәсібі де осы мал шаруашылығы. Қараталдықтардың таңы малмен атып, кеші малмен батады.

Ағайын-туыс, көрші-қолаңның аман екенін білген жұрттың құлап жатқан үй-жайына мойын бұрмастан ең алдымен малын түгендеуге кіріскені де содан. Бірақ әлі де түгендеп бола алмай жатыр. Өйткені ауыл ішіндегі су тартылғанымен, сырт жағындағы сай-сала әлі құрғай қоймаған. Сондықтан қараталдықтар тасқын ағызып әкеткен малдың нақты санын әлі білмейді.

Қаратал ауылындағы Шығанақ Берсиев атындағы мектептің ауласындағы қазан-ошақ. 13 сәуір, 2024 жыл.

Ауыл мектебі – топан су астаң-кестең қылған Қараталдың бас штабы іспеттес. Жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық көмек те осында. Астана мен Ақтөбеден хабар күткен жұрт оқтын-оқтын мектепке жиналады. Қаратал тұрғыны Баршагүл Майсобалақова әскерден келген жалғыз ұлы Азаматты да осы жерде қарсы алған.

– Баламның әскерден келгеніне екі күн болды. Ол келгенде шаңырағым ортасына түсіп, үйіміз құлап жатты. Осылай болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Май-қаймағымды жинап, етімді сүрлеп, құрт-ірімшігімді сақтап, осы күнді асыға күткен едім. Енді қазір не үй жоқ, не күй жоқ... Тоқсандағы әкем бар еді. Оған да қиын болып тұр. Әрі қарайғы күніміз қалай болар екен деп көп ойлап, уайымдаймын, – дейді көз жасын көлдеткен Баршагүл.

Әскерден келген Азамат шешесін бауырына тартып, "жыламашы" дегендей емеурін танытты. Бірақ жұқалтаң сары жігіттің жанары жылт-жылт етіп, өзінің де көңілі босағаны аңғарылды.

Баршагүл жалғыз ұлының төбесінен жай түскендей болмасын деп ауылдағы ахуалдың шет-жағасын хабарлап отырған. Ойыл өзені арнасынан шығып кеткенін Азамат ауылға жетпей тұрып шешесінен естігенін айтады.

– Ойыл ғана емес, Қазақстанның бірнеше облысында су тасып жатқанын білетінмін. Бірақ біздің ауылдың жайы тап осындай деп ойлаған жоқпын, – дейді ол.

ҚОРАДАҒЫ ҚОЗЫ-ЛАҚТЫҢ ҚАСЫНДАҒЫ ОНЛАЙН САБАҚ

Топан су жайпап өткен Қараталда қазір бала-шаға мен қарт кісі аз. Үлгергендері тасқын туралы суыт хабар тиген бойда, өзгелері одан кейін, эвакуация кезінде қауіпсіз жерге көшірілген.

Үйелмелі-сүйелмелі бес баласымен аудан орталығы Ойылдағы эвакуация орталығына барып, судың беті қайтқан соң Қараталға оралған Әлия Ысымғалиева қазір отбасымен бірге ауыл мектебін паналап отыр.

Әлия Ысымғалиева бес баласымен бірге Қаратал ауылындағы мектепті паналап отыр. 13 сәуір, 2024 жыл.

– Мектептің іші салқын. Еріктілер алып келген жылытқыштардың шамасы жетпей жатыр. Бұл өзі қыста да жылып қарқ қылмайтын ғимарат еді. Оқушылар қыстай сабақты сырт киімін шешпестен оқыды. Ауылымызға осыдан екі жыл бұрын газ келді. Неге екенін қайдам, сол кезде мектепке газ тартылмай қалған. Мектеп көмірмен жылиды. Қыстан қалған сапасыз көмір де кеше суға ағып кетіп, енді тоңып отырмыз, – дейді Әлия Ысымғалиева.

Тасқыннан кейін мектептің жертөлесіне су толып, қабырғалары жарылып тұр.

Шығанақ Берсиев атындағы мектептің ішкі көрінісі. Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы Шығанақ Берсиев атындағы орта мектептің 11-сыныбында оқитын 17 баланы облыс орталығы Ақтөбедегі интернатқа орналастырған.

– Қаратал ауылының балалары Ақтөбе қаласындағы Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған лицей-интернатқа 7 сәуір күні жеткізілді. Оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуына толық жағдай жасалған. Құрал-жабдықтары да түгел, – деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Қаратал ауылының тұрғыны Мұрабек Оспановтың қызы Інжу қоршау ішінде қозы-лақпен ойнап отыр. 13 сәуір, 2024 жыл.

