Үш сәби Қытайдан оралмаған анасының жолына қарайды

Мұхамет Қызырбек Дастан ауылындағы үйінің алдында тұр. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы. Мұхамет Қызырбектің жеке архивіндегі сурет.

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қазақ отбасы көп ұзамай еріксіз екіге бөлінді. Шешелерін Қытай жібермей қойғанын балаларға қалай түсіндіремін дейді әкесі. Олар сыртқы істер министрлігінің "Қытайға сұрау салдық" деген хатынан үміттенеді.

"БАЛАЛАРЫҢ САҒЫНСА, ҚЫТАЙҒА КЕЛСІН"

2014 жылы Қытайдың Үрімжі аймағынан Қазақстанға қоныс аударған 37 жастағы Мұхамет Қызырбек қазір Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Дастан ауылында тұрады. Қазақстан азаматтығын алғанына бірнеше жыл болған.

Отбасында кәмелетке толмаған үш бала бар. Үлкені он бірден, кішісі үштен енді асқан балалары анасыз өсіп келеді. Шиеттей балалар шешесін сағынып, қыстыға жылағанда әкелерінің қабырғасы қайысады. Бірақ қолынан келер дәрмен жоқ.

- Әйелімнен тірідей айырылып отырмын, - дейді ол. - Қытайға туысшылап барып қайта алмай қалды. Қытай жібермей қойғанын мына балаларға қалай түсіндіресің?

Мұхамет Қызырбек 2017 жылдың желтоқсанында Шыңжаңға барған әйелі Аманжол Қайсақызын Қытай билігі Қазақстанға шығармай қойғанын айтады. Сурет Мұхамет Қызырбектің жеке архивінен алынды.

Мұхамет Қызырбек Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қазақтардың басындағы бүгінгі кепті біледі. Ертерек білгенде Қытайға жіберер ме едім деп өкінеді.

Мұхаметтің айтуынша, Қазақстанда ықтияр хатпен жүрген әйелі Аманжол Қайсақызы 2017 жылы желтоқсан айында Қытай шекарасынан өтіп, ізінше Қытай билігінің күштеуімен бір жыл үш ай "саяси үйренуде" болған. Бастапқыда тоқсан күнге "үйренуге" шақырған. "Үш айлық үйренуді" үйден қатынап оқыған. Мерзімі аяқталғаннан кейін құжаттарын алуға барғанда жергілікті полиция саяси үйренуге қайта жіберген. 2018 жылдың сәуірінен тура бір жыл "саяси үйрену лагерінде" отырған. Одан шыққаннан кейін Үрімжі қаласындағы киім тігетін кәсіпорында жұмыс істеуге мәжбүрлеген.

- Әйелім "сен арыздансаң одан сайын қырсыға береді екен" деген соң біраз уақыт үнсіз жүрдім. Таяуда әйеліме "қайда арыздансаң да Қазақстанға қайтпайсың. Балаларың сағынса Қытайға келсін" депті. Не істерімді білмей қалдым, - дейді Мұхамет.

Әйелімен сөйлесу де мұңға айналған. Үш сәбиі мен күйеуінен айырылған әйелінің бар арманы – Қазақстанға қайта оралып, отбасымен қауышу болып қалған.

"ЫСТЫҚ ТАМАҚ МЕКТЕПТЕН"

Шиеттей балаларына қарап, қолы байланса да Мұхамет былтыр 700 мыңға жер учаскесін сатып алып, биыл үй салған. "Қырсық бір айналдырғанда шыр айналдырады" деп мұңаяды. Ел қатарлы үйіміз болды деп қуанғанда жерінің құжаты дұрыс болмай шыққан. Онсыз үйге тұрақты тіркеуге тұра алмайды.

Жергілікті әкімдік беріп жатқан атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ауыл-аймақтағы үйлердің біріне амалсыз тіркеліп, құжатын алып барғанда әкімдіктен "кеш қалдыңыз" деген хабар естіген.

Мұхамет Азаттыққа балаларының тамақтанып отырған сәтінде түсірілген шағын видео жіберді. Видеода балалар сүтсіз шайға нан батырып жеп отырған көрінеді. Үстелде наннан өзге тамақ байқалмайды.

