"Өмірім – осы, басқа кәсіппен айналысып көрмедім". Шопан қыстауынан репортаж

Шопан қыстауы – бөлек әлем. Ол жақта интернет, тұрақты жарық пен адам жоқ. Қыстауда бір күннен артық болсаң, өркениет игіліктері, технология, қарбалас тірлік пен саяси тұрақсыздық басқа әлемде болып жатқандай, ал нағыз өмір осында: жазық далада, тауда, аспан мен тыныштық аясында сияқты көрінеді. Азаттық тілшісі қыстауға барып, шопанның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

"ЕҢ ЖАҚСЫ ШОПАН – ҚАНДАСТАР"

Қыстауға бару үшін Алматыдан Қонаевқа жетіп, ары қарай жолсыз жермен ондаған шақырым жүруім керек.

Сапарға жердің тоңы жібімей тұрып, ерте шыққан дұрыс. Әйтпесе көлік батпаққа батып, жүре алмай қалуы мүмкін.

Қонаевта шаруа қожалығының директоры Талғат Әбдімов күтіп алды. Ол мал шаруашылығының қыр-сырын түсіндіріп, жол көрсетуге келісті. Жол сілтейтін адамсыз шопан қыстауын табу қиын.

Талғаттың Renault Logan маркалы жеңіл көлігімен жазық далада келе жатырмыз. Көлігі мұндай жолға жарамайтындай көрінгенімен, Талғат темір тұлпары бірде-бір рет жолда қалдырмағанын айтты.

Өтіп бара жатқан көлікке жүгірген ит. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Талғат – осы өңірдің тумасы. Сондықтан күн райы қандай болса да, көлік айдағаннан қорықпайды. Бірақ бір қиыны: әлдеқайдан жүгіріп шыққан ит болса, көлік астына түсіп қалуы мүмкін. Кейде тежегішті басып, ақырын жүруге тура келеді.

Талғат жолда өзі жайлы әңгіме бастады. Ауылда туған, бала күнінен шаруаға араласып өскен.

– Қазір ешкім шопан болғысы келмейді. Бала кезден шаруаға араласып өскен адам ғана осы кәсіпті таңдайды. Ең жақсы шопан – қандастар, олар бала күнінен Қытайда, Моңғолияда мал бағып өскен. Малға басқаша қарайды. Жұмысын ықыласпен істейді, шаруаға икемді, – дейді Талғат.

Шопан қыстағы маңында жайылып жүрген түйе. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

СЕРІК ПЕН КҮЛӘШ

Талғат жолай бидай қоймасына кіріп, малға жем алды.

Тракторшы Серік жем артып жатыр. Бидай қоймасы бұрынғы совхоз жерінде орналасқан. Совхоздан қалған үйлердің бірінен ветеринария дәріханасы ашылған, екіншісінде Серік әйелімен тұрады.

Бидай қоймасының жанында үстін тот басқан, ішіне кептер ұялаған ескі қырман тұр. Совет Одағы тараған кезде қырман жұмысы да тоқтаған.

Бұрынғы совхоздан қалған ескі қырман. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Тракторшы Серік әйелі Күләшпен бірге бірнеше жылдан бері осында тұрады. Күләш – көп жыл совхозда істеген шопанның қызы. Балалық шағы мен жасөспірім күндері осында өткен. 2017 жылы күйеуімен бірге Алматыдан туған жеріне оралған. Екі ұлы қалада қалыпты.

Күләш Совет Одағы кезіндегі шопан өмірін әлі күнге ұмытпаған.

– Жалақы жақсы еді, жарық та тегін болатын. Балалар Алматыда мектеп-интернатта оқитын, кейін жеңілдікпен институтқа түсетін. Қазір де жақсы, ешкім жоқ, тыныш. Күйеуім екеуіміз ғана тұрамыз. Арасында жұмысшылар келеді, – дейді ол.

– Иен далада жалғыз тұруға қорықпайсыздар ма?

