"Осынша ер адам екі әйелді қоршап тұрсыңдар! Ұялмайсыңдар ма?" дейді өзіне қарай ұмтылған агрессивті топ өкілдеріне сөйлеген әйел.
"Ұят туралы сен айтпайтын шығарсың?" дейді оған жауап қатқан дауыс.
Артынша айғай-шу, балағат сөз бен төбелес басталып кетеді. Полиция киіміндегі адам қарапайым киінген азаматтармен бірге ғимарат ішіндегі әйелді көшеге сүйреп шығып, күштеп көлікке отырғызады. Осы кезде бір ер адам көліктің қарсы беттегі есігін ашып, іште отырған әйелдің бетінен ұрады.
Бұл – драмалық шығарманың сценариі емес, Шымкентте ЛГБТ белсенділеріне жасалған шабуылдың видеосынан алынған көрініс.
29 мамырда Feminita тобының мүшесі Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева Шымкентте лесбиян, бисексуал, квир және транссексуал адамдардың құқығы туралы кездесу өткізбек болған. Белсенділер Алматыдан келіп, қонақ үйдің залын жалға алып, оның жарты ақшасын алдын-ала төлеп, кездесуге дайындалып отырған еді. Бірақ зал иелері соңғы сәтте белсенділерді ішке кіргізбей қойған. Бұдан соң көрші кафеге барған олар шабуылға тап болған.
– Біз ешқашан бөтен адамдарға кездесу өтетін орынның мекенжайын бермейміз. Кездесуге келетін адамдар алдын-ала тіркеледі. Бірақ бұл жолы бөтен адамдар амалын тауып, Шымкенттегі кездесу орнын біліп алған. Телефоныма түсініксіз қоңырау түсті. Әлеуметтік желіде бізді "ЛГБТ-шеру" ұйымдастырды, ал жергілікті билік кездесуге тыйым салды" деген ақпарат тараған. Осының бәрін Қазақстан азаматтарын феминистерге, ЛГБТ белсенділер мен адам құқығы мәселесі талқыланғанын қалайтын құқық қорғаушыларға қарсы қойғысы келетін белгісіз адамдар істеп отыр, – дейді Гүлзада.
Ақыры полиция ұстауға кірісті. Бірақ олар шабуылдағандарды емес, екі белсенді әйелді әкетті. Оларды полиция басқармасына жеткізіп, сегіз сағат бойы ұстады. Бұл кезде полиция ғимаратының алдына белсенділерді қолға беруді талап еткен ашулы адамдар жиналып тұрды.
Сержан "Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль белсенділерге шабуыл жасалғанын, Секербаеваның таяқ жегенін естіп, бұл туралы ақпарат таратпаса, оқиға мүлде басқаша аяқталуы мүмкін еді" деп есептейді.
– Жағдайға омбудсмен [Эльвира] Азимова араласты, бақылаушылар келді. Сондықтан полиция арызымызды қабылдап, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете бастады. Оған дейін олардың бізді қалай "қорғағанын" көрдіңіздер ғой. Шабуыл жасаған адамдарды жауапқа тартуды ойлаған да жоқ. Олар [полиция қызметкерлері] маған терезеден [аудандық полиция басқармасының] ауласына жиналған топты көрсетпек болды, мен мұны моральдық қысым деп түсініп, қараудан бас тарттым, – дейді Гүлзада.
Полиция қызметкерлері таңға жуық Сержан мен Секербаеваны қызмет көлігімен Алматыға апарып тастаған. Ертеңіне Шымкент қалалық полиция департаменті белсенділерді "олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұстадық" деп түсіндірген.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы "Полицияның шабуыл жасаған азаматтарға емес, белсенділерге қарсы бағытталған сенбі күнгі оқиғаларға реакциясы Қазақстанда әйелдер мен ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғауды жақсарту қаншалықты көкейкесті мәселе екенін көрсетеді" деп мәлімдеді.
АҚШ пен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі белсенділерге жасалған шабуылға байланысты алаңдаушылық білдірді; Нидерланд елшілігі Сержан мен Секербаеваны қолдады; Батыс мемлекеттерінің дипломатиялық миссиясы Нұр-Сұлтанды барлық азаматтың жалпыға ортақ адам құқықтарын, ар-ожданы мен теңдігін қорғауға үндеді; Еуропа-Орта Азиялық лесбий қауымдастығы Шымкенттегі "антифеминистік және лесбофобиялық" шабуылды сынады.
