16 желтоқсан күні Алматының орталық алаңына Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары құрбандарын еске алуға және алдағы парламент сайлауына наразылық білдіруге шыққан белсенділер тосқауылға тап болды. Полиция күші Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысы мен Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелерін екі жерде қоршауға алып, үш сағатқа жуық тырп еткізбей қойды. Кейінгі күндері Қазақстанның бірнеше аймағында билікке наразылығын ашық білдіріп жүрген белсенділерді полиция түрлі себеппен қамауға алған еді.
16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздік туралы декларациясы қабылданғанына 29 жыл толды. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен ерекшеленеді. Осыдан тоғыз жыл бұрын дәл осы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бірнеше айға созылған бейбіт ереуіліне полиция жаппай оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, 17 адам қаза тауып, жүзден астам азамат зардап шеккен. Ал бұдан 34 жыл бұрын 16 желтоқсанда Кремльдің советтік Қазақстанға жаңа басшы тағайындауына қарсылық білдіріп, Алматыда алаңға шыққан қазақ жастарының бейбіт митингісін совет билігі күш қолданып, аяусыз басып-жаншыған Желтоқсан оқиғасына ұласқан.
Биыл Қазақстандағы бірқатар қоғамдық ұйымдар мен белсенділер 16 желтоқсанда Жаңаөзен мен Жаңаөзен құрбандарын еске алу және келер жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауына наразылық білдіру үшін орталық алаңға шығатынын күні бұрын мәлімдеген болатын. Бұл жолғы сайлауға бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр-Отан" партиясы мен билікті қолдайтын тағы төрт партияның кандидаттары түсіп жатыр. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен оставкаға кеткен. Бірақ оны сынаушылар 80 жастағы Назарбаев билікке әлі ықпалын жүргізіп отыр деп санайды.
16 желтоқсан күні сағат 12:00-ге қарай Алматыдағы Сәтпаев және Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың құрметіне қойылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткішінің алдына Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысы белсенділері жиналды. Жас қыз-жігіттер "Ұмытылмас: 1986 2011", "Тағы қанша ұрпақ жүйе құрбаны болу керек?", "Қазір болмаса қашан?", "16 желтоқсанда өмірімізді, 10 қаңтарда – даусымды жалмайды", "Әділ сайлау керек", "Сенің "тағың" шайқалып тұр", "Елімізге upgrade керек", "Нұрсұлтан, отанымды жемеш" деген және т.б. жазу бар плакаттар ұстап алған. Олар сайлау әділ өтуі үшін елге саяси реформа қажетін мәлімдеді.
Сәлден кейін Oyan, Qazaqstan белсенділері "Саяси тұтқындар босатылсын!", "Әділ сайлау керек!" деп айғайлап, Сәтпаев көшесінің бойымен Назарбаев даңғылына қарай бет алды. Полиция жылдағыдай биыл да таңертеңнен бастап көшедегі көлік жолын жауып қойған, алаңның бір шетінде полицияның ұсталған адамдарды таситын бірнеше үлкен көлігі тұрды.
Бірақ Oyan, Qazaqstan белсенділері Назарбаев даңғылына жетіп үлгермеді: жолын бөгеген полицияның арнайы жасағы (СОБР) белсенділерді лезде қоршап алды.
– Біз Назарбаев даңғылымен төмен түсіп, [ескі] алаңға бармақшы едік, – деді белсенді жастар.
Бұл кезде бірнеше жүз метр жердегі Тәуелсіздік ескерткішінің алдына белсенді Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелері мен өзге белсенділер жиналған еді. Олар Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды. Бұл топтағылар да елге демократиялық реформа қажетін, "оппозициясыз сайлауға" бойкот жариялайтынын мәлімдеп, биліктен 2011 жылы Жаңаөзенде халыққа оқ атуға бұйрық бергендерді жауапқа тартуды талап етті.
– Жаңаөзен қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жазалануы тиіс. Күресу керек. Әкімшілік митинг өткізбеңдер дейді. Егер Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске ала алмасақ, қандай мемлекет болғанымыз? – деді Жанболат Мамай.
Алматыдағы наразылық акциясынан Азаттықтың тікелей трансляциясы:
Әлдекімдер белсенділердің сөзін бөліп, бөгет жасауға тырысты, Мамай оларды "арандатушылар" деп атады. Айтпақшы, осыдан бірер сағат бұрын Тәуелсіздік ескерткішіне Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған жергілікті бір топ шенеунік келіп, жылдағы дәстүр бойынша гүл қойып, тәуелсіздік туралы да, Желтоқсан мен Жаңаөзен жайлы да жақ ашпай, тым-тырыс тарап кеткен болатын.