– Қорықпаймыз, үйреніп кеттік. Күйеуім екеуіміз күнкөріс қамымен жүрміз, балалар қалада. Зейнетке шықсақ, қалаға кетерміз. Жақында 59 жасқа толамын, екі жылдан кейін зейнетке шығамын. Күйеуім бес жас кіші, әлі біраз жұмыс істейді.

Шаруа қожалығында жұмыс істейтін Күләш үйінің есігінен қарап тұр. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Серік пен Күләштің шағын шаруашылығы бар: бұрынғы совхоз аумағында бірнеше сиыр жайылып жүр, үй маңында есек жүр, ескі диванның үстінде тазы жатыр. Аяққа оралып жүрген кішкентай күшіктері де бар.

Күләштің айтуынша, тұратын жері тыныш, ауасы таза, өнімі дәмді. Үйдің жанына күннен қуат алатын үлкен панельдер орнатқалы бері жарық сөнбейтін болған. Үйде интернет бар: жұмыстан бос уақытында Күләш пен Серік балаларына хабарласып, TikTok-тан видео көреді.

Шаруа қожалығында жұмыс істейтін Серік пен Күләш тұратын үйдің ауласындағы ит пен есек. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

– Бес отар қойға қараймыз. Әр шопанда осындай құрал-жабдық болады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша алғанбыз, субсидиялық жоба. Құрал-жабдыққа бензин генераторы, сорғы, он дана күн панелі мен төрт үлкен аккумулятор кіреді, – деді Талғат көлікке отырып жатып.

Шопан қыстағы. Алматы облысы, 4 ақпан, 2023 жыл.

ЖӘМЛИҚА МЕН МӘРИЯМ

Қыстауға жеттік. Мұнда Жәмлиқа Құсайын деген шопан тұрады. Қытайда туып-өскен қандастар бүкіл отбасымен тарихи атамекеніне көшіп келген. Қытайда мал өсірумен айналысқан, балалық шағы жайылымда өтіпті.

Жәмлиқаға әйелі Мәриям көмектесіп жүр. Шопан тауда қой бағып жүргенде, Мәриям үйге, балаға қарайды. Ерлі-зайыптының екі баласы бар, үлкені мектепте оқиды, Талдықорғанда атасының қолында тұрады. Кенже ұлы әлі кішкентай.

Жәмлиқаның әйелі Мәриям қойды қораға кіргізер алдында санап тұр. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Мәриям – жүзі жарқын, күлімсіреп жүретін ұяң әйел. Бізбен сөйлесуге уақыты жоқ: көп ұзамай күйеуі қой айдап келеді, малдың жемін салып қоюы керек.

Қас қарайғанда Жәмлиқа атқа мініп, таудан түседі. Қой жем жеп жатқанда, Мәриям қораның есігін ашып тұрады. Күйеуі малды кіргізіп, бәрін санап, түгендеп шығады. Олардың жұмысы түнде бір-ақ бітеді.

Шопан Жәмлиқа Құсайын. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Жәмлиқа – жүзін жел қаққан, орта бойлы кісі. Бір қарағаннан шопанның жасын айту қиын. Үнемі күн астында, жел өтінде жүргеннен жүзінен жылдар табы өшіп кеткен сияқты.

Жәмлиқа 36 жаста.

– Отарым орташа: 630 бас қой бар, жұмыс бастан асады. Жеті жылдан бері осында істеймін. Қытайда да малмен айналыстық. Қазақстанда да сол кәсіппен айналысып жатырмын. Бірақ демалыссыз істеген қиын, еш жаққа шыға алмаймын. Мен кетсем, қойға кім қарайды? – дейді шопан қой санап болып, қораны бекіткен соң.

Жәмлиқа шопан отырған қыстақ. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Жәмлиқа айына 200 мың теңге жалақы алады. Ол "шопанның жалақысы жақсы" дейді. Иен далада тұратын шопан азық-түліктен басқаға ақша жұмсамайды. Ет пен сүт өздерінен шығады. Өздері де мал өсіреді, жаздай баптап, күзде сатып, ақша қылады.

