"Мақсатымызға берік болдық". Кәріпбек Күйіковтің күреске толы өмірі

Суретші Кәріпбек Күйіков шығармалары қойылған көрмеде тұр. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.

Семей полигонын жабуға мұрындық болған халықаралық атиядролық қозғалыс белсендісі, қолсыз суретші Кәріпбек Күйіков Азаттыққа өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелеп, қоғамда болып жатқан оқиғалар жайлы ойымен бөлісті.

Жылқы жайылып жүрген кең жазира дала мен таулардың аясында бесікке бөленген қолсыз бала. Бұл - Кәріпбек Күйіковтің қылқаламынан туған "Автопортрет" туындысы. Семей ядролық полигонынан жүз километр жерде орналасқан Қарағанды облысындағы Егіндібұлақ ауылында тұрған ата-анасының радиация кесірінен Күйіков дүниеге қос қолсыз келген. Бірақ қолының жоқтығы оның шығармашылықпен айналысуына кедергі болмаған.

51 жастағы Кәріпбек Күйіковтің "Құрбандар" деп аталатын портреттер сериясына – "Алғашқы жарылыс", "Радиоактивті балалық шақ", "Ана қорқынышы", "Жердің күңіренуі" сияқты полигон құрбандарына арналған картиналар кіреді. Азаттық тілшісімен Алматыдағы көрмеде кездескен автор картинаға арқау болған кейіпкерлер өмірі жайлы баяндады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Полигон құрбаны бес рет операция жасатқан

Кәріпбек Күйіковтің "Берік" деп аталатын картинасында бейнеленген аттас жігіт туғанда бетіне біткен өскіндерден көзін аша алмаған. Бетіндегі өскіннен ота жасатып құтылу үшін Берікті Италияға алып барған. Кейін тағы бір ота қажет болған. Бірақ нәтиже шықпаған. Ол сол күйі көзін аша алмаған. "Берік" картинасында қабырғаға ілінген домбыра байқалады.

"Берік" картинасында Семей полигоны кесірінен мүмкіндігі шектеулі болып дүниеге келген қазақстандық бейнеленген.

- Ол шығармашылыққа бейім адам. Домбырада, синтезаторда ойнап, ән салады. Өмір бойы анасының қамқорлығында болды. Анасы қолынан ұстап жүріп қарайтын. Бір ай бұрын, өкінішке қарай, анасы қайтыс болды. Қазір қандай күйде екенін елестете алмаймын, алдағы уақытта жалғыз өзіне қиын болады, - дейді Күйіков.

Көрмеге қойылған суреттердің көбі - пейзаж. Кәріпбек табиғатты салғанды жақсы көреді. Көбіне қазақ даласы, таулар мен шетелде өзі болған жерлерді салады. Бір туындысы "Арал теңізі" деп аталады. Бұл жерде "теңіз" сөзін тырнақшаға алған дұрыс. Өйткені картинада суы тартылған теңіздің орнындағы сорда қаңырап жатқан кеме бейнеленген.

"Арал теңізі" картинасын Кәріпбек Күйіков 1991 жылы салған.

Кәріпбек Күйіковтің жұмыстары Қазақстан, АҚШ, Жапония, Германия, Чехия, Швейцария мен басқа мемлекеттерде көрмеге қойылған. Соған қарамастан, Кәріпбек Күйіков өзін қарапайым суретші санайды.

- Сурет салуды өзім үйрендім, арнаулы білімім жоқ. Совет одағы тұсында бірінші сыныпқа бардым. Мектепте үйірме көп болатын. Балалардың сурет салып жатқанын көріп, мен де байқап көрейін деп шештім. Қолдарым болмағандықтан қылқаламды башпайларыммен ұстадым. Сурет салуға енді машықтана бастаған мені мұғалімдер мерекелік плакаттар мен стендтер салуға мәжбүрлейтін. Мен тек сурет салумен шектелген жоқпын. Бәрін байқап көруге тырыстым. Мүсін жасаумен, ағаш оюмен айналыстым. Қатарластарым немен айналысса, соны қайталайтынмын. Тек бәрін аяғыммен жасайтынмын, - дейді ол.

Кәріпбек Күйіков суреттері қойылған көрмеге келген адаммен әңгімелесіп тұр. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.

Кәріпбек Күйіков мектеп бітіргеннен кейін Қарағандыдағы университеттің көрсемсурет-графика бөліміне оқуға түспекші болған. Бірақ ректор "саған оқудың қажеті жоқ, сабақ кезінде басқа студенттердің көңілін бөлесің, жатақханадан жеке бөлме бөлу керек" деген. Ал ол кезде Совет одағының суретшілер одағына кіруге көркемсуреттен арнаулы білімі барын растайтын диплом керек болатын. Кәріпбек аталған одаққа сол күйі мүше болған жоқ.

