– Алғашқы кезде көзімді жұмуға қорқатынмын. Үй сыртында қарулы адамдар жүргендей, көзімді жұмсам, бәрімізді атып тастайтындай көрінетін.
Атылған бір оқ Гаухар Керімбекова мен оның отбасының өмірін астан-кестен етті. 2022 жылғы 5 қаңтарда Гаухардың көз алдында баласын атып өлтірген.
"ӨЗІҢ КІНӘЛІСІҢ"
Гаухар сол күні Алматының іргесіндегі ауылдан ұлын таңғы жаттығуға қалаға әкелген. 12 жастағы Сұлтан Қылышбек спортпен айналысатын, арманы атақты футболшы болу еді. Отбасы қала орталығында болып жатқан наразылықтың аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласады, әскер халыққа оқ атады деп ойламаған. Жаттығу болмаған, қаланың қалыпты тіршілігі бұзылып, көлік қатынасы қиындаған соң, Гаухар ұлымен бірге Алматыдағы туыстарының үйінде қалған.
Кешкісін анасы мен ұлы азық-түлік алуға үйдің қасындағы дүкенге шыққан. Дала тастай қараңғы, бір кезде аспан жарқырап кетеді. Сұлтан телефонының камерасын қосады. Бала отшашу болып жатыр деп ойлаған…
Сұлтан қарсы беттегі ғимараттан (Әуезов аудандық полиция басқармасы) атылған оқтан мерт болды.
Одан кейін жерлеу, орны толмас қасірет, адам төзгісіз азап...
– Балалар түнімен жылайды. 14 жастағы ұлым "Неге ол қаза болды? Одан да мені алғаны жақсы еді" деп ыңырсып шығады. Он жасар қызым "бәрін жек көремін" деп айқайлайды. Кенже ұлым әлі кішкентай, сонда да үйдегі у-шудан оның да мазасы қашты. Балаларымды ойлап бас көтердім. Оларға мына ауыр кезеңде болысып, аяққа тұрғызу үшін әрекет етуім керек болды, – дейді Гаухар көзіне жас алып.
Ұлының қазасына ет жүрегі езіліп, өң мен түстің арасында ес-түссіз халде жүргенде жұрт Гаухардың өзін айыптауға көшкен.
– Сұлтан туралы жаңалық оқып отырсам, астына біреулер "өзі кінәлі", "жауапсыз анасың" деп жазып кетіпті. Бейтаныс адамның қаралағаны бір бөлек, ал жақындарыңның "балаңды неге алып шығасың?", "аман алып қала алмадың", "айқайлап жүгіргенше, алғашқы көмек көрсетпейсің бе?" дегені тіпті ауыр тиеді екен. Есеңгіреп қалдым, не істеп, не қойғаным есімде жоқ. Сұлтанның гүрс етіп құлағанын, басынан қан аққанын білемін… Ауыр айыптаулар естідім. Мұндайды көтеру қиын, – дейді Гаухар тағы да жылап.
Қаңтар қырғыны Сұлтанның өмірін қиып, отбасының берекесін алған. Қазадан кейін екі айдан соң Гаухар күйеуімен ажырасқан.
– Бұрын да келіспей қалып жүретінбіз, бірақ Сұлтанның қазасынан кейін мүлде ушығып кетті. Ажырасуға бел будық. Балалар менімен қалды.
Азаттық тілшісі барған күні балалар үйде жоқ екен. Анасы олардың ата-әжесінің үйіне қонаққа кеткенін айтты.
– Күйеуімнің туыстарына жіберіп тұрамын. Бауырлары ғой. "Ажырасқан мен, бірақ ол әкелерің болып қала береді, сендерді жақсы көреді" деп айтып отырамын.
"ТЕРГЕУ ӘДІЛ ӨТЕДІ ДЕП СЕНГЕН ЕДІМ..."
Қазір Гаухар балаларымен бірге Әуезов ауданындағы бұрынғы мақта-мата комбинатының жатақханасындағы тар бөлмеде тұрады. Әр қабатта жұрттың бәріне ортақ әжетхана мен қол жуатын орын бар.
– Қызым мен кенже ұлымды алып осы диванда ұйықтаймын. Арыстан жерге жатады, – дейді Гаухар ені 140 метр болып жазылатын шағын диванды нұсқап.
Диванның жанында ас ішуге арналған үстел тұр. Қарсы бетте тоңазытқыш, орындықтың үстіне теледидар қойылған.
– Тарақан көп, өлтірсем, тағы шығады. Құтыла алмай-ақ қойдық. Бәрі уақытша деген оймен өмір сүріп жатырмын, – дейді Гаухар.
