ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫНДАҒЫ ӨРТ
Мамырдың 16-сына қараған түні әлеуметтік желі қолданушылар Алматы қаласында түтін мен иіс тарағанын айтып, "дем алу қиындағанына" шағымданды. Мысалы, Бася Израиловна есімді қолданушы Facebook желісінде "Кеше кешке Қаскелеңде қоқыс полигоны өртенді. Әуелі Бішкек жаққа қарай түтін кетті. Желдің бағыты өзгеріп, түтін қала жаққа қарай тарай бастады..." деп жазды.
Жағымсыз түтін иісі әсіресе Алматы қаласының тауға жақын орналасқан бөлігінде қатты сезілді. Мұны таңертең осы аумақта кеңсесі орналасқан Азаттық тілшілері де байқады. Қала тұрғындары таңертеңгі сағат онға дейін жағымсыз иістің нақты себебін біле алмады.
Өрт туралы ресми ақпарат мамырдың 16-сы таңертеңгі сағат онға таман тарады. Алматы облыстық төтенше жағдай жөніндегі департаментінің хабарлауынша, өрт Алматы қаласынан шығарылған тұрмыстық қалдықты жинақтап, жоятын полигонда шыққан. Департамент өкілі Ерлан Қылышбаевтың айтуынша, өрт бір гектар аумаққа тараған.
Полигонды осыдан бірнеше жыл бұрын KAZ Waste Conversion компаниясы Қарасай аудандық әкімдігінен жалға алған. Бейсенбі күні Азаттық тілшілерін компания қызметкерлері полигон аумағына кіргізбеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Қарасай ауданындағы Әйтей ауылына жақын жатқан полигондағы өрт мамырдың 16-сы, түнгі сағат 2.00-де басталған деп хабарлады облыстық төтенше жағдай жөніндегі департамент.
- Қазір Қарасай ауданы әкімі мен облыс әкімінің бірінші орынбасары оқиға орнында жүр. Полигонға Алматы қаласынан шыққан қоқыс шығарылады. Өртті сөндіру үшін қосымша құрылыс техникалары жұмылдырылып жатыр, - деді Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер бейсенбіде Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында:
- Біз өртті бүгін сөндіруге тырысамыз. Ол жерде ашық жалын жоқ, бықсып жатыр. Қоқыс болған соң, түтін иісінің жағымсыз болатыны белгілі, - деді.
"ӨРТ СӘРСЕНБІДЕ БАСТАЛҒАН"
Азаттық тілшісі сөйлескен Әйтей ауылының тұрғындары қоқыс полигонындағы өртті мамырдың 15-і түстен кейін байқағандарын айтады.
- Кеше басталды, бүгінге дейін әлі тоқтаған жоқ. Қиын, зиян... Таңға жуық қиын болды иісі. Батыс жақтан жел соқса, ол иіс міндетті түрде бізге келеді, - дейді Әйтей тұрғыны Бекболат Рахметов.
Бұл сөзді Қарасай ауданы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақдәулет Тәліпов те растады.
- Өрт сөндірушілер түнде болған дейді. Қазір жоқ. …Негізінде кеше күндізден ақырындап басталған, - дейді Тәліпов.
Бекболат Рахметовтің сөзінше, ауыл тұрғындары полигонды жабуды сұрап бірнеше рет шағым жазғанымен одан нәтиже шықпаған.
АУА ҚҰРАМЫНДАҒЫ ҚАУІПТІ ЗАТ МӨЛШЕРІ
Азаттық тілшісі Алматы қаласының экологиялық ахуалына байланысты "Қазгидромет" мекемесіне хабарласқан еді. Өзін Айза деп таныстырған баспасөз қызметінің өкілі өртке байланысты сауалды Алматы қалалық экология департаментіне қоюға кеңес берді. Ал департамент өкілі Данияр Құрманбеков таңертеңгі сағат 11 шамасында Азаттық тілшісіне былай деді:
- Қазір "Қазгидрометпен" бірігіп, біздің экология департаментінің зертханасы стационарлық постарға шығып, сынақ (замер) алады. "Қазгидрометтің" автоматтық стационарлық посты "ауа құрамында зиянды заттардың мөлшері жоғары екенін" көрсетті.
"Өрт туралы ақпарат неге кеш тарады?" деген сұраққа Құрманбеков бұл оқиғаны өздері тек таңертең білгенін айтты.
- Өзіңіз ойлаңыз, түнгі сағат екіде... оны білген де жоқпыз. Таңертең жұмысқа келгенде сондай мәліметтер болды, - деді ол.
Тәуелсіз экологтар дерегіне жиі жүгінетін, Алматы қаласы ауасының ластану деңгейін өлшейтін airkaz.org жобасы мәліметінше, ауа құрамындағы PM 2.5 қауіпті бөлшегінің деңгейі Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат тоғыз жарым шамасында кей ауданда 133-ке жетті.
- Бұл - әрбір текше метрге шаққанда ауа құрамындағы PM 2.5 қауіпті бөлшегінің деңгейі. Ол неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар дегенді білдіреді. Тәулігіне орташа қалыпты норма - 25 микрограмм. Әдетте жылдың бұл мезгілінде 10 мен 30-ға дейін болады. Бұл қалыпты саналады. Қыста жағдай нашарлап кетеді. Кеше және алдыңгүні жағдай әлдеқайда жақсы болатын, - дейді жоба авторы Павел Александров.
"Құрылғы қаншалықты дәл өлшей алады?" деген сұраққа азаматтық белсенді "құрылғыларымның өлшеу дәлдігі 10 пайызды құрайды. Яғни, егер PM деңгейі 50 болса, құрылғыларым +-10 пайыз жоғары не төмен көрсетуі мүмкін" деп жауап берді.
Ол ресми орындардың өрт туралы ақпаратты дер кезінде таратпағанын сынады.
- Адамдар ақпаратты әлеуметтік желіден білді. Билік халыққа не болып жатқанын түсіндіруі керек еді. Себебі өрт түнде болды. Қазірге дейін (таңертеңгі сағат 10 шамасы - ред.) өрт туралы ақпарат шыққан жоқ. Неге өртенді? Төтенше жағдай жөніндегі комитет өрттің себебін айтпады. Арнайы органдар осыны бақылауы тиіс, - дейді Павел Александров.
Азаматтық белсенді бұған дейін Facebook парақшасына азаматтарды "аса қажеттілік болмаса көшеге шықпай, терезені жауып үйде отыруға" кеңес берген еді.
Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті бейсенбіде түске қарай тұрғындарды мессенджерлерде "ауада күкірт тотығының құрамы 70 есеге көбейгені" жайлы жалған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді.
"Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті респираторлар мен противогаз қолдану туралы нұсқау берген жоқ" делінген төтенше жағдай департаменті таратқан хабарламада.
Департамент "ауа құрамындағы қауіпті заттардың шекті шамадан аспағанын" айтып, Алматы тұрғындарын қатты алаңдамай, сабыр сақтауға шақырды.