- Ойландым да, мейлі, керек емес деп шештім! Кітапханадан арнаулы әдебиет тауып алып, қажет дүниемнің бәрін сол жерден таптым, - дейді әңгімесін жалғаған суретші.

ЖАТ ЖЕРДЕГІ ӨМІР

- Алты жасқа дейін Егіндібұлақта тұрдым. Кейін әкем Алматыда протез жасайтын аурухана барын естіп, мені сол жаққа алып барды. Сол кезде Алматыдағы ауруханада Ленинградтан келген дәрігерлер жүрді. Олар жаңа протез дайындап жатқанын айтып, біреуін маған арнап жасауды ұсынды. Әкем қуана келісті. Осылай мен Ленинградқа бардым, - дейді Кәріпбек Күйіков.

Кәріпбек Күйіков бұл картинасында өзі мектепте оқыған Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласының көрінісін салған.

Оқу кезінде Кәріпбек интернатқа барып, жазда протезді сынап көрумен (ол протезге сол күйі үйрене алмаған) айналысқан институтта болған.

- Еш өкінбеймін. Әкемнің шешімінің арқасында қазіргідей тұлға болып қалыптастым. Біздің ауданда білім алмаған, жазып, оқып үйренбеген балалар көп. Менің де тағдырым солай болуы мүмкін еді. Мектептен кейін балалармен бірге ары қарай оқу керек деп шештік. Ол кезде әлі Совет одағы болатын, оқу тегін еді. Сегіз түлек бірге Мәскеу түбіндегі Загорскіге (қазір Сергиев Посад деп аталады) барып, екі жыл училищеде оқыдық. Училищеде екі курс болды: бірі – бухгалтер, екіншісі – тігінші дайындайды. Бұл – жастық шағымның ең жарқын сәттері. Мәскеуге рок музыканттардың концерттеріне жиі баратынбыз, - дейді суретші.

Кәріпбек Күйіков пейзаж салғанды ұнатады. Көрмеге келген қыз суретшінің шығармаларын тамашалап тұр. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.

Загорскіде православ шіркеуіне діни қызметкер дайындайтын діни семинария болған. Ол жермен алғаш рет сынып жетекшісі ұйымдастырған экскурсия құрамында барып танысқан Кәріпбек кейінірек өзі жиі барып тұрған. Інжілдегі тақырыптар негізінде салынған қабырға суреттерін ұзақ қарап, ер азаматтар хорын сағаттап тыңдаған.

Осы кезде мектеп директоры Кәріпбекті "Дін – апиын" деген ұранмен қабырға газетін шығаруға мәжбүрлеген.

- Комсомол бола тұрып, қайда барамын?! Бірақ мен дінге басқа көзқараспен қарайтынмын. Көп күнә жасадым деп ойлаймын. Бір жағынан сурет салып, шіркеу қызметкерлерін әжуалайтынмын, екінші жағынан, семинарияға барып тұратынмын, - дейді ол.

Кәріпбек Күйіков өзі 18 жыл тұрған Ресейді екінші отаны санайды. Өз айтуынша, осы уақыт ішінде ол орыстанып, туған тілін ұмытып қалған.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛУ

Училище бітіргеннен кейін Кәріпбек Күйіков Егіндібұлаққа қайтып келген.

- Онда мүлде басқа атмосфера болды. Ешкім орысша сөйлемейді. Маған қиынға соқты. Әкем баласының оқу бітіріп келгенінің қуанышына үш күн бойы қонақ шақырып, қой сойды. Қонақтардың алдына көзі бар қойдың басын тартқаны мені шошытты. Ленинградтағы интернатымды, Мәскеуді сағынып, қайтадан сонда кеткім келді. Бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім. Қазір бір қойдың басын екі секундта жеп тауысамын, - дейді Кәріпбек.

Кәріпбек Күйіков туысы Гүлбаршынмен бірге. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.

Айналасындағылардың бәрі тек қазақ тілінде сөйлегеннен Кәріпбек Күйіков туған тіліне тез машықтанған. Туыстарын аралап, жайлауға барып тұрған.

- Жайлауда атпен жүріп, сиыр бағуды үйрендім. Содан кейін әкеме еріп қалаға баруды қойдым. Кең, жазық далада өмір сүру ұнайтын. Оған дейін 18 жыл төрт қабырғаның ішінде тұрдым ғой. Кең жазира дала маған ерекше ұнайтынын түсіндім, - дейді ол.

Кәріпбек жұма күндері мешітке намаз оқуға баруға барып, қазақтың салт-дәстүрлерін ұстануға тырысатынын айтады. "Ресейде тұрған 18 жылда доңыз етін көп жедім, енді мешітке барып, жастық шағымның күнәсінен арылуға тырысып жүрмін" дейді ол күліп.