Әлеуметтік желілердің қазақстандық бөлігінде полиция көлікке күштеп отырғызып, Шымкенттен шығарып жіберген екі әйелдің құқығының бұзылуына байланысты туған наразылық толқыны хейтерлік жазбалар мен пікірлердің астында қалды. Кей қолданушы сексуалды азшылық өкілдерін қарғап-сілеп, оларға қоқан-лоқы көрсетті. Белсенділерге шабуыл жасаған азаматтардың әрекетін ашық қолдағандар да табылды. Олардың қатарында мәжіліске "парламенттік оппозициядан" сайланған депутат та бар. Ол "бірлігі бекем, ұлттық дәстүрдің қаймағын бұзбай сақтап отырған оңтүстік адамдарының" "шайтандар шеруін өткізуге жол бермегеніне" сүйсінгенін жасырмады. Бір қызығы, бұл депутаттың партиясы "әр азаматтың еркін дамуына, құқықтары мен еркіндігінің қорғалуына жағдай жасауды" мақсат тұтатынын айтып келген...
ҚЫСЫМ МЕН ҚАУІП ЖАҒДАЙЫНДА ӨМІР СҮРУ
2018 жылы Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы елде сексуалды азшылық өкілдерін қабылдамау деңгейі жоғары екенін көрсетті. Зерттеу авторлары қарапайым қазақстандықтардың қандай әлеуметтік топтардан аулақ жүргісі келетінін анықтауға тырысқан.
– Респонденттерден "Жекелеген діни, қылмыстық немесе басқа да топ өкілдерімен көрші тұрғыңыз келе ме?" деп сұраған. Сауалнама нәтижесінде сексуалды азшылық өкілдері "халық қаламайтын көршілер" үштігіне кірген. Қалған екі топта қылмыскерлер мен нашақорлар бар. Яғни сексуалды азшылық өкілдері қатардағы азаматтар бірге жүргісі келмейтін қатерлі топқа жатады. Қоғамда бұл топты қабылдамау және ксенофобия деңгейі өте жоғары. Шымкентте болған соңғы оқиға да соны көрсетеді, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Қазақстандағы ЛГБТ қауымдастық өкілдері сарапшылар "сексуалды азшылық өкілдерін қабылдамау" деп атайтын құбылысқа күн сайын куә болады.
Қазір Канадада тұратын 26 жастағы жас ғалым Сұлтан Мұсахан туған жеріндегі азшылық өкілдері дискриминация мен агрессивті қарым-қатынасқа жиі тап болатынын айтады. Кей адам мұндай қысымға шыдай алмай, өзіне қол салады. Сұлтан Қазақстанда екі гей досынан осылай айырылғанын айтады.
– Екеуі де жас, табысқа жеткен азаматтар болатын. Соған қарамастан, суицид жасады. Марқұм достарымның ата-анасы өз баласының гомосексуал екенін елемеуге тырысты, олардың суицидке бару себебі де – осы. Біз тіпті оларды ақтық сапарға шығарып салар алдында дұрыстап қоштаса да алмадық. 2018 жылы 8 қыркүйекте екінші досым қайтыс болған күні қоғамның ақылға қонбайтын жеккөрініші кесірінен жақынымыздан айырылып жатқанымызды көрсету үшін ЛГБТ+ қауымдастықты қолдап Facebook-те каминг-аут жасадым. Дәл сол күні биология пәні мұғалімі болып істеп жүрген мектебім мені жұмыстан едел-жедел шығарып жіберді. Ауыр депрессия мен үрей басты, болашақ жайлы ойланудан қалдым. Бірнеше рет суицид жасауға оқталып көрдім. Канадаға биология саласындағы докторлық диссертацияма байланысты кеттім. Бірақ болашақта елден біржола кетуді ойланып жүргенімді жасырмаймын. Бұл жақта қартайғанда қамсыз болуға, бақытты отбасын құруға, кәсіби жағынан өсуге мүмкіндік бар, – дейді Сұлтан.
Сұлтан Мұсахан Feminita тобының белсенділері Шымкентте тап болған оқиға Қазақстанда ЛГБТ өкілдері өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын дәлелдеді деп есептейді.
