"Алматы-2050" стратегиясы шаһарды "ақылды қалаға" айналдыра ала ма?

Алматы қаласының көрінісі.

Алматы қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын интернетте талқылап жатыр. Жергілікті билік Алматыны "шет аймағы жоқ", "ақылды әрі тең мүмкіндіктер" қаласына айналдырғысы келеді. Ал белсенділер "әкімі жиі ауысатын қалаға қысқа мерзімді жоспарлар пайдалы" деп санайды.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы-2050" даму стратегиясын қарашаның 21-іне халық талқысына ұсынған. Құжатта Алматы аумағының он жыл көлемінде кеңейгені инфраструктураға салмақ түсіп жатқаны, орталықтандырылған жылу жүйесі мен ыстық суға тұрғындардың 60 пайызға жуығының ғана қолы жетіп отырғаны, 23 ықшамауданда су құбыры мүлдем жоқ екені және көшелердің 30 пайызына жарық орнатылмағаны айтылады.

Даму стратегиясында алматылықтардың 39 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланатыны, 41 пайызы өз көлігімен жүретіні жазылған. Әкімдіктің пайымдауынша, жеке меншік көлік қалада ауаның ластануына және қаладағы жол-көлік апатына себеп болып отыр.

Алматы қаласының көрінісі.

"Сарапшылармен бірлесе отырып әзірленген" және "қоғамдық кеңес мүшелері мен қала белсенділерімен жан-жақты талқыланған" Алматының даму стратегиясындағы кейбір мақсаттар:

  • Тозған су құбырларының үлесін 45 пайызға дейін азайту;
  • Тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді 80 пайызға жеткізу;
  • Қоғамдық көлік қолданатындар санын 60 пайызға жеткізу;
  • Жол апатынан қаза табатындардын санын нөлге түсіру;
  • Қылмыс санын 100 адамға шаққанда беске дейін төмендету;
  • Мүгедек балаларды 100 пайыз инклюзивті біліммен қамтамасыз ету;
  • Көгалдандыру аумағын адам басына шаққанда 20 пайызға жеткізу;
  • Жұмыссыздықты 3,9 пайызға түсіру;
  • Жыл сайын келетін турист санын 7 миллионға жеткізу;
  • Халықтың 85 пайызы жұмысынан не аялдамадан бір қадам жерде өмір сүретіндей жағдай жасау;
  • Қаланы басқаруға барша тұрғынның араласуына мүмкіндік туғызу;
  • Жаһандық қаржы орталықтары индексінде (Global Financial Centres Index) алдыңғы елу елдің қатарына ену;
  • Бұдан бөлек, Алматы әкімдігі қаланы бейнебақылау мен адамды тани алатын интеллектуалды жүйелер орнатылған, ақылды, қауіпсіз, экологиясы таза, мәдени және креативті мегаполиске айналдыруды көздейді.

"30 ЖЫЛДА МҰНДАЙ ЖОСПАРДЫҢ ТАЛАЙЫН КӨРДІК"

Алайда кей белсенділер бұл стратегияның орындалатынына күмәнмен қарайды. Бұрын зейнетақы жинақтау қоры қауымдастығын басқарған қаржы сарапшысы Айдар Әлібаев мұндай әдемі жоспарлар тек қағаз жүзінде қалады деп есептейді.

Қаржы сарапшысы Айдар Әлібаев.

- Құжатта бәрі әдемі және дұрыс жазылған. Қаламыздың экономикасы жыл сайын бес пайызға өсіп, дамыса жақсы ғой. Бірақ соңғы 30 жылда мұндай бағдарлама, жоспар мен жобалардың миллионын көрдік. Даму стратегиясындағы мақсаттар 2050 жылы да орындалмауы мүмкін. Бұл жоспардың бәрі орындалуы қиын. Туризм қаланың катализаторы болады деп әдемі сөйлегенше, қазір жақсы қонақүй санын көбейтіп, инфраструктураны жақсартсын. Даму стратегиясында жазылғанды отыз жыл бойы айтып келеміз. Ешқандай қозғалыс, нәтиже, пайда жоқ. Одан да қазір арықтарды тазартып, көше саудасын, газет дүңгіршектерін қайта қалпына келтірсін. Алдымен адамға қажетті қарапайым істерді атқарса дейсің. Осыны жасап алып, 2050 жылға қол созуға болады, - дейді ол.

Әлібаевтың пікірінше, соңғы бес жылда жергілікті билік белсенділер көтеріп жүрген проблемалардың бір де біріне құлақ асып, шешкен емес.

Алматы іргесіндегі Көкжайлау.