"БҰЛ МҮЛДЕ БАСҚА УАҚЫТ БОЛАТЫН". ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ҚАРСЫ БЕЛСЕНДІЛІК

1989 жылы "Невада - Семей" антиядролық қозғалыс құрылған кезде Кәріпбек Күйіков ұйымға хат жазған. Оны бірден қозғалысқа мүше болуға шақырған. Кәріпбек қозғалыстың Егіндібұлақтағы бөлімін басқарған. Совхоздарды аралап, 40 жылға созылған ядролық сынақтан кейінгі радиациядан зардап шеккен балалардың тізімін жасаған.

- Көп бала көз алдымда өлді… Қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастырып, оларға көмектесуге қаржы жинау үшін кондитер фабрикасы, ет комбинаты сияқты кәсіпорындарды араладым. Алматыда етік шығаратын фабрика бір көлік әйелдер мен балаларға арналған етік әкеп берді. Мақта-мата комбинаты мата сыйлады. Бізге [бұрынғы президенттің әйелі] Сара Назарбаева көп көмектесті. Ол "Бөбек" балалар қорының директоры болатын. Қор балалар киімі мен мектепке арналған жабдықтар беріп көмектесті, - дейді Кәріпбек Күйіков.

Кәріпбек Күйіковтің "Радиоактивті балалық шақ" картинасында бесікке бала бөлеп жатқан ана мен ядролық бомба сынағы бейнеленген.

Совет одағы кезінде Қарағандыдағы металлургия комбинатының музейінде Кәріпбек Күйіковтің қайырымдылық көрмесі өткен. Сол жерге советтік Қазақстанның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен СССР көмір өнеркәсібі министрі Михаил Щадов келген.

- Назарбаев Щадовқа бізде осындай суретші бар деп айта бастады. Көрмеде Егіндібұлақтың балаларына ақша жинау мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық шара екені жазылып тұрды. Министр қандай көмек керегін сұрады. Мен негізінен медициналық көмек қажет екенін айттым. Ол балаларға 50 жолдама бөлуге уәде берді. Мен бос уәденің бірі шығар деп ойлағам. Екі айдан кейін маған хабарласып, балаларға шипажайға 50 жолдама келгенін айтты. Ол сөзінде тұрды! – дейді ол.

Әр қалаға тоқтап, көрме мен кездесулер өткізіп, Қазақстан туралы айттық. Бұл мүлде басқа уақыт болатын. Қазір бізге олай жасауға рұқсат етпейді. Қайдағы митинг?! Оларың не?! Ешқандай демонстрацияға жол жоқ!

30 жыл бұрынғы оқиғаны еске алған Кәріпбек Күйіков:

- 1990 жылдар мүлде басқа уақыт болатын. Бізде интернет те, ұялы телефон да болған жоқ. Бірақ біз полигонды кез келген әдіспен жабу туралы мақсатымызға берік болдық. Бізге Американың Невада штатынан, Жапониядан адамдар келді. Сосын біз Америкада болып, бүкіл елді кесіп өтіп Невада штатына бардық. Әр қалаға тоқтап, көрме мен кездесулер өткізіп, Қазақстан туралы айттық. Бұл мүлде басқа уақыт болатын. Қазір бізге олай жасауға рұқсат етпейді. Қайдағы митинг?! Оларың не?! Ешқандай демонстрацияға жол жоқ! Ал ол кезде бұған рұқсат бар еді.

Қазақстанда 1991 жылы тамызда Семей полигонын жабу туралы жарлықтың қабылдануына Күйіковтың қосқан үлесі зор.

- Бұл біз үшін жеңіс, зор қуаныш болды. Кейіннен ондағы адамдарды емдеу, полигон аумағын тазарту сияқты жаңа міндеттер пайда болды. Полигон орнында үлкен қоқыс үйіндісі болатын. Жарамсыз ұшақтар да, танкілер де жататын, - дейді ол.

Суретші Кәріпбек Күйіков шығармалары қойылған көрмеде. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.

Кәріпбек Күйіковтің айтуынша, "Невада - Семей" қозғалысы әлі бар. Бірақ қозғалысқа мүше адамдар бұрынғыдай көп емес. Қыркүйекте қозғалыстың құрылғанын 30 жыл толуына орай Алматыда конференция өткен.

Қазір Кәріпбек Қазақстанның бастамасымен құрылған халықаралық ядролық қаруға қарсы ATOM жобасына қатысады.

- Жоба сайтында әлемде ядролық сынақтарды біржола тоқтатуды қолдайтын онлайн-петиция бар. Мақсатым – миллион қол жинау. Қазір петицияға түрлі мемлекеттен 400 мың адам қол қойған, - дейді ол.