Сарапшылардың пікірінше, ЛГБТ қауымдастығы өкілдеріне деген агрессивті қарым-қатынас пен оларды қабылдамау – консервативті қоғамға тән құбылыс. Қазақстандық психолог Дәулет Үйсімбеков каминг-аут жасаған баласын "жын шығару" үшін бақсы-тәуіпке апарған ата-аналарды білетінін айтады. Психотерапевтке барып, жыныстық ориентациясын "түзетуге" көмектесуді сұрайтын гейлер де кездеседі.
– Бұл жерде адамға өз ориентациясын қабылдап, бақытты болуға көмектесу міндеті тұр. Кей жағдайда бұл көмектеседі. Бастысы, ЛГБТ өкілінің тұйықталып, дінге бет бұрып, өзін түзетуге тырысатын әртүрлі түсініксіз қауымдастыққа кіріп кетуіне жол бермеу керек. Бірақ адам табиғи болмысынан бас тартуға тырысқан сайын, оның жағдайы нашарлай береді. Мұның соңы суицидке апарып соғуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл – дәстүрлі қоғамда өмір сүретін ЛГБТ өкілдері арасында жиі кездесетін жағдай, – дейді психолог.
ГОМОФОБИЯНЫҢ ТҮП ТАМЫРЫ ҚАЙДА ЖАТЫР?
Психолог Үйсімбеков гомофобияның қалыптасуына стереотипті ойлау әсер етеді деп есептейді.
– Мысалы, "ер адам мынадай болуы керек, әйел өзін былай ұстауы керек" деген түсінік бар. Консервативті қоғамда ЛГБТ өкілдері мен түр-тұлғасы ерекше адамдар көзге түсіп, өз іс-әрекетімен әйел мен ер туралы түсінікке сай келмейтінін көрсетсе, оларға агрессивті қарап, күштеп "түзетуге", қоғам дұрыс деп санайтын "қалыпқа" салуға тырысады, – дейді Үйсімбеков.
Әлеуметтанушы Бейсембаевтың пікірінше, кейде ЛГБТ өкілдеріне деген қарым-қатынасқа қоғамды әртүрлі құндылықтар бойынша жікке бөлетін әлеуметтік желінің дамуы үлкен әсер етеді.
– Адам әлем туралы өз санасында қалыптасқан көрініске сенеді. Ол интернетте белсенді қолданушы болса, әлеуметтік желі алгоритмі оның көзқарасын одан әрі күшейтеді. Адам күн өткен сайын өз пікірін қолдайтындардың ортасында тұйықталып қалады. Оның айналасында гомофоб адамдар көбейеді, тиісінше, ол тұтынатын контент те осы сипатта болады. Бұрын ондай қатты агрессивті болмаған кей адам әлеуметтік желінің әсерімен радикал болып кетеді. Бұл санаттағы адамдар ЛГБТ өкілдерін өзі және балалары үшін қауіпті деп санайды. Сондықтан [әлеуметтік желіде] жемқорлар мен басқа да қылмыскерлерге қатысты мұндай ["көзін жою керек" деген] пікір жоқ. Өйткені олар жемқорлықты жеке қауіп деп санамайды, – дейді әлеуметтанушы.
Бейсембаевтың пікірінше, Қазақстан қоғамында гомофобия көбіне "советтік ойлау" жүйесінде қалған орта жастағы және егде адамдарда байқалады.
– Одан бөлек, Ресейдің сексуалды азшылық өкілдері мен азғындықты қосып айтатын "батыс" риторикасы жайлы пропагандасы және бар, – дейді сарапшы.
2013 жылы Ресейде гей-пропагандаға тыйым салу туралы заң қабылданған. Бұл заң бүкіл әлемде наразылық туғызып, қатаң сынға ұшырады. Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты бұл құжат еркін пікір білдіру құқығын бұзатынын, заң нормаларына нақты анықтама берілмегенін, олардың оңды-солды қолданылып жатқанын мәлімдеді. "Дәстүрлі емес сексуалды қарым-қатынасты насихаттау" айыбымен ондаған адам әкімшілік жауапқа тартылды, бірнеше онлайн-ресурс тыйым салынған сайттар тізіміне алынды. Құқық қорғаушылар Ресей заңын "ЛГБТ өкілдерін дискриминациялау құралы" деп атады.
Зерттеуші, халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызы гомофобия көбіне Совет одағында өмір сүрген, егде адамдар арасында кездеседі деген пікірмен келіседі.