– Салық пен басқа да төлемдерді алып тастағанда, қолға 200 мың теңге аламын. Зейнетақы жарнасын ұстап қалады, еңбек өтілім де жүріп жатыр. Медициналық сақтандыруым да бар, – дейді шопан.

Жәмлиқаның отбасы қыстақтағы үйде. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Жәмлиқа мен Мәриям қыстақта екі бөлмелі жер үйде тұрады. Кіреберіс бөлмеде асүй бар. Онда пеш жанып жатыр, үстел үстіне екі көзді газ қойылған, жанында газ баллоны тұр. Екінші бөлмеде үй иесі мен әйелі ұйықтайды. Үйде электр құрылғыларынан телефон мен аккумуляторға қосылған шамдар ғана бар. Ұйықтайтын бөлмеге төсек орын, шағын шкаф қойылған.

– Бұл үйде желтоқсаннан ақпанға дейін үш ай қыста ғана тұрамыз. Наурызда малды көктеуге айдап апарамыз. Ол жақтағы үйіміз үлкен. Электр жарығы да, интернет те бар, – дейді Мәриям.

Жәмлиқа малға жем салып жүр. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Көктем келгенде сақман деп аталатын қиын әрі жауапты кезең басталады. Көктемде мал төлдей бастайды. Шопан күні-түні ұйқы көрмей, төлдеген малды отардан бөліп алып, жаңа туған қозыларды күтеді. Қой көбіне түнде төлдейді, сондықтан шопан көз ілмей, малдың соңында жүреді.

– Қанша жерден жақсы шопан болса да, сақманды жалғыз өткере алмайды. Сондықтан сақман кезінде бірнеше адамды көмекке шақырамыз. Туған төлді түгел аман алып қалу үшін көп адам керек. Әр адам 150 қойдан бөліп алады. Отарда 600 қой болса, шопан тағы төрт адамды көмекке шақырады, – дейді Талғат Әбдімов.

Шопан үйінің ауласында жүрген күшік. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Тағы бір маңызды кезең – сәуірдің аяғы мен мамырдың басында болатын қой қырқу. Бұл кезде де шопан қосымша жұмыс күшін шақырады: он адамнан тұратын топ күніне мыңға жуық малдың жүнін қырқа алады. Қой қырқудан кейін мал дәрігерлік жұмыстар басталады: қойды дезинфекциялайтын сұйық дәрімен жуындырып, қан алып, екпе салады.

Жәмлиқаның отарындағы қойдың бәрі Еділбай тұқымынан. Олар ірі, құйрықты, етті келеді. Шопандар арасында осы тұқымдас қойға сұраныс көп, төрт айда қозы 35 келі салмақ жинап, 17-18 келі ет береді. Бұл салмақтағы қойды сатуға болады. Ересек қойдан 30 келіге дейін ет шығады.

Шопан Жәмлиқа Құсайын 630 бас қой бағады. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

– Бұрын биязы жүнді қой өсіретінбіз. Жүні мен терісін Қытайға сататынбыз, бірақ пандемия кезінде шекара жабылып, сатып алушылар жасанды материалдар қолдануға көшті. Енді оларға тері қажет емес, – дейді Талғат.

Шопан күнделікті бір жұмыспен айналысады. Жәмлиқа таңсәріден тұрып, қойға қарап, пеш жағады, атын ерттеп, таңғы асын ішіп, алдына мал салып алып, өріске айдап кетеді. 12 сағаттан кейін қойды айдап әкеліп, санап, қораға кіргізеді. Күнде осы бір тіршілік.

Шопан тазысы. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.

Кетер алдында Жәмлиқадан "Мұндай өмірден жалыққан жоқсыз ба?" деп сұрадым.

– Өмірім – осы, басқа кәсіппен айналысып көрмедім. Кәсіптің қыр-сырын білгендерге жұмыс жеңіл болады, – деді шопан өзіне таныс жолмен отарын тауға қарай айдап бара жатып.

Жәмлиқа шопан малды өріске айдап барады. Алматы облысы, 3 ақпан, 2023 жыл.