Автобус бармайтын ауыл. Көктал халқын қажытқан жол азабы мен сасық су

Қарақошқыл суынан төңірекке сасық иіс тарап жатқан өзеннің үстінен өткел ретінде тасталған тақтаймен әупірімдеп өтіп жатқан адамдар. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

Алматының іргесіндегі екі мыңнан астам адам тұратын Көктал ауылында мектеп, емхана я дәріхана жоқ, автобус жүрмейді. Ауыл халқының биліктен әлеуметтік мәселелерді шешуді сұрап жүргеніне талай жыл болған. Әзірге еш өзгеріс жоқ.

ТАР ЖОЛДА ТАЙҒАҚ КЕШКЕНДЕР

Көктал ауылы Алматы облысы Іле ауданындағы Өтеген батыр кенті мен Байсерке ауылының арасын жалғаған күре жолдан сәл қиыс жатыр. Талғар ауданына қарайтын ауылда мектеп, медицина мекемесі я дәріхана жоқ жоқ, автобус жүрмейді. Алматыдан жеті шақырым қашық Көкталға жету үшін Байсерке ауылына баратын автобус немесе таксиге мініп, жолай түсіп қалып, үш шақырымдай жаяу жүруге тура келеді.

Көкталда тұратын Айгүл Мәкежанова көрші Екпін ауылындағы мектепте мұғалім болып істейді. Азаттық тілшісі оны ауылға кіреберісте жолықтырды. Екпін мен Көкталдың арасы үш шақырым. Айгүл жеті жылдан бері жұмысына жаяу барып-келіп жүргенін айтты.

Көктал ауылында тұратын мектеп мұғалімі Айгүл Мәкежанова. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

– Cпортшы болып алдық қой, – деп күле сөйледі Айгүл көтеріп келе жатқан бес литр суы бар ыдысты жерге қойып жатып.

Ол Көкталда ауыз су да проблема екенін айтты. Оның сөзінше, ауылда әркім құдықты өз күшімен қазып алған.

– Бірақ құдық суының сапасы да онша емес, жұмыстан қайтқанда осылай таза су ала келемін, – дейді су толы ыдысты қайтадан қолына алған Айгүл.

Алматыдан қайтқан адамдар Көктал ауылына жаяу кетіп барады. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

Көкталға кіретін жол бойында Азаттық тілшісіне Айгүл сияқты жаяу адамдар жиі кездесті. Жөн сұрасып, журналист екенімізді білген соң барлығы жол мехнатын тартып жүргенін айтып, "ауылымызға автобус шығаруға көмектесіңізші" деген өтініш білдірді.

Көкталдың тағы бір тұрғыны Салтанат Фазылованың үш баласы бар. Ересек екеуі мектеп жасында.

Көктал ауылында тұратын Салтанат Фазылова.

– Кенжем – мүгедек. Оны күн сайын арнайы балабақшаға апаруым керек. Бірақ жаздың аптабында немесе қыстың қақаған аязында оны қоларбамен алып жүру қиын. Бұл жаққа автобус жүрмейді.Такси тоқтамайды. Автобус аялдамасына жету үшін үш шақырым жаяу жүреміз. Баламның талмасы ұстаған күндері емханаға жете алмай қиналамыз. Бұл жаққа жедел жәрдем де келмейді, – дейді Салтанат мұңын шағып.

Қазір ауылда 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Оның 600-і – мектеп оқушысы. Олар көрші Еркін, Байсерке және Өтеген батыр кентіндегі мектептерге қатынап оқиды.

Көкталға жету үшін жол бойында көлік тоқтатып тұрған жігіт.

Айгүл Мәкежанованың сөзінше, кезінде Талғар ауданы билігі Көктал ауылына арнайы автобус та шығарыпты. Бірақ қыс мезгілінде автобустың бұзылып, жүруінен тұруы көп, ауа райы қолайсыз күні балалар еріксіз сабақтан қалатын дейді ауыл халқы.

Олар әсіресе қыстыгүні қас қарая жүру қауіпті екенін, қайсыбір жылы адам тонау, зорлау сияқты оқиғалар болғанын айтады.

Көктал ауылында көшеде асық ойнап жүрген балалар. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

"Көкталға автобус неге жүрмейді? Әкімдікке арыз жаздыңыздар ма?" деген сауалға ауыл халқы бірауыздан: "Жолымыз стандартқа сай емес, бір ғана көлік сияды. Сондықтан автобус жүрмейді" деп жауап береді.

Олардың айтуынша, бұл жолды осыдан біраз жыл бұрын жергілікті халық өзі қаржы жинап тартқызыпты. Бірақ жол қатар келген екі көлікке тарлық етеді.

Көкталға барар жолдағы ортасы ойыла бастаған жіңішке көпір. Ауыл халқы бұл көпірді өздері тұрғызғанын айтады.

САСЫҒАН ӨЗЕН

Көкталға кіретін жолдың бір жақ шетінде үйлер орналасқан, екінші жағы иен дала. Көкталға баратын жолда бір шеті ойыла бастаған шағын көпір бар. Қатар келген екі көлік сыймайды.

Ауылға кіріп-шығу үшін белтемірлері майысып, құлауға шақ тұрған көпір үстімен жүруге тура келеді.

Көкталдағы жалғыз көлік сиятын тар, ескі көпірдің жанынан қарағандағы көрінісі.

Ауыл қарияларының айтуынша, 1940 жылы іргесі қаланған Көктал Совет одағы тұсында Алматы қаласындағы ипподромға қараған.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінің әкімшілік басқаруына берілген. Кейін жан-жақтан осында көшіп келіп, үй салғандардың есебінен ауыл үлкейген.

Көкталға кірген кезде ауыл ортасын кесіп ағып жатқан өзеннен тараған жағымсыз иіс қолқаны қапты.

Түсі қарақошқылданып, төңірекке сасық иіс тарап жатқан өзенге жақын орналасқан мал қорадан шыққан қи-тезек су арнасына толып қалған. Көктал ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

Түсі қарақошқыл бұл суға жол-жөнекей тағы бірнеше өзен қосылып, Қапшағай су қоймасына құяды дейді ауыл тұрғындары. Олар сасық иістен құтыла алмай жүргеніне бірнеше жыл болғанын айтты.

– Бұл проблема 2016 жылы басталды. Оған дейін бұлақ та тұнық, бөтен иіс те жоқ, осы жерден балық аулайтын едік. Қазір шабақ та көрмейсің, – дейді өзін Коля деп таныстырған жергілікті тұрғын.

Коля есімді тұрғын бұрын жұрт балық аулайтын тұнық өзен суы қазір әбден ластанып, одан маңайға сасық иіс тарап жатқанын айтады.

Оның айтуынша, өзеннің бас жағында орналасқан бірнеше мал ұстайтын қора мен мал соятын орыннан шыққан қалдық өзен суына ағады.

– Өзеннің басындағы мал соятын орындар бар. Солар сойған малдың қан-жыны, қалдығын осы суға ағызады. Оның өзінде арнайы арық қазып, өзенге әкеліп қосқан. Былтыр 90 адам қол қойып, арыз жаздық. Талғар ауданынан инспектор келді. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Өзгеріс жоқ. Әкімдік "солар шешеді" деп, бізді санитарлық-эпидемимологиялық қызметке жіберді. Түсініксіз. Кімге барарымызды білмейміз. Әлде президентке шағымданамыз ба? – дейді Коля.

Өзеннен шыққан сасық иістің себебін анықтауға жиналған ауыл халқы. Көктал ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

Оның сөзіне ауылдың өзге адамдары да қосылды.

– Санэпидемстанцияға да жаздық. Олар келді де, алатынын алып, кетіп қалды. Ал мал иелері "Қайда барсаң, онда барыңдар. Олар бізге ештеңе істей алмайды" деп айтады, – дейді өз аты-жөнін атағысы келмеген бір тұрғын.

Суының түсі қарақошқылданып, төңірекке сасық иіс тарап жатқан өзен. Көктал ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

– Түстен кейін, шамамен 15:30 мөлшерінде өзен бірден тасып, арнасы толып кетеді. Сол кезде сасық иіс те қатты шығады, – дейді Елдар есімді азамат.

Төңірекке сасық иіс тарап жатқан өзен. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

– Өзен кей күндері қып-қызыл қан сияқты болып кетеді, – дейді Көктал ауылында тұратын Ольга Гибадуллина.

Бір-бірімен жарыса сөйлеген жұрттың айтқанынан түсінгеніміз – соңғы бес жылда өзеннен шыққан иіс тұтас ауылды жайлап алған.

Тұрғындармен бірге өзенді жағалап бірнеше шақырым жаяу жүрдік. Жағалай сиыр, жылқы, шошқа қоралары салыныпты. Кейбірі судың арнасын малдың тезегімен толтырып тастаған.

Көкталды басып өтетін өзенге жақын маңдағы мал қорадан шыққан қи-тезек жылғамен ағып жатыр дейді ауыл тұрғындары. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

"АУЫЛҒА МЕДПУНКТ ҚАЖЕТ"

64 жастағы Аққал Айымбекова Көктал ауылына осыдан бір жыл бұрын көшіп келген. Ауылда медпункт болмағандықтан бірнеше шақырып жердегі Өтеген батыр кентіндегі ақылы емханаға қаралатынын айтады.