Сұлтанның қазасынан кейін Гаухар көпбалалы ана мәртебесінен айырылған. Бұрын оған 50 мың теңге шамасында жәрдемақы төленетін. Бұл ақша пәтерақысын төлеуге сеп болар еді. Гаухар жатақханадағы бөлмеге ай сайын 60 мың теңге төлейді.
Сұлтанның жаназасынан кейін балалар бір ай бойы мектепке бармаған. Мемлекеттік емхананың іс-қағаздарына жауапты Гаухар да жұмысқа шықпаған.
– Бас дәрігеріме риза болдым, түсінігі мол адам. Заң бойынша, жақыны қайтыс болған қызметкерді үш күнге ғана жібереді, ал мені айдың 20-сына дейін күтті. Бұл да үлкен қолдау болды.
Гаухар – 40 жаста, жұмысқа кештеу араласқан. Мамандығы бойынша геодезист, тұрмысқа шыққаннан кейін бала тәрбиесімен едәуір уақыт үйде отырған. Қазір негізгі жұмысынан бөлек тапсырыс бойынша төсек жаймасын тігеді.
– Бізге "өтемақы" берді ғой. Соған мата алып, тігіншілікті қолға алдым. Балалар өсіп келеді, оларды қатарынан кем қылмай өсіру үшін көп жұмыс істеуім керек, – дейді Гаухар.
Гаухар психолог кеңесіне жүгінген. Кәсіби маман көмегін алуға бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын қолдау көрсеткенін айтады.
– Мен де, балалар да, жеке-жеке терапиядан өттік. Бұл өте маңызды болды. Аздап өз-өзімізге келе бастадық. Бір жыл өтті, қазір бұрынғыдай көп жыламаймыз.
2015 жылы Гаухар жақсы көретін сіңлісінен айырылған. Сол кезде қайғыны жеңілдетуге көмектесетін әдістер туралы көп оқыпты. Осындай әдістердің бірінде марқұмға хат жазу керегі айтылады. Гаухар о дүниелік болған ұлы Сұлтанға хат жаза бастаған.
– Баламнан қорғай алмағаным үшін кешірім сұрадым. Не болып жатқанын, өзегімді өртеген сезімдерім жайлы айттым. Бүкіл қайғы-шерімді қағазға түсіруге тырыстым.
Сұлтанға хат жазуға Гаухардың балалары да қосылған. 10 жастағы Медина хатында соңғы сәтке дейін ағасының қазасын "пранк" деп ойлағанын, "Сұлтанның жәннатқа барғанына 95 пайызға сенетінін" жазады, ағасынан "айтқанын тыңдамағаны үшін" кешірім сұрайды.
– Тергеу әділ өтеді, ұлымды атқандар табылады деп ақырғы сәтке дейін сендім ғой. Бәрі "Іздеп жатырмыз, қылмыскерді біз де тапқымыз келеді" деді. Күттім. Сендім. Желтоқсанда істі жауып тастағанын білдім. Оқ атқан адамды табуға мүмкіндік жоқ екен-мыс. Құр уәдемен алдайды, ал біз сене береміз. Ақымақ халықпыз. Көңілім қалғаны сонша, не істерімді білмеймін. Соңдарынан қалмасам, менен құтылу үшін қылмысты жазықсыз біреудің мойнына іліп жібере ме деп қорқамын, – дейді Гаухар.
Гаухар Қаңтар қырғынында ұлын мерт қылған оқты кім атқанын тергеушілер біледі деп есептейді.
– Әуезов аудандық полиция басқармасына қарама-қарсы жерде болды. Сол кезде басқарманың шатырында қарулы адамдар тұрғанын көрдік. Оқтың траекториясын анықтаған кезде полиция басқармасының екінші қабатынан атылды деп шықты. Табу соншалық қиын ба? Ол кезде интернет бұғатталып, қалада не болып жатқанын білген жоқпыз. Наразылық өтіп жатыр дегенді естідім, автобус жүрмесе, ертең жұмысқа қалай барамын деп уайымдадым, – дейді Гаухар.
"ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫ ТҮГЕЛ ЗАРДАП ШЕКТІ"
Психоаналитик, Орталық Азия бойынша психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова Қаңтар оқиғасынан жапа шеккен адамдарға жәрдем көрсетумен айналысқан. Институт көмек алғысы келген адамдарды топқа біріктіріп, бәріне онлайн терапия жүргізген.
– Небір сұмдық хикаялар естідік. Адамдар үрейге бой алдырып, сары уайымға салынып, жылай беретін. Терапияға көбіне әйелдер келді, ара-тұра ерлер де қатысып жүрді. Наурызға дейін тегін жұмыс істедік. Кей адамдармен әлі де ақылы түрде терапия жүргізіп жатырмыз. Кейде студенттерім символикалық баға қойып, бір сеансқа 2000 теңге алады, – дейді психоаналитик.
