Шілденің 6-сы күні кешкі сағат 19:00 шамасында Алматыдағы орталық стадион маңы полиция мен арнайы жасақ өкілдеріне толы болды. Олар Балуан Шолақ спорт сарайы алдында жүрген адамдардан не үшін келгенін сұрап, кейіннен ұстай бастады.
Оқиға орнында болған Азаттық тілшілері әуелі кемінде отыз адамның ұсталғанын хабарлады. Кейінірек олардың саны 70-ке жуықтады.
Есімін Сәлима Қағазбаева деп таныстырған азамат "Шаршағандықтан келдік. 27 жыл бойғы өтірік. Биліктің тұтас кеткенін қалаймыз. Бәрі кетсін. Еркіндік болғанын қалаймыз. Өміріміз осылай өтіп барады. Балаларымның өмірі бұдан да нашар болғанын қаламаймын" деп айта бастап еді, оны сөйлеп тұрған жерінен полиция қызметкерлері ұстап әкетті.
Ұсталғандардың бірі "Шал кет!", "Қазақстан, алға!" деп айғайлады. Қарсыласқанына қарамастан полиция оның қолын қайырып, автозэкке отырғызып әкетті.
ВИДЕО: Оқиға орнынан Азаттықтың тікелей репортажы
Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Бектұр Ізбасаров Абай мен Байтұрсынов көшесі маңында сәкіде отырған азаматтарға "бұл заңсыз митинг, 10 минут уақыт берем, егер бұл жерден кетпесеңіздер, ұстаймыз" деп ескертті.
Ұсталғандар арасында полицияға "митингіге келген жоқпын, жәй қыдырып жүрмін" дегендер де болды. Құқық қорғау қызметкерлері оған да қараған жоқ. "Күдікке ілінген" азаматтардың бәрін машинаға отырғызып, алып кетіп жатты.
Оқиға орнында тұрғындарды таратуға тырысқан полиция өкілдерімен қатар Бостандық ауданының әкімі Алтай Рақымбеков және Алмалы ауданының әкімі Төреғали Бекқалиев те жүрді. Олар азаматтарға митингінің заңсыз екенін ескертіп, оған қатысқандарға жаза қолданылатынын айтты.
Митингі өткен аумақтағы аялдамада ондаған азамат жиылып тұрған еді. Оларды полиция ары-бері жүріп жатқан автобустардың біріне отырғызып жіберуге тырысып, "автобусқа тегін мініңіздер" деді. Алайда кейбір азаматтар басқа автобус күтіп тұрғанын айтып отырмай қойды.
Азаттық тілшісі кешкі сағат 20:00 шамасында стадион жақта шамамен 70 адамның ұсталғанын хабарлады.
БЕЛГІСІЗ АДАМДАР АЗАТТЫҚ ТІЛШІЛЕРІНЕ ГАЗ ШАШТЫ
Астана күні кешке Нұр-Сұлтанда да полиция министрліктер үйіне жақын Республика даңғылы маңында жүрген адамдарды ұстады.
Ұсталғандардың нақты саны әзірге белгісіз. Бірақ оқиға орнында болған Азаттық тілшілері "митингке қатысқандар" отырған 30 шақты автобустың кеткенін көрген. Соған қарағанда полиция бірнеше жүз адамды ұстаған болуы мүмкін.
Бір әйел Азаттық тілшісіне 15 жастағы ұлымен жағалауда қыдырып жүрген кезде полицияның кәмелетке толмаған ұлын ұстап әкеткенін айтты.
6 шілде кешке Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасынан тікелей эфирде ақпарат таратқан Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа белгісіз біреу шағын баллоннан газ шашып кеткен. Ол баллонды Азаттық тілшілеріне бағыттағанымен, сол жерде журналистер көп болғандықтан өзге де тілшілерге тиген.
- 45-50 жасқа таяған шашы ағарған сұр түсті футболка киген азамат Ержанның камерасын төмен қарай басып, газ сеуіп кетті. Ержан екеуіміз бұл кезде қатарынан бір жаққа қарап тұрғанбыз. Менің оң жағымнан, Ержанның сол жағынан сеуіп кетті. Менің оң көзім, оң қолым, Ержанның сол көзі, сол қолы, қолтығына дейін сепкен. Ержан полицияға "газ шашып кетті" деп айғайлады. Бірақ ешкім мән берген жоқ. Қазірге дейін қолымыз, көзіміз ашып тұр. Егер бетімізге тура шашқан кезде мүлде жұмысымызды жалғастыра алмас едік, - деді Өркен Жоямерген.