Oyan, Qazaqstan жастарын полиция қоршап алып, жібермей тұрғанын естіген Мамай мен өзге белсенділер оларға бармақшы болды. Сол-ақ екен, оларды да полицияның арнайы жасағы қоршауға алып тұра қалды.
Осылайша бір-бірінен бірнеше жүз метр жерде екі топ полицияның қоршауынан шыға алмай, бір орнында тұрып қалды. Полиция екі топтың да өздеріне кедергі келтірмеу туралы талабына құлақ асқан жоқ. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, алаңда барлығы екі жүзден астам адам жиналып қалды.
Әкімдік пен прокуратура өкілдері жиналғандарға шараның заңсыз екенін айтып, бірнеше рет ескерту жасады. Алаң маңында бірнеше автобус, полиция мен жедел жәрдем көліктері тұрды.
Белсенділер полиция қоршауында қарап тұрмай, ұрандап, айғайлай бастады. Мамай мен оның жанындағылар жұртты парламент сайлауына бойкот жариялауға, ал сайлау өтетін 10 қаңтар күні жаппай көшеге наразылық акциясына шығуға үндеп, Қазақстан әнұранын шырқады.
"Бүкіл билік әлі күнге Назарбаевтың қолында" деген Oyan, Qazaqstan өкілдері полицияны халықпен бірге болуға үндеді. Олар "Қазақстан Назарбаевтан құтылсын!", "СОБР, жол бер!", "Билік иесі – халық. Біз – билікпіз", "Жіберіңдер!" деп айғайлады.
Бірақ полиция оларға құлақ асқан жоқ. Бір кезде белгісіз біреу қоршаудағы белсенділерге тақап барып, олардың қолынан плакатты жұлып алуға тырысты. Қозғалыс мүшелері бір-біріне "арандатуға ермеңдер" деп ескертіп жатты. Әлгі адам неліктен олай істегенін сұраған Азаттық тілшісіне жауап бермей, жүзін жасырып, кетіп қалуға асықты.
Қоршаудың сыртына жиналған егде жастағы адамдардың кейбірі жастарға қолдау білдірсе, енді біреулері олармен дауласып, "мерекенің шырқын бұзғандарды" сөкті. Өзін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушымын деп таныстырған әйел кезінде өзімен бірге алаңға шыққан құрбы-құрдастары сияқты қазіргі жастардың да әділет үшін күресіп жатқанын айтты. Ол қыз-жігіттерді қоршап тұрған полиция қызметкерлерінен жастарды босатуды талап етті. Бірақ полиция оның сөзін елемей, тұрған орнынан қозғалмады.
Полиция белсенділерді қоршап тұрған жерде жергілікті билік өкілдерімен бірге Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов та жүрді. Азаттық тілшісінің сұрағына берген жауабында Алшанов наразылардың кейбір сөзін, мысалы, жер мәселесі жайлы айтқанын орынды санайтынын, бірақ кейбір талабын құптамайтынын" білдірді.
Алматының Медеу ауданы әкімі Әсет Масабаев билікке наразылығын білдірген белсенділердің іс-әрекетін "қоғамдық тәртіп пен заң ережесін бұзу" деп бағалады.
"Алматы қаласында митинг өткізуге арнайы үш орын бөлінген, әкімдікке хат жазып, солардың бірінде митинг өткізуіне болады, ал бүгінгі әрекеттері заңға қайшы" деді билік өкілі.
Биыл жаңадан қабылданған бейбіт жиын туралы заң бойынша, азаматтар митинг өткізетіні туралы жергілікті атқарушы билік органын алдын ала хабардар етуі тиіс. Ал билік келісім бермеген митинг заңсыз деп танылып, оған қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылады.
Құқық қорғаушылар биліктің митингіге келісім бермеуіне түрлі сылтау табуына мүмкіндік жасап қойған заңды халықаралық стандарттарға сай емес деп сынайды. Бұл заң азаматтардың бейбіт түрде жиналу құқығын шектейді деп санайтын Oyan, Qazaqstan белсенділері митинг өткізуге әкімдік келісімін алудан принципті түрде бас тартатынын айтады. Олардың сөзінше, жастар 16 желтоқсанда алаңға жиналатыны туралы алдын ала билікті ескерткен.
