Украин азаматы Кристина Кунах күйеуімен бірге бірнеше жылдан бері Алматыда тұрады. Олар Қазақстанда перзент сүйіп, кәсіп ашып, тұрақты жұмыс тапқан. Украинада соғыс басталған кезде Кристина туыстарын Қазақстанға көшіруге бел буып, шекара асуға бекінген басқа да адамдарға көмектесе бастаған.
– Украинаның Қазақстанмен шекарасы жоқ. Сондықтан бұл жаққа ең алдымен осында туыс-туғаны не танысы бар адамдар келеді. Қазір Украинадағы адамдарға қандай ауыртпалық түскенін түсінемін. Бізге де моральдық тұрғыдан қиын, өйткені оларға көмектесе алмаймыз. Бірақ туыстарымызды алып келуге тырысып жатырмыз. Украинадан көшкісі келетін адамдардың тізімін жасай бастадық. Бізге Air Astana президенті Питер Фостердің әйелі Татьяна Фостер көмектесіп жатыр. Қазір жұрттың көбі Украинаның батысына көше бастады. Румыния, Польша, Венгрия арқылы кетіп жатқандар да бар. Отбасы мүшелерін қауыштыру үшін репатрияциялық рейс ұйымдастыруға болады деп ойлаймыз. Көбі әлі Украинада, елден шыға алмай отыр. 8 наурызда 17 адам келді, қазір тағы бір рейспен келетін украиндардың тізімін жасап жатырмыз. Білуімше, ол рейсте жүзден астам адам болады, – дейді Кристина.
Кристина Instagram-дағы "Алматыдағы украиндар" тобы арқылы босқындарға көмек жинай бастаған. Алматыда тұратын тағы бір украин азаматы Юлия Шульженко заттарды сақтауға арналған қойма ұсынған.
– Біз материалдық көмек немесе жаңа заттар сұрамаймыз: ыдыс-аяқ, жаңа болмаса да, таза төсек жаймасы, балаларға арналған кітаптар жинаймыз. Өйткені адамдар Қазақстанға ешқандай мүліксіз, жалғыз сөмкемен келеді. Тастауға қимайтын ескі феніңіз болса, оның біреуге пайдасы тиюі мүмкін. Қазақстан халқы – өте қамқор әрі жанашыр. Ресей арналарын қарайтын, "Мәскеу халықты бандеровшылардан азат етпекші" деп ойлайтындардың өзі Украинаны сынамайды, керісінше, соғыстан зардап шегіп жатқан қарапайым адамдарға жанашырлықпен қарайды, – дейді Кристина Кунах.
"СОҒЫС БАСТАЛҒАНЫНА СЕНУ ҚИЫН БОЛДЫ"
Кристинаның анасы Татьяна Кунах Киевке жақын маңдағы Ирпень қаласында тұрған. Соғыс басталардан бірнеше апта бұрын Ресей Украинаға шабуыл жасауы мүмкін деген қауесет тарағанына қарамастан, Татьяна басқа жаққа көшу дегенді мүлде ойламаған. 24 ақпан таңертең Қазақстаннан Кристина хабарласып, "Мама, басталды!" деген.
– Соғыс басталғанына сену қиын болды, бірақ терезеден көліктер әдеттегідей Киевке қарай ағылмай, қарсы бағытқа кетіп бара жатқанын көріп бір жамандықтың басталғанын түсіндім. Оқ дауысы естіліп, әскери аэродром жарылған кезде жертөлеге тығылдық. Тыныштала қалса, пәтерімізге ораламыз. Оқ ата бастаса, қайтадан жертөлеге жүгіреміз, – дейді Татьяна Кунах.
Татьяна өзін соғыс аймағынан алып кетеміз дегенде қорыққанын айтады. Өйткені жертөле сәл де болса қауіпсіз, ал шекараға дейінгі жол қауіп-қатерге толы. Киевті қорғауға қалған ер адамдардан басқа отбасы мүшелері Қазақстанға көшеміз деп шешкен. Татьянаның үлкен қызы қазір кескілескен ұрыс жүріп жатқан Мариупольде тұрады: қалада жарық пен су жүйесі істен шығып, тұрғындар байланыссыз қалған.
– Мені елден отбасымыздың досы, бір кездері Қазақстаннан Украинаға келген қазақ жігіт алып шықты. Соның арқасында аман-есен жеттім. Ол "Таня, жылама, көлікке отыр да, кет!" деді. Оқ жаудырып жатқан кезде жүріп кеттік: бір жерге тоқтағанымызда дәл жанымыздан жарылыс дауысы естілді, "Градтан" атып жатты ғой деймін. Сол кездегі қорқынышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алда-жалда оқ тие қалса, қиналмай, бірден өліп кетсем екен деген ой келді, – дейді Татьяна.