Шығанақ Берсиев атындағы орта мектептің өзге оқушылары төртінші оқу тоқсанын онлайн фортматта жалғастырып жатыр. Екінші сыныптың оқушысы Інжу сабаққа қозы-лақ тұрған қоршаудың ішінде отырып қатысады. Сабақтан бос уақытында қозы-лақпен ойнайды. Інжудің әкесі Мұрабек Оспанов баласының қауіпсіздігі үшін осылай ұйғарғанын айтады.

– Ауылдағы екі үйдің бірі құлайын деп тұр. Біз шаруа қамымен жүргенде қызым үйге барып, үйінді астында қалып қояр деп қорқамын. Баланың аты – бала. Ол жердің қауіпті екенін қайдан білсін? Ойыншықтарын, ноутбугін аламын деп жүріп бірнәрсеге ұрынып қалар. Одан да қозы-лақтың қасында болсын, – дейді әкесі.

Кішкентай Інжу қас қарая әке-шешесімен бірге ауыл мектебіне барып қонады. Қабырғалары қақырап, бөлмелері азынап тұрса да қазір Қараталдағы жұрттың мектептен өзге барар жері жоқ.

"Тасқыннан мектептің қабырғалары жарылып, кей кабинеттің едені түсіп кетті. 300 бала білім алып жүрген мектептің қазіргі жағдайын көріп жылағым келеді. Өкімет ауылымызға жаңа мектеп салып берсе екен" дейді осы мектептің мұғалімі Райхан Елеуова (сол жақта). 13 сәуір, 2024 жыл.

– Мектебіміздің ғимараты 1976 жылы салынған. Топан су мұны да оңдырмады. Қабырғалары жарылып кетті. Кей кабинеттердің едені түсіп кеткен. 300 бала білім алып жүрген жер еді. Қазіргі жағдайын көріп жылағым келеді. Биліктен ауылымызға жаңа мектеп салып беруін сұраймыз, – дейді Шығанақ Берсиев атындағы мектептің мұғалімі Райхан Елеуова.

Су тасығанда мыңға жуық адамға пана болған қос қабатты мектеп ауылдағы ең биік, салыстырмалы түрде ең сапалы ғимарат саналады. Саманнан соғылған ауыл клубы мен кітапхана су таси бастағанда-ақ бірден сыр берген. Әлі салынып бітпеген спорт мектебін де су басып қалған.

Қаратал ауылында тұратын кәсіпкер Назгүл Ешпанова.

– Халық мектепке қамалып, бір жарым күн бойы көмек күтіп отырды. Бала-шаға ауырып , жан-жақтан жылап жатты. Ересектердің де жүйкесі сыр бере бастады. Ас жоқ, су жоқ, жарық пен байланыс та өшіп қалып, қатты қиналдық. 30 наурыз күні ауылға келген тікұшақ судың ортасынан қонатын жер таппай кетті. Ертесіне таң алдында қайта келіп, адамдарды эвакуациялай бастады. Оған дейін халыққа сүйеу болған жалғыз адам – осы ауылдың кәсіпкері Назгүл Ешпанова. Назгүл трактормен су кешіп барып, жеке меншік дүкеніндегі азық-түліктің бәрін мектепке алып келді. Қазір де жеке наубайханасынан күніне 100 бөлке нан пісіріп, халыққа тегін таратып отыр, – дейді Қаратал ауылының тұрғыны Максим Қасымжан.

Қимылы шалт, шалбар киіп алған ақсары келіншек ауылдасының сөзіне "Қойшы, бәрі де құдайдан қайтады" деп қысылыңқырап қалды. Назгүл Ешпанованың айтуынша, жұрт тап қазір азық-түліктен тапшылық көріп отырған жоқ. Қазақстанның түпкір-түпкірінен гуманитарлық көмек үздіксіз келіп жатыр. Жеке наубайханасы бар Назгүл түркістандықтар жіберген ұннан нан пісіріп, ауылдастарына таратып отырғанын айтады.

"ҚҰРҒАҚ СӨЗДЕН ШАРШАДЫҚ, НАҚТЫ ІС КЕРЕК"

Қараталда қазір жарық пен ауыз су бар. Жылу жоқ. Өйткені газ құбырын тасқын әр жерден жұлып кеткен. Тасқыннан кейін пайда болған ой-шұқырдың бәрі суға толы. Саман үйлер кез-келген уақытта жалп етіп құлап, астында адам қалып қою қаупі бар.