Кәріпбек Күйіков адамдарды петицияға қол қоюға шақыратын мәтінде қолдаушыларын құшақтауға қолдары жоғын, бірақ әлемге ортақ жүрегі барын жазады.

Суретші әрі белсенді соңғы жылдары туған ауылы Егіндібұлақтан 300 километр жердегі Қарағандыда тұрып жатыр. Ол полигон жабылғанымен, мәселесі шешілмеген туған ауылының тағдырына алаңдайды.

Кәріпбек Күйіковтің туған ауылы туралы салған "Егіндібұлақ" картинасы.

- Бұрын 35 мың адам тұратын аудан орталығы еді. Қазір аудан орталығы мәртебесі жоқ. Небәрі екі жарым мың адам тұрады. Жағдайы күннен күнге жағдайы нашарлап бара жатқанын ауылға барған сайын көремін. Бұрын онда үлкен шаруашылық болатын. Бидай егіп, мал өсіретін. Асфальт зауыты мен үлкен ауруханасы бар еді. Үнемі ондағы жағдайды жақсартуға, Егіндібұлақты Қарағандымен байланыстыратын жолдың сапасын жақсартуға күресіп келемін. Қыста жолды қар басқанда ауылға жете алмайсың. Бірде өзін Егіндібұлаққа жерлеуді тапсырған кісінің туыстары марқұмның денесі тиелген көлікпен бірге үш күн бойы жолда қалып қойған, - дейді суретші.

Белсенді полигоннан зардап шеккендер қазір зейнетақысына бес мың теңге көлемінде ғана үстеме ақша алатынын айтады. "Бұрын дәрі-дәрмекке жеңілдіктер, жолдамалар берілетін. Жұмыс істейтін азаматтардың еңбек демалысына он күн артық есептелетін. Қазір ондай жоқ" дейді ол.

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНУ

2017 жылдың басында Кәріпбек Күйіковті сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге (осы уақытқа дейін бірнеше рет Нобель сыйлығына ұсынылып, жеңе алмаған) бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ұсынған. Азаттық тілшісі Күйіковтен өзінің әлемдік сыйлыққа ұсынылуын қалай қабылдағанын сұрады (сол жылы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы ядролық қаруды жою туралы халықаралық кампанияға берілді).

- Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Осылай болуы мүмкін-ау деп те ойлаған емеспін. Әрине, қуандым. Бірінші кезекте, бұл менің емес, ядролық қарудан алғаш бас тартқан Қазақстанның жетістігі болар еді, - дейді Кәріпбек.

"Ана қорқынышы" картинасында ядролық сынақ жарылысы кезінде баласын бауырына басып отырған ана бейнеленген.

Азаттық тілшісі Кәріпбек Күйіковтің қазақстандықтарды алаңдатқан мәселелер туралы пікірін білді. Өткен айда Қазақстанның бірнеше қаласында Қытайға қарсы наразылық шаралары болды. Азаттық тілшісі Күйіковтен қытай экспансиясынан қорқуға қаншалықты негіз барын сұрады. Ол "50 пайызға негізі бар деп ойлаймын. Сіз Қазыбек бидің Қытаймен абай болу керегін ескертетін сөзін тауып, оқып көріңізші" деп жауап берді.

Азаттық тілшісі суретшімен Қазақстанда төмен байытылған уран банкін ашу (қазан айында банк алғашқы материалын қабылдап алды), қауіпті гептил отынын пайдаланатын "Протон" зымыранын ұшыру, Қазақстанда АЭС салу жоспары сияқты экологиялық тақырыптар төңірегінде де сөйлесті. Суретші қоршаған ортаға зиян келтіретін бастаманың бәріне қарсылық білдірді.

- АЭС-ке қарсымын. Өткенімізді ескеріп, Чернобыль мен Фукусимада болған жарылыстарға қарап, қатаң бақылаудың өзі апаттан сақтай алмайтынын көруге болады, - дейді ол.

Кәріпбек Күйіков салған пейзаждардың бірі.

Кәріпбек Күйіков екі жыл бұрын Өскеменде Нұрсұлтан Назарбаев ашқан төмен байытылған уран банкі туралы "Бұған қарсы ойдамын. Қанша жерге көміп, бетонға, бөшкеге жасырса да, ерте ме, кеш пе, бір тесік пайда болып, ішіндегісі сыртқа шығады" деген пікір айтты.

Шетелде ондаған көрмесі өткен танымал тұлға болғанына қарамастан, Кәріпбек Күйіковтің өте қарапайым азамат екені байқалады. Ол өмірін шығармашылыққа арнап, картина салуды жалғастыра бермек.

- Отбасын құрмадым. Балаларым да жоқ. Менің атым кейін осы жұмыстарымда қалады, - дейді суретші.