Отбасы мүшелері көлігімен Венгрияның шекарасына барып, Словакия, Чехия мен Польшадан өтіп, Германияның Франкфурт қаласына жеткен. Сол жақтан Астанаға, кейін Алматыға ұшып келген. Ирпень қаласындағы жертөледен Қазақстанға дейінгі сапар сегіз күнге созылған.
Кристина Кунах Қазақстанға келіп жатқан украиндар саны аз болса да, оларға босқын мәртебесін беру керек деп есептейді. Украина елшілігі бұл мәселені Қазақстан сыртқы істер министрлігімен талқылап жатқанын хабарлады.
– Негізінен қазір елге Қазақстанда немесе Украинада туыстары мен таныстары бар адамдар келіп жатыр. Елшілік Қазақстан сыртқы істер министрлігіне нота жолдады. Білуімізше, қазір құзырлы органдармен Украина азаматтарына босқын мәртебесін беру мәселесі келісіліп жатыр, – деді Украина елшілігінің баспасөз хатшысы Валерия Самойлова.
Қазір Қазақстанда алты мыңға жуық украин азаматы тұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кремльде Путин отырғанда жалғаса беретін құбылыс""УАҚЫТША КӨШУ"
Қазақстандықтар украиндарға ғана емес, өз еліндегі авторитар режимнен зардап шеккен беларустар мен ресейліктерге де көші-қон мәселесі бойынша көмектесуге дайын. Мысалы, алматылық белсенділер "Релокейт KZ" telegram каналын ашқан. Онда Қазақстанға көшуге қатысты (құжат жинау, бос жұмыс орнын, баспана іздеу) пайдалы ақпарат жарияланады. Тelegram каналдың сипаттамасында "Қазақстанға Украина, Ресей мен Беларусьтен транзитпен, уақытша немесе белгісіз мерзімге келетін адамдарға арналған" деп жазылған. Каналдың мыңнан астам оқырманы бар.
Астана тұрғыны Ева Горобец шетелдік достарына Қазақстанға қоныс аудару жайын түсіндірумен айналысады. Қазір ол Мәскеуде оқуда жүр, жақында Қазақстанға оралмақ. "Ресей әскерінің әрекетіне қарсымын, мұны украин халқына жасалған геноцид деп санаймын. Қазақстанға оралу туралы шешіміме де осы позициям әсер етті: Ресейдің билеуші режимін не салықпен, не тауар сатып алу арқылы қолдағым келмейді" дейді Ева.
– Қазақстанға көшетін адамдарға арналған ақпарат базасын құру идеясы экономикалық және саяси тұрғыдан қиын жағдайда қалған ресейлік достарыммен сөйлескеннен кейін туды. Оларға өз білімін Қазақстанда қалай пайдалануға болатынын жиі айта бастадым. Көп сұрақ қойылды, олардың бәріне Notion (құжат жасап, жобаларды жүргізуге арналған қызмет түрі – ред.) тақтамда жауап беріп жүрдім. Ол жақта Ресейден көшу жайлы жазып жүрген Ирина Лобановскаяның парақшасына, қоныс аударуға қатысты чаттар мен жеке тәжірибеден алынған ақпарат жинақталған, – дейді Ева Горобец.
Еваның сөзінше, бұл ақпарат көбіне ресейліктерге арналған, өйткені украиндардың көбі негізінен жеңілдігі көп батыс Еуропаға кетіп жатыр. Бірақ бұл ақпарат бәріне ортақ және украиндарға да пайдалы бола алады. Ева таныстарының көбі Ресейден көшу жайлы ойланып-толғанып жүргенін айтады.
– Ашу-ыза қысып, алда не күтіп тұрғаны беймәлім жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Халықаралық байланыстар бұғатталғанына қарамастан, жұмысымыз бен зерттеуімізді жалғастыра береміз бе, әлде күте тұрамыз ба, түсініксіз. Достарым мен таныстарымның көбі – университет қызметкерлері мен студенттер, бұл жерде солар туралы айтып отырмын. Ғылыми дәреже алу үшін жаңа нормалар қажет болғандықтан (бұрын халықаралық басылымдарға жарияланған мақалаң болуы маңызды еді) және шетелдік серіктестеріміз бірлескен зерттеу жүргізуден бас тартқандықтан жұмысымыз тоқтап қалды, – дейді Ева Горобец.
Еваның айтуынша, Қазақстанға біржола көшу туралы шешімге келгендердің көбі – Ресейде жұмыс істеп, ұзақ уақыттан бері сонда тұрып келген қазақстандықтар. Ал Ресей азаматтарына түбегейлі шешім қабылдау үшін біраз тәжірибе керек. Ева мұндай адамдар Қазақстандағы жағдаймен танысып, өмір сүруге қолайлы жер ме, жоқ па деген сұрағына жауап табу үшін уақытша көшіп жатқанын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Геосаяси қауіпке реакция". Валюта нарығындағы толқу және ойыншылар қаупі