Ол Гаухар сияқты кәсіби психолог көмегіне жүгіну керегін түсінетіндер аз екенін айтады. Маман мұның себебін Қазақстан қоғамында психологиялық мәдениеттің төмен болуымен байланыстырады.
– Жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, қазір көп нәрсе өзгерді, бірақ әлі де психиатр мен психологты ажырата алмайтын, кәсіби көмекке жүгінуге ұялатын адамдар бар. Мәселені мойындап, біреуден көмек сұрау үшін эмоция жағынан жетілген адам болу керек. Бұл жерде туыстары мен достары жөн сілтеп, көмектесе алады. Жүрек не тіс ауырса дәрігерге баратынымыз сияқты, адам жанын да емдеу маңызды. Өйткені жанды емдемесе, ауру тәнге өтеді.
Жеке кеңес берумен айналысатын психологтар да Қаңтарда жапа шеккен адамдарға жәрдем көрсеткен. Сондай мамандардың бірі – Қарлығаш Меліс. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде түрмеде қатыгездікпен азапталған жанға көмектескен.
– Қаңтарда көп адам ақылға сыймайтын жайттарға тап болды. Еш жамандық күтпеген адамдарға оқ жаудырды. Халық есеңгіреп қалды. Тыйым салынған митингіге барған адам өзіне күш қолданылуы мүмкін екенін біледі. Бірақ оқиғаға кездейсоқ араласып кетудің жөні бөлек. Онсыз да психологиялық жарақат алған адамды ұстап, азаптап, істемеген қылмысты мойында деп талап етеді. Ол не істерін білмей, шарасыз күйде қалады. Мұндайға жалғыз төтеп беру қиын, – дейді психолог.
Әкесі, ағасы мен ұлынан айырылған отбасылардың жағдайы тіпті ауыр. Психологтың сөзінше, адамдар жоққа шығару, ашулану, саудаласу, депрессия, қабылдау сияқты кезеңнің бәрінен өтеді.
– Кейде отбасы мүшелері өзіне кінә артып алады немесе бірін-бірі кінәлайды. Бастысы – өз кінәсі жоғын түсіну. Халыққа қарсы оқ атылатынын білсе, ешкім көшеге шықпас еді. Сондықтан өзін кінәлау қауіпті. Бұған көп уақыт кетуі мүмкін. Мұндай адамдарға психологиялық көмек керек. Көмекке мұқтаж болу, біреуден жәрдем сұрау қалыпты нәрсе. Кейде адамға жалғыз емесін, қолдайтын адамы барын көрсету үшін жай ғана құшақтаудың өзі жеткілікті.
Меліс қаңтарда Қазақстан қоғамы түгел зардап шекті деп есептейді. Оның пікірінше, қазір ешкім өзін қауіпсіз сезінбейді, халық билікке сенуден қалып, кез келген сәтте қарусыз адамдарға оқ атылуы мүмкін деген қорқыныш пайда болған.
– Адамдар өзін қауіпсіз сезінгісі келеді, – дейді маман.
Сұлтан тірі болғанда 2022 жылғы 7 желтоқсанда 13 жасқа толар еді. Ол тіл үйреніп, спортпен айналысып, ерте тұрып, кеш жатып, үнемі бір іспен айналысып жүретін деп еске алады анасы. "Өмір сүруге асықты" дейді Гаухар.
Ата-анасы мен достары Сұлтанның туған күніне орай футбол турнирін ұйымдастырып өткізген. Аналар мен балалар бәсекелес екі топқа бөлініп ойнаған, әкелер қақпада тұрған. Балалар жеңіске жеткен. Жеңімпаздарға жеуге жарамды медальдар таратылған.
– Ойын 10 желтоқсанда өтті, шарамыз халықаралық футбол күніне дөп келгенін кейін білдік!
Үстел үстіне шелпек қойылған. Шелпек пісіріп, о дүниелік болған адамды еске алу дәстүрі қазақ халқында ертеден бар.
– Балалармен құшақтасып, жылап аламыз. Сосын Сұлтан қиналмасын, жылауға болмайды деп өзімізді жұбатамыз, – дейді Гаухар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қай аға маған оқ атқан?" Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан екі бүлдіршін Айкөркем мен Сұлтан"Папаларың келеді деп жүрмін". Қаңтарда атылған малшы жігіт отбасының өміріКім оқ атты? Бұйрық берген кім? Сот пен тергеу қалай өтті? Қаңтардың басты сұрақтарына әлі жауап жоқ