– Орта жастан асқан адамдардың жастарды "батыстың жат құндылықтарын қолдап, ұлттық тәрбие мен өз ұлтының құндылықтарынан ажырады" деп сөгетінін жиі байқаймыз. ЛГБТ өкілдерін жастарды "улап жатыр" деп кінәлайды, – дейді Құсайынқызы.
Канадаға көшкен қазақстандық Сұлтан Мұсахан "Қазақстандағы гомофобия – дәстүр мәселесі ғана емес, бірнеше себептің салдары" деп санайды.
– Бұл жерде Ресейден келген ксенофобияны, діни себептерді, патриархалды дәстүрлерді, зорлауға көзқарасын, халықтың кедейлігі мен шарасыздығын, білім мен ақпарат алу деңгейінің төмендігін, жыныстық қатынас пен басқа да тақырыптардың талқыланбауын кінәлауға болады. Өзім үшін ЛГБТ+фобияның өзара байланысты бірнеше себебін, мемлекеттің ЛГБТ+ азшылық топтарды қолдауға құлықсыздығын, өз саяси мүддесіне азшылық топтар мәртебесін пайдаланып, оларға деген жеккөрініш сезімін насихаттап жатқанын көріп отырмын, – дейді Сұлтан.
Зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғайтын ресми заң жоғын айтады.
– Парламент пен қоғам мұндай заң қабылдауға дайын емес. ЛГБТ өкілдерінің құқығын мойындау – өркениетті елдер саясатының нәтижесі. Бізде "толерантты болу" деген сөздің мағынасын дұрыс түсінбейді. Сондықтан дәстүрді қоғамның дамуы мен адам құқықтарының қорғалуымен байланысты жаңашылдық пен өзгеріске қарсы пайдалануға тырысады. Мемлекет жаңа дүниелерге дайын болуы үшін азаматтардың санасы дайын болуы керек. Бұл қанша ғасырдан бері келе жатқан салт-дәстүрден бас тарту керек дегенді емес, өркениетті елдер қатарына қосылғымыз келсе, адам құқығын бәрінен жоғары қоюымыз керек дегенді білдіреді. Бір қызығы, [2010 жылы] Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болған кезінде бүкіл әлемге таныстырған 4T (tolerance, transparency, tradition, trust) ұғымына tolerance және tradition сөздері де кіреді. Бірақ алдағы он жылда Қазақстанда толеранттық пен дәстүр қатар жүре алмайтынын көріп отырмыз, – дейді Құсайынқызы.
Шымкенттегі оқиғадан кейін бір апта өтсе де, полиция Feminita белсенділеріне шабуыл жасаған адамдардың ұсталғаны я ұсталмағанын хабарлаған жоқ. Азаттық Шымкент қалалық полиция департаментінен бұл мәселе жөнінде пікір ала алмады. Қазақстандағы ЛГБТ қауымдастыққа деген қарым-қатынастың бір себебі сексуалды азшылық өкілдеріне қарсы жасалған агрессивті әрекеттердің жазасыз қалуымен байланысты болса керек.
Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева болған оқиғаға қарамастан, ЛБК-әйелдермен бірнеше жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан кездесулерін жалғастыратынын, Шымкентте тағы да шара өткізетінін айтады.
– Біз бұрын да Шымкентте адам құқықтарын, оның ішінде әйел құқықтарын талқылайтын кездесулер өткізгенбіз. Алдағы уақытта да Шымкентке барып, бізбен бірге шабуылға ұшыраған одақтастарымызбен кездесеміз. Осы жолы Шымкентте шамамен 15 адам жиналып үлгерді. Кездесудің шырқын бұзбаса, тағы да келер ме еді? Әйелдерге адам құқықтарын талқылау керек, олар дискриминацияның не екенін түсінуі [қажет]. Сондықтан қалаларды аралап, әйел құқықтарын, Қазақстан ратификациялаған әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық формасын жою туралы конвенцияны талқылаймыз, – дейді Гүлзада Сержан.
– Әйелдер мен ЛГБТ-әйелдердің құқығына қарсы шыққандар феминизм мен әйелдер құқығы туралы айту керегін дәлелдеді. Оларға "Бізді тоқтата алмайсыңдар! Сендерден қорықпаймыз" дегенді жеткізгім келеді, – дейді Жанар Секербаева.
ПІКІРЛЕР