ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ: КЕТТЛИНГ, БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ ЖӘНЕ ДИСКРИМИНАЦИЯ
29 наурызда жарияланып, былтырғы маңызды оқиғалары талданған баяндамада Қазақстандағы ой еркіндігі мен бейбіт жиын өткізу құқығы шектеліп отырғаны айтылады.
Қазақстанда бейбіт жиын туралы заңда шектеулердің көп болуына байланысты митинг өткізу туралы өтініштердің көбі мақұлданбайды. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 2020 жылы шілдеден 2021 жылдың қазан айына дейін 22 қала әкімдігі митинг өткізу туралы 133 өтінішті кейін қайтарған (103 өтініш 2021 жылдың он айында түскен). Елде бейбіт демонстранттар полицияның қарсылығына жиі ұшырайды. Мысалы, оларға қарсы заңсыз ұстаумен пара-пар "кеттлинг" әдісі қолданылған. 10 қаңтарда парламент сайлауы өткен күні Алматыда полиция бейбіт наразыларды қоршауға алып, 12 адамнан тұратын топты қақаған аязда ас-су бермей, дәретханаға жібермей, тоғыз сағат бойы далада кеттлингте ұстаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл – азаптау". Қазақ билігі қолдана бастаған "кеттлинг" әдісі қайдан шықты?Баяндама авторлары 2020 жылы өткен парламент сайлауына жеке тоқталған. Бұл сайлауда билік партиясы 71 пайыздан жоғары дауыс жинаған. ЕҚЫҰ миссиясының бақылаушылары бірлестік құру, бейбіт жиын өткізу және пікір білдіру еркіндігінің негізсіз шектелуіне байланысты сайлаушылардың таңдау мүмкіндігі аз болғанын айтады.
Қазақстанда 405-бап бойынша "экстремистік" ұйым қызметіне қатысты деген айыппен сотталған азаматтар саны артқан: 2020 жылы 14 адам жауапқа тартылса, 2021 жылы қазан айындағы дерек бойынша, 47 айыптау үкімі шығарылған. Айыпталушылардың бәрі билікті сынап, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарын қолдаған. Қазақстанда аталған ұйымдар 2018 және 2020 жылы өткен жабық сот процестерінде "экстремистік" ұйым деп танылған (Еуропарламент қарарында бұл қозғалыстар бейбіт оппозициялық ұйым деп сипатталады).
Amnesty International қазан айында шартты және бас бостандығынан айыру жазасына кесілген алматылық 13 белсендінің ісіне ерекше назар аударады.
Құқық қорғаушылар 2020 жылы "Жала жабу" бабы декриминализацияланғанын, бірақ Қылмыстық кодексте бірінші президент пен президенттің ар-ожданына нұқсан келтіргендерді жауапқа тарту туралы баптар сақталып қалғанын айтады. 10 тамызда Талдықорған соты Серік Құлмырза мен тағы сегіз азаматты әлеуметтік желіден бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты "қорлайтын" жазбаларын өшіріп тастауға міндеттеген.
Amnesty International қазір парламентте талқыланып жатқан, балаларды кибербуллингтен қорғайды делінген түзетулерге қатысты да пікір білдірген. Заңға ұсынылған өзгертулерге сәйкес, шетелдік интернет-платформалар Қазақстанда тіркеліп, өкілдік ашуы керек. Құқық қорғаушылар бұл түзетулер пікір білдіру еркіндігі мен ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектейді деп сынаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Балаларды қорғаймыз деген желеумен". Сарым-Зәкиева түзетулері несімен қауіпті?2020 жылы қабылданып, кәсіподақтарды тіркеу процесін жеңілдеткен заңнамалық өзгерістерге қарамастан, кей кәсіподақ ұйымдары әлі күнге бюрократиялық кедергілерге тап болады. 5 ақпанда Шымкенттегі экономикалық сот отын-энергетика кешені жұмысшыларының тәуелсіз кәсіподағының қызметін алты айға тоқтатқан. Бұған ұйымның кәсіподақтар туралы шектеуі көп заңға сәйкес тіркеуден өтпеуі себеп болған.
Қазақстандағы ЛГБТ-қауымдастық мемлекеттік органдар мен құрылымдар тарапынан дискриминацияға жиі ұшырайды. Мамырда Feminita тобының негізін қалаушы Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Шымкент қаласында кездесу ұйымдастырған. Кездесу орнына белгісіз адамдар келіп, белсенділерге күш көрсетпек болған. Полиция белсенділердің бейбіт жиын өткізу құқығын қорғаудың орнына олардың өзін ұстап әкеткен. Кейінірек полиция өз әрекетін "Секербаева мен Сержанды қорғау үшін осылай жасадық" деп түсіндірген. 28 шілдеде Қарағандыда әйелдер құқығы тақырыбында кездесу өткізбек болған қос белсенді тағы да шабуылға ұшыраған. Жыл соңындағы дерекке сай, полиция жоғарыда аталған екі оқиғаның бір де бірін зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартпаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЛГБТ өкілдеріне деген өшпенділік. Қазақстандағы гомофобияның себебі неде?Шыңжаннан Қазақстанға қашқан этникалық қазақтар шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге жабылған, дискриминацияға және кедергілерге ұшыраған, дұрыс қорғауға қол жеткізе алмаған. Тарихи отанынан пана іздеген азаматтар жыл сайын құжат мерзімін ұзартуға мәжбүр. Олар шетелге шыға алмайды. Сәуір Қазақстан Шыңжаңнан қашқан үш этникалық қазаққа шекарадан заңсыз өткені үшін азаматтық бермей қойған.
