Алматыда 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні "Феминита", "КазФем", "SVET", "ФемАгора", "ФемСреда" қоғамдық ұйымдары белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеруге шықты. Бұған дейін Алматыда әлеуметтік-саяси талаппен өтеді деген митингілерге жергілікті билік рұқсат етпей, наразылық білдіруге шыққандарды қоршауға алып, кейбірін ұстап әкететін. Ал бұл осы жолғы акцияға қала әкімдігі 13 ақпанда келісім берген. Бұл - феминист белсенділердің биліктің келісімін алып өткізген алғашқы акциясы.
"Әр әйел - жалғызым!", "Феминизм Қазақстанды құтқарады!" ұрандарымен шеруге келгендер таңертеңгі сағат 11-ден өте Шевченко көшесінің Айманов көшесімен қиылысындағы Ганди паркіне жиналды.
Сағат 13:00 кезінде олар осы жерден бес шақырым қашықтағы Ғылым академиясы ғимараты алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішін бетке алып, жаяу шеруге шықты. Көше бойымен жүрген жүздеген адамның арасында әйелдермен бірге ер азаматтар да болды. Кейбіреулер акцияға кішкентай баласын алып келіпті. Шеру арасында мүгедек арбасында отырған әйелдер де көзге шалынды.
Your browser doesn’t support HTML5
Шеруге шыққандар "Әйел құқығы - ел құқығы!", "Қыз бұйым емес", "Тұрмыстағы әлімжеттікке қарсы заң керек!", "Теңдік заман орнайды" деп ұрандады.
Олар ұстаған плакаттарда әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуді тыю, әйелдердің білім алу, еңбек ету, саяси құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету туралы талап жазылған.
Шеру кезінде әйелше киінген жас жігіттің басындағы парикті біреу "провокатор" деп айғайлап, жұлып алды. Іле-шала екеуін де полицейлер қолынан ұстап, алып кетті. Парикті жұлып алған азамат журналистерге өзін "Ресентимент клубы" өкілі Олжас Қожахметовпін деп таныстырды. Кейін Алматының Алматы аудандық полиция басқармасының өкілі, полиция майоры Айдар Нағашыбек Азаттыққа екі азаматтың "бұзақылық" күдігімен ұсталғанын айтты.
Жүздеген адам қатысқан шеру Ғылым академиясы алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдына жеткен соң митингіге ұласты.
Бүгінгі акцияны ұйымдастырған "Феминита" феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қазақстанда лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды. Секербаева пікірлестерімен бірге Қазақстанда феминистер шеруін өткізуге биліктің рұқсатын алуға 2017 жылғы 8 наурыздан бастап талпынғанын айтты.
– Біз, "Феминита" – лесби, бисексуал, квир, транс әйелдер құқығын қорғаушы феминистерміз. Сонымен қатар, жыныстық қызмет көрсетіп жүрген әйелдердің адам құқығы, қадір-қасиеті бар екенін баса айтамыз. Шешемнің маған қалдырған өсиеті бар еді, кең болсаң, кем болмайсың деген. Құрбыларым, достарым, сіздерге былай деп айтқым келеді: Қазақстанда лесби әйелдер бар, оның бірі – мен. Өзге әйелдердің құқығы бар, оны қорғаушының бірі – мен. Болсаңыз кең, болмассыз кем, болсаңыз кең, боламыз тең, – деді митингіде сөйлеген Гүлзада Сержан.
Митингіде сөйлеген феминистер өкілі Арина Осиновская шараға қатысушылардың кейбірі осыған дейін бейбіт акция өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылғанын, ал [билік келісімімен] өткен бүгінгі шеру тарихи оқиға болып қалатынын, ал болашақта қала көшесіне бұдан да көп адам шығады деп сенетінін айтты. "Әйел белсенділігі дегеніміз – өмір үшін күрес. Тұрмыстағы зорлық құрбаны болған, жеке басын қорғағаны үшін түрмеде отырған, үнсіз отырудан бас тартқан әр әйел үшін күрес" деді ол.