Бұған қоса, қолшатыр ұстаған маска таққан, қара түсті киім киген белгісіз азаматтар Азаттықтың түсірілім тобына бірнеше сағат бойы кедергі жасады. Олар қолшатырмен камера бетін көлегейлеп, азаматтарды ұстап жатқан полиция әрекетін түсіруге бөгет жасады. Олар бұған қоса, түсірілім тобының штативін сындырған. Журналистер полицияға шағымданғанмен тілшілер өтінішіне құлақ асқан полиция қызметкері болмады.
Дәл осыған ұқсас жағдай Шымкентте де қайталанды. Көк және қара түсті қолшатыр ұстаған адам Шымкенттегі Әл-Фараби алаңынан ақпарат таратқан Азаттық тілшісінің соңынан қалмай, түсіруіне кедергі жасаған. Сол маңда жүрген полиция осы адамдардың әрекетіне ешқандай шара қолданбаған.
Бұған дейінгі наразылық шараларында да Азаттық тілшілерінің жұмысына қолшатыр ұстағандар кедергі жасалған. Соңғы рет маусымның 12-сы күні кезектен тыс президент сайлауынан кейін Шымкентте беттеріне маска киген белгісіз екі адам Азаттық тілшісі Дилара Исаның қызметіне кедергі келтірген. Бірі көк қолшатыр, екіншісі қара қолшатыр ұстаған адам тілшінің камерасын көлегейлеп неғұрлым оқиғаны түсіртпеуге тырысқан.
Нұр-Сұлтанда журналистерге қызмет барысында қолшатырмен кедергі жасау оқиғасы бірінші рет болып отырған жоқ. Алайда газ шашып, жұмысқа бөгет жасау алғаш рет кездесіп отыр.
Бұдан алдын, биыл 9 маусымда Нұр-Сұлтанда наразылық шарасынан хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Тимур Айтмұхаметовке де белгісіз біреу қолшатырмен кедергі келтірген. Қолшатыр ұстаған адам Азаттық операторының камерасын жапқан.
Ал мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтандағы шарадан хабар тарату кезінде белгісіз адамдар Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің қолын қайырып, смартфонын тартып алған. Сол күні таңертең белгісіз адамдар Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін шағып кетсе, Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған көлігігінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып тастаған.
22 наурызда да Қазақстан астанасындағы наразылықты түсіруге барған Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Тимур Айтмұханбетовке сол маңда жүрген, өздерін "студентпіз" деп таныстырған бір топ жас жұмыс істеуге кедергі келтірді. Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру сол күні Алматыда болған наразылық кезінде де байқалды.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы компания журналистеріне жасалған кедергіні сынаған. Медиакорпорация тілшілерге жасалған кедергіні "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп бағалаған.
ШЫМКЕНТ ПЕН АҚТӨБЕДЕГІ ЖАҒДАЙ
Шілденің 6-сы күні Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі қалада елуге жуық адамның ұсталғанына куә болған. Полицейлер және азаматтық киім киген адамдар ешқандай ұран көтермесе де, қала орталығындағы Әл-Фараби алаңында жүрген азаматтарды қызметтік автобустар мен микроавтобустарға отырғызып алып кеткен. "Не үшін ұстадыңыздар?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлері жауап бермеді.
Төмендегі видеодан полиция машинасына кішкентай балаларды да отырғызып жатқаны көрінеді.
Видео: Шымкенттегі ұстаулар (6 шілде 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісі де кешке қала орталығында ондаған адамның ұсталғанын хабарлады.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні - 6 шілде елде астана күні ретінде тойланып келеді.
Бұған дейін өзін қазіргі биліктің оппоненті ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов шілденің 6-сы күні азаматтарды жаппай наразылық шарасына шақырған еді. Ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған. Қозғалыс тұрақты түрде жақтастарын үкіметке қарсы митингілерге шығуға шақырып келеді. "Ақша жымқырды", "адам өлтіруге тапсырыс берді" және өзге де айыптар тағылған Әблязов сырттай өмірлік жазаға кесілген. Әблязовтың өзі бұл айыптарды жоққа шығарып, істің саясиланғанын, биліктің өзінен өш алғысы келетінін айтқан.
Бұған дейін бас прокуратура шілденің 6-сы күні заңсыз митингіге қатысқандар жазаланады деп ескерткен еді.