Amnesty International бірқатар мемлекет, оның ішінде Қазақстан үкіметі билікті сынаушыларға қарсы күрделі техникалық құралдар пайдаланатынын жазады. Pegasus жобасы Қазақстанның журналистер, құқық қорғаушылар мен өзге де азаматтарға қарсы Pegasus тыңшылық бағдарламасын қолданып келгенін көрсетті.
ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ: ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ӘРЕКЕТСІЗДІГІ РЕСЕЙДІҢ УКРАИНАҒА БАСЫП КІРУІНЕ ЖОЛ АШТЫ
Amnesty International әлемдегі жағдайды талдап, ғаламдық қауымдастық әртүрлі кикілжіңдерді шешуде қабілетсіздік танытып отыр деп есептейді. 2021 жылы Ауғанстан, Буркино-Фасо, Эфиопия, Израиль, Палестинаның оккупацияланған территориясы, Ливия, Мьянма, Йеменде бұрынғы кикілжіңдер жалғасып, жаңа қақтығыстар басталды, бір-біріне қарсы тараптар адам құқықтары саласындағы халықаралық нормаларды бұзды. Нәтижесінде миллиондаған бейбіт тұрғын үйін тастап көшуге мәжбүр болды, мыңдаған адам опат болды, жүздеген азамат зорлық-зомбылық көрді, онсыз да әлсіз денсаулық сақтау жүйесі мен экономика күйреуге айналды.
"Ғаламдық қауымдастықтың жыл санап артып келе жатқан кикілжіңдерді шешудегі қабілетсіздігі тұрақсыздық пен күйреуге әкелді. Бұл дағдарыстарға тиімді халықаралық реакция болмағанын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің әрекетсіздігінен көрдік. Қауіпсіздік кеңесі Мьянмадағы қатыгездікке, Ауғанстандағы адам құқықтарының бұзылуына, Сириядағы әскери қылмысқа көз жұма қарады. Осы әрекетсіздік, көпжақты органдардың қол қусырып отыруы мен ықпалды мемлекеттердің әлем алдында есеп бермеуі Ресейдің Украинаға басып кіріп, халықаралық құқықты бұзуына жол ашып берді" деп жазады Amnesty International.
Баяндамада 2021 жылы бүкіл әлемде тәуелсіз және сыни пікір білдіретін азаматтар мен ұйымдарды басып-жаншу қарқынды жүріп, мемлекеттер бұрынғыдан әлдеқайда көп әдістерге жүгінгені айтылады. Мәселен, құқық қорғаушылар, үкіметтік емес ұйымдар, ақпарат құралдары мен оппозиция көшбасшыларын заңсыз ұстау, азаптау, ұрлап әкету көбейген, билік бұл қылмыстардың көбін пандемияның көмегімен жасыруға тырысқан.
Құқық қорғаушылар әлемде құпия цифрлық технологиялар кеңінен тарай бастағанын жазады. Ресей үкіметі бейбіт демонстрация қатысушыларын жаппай ұстау үшін адамның түр-тұлғасын ажырату технологиясын пайдаланған. Қытай Шыңжаң және Гонконг сияқты даулы мәселелер талқыланған қосымшаларды бұғаттап, "ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді" деген күдікке ілінген сайттарды жауып тастаған.
Amnesty International баяндаманың бір бөлімін коронавирус пандемиясының шешілмеген мәселелеріне арнаған. Ұйым өкілдері "әлем көшбасшылары "құрғақ уәде" беріп, орындаған жоқ, ал фармацевтикалық компаниялар вакцинадан түсетін пайданы Африка, Азия және Латын Америкасы елдеріндегі адамдардың денсаулығынан жоғары қойды, бұл ғаламдық теңсіздікті одан әрі күшейтті" деп есептейді.
Баяндама авторлары "Бай мемлекеттер 2021 жылы корпоративті алпауыттармен астыртын сөз байласып, Covid пандемиясынан кейінгі экономиканы қалпына келтіру процесі әділ жүреді деген жалған уәде беріп, бос ұрандар көтеріп, елді алдап соқты. Бұл – біздің дәуіріміздің ең үлкен сатқындығы" деп жазады.
"Денсаулық пен өмір сүру құқығы жаппай бұзылды, миллиондаған адам әзер күнелтетін жағдайға жетіп, көбі баспанасыз қалды, балалар білім алу мүмкіндігінен айырылды, кедейлік артты" дейді Amnesty International ұйымының бас хатшысы Аньес Калламар.
Оның сөзінше, вакцина жеткілікті өндірілгенімен, былтырғы жылдың соңына қарай табысы төмен мемлекетте тұратын азаматтардың небәрі 4 пайызы толық вакцина алған.
Amnesty International баяндамасын "Көшбасшылар мен корпорациялар берген уәделеріне қарамастан, өзгерісті қаламайтын жолды таңдап, пандемияның артында тұрған жүйелі теңсіздікті жоюдың орнына, оны одан әрі күшейтті. Бірақ әлем халқы адам құқықтары сақталатын әділ ғаламда өмір сүргісі келеді" деп түйіндейді.