Мұхамет жақын туыстары мен Қазақстандағы кей белсенділер берген азын-аулақ қаржыға күнелтеді. Ескі көлігімен Дастан мен Құркелес ауылының арасында кісі тасып, азын-аулақ нәпақа тапқан болады.

Қазақстан азаматы болсақ та атаулы әлеуметтік көмекке ілінбедік. Мемлекеттен көмек жоқ. Балаларым ыстық тамақты күніне бір мезгіл мектептен ішеді, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Мұхамет Қызырбектің отбасының ахуалы жайлы ауыл тұрғындарымен де сөйлесіп көрді. Дастан ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Асат Сабырұлы Мұхамет жағдайына қанық адамдардың бірі екен.

"Әйелін Қытайдан алдырамын деп бармаған жері қалмады. Өзі де азып-тозды әбден" дейді ол. Оның сөзінше, ауыл тұрғындары да хал-қадерінше киім кешек, азық-түлік беріп, қарасады. Шешесіз балалардың жаутаңдап жүргені жұрттың да қабырғасына батады.

Құркелес ауылдық округі әкімдігінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас маманы Асхат Бейсен "Мұхаметтің жай-күйінен хабарсыз" екенін айтты.

- Әйелі Қытайдан қайта алмапты дегенді естігем. Бізге келсін, атаулы әлеуметтік көмек беру мәселе емес, - деді бас маман қысқа қайырып.

"ЖҰБАНЫШ ХАТ"

Қытайдағы әйелін алдыру үшін Мұхамет Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бірнеше рет жүгінген. Өкілетті орган былтыр, 2018 жылы қазан айында жазбаша жауап беріпті.

"Әйеліңіз Қытай азаматы болғандықтан сол елдің құзіретті органдары Қытайдың ішкі заңнамасына сәйкес қарастыратынын мәлімдеді" деп жазылған жауап хатта.

Министрлік жауабында "отбасы мүшелерін ажыратуға болмайтыны туралы халықаралық заңдар мен Қытай заңнамаларындағы қағидаттарды назарға алғанын, Қытай тарапына өтініш білдірілгенін" айтқан.

Үш сәбидің үмітін арқалаған жылы хат Мұхаметтің үйіндегі ең ыстық дүниеге айналған. Бірақ ескіріп барады. Құр сөз бе деген күдік те пайда бола бастаған.

Азаттық тілшісі таяуда сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровпен сөйлесті. "Арыз иесіне жауап жібердік, Қытаймен әлі де сөйлесіп жүрміз" дейді ресми өкіл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Қытайдағы туысын іздеп жәрдем сұраған Тұрлан Күләнге жауап хаты. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

Сыртқы істер министрлігінің Мұхамет Қызырбектің қолындағыдай хатын Азаттық тілшісі таяуда бірнеше адамнан көрген. Қазан айының онына Алматы облысының бірнеше ауданынан "Атажұрт еріктілерінің" (ресми тіркеуден өтпеген ұйым - ред.) кеңсесіне арнайы жиналған бір топ адамның кейбірі сыртқы істер министрлігінің бір жыл бұрын жазған жауабынан үміттеніп жүрген еді. Олар да жақындарымыз Қытайдың "саяси үйрену лагерінде отыр" деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамалған бала, хабарсыз әке, жоғалған күйеу іздеусіз қала ма?

Алайда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайдың саяси лагерлерінде этникалық қазақтар қалмағанын айтады. Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген.

Қытайда қалған туған-туыстарын іздеушілер 2017 жылдың көктемінен бері күрт көбейген. 2018 жылы Қытай мен Қазақстан шекарасынан заңсыз өтіп келген Сайрагүл Сауытбай ісі Қазақстан қоғамын елеңдеткен еді. Сауытбай да отбасынан, күйеуі және екі баласынан бөлініп, Қытайда қалған. 2018 жылы тамызда Қазақстан соты Сауытбайды шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыптап, алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Сот процесі кезінде Сауытбай Шыңжаңдағы "саяси үйрену лагерінде жұмыс істегенін" айтып, Қытайдағы этникалық қазақтардың қысымға ұшырап жатқаны туралы мәлімдеген. Сот Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Қазақстан билігі босқын мәртебесін беруден бас тартқаннан кейін Сайрагүл Сауытбайды Швеция қабылдаған болатын.

2018 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілді ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеді. Бастапқыда мұндай ақпаратты мойындамаған Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады.