Көкжайлауды қорғауға арналған Kоk-Jaılıaý basqosý шарасы басталды

Алматыда әкімдік ұсынған "Көкжайлау" тау курорты жобасына қарсы азаматтар Kоk-Jaılıaý basqosý шарасының бірінші отырысын өткізіп, жобаны тәуелсіз талқыға салды. Барлығы осындай үш кездесу өткізу жоспарланған.

Биыл күзде Алматы қаласы әкімдігі бастапқы жобаны қайта қарап, біраз жерін қысқартқан. Бірақ қоғам өкілдері билік жоспарымен әлі де келіспейді. Олардың айтуынша, қонақүй, кафе, инфрақұрылым нысандарын салу таудың экологиялық жүйесіне үлкен зиян келтірмек. Осы кезге дейін "Көкжайлауды сақтау үшін" петициясына 48 мың адам қол қойған.

"Көкжайлау" курорты құрылысын талқылау. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

ЭКОЛОГТАР НЕ АЙТТЫ?

Kоk-Jaılıaý basqosý шарасында сөйлеген "Зеленое спасение" тәуелсіз экологиялық бірлестігі жетекшісі Сергей Куратов мәселені былай сипаттады: "Жоба жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түріне қатер төндіреді, тау экожүйесін нашарлатады.

Көкжайлауда Қызыл кітапқа кірген 16 өсімдік бар. Қызыл кітапқа кірген жануарлар саны бесеуден асады (ілбіс, Түркістан сілеусіні, Тянь-Шань қоңыр аюы, ақтөс сусар, бүркіт). Курорт нысандарын салу үшін 880 ағашты кесіп, курортқа баратын жол салу үшін 5423 ағашты отамақ (оның ішінде 433 Сиверс алмасы, 180 кәдімгі өрік бар, екеуі де Қазақстанның Қызыл кітабына кірген)".

"Зеленое спасение" ұйымының жетекшісі Сергей Куратовтың сөйлеп тұрған сәті. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

Сергей Куратов айтқан тағы бір мәселе – сел, көшкін жүру қатері, тас құлауы, Алматы ауасының одан әрі ластануы.

Оның пікірінше, Көкжайлау шатқалында тау курортын салудың қаншалықты орынды екенін Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағындағы жалпы экологиялық жағдаймен бірге қарастыру керек, Көкжайлауды жер қорына ауыстырмай тұрғанға дейін ол ұлттық саябаққа қарайтын.

Куратов жағдай нашарлап бара жатқанын айтады. Шаруашылық жұмыстарын жүргізу кесірінен аумақтың біраз бөлігінде өсімдіктер жойылған, топырақ ластанып, эрозияға ұшырап жатыр, мал жайылып жүр, су қорғау аймағында бірнеше нысан тұр. Туризм бақылаусыз қалған, аумақты бөлу салдарынан экожүйе бөлшектеніп, қираған, бұзылған ғимараттар бар. Осының бәрі "орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен ұлттық саябақ әкімшілігінің нашар жұмысының салдары" дейді Куратов.

ЭКОНОМИСТЕР ПІКІРІ

Экономист Қасымхан Қаппаров жобаның қаржылық жағы туралы айтты. Оның пікірінше, жоба пайдалы емес, көп қаржы салғанымен, оның мемлекетке қайтуы екіталай.

Экономист Қасымхан Қаппаров "Көкжайлау" курорты құрылысын талқылаған жиында сөйлеп тұр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

Қаппаровтың сөзінше, құрылысқа 200 миллион доллар салу жоспарланған (30 миллион долларға жуық қаржы жұмсалып қойған). Қаппаров көршілес Қырғызстанда салынғалы жатқан екі тау шаңғысы курортының шығынын мысалға келтіреді: "Чон-Кемин" (20 километр шаңғы трассасы) – үш миллион доллар, "Ак-Тюз" (27 километр трасса) – екі жарым миллион доллар.

Қаппаровтың айтуынша, "Көкжайлау" курорты жергілікті бюджет есебінен салынбақ. Алматының 2018 жылғы жылдық бюджетіне қарасақ (1,1 миллиард доллар) 200 миллион доллар 17 пайызды құрайды.