Тасқын салдарынан бүлінген үйдің ауласында еденге төсейтін линолеум кептіріп жүрген адамдар. Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл

Топан су халықты қатты есеңгіретіп тастаған. Екі аптадан кейін есін әрең жиғандар үйінді арасынан кәдеге жарайтындарын жинап жүр.

Тасқын салдарынан үйі тұруға жарамсыз болып қалған бір отбасы ауласына киіз үй, тағы бір отбасы шатыр тігіп алыпты.

Тасқын салдарынан үйі тұруға жарамсыз болып қалған бірнеше отбасы бірлесіп тұрып жатқан шатырдың жанында тұрған адам. Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл.

Жұрт қазір бұрынғыдай "менікі" мен "сенікін" білмейді. Қайғысы да, қазаны да ортақ. Өзін Қайратпын деп таныстырған азамат ауласындағы шатырдың бірнеше отбасына арнап тігілгенін айтты.

Құлағалы тұрған қабырғаны тіреп қойып, өз үйіне түнеп жүргендер де бар. Соның бірі – Данияр Қожин. Құлауға шақ тұрған саман үйді айналсоқтап жүрген Данияр "өз үйім – кең сарайым, боз үйім" деп күліп қояды.

Қаратал ауылының тұрғыны Мәдениет Елеуов тасқын салдарынан жартылай құлаған үйінің қабырғасына тіреу қойып жүр. 13 сәуір, 2024 жыл.

Данияр Қожин "әкімдіктегілер киіз үй әкеп береміз деп еді, сол кеткеннен мол кетті" деп қынжылыс білдірді.

Шығанақ Берсиев атындағы мектептің бірінші қабатындағы үлкен үш кабинет гуманитарлық көмекке толып тұр. Аумағы 40-50 шаршы метрдей болатын зал азық-түлікке бөлінген. Енді бір кабинетте киім-кешек үйіліп жатыр.

Ашқұрсақ жүрген ешкім жоқ. Бірақ қарынның тоқтығы жұрттың көңіліне медеу болмағаны аңғарылады. Көңілінде алаң көп.

Тасқыннан қатты зардап шеккен Қаратал ауылының тұрғыны Серік Ахметов

– Басымызға іс түскенде қолындағы нанын бізге бөліп беріп отырған азаматтарға алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Құдайдан қайтсын! Разымыз! Ауылымызға билік басындағылар да, депутаттар да үздіксіз келіп жатыр. Олардың "қаралып жатыр", "шешіледі", "сабыр сақтаңыздар" деген сөзінен шаршай бастадық. Тыңдағымыз да келмейді. Одан гөрі ауылға он тиегіш техника әкеліп, ең болмаса он үйді бұза бастаса, көңіліміз тоқ болар еді. Халық жан-жағына қарап, үміт оты оянар еді. Бос сөзде не пәтуа бар? Одан не пайда? Мұндайда жедел әрекет ету керек! Міне, жарты айдан асты. Сең соққандай болып сенделеміз де жүреміз. Бір уақ малды түгендеп келеміз де, ас ішіп, аяқ босатамыз. Тірлігімізде түк мағына қалмағандай, – дейді Қаратал тұрғыны Серік Ахметов.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылының тасқыннан кейінгі көрінісі. 13 сәуір, 2024 жыл.

Берсиев ауылдық округінің орталығы Қаратал селосы Қобда арқылы тіке барғанда Ақтөбеден 260 шақырым жерде. Бірақ тасқын Ойыл өзенінің үстіндегі көпірді бұзып кеткен. Сол себепті жұрт 29 наурыздан бері аудан орталығы мен бірнеше ауылға Темір ауданының жерінен өтетін айналма жолмен барып жүр. Айналма жолмен барғанда Ақтөбе мен Қараталдың арасы – 350 шақырым.

Тасқыннан қатты зардап шеккен Қаратал ауылында велосипед теуіп бара жатқан адам. 13 сәуір, 2024 жыл.

Су таси бастағалы Ақтөбе қаласы мен осы облыстың алты ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ойыл – төтенше жағдай жарияланған алты ауданның бірі. Облыста мыңдаған үй мен әлеуметтік нысанды су басқан. Екі жүзге жуық үй құлап қалған. Құлауға шақ тұрған үй одан да көп. Ресми деректе үш жүз үй әлі де суда тұрғаны айтылады. Топан су келтірген шығын әлі толық есептеліп біткен жоқ. Аймақта тасқын қаупі де әлі толық сейілмеді.