Осыдан бес жыл бұрын балғын жасынан сексуалдық зорлық көргенін ашық мәлімдеген Мөлдір Албан бүгінгі митингіде "Свет" қоғамдық қоры атынан сөйледі.
– Мен бүгін зорлық-зомбылықты басынан өткерген, кешегі бала шағында жақын туыстарынан, өзіне таныс, сеніміне кірген адамдарынан сексуалдық зорлыққа ұшыраған қыз-келіншектердің, сенген серігінен соққы алған әпке-сіңлілерімнің атынан шығып отырмын. Бұл проблема біздің ортада көбеймесе, азайған жоқ. Біз бүгінгі таңда өзімізді көкала қойдай ғып ұрып-соққан ерімізді заң жүзінде қалай жазалауды да білмейміз. Неге? Өйткені заңымыз осал, күресуге ынтамыз аз. Заң зорланғанды емес, зорлағанды, жәбір көргенді емес, қорлағанды жақтайды, - деді Мөлдір Албан.
Жиында сөйлеген кей белсенділер Қазақстанда тұрмыста әлімжеттік көрсеткен адамды әкімшілік емес, қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартатындай заң өзгерісін енгізуге үндеді. Олар қоғамда және тұрмыста қазақ әйелдерінің құқығы жиі бұзылатынын, "зорлық құрбандарына заң араша түспейтінін" айтты.
– Қазақстанда әйел ер адаммен бірдей еңбек етсе де, оған 35 пайыз аз ақша төлейді. Жылда әрбір төртінші әйел отбасында зомбылық көреді. Елде әр үш сағат сайын бір әйелді зорлайды. Жыл сайын Қазақстанда үш мың қызды күйеуге береді. 2020 жылғы карантин кезінде 56 әйелді күйеуі өлтірген. Мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты әйелдер, лесби және транс-әйелдерге ат қойып, айдар тағады; шағын қала мен ауылда тұратын әйел көбіне қарапайым нәрсеге қол жеткізе алмайды; қамауда отырған әйел зорлық көреді, заң оларды қорғамайды, – деді "КазФем" феминист тобының өкілі Эйри Асиева.
Дүйсенбідегі акцияға қатысушылардың кейбірі Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") бойынша үстінен қозғалып, айып тағылған белсенді әйелдердің суреті мен оларды қудалауды доғаруды талап еткен жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Бірақ Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдындағы митингіде оларға сөз тимеді.
– Қазір түрмеде отырған, саяси тұтқын атанған қыздарымызды босатуды, Еуропарламенттің 11 ақпандағы қарарын орындауды биліктен талап етіп сөйлейік десек, бізге сөз бермей тұр. Біз бүгінгі акцияға сол қыздарымызды босатуды талап етіп шықтық, – деді өзін Жанна Ынтымақова деп таныстырған адам.
Бұған дейін шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жұртты 8 наурызға жоспарланған шеруге қатысып, "әйелдерге, аналар мен қыздарға" қолдау білдіруге және биліктен адам құқығы мен бостандығын бұзбауын" талап етуге үндеген. Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салса, Еуропарламент оны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда ҚДТ мен сот қызметіне тыйым салған тағы бір тіркелмеген ұйым – "Көше партиясының" қызметіне араласқан деген айыппен үстінен іс қозғалып, қамауда отырған, тергеліп жатқан, кейбірі жауапқа тартылған 250-дей адам бар. Олардың арасында әйел белсенді аз емес.
Алматыдағы алғашқы рұқсат етілген феминистер митингісі белгіленген мерзімде, жергілікті уақытпен 15:30-да аяқталды. Митингіге дейін шеру кезінде журналистерге өзін "Ресентимент клубының" өкілі Олжас Қожахметовпін деп таныстырған бір азамат әйелше киінген жігіттің басындағы паригін жұлып алған, екеуін де полиция алып кетті. Бұдан өзге тосын оқиға болған жоқ, адамдар бейбіт жиын аяқталған соң тарап кетті.