- Бір ғана "Көкжайлау" мәселесін көтеріп, құрылысын тоқтаттық. Оның өзі президент "тоқтатыңдар" деген соң тоқтады. Өкінішке қарай, одан өзге мысал жоқ. Оларға тұрғындардың өтініші "қызықты" емес, себебі онда бөліп алатын миллиондаған қаржы жоқ. Мәселен, арық тазалаудан еш пайда жоқ. Біріншіден, ол арзан, екіншіден, ол үшін еңбек ету керек, - дейді экономист.

Бейбіт митингіге рұқсат ала алмай Алматы қаласы әкімдігімен соттасқан белсенді Әлнұр Ильяшев "Алматы-2050" құжатындағы "жұмыс кезінде қоғамдық диалог пен ашықтық халық пен билік арасындағы негізгі қағидаға айналады" дегенге күмәнданады.

Белсенді Әлнұр Ильяшев.

- Шын мәнісінде бізде билік пен халық қуласпақ ойнап жүр. Біз, белсенділер қайсыбір мәселенің шешуін талап етіп, сұрағымызға жауап алу үшін немесе есебін тыңдау үшін әкімдіктің артынан қуып жүреміз. Тіпті қарапайым қала маслихаты отырысына қатысуға келсек, "кейінге қалды, қашан болатынын айта алмаймыз" дейді. Жиындар жабық есік жағдайында өтеді. Меніңше, мұның себебі – қаржы. Өйткені бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кезінде Алматының экономикасы Қырғызстанның экономикасынан бірнеше есе артық деп айтқан еді. Демек, мұнда айналымда ақша аз емес, - дейді Ильяшев.

"Алматыны қорғайық" қозғалысының өкілі, эколог белсенді Абай Ерекенов – "Алматы-2050" құжатының талқылауында болғандардың бірі. Сөзінше, бір айға жуық өткен төрт-бес кездесуге онға жуық адам жиналып отырған. Жиында әрқайсысы өз ойын ортаға салған, бірақ қорытынды құжатты әкімдіктегілер өздері дайындаған. Белсенді бірқатар ұсынысы енбей қалғанын айтады.

Белсенді Абай Ерекенов.

- Негізгі талабымыз Алматыдағы барлық құрылысты тоқтату еді. Бұл ойды экологтар да, дендрологтар да, архитекторлар да құптаған. Бізде тұрғын үй мен бизнес орталықтарынан гөрі әлеуметтік ғимараттар жетіспейді. Құрылыс нормасы мен ережесіне сай әлеуметтік құрылыс салынғанда оның жанын көгалдандыру қажет. Бірақ бізде қазір құрылыс компаниясының мүддесі үшін бұрын баршаға заң болып келген бұл норма қазір тек ұсыныс болып қалды, - дейді ол.

Ерекеновтің есебінше, Алматыға қазір 400 балабақша мен 60 мектеп қажет. Бұл әлеуметтік нысандар салынса, көлік қозғалысы мен экологияға пайдасы тиеді.

- Мәселен, жазда қаладағы көлік 40 пайызға азаяды, себебі оқушылар демалыста. Ал күзден бастап ата-ана баласын қаладағы мектепке таси бастайды. Бұған қоса Алматыға 22 шаршы шақырым саябақ қажет. Себебі қала өте лас, шаң болып кетті. Ол шаңның улы екенін ғалымдар дәлелдеген. Ал ол шаңды жою үшін ағаш қажет. Біздің есебіміз бойынша, қаладағы бір автокөлікке кемінде екі ағаштан келуі керек. Әкімдік дайындаған құжатқа осы соңғы ұсынысымыз кірген екен, - дейді белсенді.

Экобелсенді жоспарды талқылағанда қаладағы көмір жағатын Екінші жылу электр станциясын (ЖЭС-2) жабуды ұсынған. Бірақ бұл ұсыныс құжатқа енбей қалған.

- Бірінші және үшінші ЖЭС газбен істейді. Ал екінші ЖЭС басында газбен жұмыс істеуге ыңғайланып салынған. Қаладағы ауаға елеулі зиян келтіріп жатқан екінші станцияны жабудың жолын ұсынған едік, ол жоқ, - дейді Абай Ерекенов.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұрт талқысына ұсынылған "Алматы-2050" даму стратегиясы туралы "Бәсекеге қабілетті қала қалыптастыру бағытында біз үшін даму басымдықтарын ұзақ мерзімге айқындап алудың маңызы зор. "Алматы-2050" стратегиясы – нақ осы талаптарға сәйкестендірілген құжат. Бұл – өзгерістерге дайын болып, күрделі сұрақтарға жедел жауап беру мен урбанизация дағдарысының алдын алуға жасалған нақты қадам" деген.

Құжатта қазір Алматы қаласының аумағы 702,2 шаршы километр болғаны, тұрғын саны 1,9 миллионға жеткені жазылған. Ал қалаға жақын елдімекендерді қоса алғанда 2,9 миллион адам бар.