Көктал ауылының тұрғыны Аққал Айымбекова.

– Біз жасы келген адамбыз ғой, жиі сырқаттанып қаламыз. Ауылда жалғыз дәрігер бар. Оның өзі басқа жақта тұрады. Бәрімізге бірдей үлгермейді. Еріксіз көрші ауылға, ақылы емханаға барамыз. Такси 500 теңге алады. Бір уколды 2 мың теңгеге салдырасың. Күннен күнге ұлғайып келе жатқан ауылға бір медпункт ашу керек қой, – дейді Аққал Айымбекова.

Көктал ауылына бекітілген учаскелік дәрігер Ғалия Ибрагимова Қайнар ауылында тұрады. Қайнар мен Көкталдың арасын Батыс Еуропа – Батыс Қытай жол магистралі бөліп жатыр. 55 жастағы дәрігер Көкталға келу үшін осы жолды жаяу кесіп өтетінін айтады.

Қайнар мен Көктал ауылдарының арасын Батыс Еуропа – Батыс Қытай жол магистралі бөліп жатыр. Алматы облысы, 19 сәуір 2021 жыл.

– Жол полициясы жүрмесе ортадағы шарбақтан аттап өтіп кетемін. Егер полиция келе жатса, жолдың шетінде қозғалмай тұра беремін. Былтыр осы жолдан өтіп бара жатқан бір жасы үлкен апаны ұстап алып, 18 мың теңге айыппұл салған. Содан қорқамын, – деп күледі Ғалия Азаттық тілшісімен әңгімеде.

Ғалия Ибрагимованың сөзінше, ауылдағы екі мыңнан астам адамның 1600-і учаскелік дәрігердің қарауында екен. Аптасына бес күн ауылды жаяу кезіп, ауру-сырқау адамдарды аралайтынын, науқастарға дәрі-дәрмегін жеткізіп беретінін айтқан дәрігер "бір ауылға бір медпункт керек-ақ" дейді.

– Бұрын Қайрандағы медпункте отырғам, халық ол жерге келе алмады. Өйткені ауылда кәрі адамдар, аяғы ауыр әйелдер, жас балалар бар. Оның бәрі келе алмайды. Содан кейін құжаттарымды арқалап еріксіз өзім аралаймын. Күнделікті үй-үйді тексеріп шығамын. Кім немен ауырып жатыр, кім қайдан келді – бәрін жаяу жүріп тіркеймін, – дейді учаскелік дәрігер.

Көктал ауылы көшелерінің бірі. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

ӘКІМДІК УӘЖІ

Көктал ауылы қарайтын Қайнар ауылдық округінің әкімшілігі Еркін ауылында орналасқан. Ауыл әкімі Нұрболат Манапбаев Көкталдағы қоғамдық көлік, медпункт мәселесін аудан әкімдігінде өткен жиналыста көтергенін айтады. Әзірге ешқандай шешім жоқ.

Көктал ауылындағы түсі қарақошқылданып, төңірекке сасық иіс тарап жатқан өзен суы. Талғар ауданы, Алматы облысы, 18 сәуір 2021 жыл.

Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Алматы облысы Талғар аудандық бөлімшесінің өкілі Нұрлан Сыдықайұлының айтуынша, Көктал ауылындағы өзендегі сасық иіске байланысты жергілікті тұрғындардан да, атқарушы биліктен де 2020 жылдан бері ешқандай шағым келіп түспеген.

– 2019 жылғы тамыз айында судағы сасық иіс жайлы шағым түскен болатын. Оған өзеннің басындағы "Нұрқағаз" кәсіпорны кінәлі болып шықты. Макулатураны жуып, қайтадан қағаз шығарады екен. Сол жуатын бассейні жарылып кетіп, лас су өзенге қосылып кеткен. Тексеру жүргізіп, тиісті айппұл салдық. Тоқтады. Одан кейін өзенге байланысты ешқандай шағым түскен жоқ. Егер тағы да сондай иіс шығып жатқан болса, жергілікті әкімдік білуге тиіс және бізге шағымдануы керек, – деді Нұрлан Сыдықайұлы Азаттыққа.

Көктал ауылына кіреберіс жол бойындағы жазу. Талғар ауданы, Алматы облысы, 19 сәуір 2021 жыл.

Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаев ауыл жұртының шағымынан кейін аудан әкімімен бірге судың ластанып жатқан көзіне дейін барғанын, ол жерде жеке меншік нысан орналасқанын, тиісті орындарға шағым дайындалып жатқанын айтты.