Алматы әкімдігі феминистер шеруін өткізуге 13 ақпанда келісім бергені хабарланған соң әлдекімдердің белсенділерге қоқан-лоқы көрсеткені туралы хабар тараған. Әлеуметтік желілерде бұл шерудің өтуіне қарсы қолданушылар пікірі де жарияланған.
"Феминита" тобының белсендісі Жанар Секербаева 22 ақпанда полицияға шағым жазды. Оның сөзінше, Иван Феоктистов есімді азамат әлеуметтік желіде Жанарға және қазақстандық "Феминита" феминистер бастамасына қоқан-лоқы мен балағат сөздер жазып, 8 наурызға жоспарланған Әйел маршын өткіздірмеуге бар күшін салатынын айтқан. Полиция шағымды тіркеген.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы тұрмыстағы әлімжеттікті "тұрақты кездесетін проблема" деп атайды. Ішкі істер министрлігі былтыр қыркүйекте полицияға тұрмыстағы әлімжеттікке байланысты түскен 130 мың шағымның тек 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. 30 мың шағымның негізінде әкімшілік іс қозғалған. Ал өзге жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.
БҰҰ есебіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел көз жұмады.
Алматыда осындай марш тура бір жыл бұрын, былтыр 8 наурызда да өткен. Ұйымдастырушылар "қаралы шеру" деп атаған акцияға екі жүзден астам адам қатысқан. Олар тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қаза тапқан әйелдерді еске алып, аза тұтқан. Шараға қатысушылардың "Әр әйел – жалғызым" деген жазуы бар гүл шоғын өртеуін полиция "бұзақылық" деп тауып, екі белсендіге айыппұл салған еді.
Сол кезде халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігінен әлгі екі адамға шығарған шешімін жоюды талап еткен. HRW биліктің белсенділерді "пікірін еркін айту құқығын пайдаланып, қоғамға еш қауіп төндірмейтін әрекетіне" бола жазалағанын айтқан.
Былтыр жазда жұрт коронавирус пандемиясына байланысты карантинде отырған кезде Қазақстан парламенті "Бейбіт митинг туралы" жаңа заң қабылдаған. Нұр-Сұлтан мұндай шешімді халықаралық қауымдық пен құқық қорғаушылардың "билік азаматтардың пікір білдіру құқын шектейді" деген ұзақ жылғы сынынан соң қабылдаған. Жаңа заң қабылданса да, Қазақстан билігіне айтылған сын толастаған жоқ. Сарапшылар жаңадан қабылданған бейбіт митинг заңында кедергілер сол күйі қалды деп санайды.
Еуропарламент 11 ақпанда Қазақстан жөнінде қабылдаған қарарында билікті бейбіт митингіге кедергі келтірмей, заңды қайта өзгертуге үндеген.
2017 жылдың соңында Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін азаматтарды жыныстық ерекшелігіне бола кемсітуден қорғайтын дискриминацияға қарсы заң қабылдауға, ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғап жүрген ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, кедергі келтірмеуге үндеген.
2017 жылғы 3 шілдеде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заңға сәйкес, "Ұрып-соғу" және "Денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру" баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзу заңына ауыстырылған. Осы баптар бойынша әкімшілік жауапқа тартылғандар ары кеткенде 15 тәулікке қамалып, я 15 айлық есептік көрсеткіш (43 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлейді.
Мәжіліс депутаттары биыл 27 қаңтарда "Отбасындағы зомбылық туралы" заң жобасын толықтыруға қайтарған. Заң жобасы қоғамда қызу пікірталас туғызып, пікір екіге жарылған. Сарапшылар құжат әлі шикі деп санайды.