Алматы бюджеті жергілікті салықтан құралады, яғни, алматылықтар кіріс салығы ретінде төлейтін соманың орта есеппен 50 мың теңгесі Көкжайлау курортын салуға кетеді. Қаппаровтың айтуынша, жалақысы аз адамдардың (экономист дәрігерлер мен мұғалімдерді мысалға келтірді) айына 200 мыңнан көп табатындарға қарағанда курортқа қосар "үлесі" аз болады.

Қасымхан Қаппаров 200 миллион долларды «Көкжайлау» курорты құрылысынан басқа қайда жұмсауға болатынын көрсетіп берді. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

БАЛАМА ЖОБА

Жобаға қарсылар Іле Алатауында тау шаңғысы курортын салуға қолайлырақ басқа жерлердің бар екенін айтады. Олар "советтік кезеңде салынған, қазір қараусыз қалған нысандарды қалпына келтірейік" дейді. Белсенділер "Көкжайлау" курортына балама жоба да ұсынып, ол "арзан әрі экологияға зияны аз" дейді.

Қаржыгер Дмитрий Жуковтың айтуынша, жобаға сай Көкжайлауды ұлттық табиғи саябақ құрамына қайтадан қосу керек, экосоқпақ салып, адамдарды тартатын орындарды (бұлақ, сарқырама, аялдау орындары, шолу бекеттері) қорғау керек; дүкен, кафе және ақпараттық орталықтарды жолдың басына ғана салу керек. Келушілер қалдық заттарын өздерімен бірге алып кетуге тиіс, оны ұлттық саябақтың арнайы қызметі бақылауы керек. Атпен серуендеу және велосипед туризмін дамыту қажет.

Қаржыгер Дмитрий Жуков "Көкжайлау" курорты құрылысы жайлы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

Балама жоба бойынша соқпақ бойына демалатын және ас ішетін орындар ретінде киіз үйлер тігу қажет. Кейбір жерлерге экологиялық отынмен жүретін шана-шаңғы көтергішін салса болады.

Бұл шара - Kоk-Jaılıaý basqosý атауымен өтетін үш отырыстың біріншісі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы жылы тағы екі шара – фотосурет көрмесі мен стрит-арт-сессия өтпекші.

Kоk-Jaılıaý basqosý жиынының модераторлары Елизавета Цой және Гүлнәр Каримова. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

ДАУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Алматыға жақын "Медеу" мұз айдынынан төрт километр қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасы 2002 жылы көтерілген. Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін айтады. Қалалық әкімдіктің пікірінше, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды.

Көкжайлаудың шығыс бөлігінің көрінісі. 9 ақпан 2017 жыл.

2015 жылы жоба "экономикалық дағдарыс пен қоғам наразылығы" салдарынан тоқтатылған. Бірақ екі жылдан соң қайта басталып, дау да қайтадан өрбіген. Тамыз айында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек курорттың "жаңа концепциясы" жасалғанын мәлімдеген.

Оның айтуынша, Көкжайлау шоқысына түсетін "экологиялық салмақ айтарлықтай азайған" және жобаға "түбегейлі оңтайландыру" жасалған. "Қоғам бізді қолдамаса, әлбетте, жобадан бас тартамыз" деп мәлімдеген әкім.

Жобаға қатысты соңғы қоғамдық тыңдау биылғы қарашада өткен. Онда жаңа концепция таныстырылды. Жоба ауқымы азайтылып, шығын көлемі де кеміген. Бұған дейін маусымда Алматыда өткен баспасөз конференциясында Almaty Mountain Resort жетекшісі Наиль Нуров жобаның әлеуметтік жағы туралы, оның барлық жастағы және әлеуметтік топтағы адамдарға (ересектер мен балалар, дені саулар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар) арналғанын айтқан еді.

"Көкжайлау" курортының жобасы. Өзен маңында тектоникалық жарық болуы мүмкін. Алматы, 4 қараша 2018 жыл.

Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралды. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түсті.

Көкжайлау курорты туралы дау Қазақстан ғана емес, басқаларды да алаңдатып жатыр. 2017 жылы Орхус конвенциясын сақтау мәселелері жөніндегі комитет Қазақстанның жобаны талқылауға қоғам өкілдерін қатыстыру ісінде Конвенция талаптары мен жергілікті заңнаманы сақтамаған деп тапқан.