Алматы облысы Талғар ауданындағы шағын ауылдардың бірінде жергілікті сырқат балаларды қоғамға бейімдеп, сауықтыруға күш салып жүрген "Ақжол-М" орталығының жетекшісі жекеменшік мекемесін "қайырымдылық қаржысымен қызмет етіп тұрған елдегі жалғыз сауықтыру орталығы" деп атайды.
Қайнар ауылындағы тар көшелердің бірінде орналасқан, таяуда ғана жөнделгені байқалатын екі қабатты ғимараттың үлкен қақпасы айқара ашық тұр. Аулаға кірген Азаттық тілшісін қолына азық-түлік толы пакет ұстаған орта жастағы әйел жымия қарсы алды.
Рушангүл Тоxтаxунова соңғы төрт жылда - "Ақ жол-М" дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылғаннан бері күннен бері үйінен гөрі осында көп жүретінін айтады. Бірнеше жыл бұрын қызы Малика церебральды сал ауруымен туған соң, өзі тұрған Талғарда қажетті ем-дом мен жаттығу жасайтын ешбір орын таппай, қалаға қатынап жүрген. Арнайы аппараттар мен тренажерлер арқылы емдейтін Астанадағы орталықтардың біріне барғанда Рушангүлге өз қызы сияқты ерекше күтімге мұқтаж, бірақ ата-анасының өзге жаққа баруға мүмкіндігі жоқ балаларды шынықтыратын орталық ашу туралы ой келеді.
- Аз ғана баламен жұмыс істейміз деп жоспарлағанымызбен, қызым секілді кішкентайлардың Талғарда өте көп екенін білдік те, сауықтыратын орталық ашуымыз керек деп шештік, - деп Рушангүл әңгімесін бастады.
Орталық жетекшісі сұхбат беріп отырған жер у-шу. Азаттық тілшісі екеуара сөйлесуге ыңғайлы жер бар-жоғын сұрағанда "мұнда бала жүрмейтін бөлме де, жеке кабинетім де жоқ" деп күлді ол. Асханада әңгімелесіп отырған Рушангүлдің қасына сонда жүрген балалардың бірі алдына отырғысы келіп еркелеп, бірі әлденені ымдап, жымиып келгіштей берді. Әрбірі келген сайын Рушангүл атын айтып, тілшілермен таныстырып, кеткен соң сыбырлап диагнозын айтады - балалардың бірі естіп-сөйлей алмайды, кейбірі церебральды сал ауруымен туған, енді бірінің аутизмі бар.
- Кішкентайларды диагнозына қарай бөліп-жармай, барлығын ғимарат ішінде араластырып тастадық. Осында бәрі бірге жүреді. Мұның нәтижесі зор болды. Жүре алмайтындары басқалардан қалмау үшін барын салады. Мәселен, спортшы зағип баламыз жарысқа бара жатқанда қолы істемейтін досының сөмкесін көтеріп жүреді. Бірі жол бастайды, бірі заттарды көтереді, - дейді Рушангүл.
ЖЕТЕКШІ РУШАНГҮЛ
Рушангүл Тохтахунова "Ақ жол-М" ұйымын "xалықтың қаржысымен ашылып, елдің қайырымдылығы арқасында жұмыс істеп тұрған Қазақстандағы жалғыз сауықтыру орталығы" деп атайды.
Сырттай қарағанда балабақшаға ұқсайтын екі қабатты ғимаратта баспалдақтар кілем төселіп жұмсартылған, қабырғаға ұстайтын ағаштар қағылған демесеңіз, ойнаған баланы өбектеп, көз алмай қарап жүрген адам байқалмайды - бәрі емін-еркін. Рушангүлден: "Балалардың ата-анасы қайда?" деп сұрағанда ол: "Бірі - жұмыста, бірі шаруаларын бітіріп жүрген болуы керек" деді. Ол ерекше күтімге мұқтаж ана мен әке бір сәт өзіне уақыт бөліп,қоғамнан бөлектеніп қалмауы керек деп санайды.
- [Орталыққа балаларын әкелетін] әке-шешенің 30 пайызы ғана бірге тұрып, баланы бірге емдеп жүреді. Бастапқыда бар ақшасын жұмсап жүреді де, біраз жылдан кейін еңсесі түсіп, жүйкесі тозып, ажырасып жатады. Олар баланың денсаулығын аз-аздан болса да жақсартып, өмір бойы жұмыс істеу керегін түсінбейді, - дейді ол.
Рушангүлдің сөзінше, орталыққа есейіп қалса да, әлі әріп танымайтын мүгедек балалар да келеді. Ол мұндай баласы бар отбасылардағы аналардың мойнында тамақ істеу, кір жуу, үй жинау сияқты міндеттің көптігін айтады.
- Олар (баласын емдеу үшін) үйінен алыстап ешқайда шыға алмайды. Баланы тамақтандырып, теледидардың алдына отырғызып қояды. "Бастысы бала тоқ қой" деп ойлайды. Өскен соң бала өзінің ерекше екенін түсініп, әрі жазып-сыза алмайтынынан ұялып, қуыстана бастайды да, ұяң боп қалады, - дейді ол.
Рушангүлдің ойынша, мемлекет пен қоғамның мүгедек балаға көзқарасы совет кезеңімен салыстырғанда біршама өзгерген.
- Бұған жағдай итермелейді. Себебі жыл сайын ерекше күтімді қажет ететін балалар саны өсіп жатыр. Үш жыл бұрын Талғарда мүгедектігі бар 600 бала болса, қазір 900-ге жетті. Бала 18-ге толған соң ересек мүгедектікке көшеді ғой. Сол кезде мүгедек балалар саны азаюы тиіс еді. Бірақ түскен жоқ. Керісінше, артып жатыр, - деді ол.
Азаттық тілшісімен әңгімелесіп отырғанда Рушангүлдің телефонына да тыным болмады: қоңырау шалушылар я орталықтың мекен-жайын, я Айтқа орай жайылғалы жатқан дастарxаны қаншада екенін сұрайды. Тілшілерді кішкентай баласын қолына алып, жаттығу істетіп жүрген екі-үш ананың бірімен таныстырды да, Рушангүл "мерекелік шараға қамданайын, кешіріңіздер" деп шығып кетті.
ҮМІТІ ЗОР АНА
Орталықта Азаттық тілшісі әңгімеге тартқан аналардың көбі ұяң. Сөйлесуге ешбірі аса ықыласты болмады. Тек жасы 40-қа таяп қалған, орталық қызметкерлерімен күлімдей сөйлесіп жүрген әйел ғана сұрақ қойып, сұхбат алуымызға қарсы болмады. Әйел өзін "Жаннат Қауынбаевамын, алты баланың анасымын" деп таныстырды. "Жұмыс істемеймін, қазіргі жұмысым - мына қызым" деп күлімдеп қолындағы баласына қарады.
- Қызымда даун синдромы барын туа сала білдік. Перзентханада анализ алып, осындай диагноз деп айтты. Ол кезде әрбір анаға қиын. Өте ауыр болды. Бірінші рет есту, - деп көңілі босай сөйледі ол.
Жаннатпен сөйлесіп тұрғанымызда бірнеше рет көзі жасқа шыланғанымен, онысын байқатқысы келмегендей, төрт жастағы қызын қапсыра құшақтап, жасын сүртіп, терең тыныстаған соң әңгімесін жалғастырды.
- Осы орталықта ғана ақысыз ем аламыз. Шыны керек, мына Талғардың өзінде тегін невропатолог жоқ. Біз ақылысына барамыз. Ол әрқалай: бірде болады, бірде болмайды. Сондай бір керемет невропатолог жоқ. Шын ниетімен қарайтын. Сол жағы өкінішті. Медицинаның көбі бірақ ақылы ғой. Мүгедектік анықтамасы болса да, көбі ақылы. Тек осы жерде ғана біз ақысыз ем ала аламыз, - деп жанында тұрған орталық қызметкерлеріне алғыс айтқандай ишара білдірді.
Жаннат апай қызының еміне бірден кіріспегеніне, уақыт жоғалтқанына өкінетінін айтты.
- Жаңа туған кезде бастап "бұларға ешқандай ем жоқ, бұлар емделмейді" деген соң жүре бергем. Сол кезден бастап массаж алып, сол кезден бастап жүгіру керек екен, - дейді ол.
Анасына әлденені нұсқап, өзінше күбірлеп сөйлеп тұрған қызына қарап:
- Әлі болашағы жарқын деп ойлаймын. Соған сенемін. Қызым әлі сөйлеп, өмірде өз орнын тауып кетеді деп сенемін, - деді Жаннат.
ЖАТТЫҚТЫРУШЫ АЛЕКСЕЙ
Ғимараттың екінші қабатындағы xолға жаттығу істеуге арналған жұмсақ кілемдер төселген. Мұнда балалар емдік дене шынықтырумен айналысады. Бұрын шынықпаған, я ерекше назарды қажет ететін балалар кезек-кезегімен жеке келеді. Арадағы шағын үзіліс кезінде жаттықтырушы Алексей Басакинмен таныстық.
- 25-темін. Көзім нашар көргеннен кейін арнаулы мектепте оқығанмын, көзі көрмейтін балалар оқитын жерде. Содан кейін республикалық медициналық колледжде әдейі осындай көзі көрмейтін балаларға массаж үйрететін топ бар. Сол жерде оқыдым. Кәдімгі сап-сау адамдармен жұмыс істедім, - деді ол.
Алексей қазақшаны да сол арнаулы мектепте үйренген. "Кәсіби маман болсаңыз да, физикалық ерекшеліктеріңізге қарай шеттетілетін кездер бола ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына ол:
- Барлық жерде есік ашық. Кейде елдер білмегеннен кейін ғой, күлкілі сұрақ қояды. "Қалай көрмейсің?" дейді. Көзі көрмейтін адамдар таяқ ұстап жүреді ғой. Соны "Мынау қармақ па?" деп сұрайды, - деп күліп жауап берді.
Мұнда істегеніне бір жылға жуық уақыт болған Алексей балалардың қимыл-қозғалысынан-ақ ата-ананың баламен жұмыс істеген-істемегені көрініп тұратынын айтады.
- Ең өкініштісі, көбіне дәрігерлер церебральды сал балалар емделмейді деп ойлайды, - дейді ол.
Сәлден соң Алексей келесі баланы шақырып, жаттығу жасата бастады. Ақырын басып келе жатқан кішкентай қызды асықтырмай күтіп, үйреткен жаттығуларын қайта жасатып, қате істегендерін алдымен өзі көрсетті де, бірге жасады.
ӘНШІ БАШЕН
Орталықта жүрген балалардың диагнозы ғана емес, жас шамасы да әр түрлі. Қастарына келіп, сөйлесуге тырысқан тілшіден кейбірі балаға тән әдетпен қаша жөнеледі, я ұялып, үнсіз күлімдеп тұра қалады. Ересектеу бір қыз бала Азаттық журналисінің жанына келіп, "орталықтағы бөлмелерді аралатып, таныстырайын" деп ниет білдірді.
Аты Башен екен. Жасы - 15-те. Әңгімешіл. "Музыкаға алты жастан бастап құштар болған" ол өзі жайлы көңілді баяндады.
- Менің арманым - музыка мектебінде сабақ беру. Өз музыка мектебімді ашсам деймін. Тағы бір арманым - анық жүріп кету. Әзірге 20-30-ақ қадам жасай алам. Өзім ұзақ жүре алмаймын, - дейді ол.
Бірақ Башен қазіргі күйіне де қатты қуанады.
- [Орталыққа] келген кезде кәдімгідей төрт аяқтап жүретінмін. Жаттығудың арқасы ма, ем-домның арқасы ма, қазір енді ештеңені ұстамай жүретін болдым, - деді ол.
Видео: Халық қаржысымен ашылған бейімдеу орталығы
Your browser doesn’t support HTML5
Бес жылдан бері домбыра класында оқитын Башеннің түрлі сайыстарда жеңген ондаған дипломы мен екі-үш медалі бар. Әңгіме арасында анасын жиі айтады.
- Менің айтқым келетіні, бұл - менің арқам емес. Менің анамның арқасы. Анам апарып жүреді, сүйрейді, - деді ол.
"Ақ жол-М" дене шынықтыру-сауықтыру орталығының жетекшісі Рушангүл Тохтахунованың айтуынша, орталықта жылдар бойы емделіп, денсаулығын едәуір жақсартқан Башен секілді бірнеше бала бар.
Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2016-2017 оқу жылында Қазақстанда 145 мыңдай баланың ерекше оқыту мұқтаждығы бар екені анықталған. Ал ел бойынша церебральды сал ауруына шалыққан 19 мыңнан астам баланың тек 20 пайызы мемлекет есебінен квота алып, ірі қалалардағы санаулы реабилитация орталықтарында бірнеше апталық оңалту курсынан өтеді. Ал квотаға қолы жетпеген мыңдаған бала оңалту орталықтарында орын жетпейтін болған соң жылдап кезек күтеді. Соңғы уақытта сырқат перзенттерін өз қаржысымен шетелге емдеуге апарып жүрген немесе әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы көпшіліктен және демеушілерден қаржылай көмек сұраған ата-аналардың да саны артып келеді.