Арада біраз уақыт өткенде белсенділер полиция қоршауында қалған жерге Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров келді. Ол егер жастар наразылық шеруінен бас тартып, тып-тыныш тарап кетуге келіссе полиция оларды дереу жөніне қоя береді мәлімдеді. Бірақ Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева ел Конституциясында әркімнің өз ой-пікірін еркін білдіріп, бейбіт митинг, шеруге шығу құқығы сақталатынына кепілдік берілгенін алға тартты. Шенеунік "Конституция баптарын өзге заңдар реттейді" деп қарсы уәж айтпақшы болды. Бірақ белсенділер Конституцияның барлық заңнан жоғары екенін, ал Қазақстан өзі қосылған халықаралық келісімдер Конституциядан да жоғары тұратынын айтып, билік өкілінің сөзімен келіспеді.
Желтоқсанның ызғарлы күні полиция қоршауында тұрған белсенділер "Бостандық!" деп ұрандап, биліктен өздерін босатуды талап етті. Кей азаматтар сырт жақтан оларға ыстық шай әкеліп берді.
Белсенділерді үш сағатқа жуық бір орнынан тырп еткізбей ұстағаннан кейін полиция оларды босатты. Oyan, Qazaqstan белсенділері Назарбаев даңғылымен төмен қарай жылжыды, полиция олардың соңынан ілесті. 2017 жылы сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген даңғылмен кетіп бара жатып, жастар "Назарбаев менің көшем емес", "Нұр-Сұлтан астанам емес" деп айғайлады.
16 желтоқсанда Алмтыдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де белсенділер орталыққа барып, Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран бағыштады.
Шымкентте ондаған адам Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш тақтаның алдына жиналды. Шара кезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен қырғынына әлі күнге дейін дұрыс саяси баға берілмегені айтылды. Жиналғандардың арасында қала тұрғындары мен белсенділер, Желтоқсан оқиғасына қатысқандар болды.
– Желтоқсанда азаматтар елі, жері, ұлты үшін жаны ауырып, алаңға шықты. Алаңда қаншасы таяқ жеп, жан тапсырғанын әлі білмейміз. Әлі-ақ жүйе өзгеріп, олардың арманы орындалады, – деді азаматтық белсенді Шаруа Пірмат.
Шараны ондаған полиция сырт жақтан қоршап, бақылап тұрды. Бұл күні Шымкент көшесінде полиция күзеті күшейді.
16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласының орталық алаңын полиция арнайы жасағы қоршап тұрды. Осының алдында жергілікті белсенділер қала әкімдігіне 16 желтоқсанда орталық алаңға жиналып, құрбандарға құран бағыштайтынын жазбаша ескерткен. Бірақ әкімдік қалада коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал нашарлағанын алға тартып, шара өткізуге келісім бермеді.
Кейінгі сегіз жыл бойы жылда 16 желтоқсан күні не соның қарсаңында 2011 жылғы оқиға кезінде қаза болғандардың туған-туыстары көпшіліктің қатысуымен марқұмдарға құран бағыштап, ас беретін. Биыл ол дәстүр өзгерді. Туыстары Жаңаөзен құрбандарын өз шаңырағында дастархан жайып, құран бағыштап, еске алды.
– Жылаймыз. Сыртымыз бүтін болғанмен ішіміз түтін. Кейде айқайлап дауыстап, өлең-жырға қосып, жылап аламын. Құлынымды сағынамын. Мәңгілік өзім өлгенше сағынамын, – дейді Жаңаөзен оқиғасына қатысқан мұнайшылар лидері Мақсат Досмағамбетовтің анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Жаңаөзен оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып тағылған Мақсат сот процесінде "тергеу кезінде азапталып, денесіне зақым келгенін" мәлімдеген. Алты жылға сотталып, дерті асқынып кетуіне байланысты түрмеден ерте босатылған ол осыдан екі жыл бұрын 36 жасқа қараған шағында қайтыс болған.
Нұр-Сұлтанда 16 желтоқсанда таңертең орталық саябақтағы ту ілінген жерге келген 30 шақты адам гүл қойып, оқиға құрбандарына құран бағыштады. Жиналғандардың арасында Желтоқсан оқиғасына да болды. Шараға қатысқан азаматтық белсенді Бибігүл Тұяқова осы акцияға келмек болған екі белсендінің өткен түні үймақамаққа алынғанын айтып, елде саяси қудалау жалғасып жатыр деп мәлімдеді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар кейінгі кезде елде билік қудалап жатқан белсенділер көбейгенін айтады. Олардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілінген немесе қамауға алынған 110-нан астам адам бар. Бұл екі ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған.