АПЕЛЛЯЦИЯ СОТЫНЫҢ ШЕШІМІ
Қаңтардың 9-ы күні Түркістан облыстық сотының апелляция алқасы жергілікті Келес ауданы білім бөлімінің басшысы, жәбірленуші Бахтияр Абдиевке "жала жауып", "қорлаған" деген айыппен 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған "Сарыағаш инфо" газетінің бас редакторы әрі "Сарыағаш-Әділет" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековті ақтады.
"Амангелді Батырбеков Қылмыстық кодекстің 130-бабының 3-бөлімі ("Жала жабу") және 131-бабының 2-бөлімі ("Қорлау") бойынша кінәсіз деп танылып, (оның іс-әрекетінде) қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталсын. Батырбеков сот залында дереу қамаудан босатылсын" деді үкімді оқыған облыстық сот алқасының төрағасы Таубай Қадырбаев. Судья журналистің шеккен зиянды өндіріп алу туралы шағым беруге құқығы бар екенін хабарлады.
Қамауда отырған 54 жастағы Амангелді Батырбековті қолдауға Түркістанға Қазақстанның әр аймағынан келген ондаған адам сот шешіміне ризалығын білдіріп, "Әділдік жасасын!" деп айғайлады. Сот алқасының төрағасы Қадырбаев өткен жылғы қыркүйектің 23-інен бері қамауда отырған Амангелді Батырбековтен мемлекеттің және соттың атынан кешірім сұрады.
Сот залынан бостандыққа шыққан соң Амангелді Батырбеков Азаттыққа қысқаша сұхбат берді.
- Соттың қара қылды қақ жарып әділ шешім шығарғанына ризамын. Мені қолдаған Қазақстанның іші мен сыртындағы барша жұртқа, "Әділ сөз" қорына, сот отырыстарының бәрінен хабар таратқан Азаттыққа алғысымды білдіремін, - деді Батырбеков.
Өзіне қарсы сот процесін кәсіби қызметімен байланыстырған ол жұмысын ары қарай да жалғастыра беретінін айтты.
- Мұның артында тұрған - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресім. Кеудемде жаным тұрғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамын... Қазақстандағы журналистика ахуалын осы менің сотталғанымнан-ақ білуге болады. Шындықты жазсаң, "жала" қылып шығарады. Мен ақталдым. Сондықтан шындықты жазуға ешқашан қорықпаңдар, - деп мәлімдеді журналист, қоғамдық ұйым жетекшісі Батырбеков.
Амангелді Батырбековтің әлеуметтік желіде жариялаған жазбалары өз ар-намысына тиіп, қорлағанын айтып, сотқа шағымданған жәбірленуші, Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев бейсенбідегі облыстық сот шешімін Сарыағаш ауданы сотынан бейнебайланыс арқылы тыңдады. Сот шешімі жариялағаннан кейін пікірін сұраған Азаттық тілшісіне ол "әзірге пікір білдіруге дайын емесін" айтты. Оның адвокаты Гүлжан Абдукаликова бұл жолғы отырысқа қатысқан жоқ. Екеуі де сот процесі кезінде өздерін сурет пен видеоға түсіруге қарсы болды.
Қаңтардың 8-і күні облыстық сот алқасының отырысындағы жарыссөз кезінде жәбірленуші Бахтияр Абдиев аудандық соттың үкімін күшінде қалдырып, Батырбековтің апелляция шағымын қанағаттандырмауды сұраған еді. Оның адвокаты Гүлжан Абдукаликова Батырбеков пен оның қорғаушыларының уәждерімен мүлде келіспейтінін, аудандық сот заңды үкім шығарды деп санайтынын айтқан.
"Батырбеков Абдиевтің соңынан шам алып түсіп, кімнің құқығын бұзып, қорғап жүргені белгісіз. Бір емес, он бір рет "Келестегі кеңкелестік" деген тақырыппен жазба жариялады. Бұл – қасақана қудалау, қылмысты қасақана жасағанын білдіреді. Батырбековке біреуді кемсітуге, қорлауға, мұқатуға, жала жабуға кім құқық берді? "Тупой" деген сөз қорлауға жатпайды дейді. Белгісіз біреуге сілтеме жасадым деп жауапкершіліктен қашып, айлаға салды. Сын мақалаларды жазсын. Бірақ сын мақала жазу - біреуді қорлау деген сөз емес. Қолымен істегенді мойнымен көтере білуі керек" деді адвокат жарыссөз кезінде.
ДАУЛЫ ЖАЗБА
Былтыр күзде өткен сот процесі кезінде Амангелді Батырбеков әлеуметтік желіде өзі жазған деректер шындыққа сай келетінін мәлімдеген. Ол "ақша талап ету" жайлы шағымды "Сарыағаш-Әділет" қоғамдық бірлестігіне көмек сұрап келген адам жеткізгенін, ал шенеуніктің арызында дәлел ретінде келтірілген "Бозайдың тупой әкімі" деген сөз тіркесі өзінің емес, Facebook әлеуметтік желісіне "Алик Федр" деген атпен тіркелген автордың (жалған аккаунт иесінің) жариялаған сөзі екенін, өзі тек соған сілтеп жазғанын айтқан. Бұған қоса журналист жазбаларында Келес ауданында мектеп директорларын қайта жұмысқа қабылдау кезінде міндетті түрде конкурс өткізу туралы заң талабы бұзылғанын сынағанын мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қылмыстық кодекс жұмыс істесе, мен ақталамын"Журналистің Facebook-те жариялаған жазбаларында шенеуніктің ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер бар деген Шымкенттегі сараптама орталығының қорытындысына сүйенген Сарыағаш аудандық соты 2019 жылы қыркүйектің 23-і күні Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 3 айға түрмеге қамауға үкім еткен.
Өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған Батырбеков үкімге келіспейтіні туралы апелляция шағымын беріп, қайта сараптама тағайындауды сұраған. Шымкенттегі сот сараптамалары орталығы былтыр қарашадағы қорытындысында Батырбековтің әлеуметтік желіде жариялаған "Торғай аулау ма, әлде "тупить" ету ме?" атты жазбасында жәбірленуші Абдиевтің "ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиіп, қорлау сипатында қолданылған сөздер бар" деген байлам жасаған. Мұнымен келіспеген Батырбеков жазбаларында Абдиевтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөз жоқ екені айтылған "Әділ сөз" қоғамдық қоры жасаған сараптама қорытындысын іске тіркеуді сұрады. Апелляция соты журналистің өтінішін қанағаттандырған.
Қаңтардың 9-ы күні Түркістан облыстық соты апелляция алқасының шешімін оқыған судья Таубай Қадырбаев "Амангелді Батырбековтің кей мәліметті "Алик Федр" деген атпен тіркелген аккаунттан алдым деген уәждері өз бекімін тапты. Батырбеков Абдиев жөнінде көрінеу жалған мәлімет таратпаған" деген тұжырым жасады.
- Журналистің ақталғаны - өте сирек жағдай, таңғаларлық тамаша жаңалық. Оның үстіне сот тым ұзап кетті. Өте қуаныштымыз. Батырбековтің жазған мақаласын оқып шаққан сарапшыларымыз журналисті соттауға болатын бірде бір ілік жоқ, оның кінәсіз екені даусыз деді. Журналисті Human Rights Watch, "Шекарасыз тілшілер" халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қолдады. Мұның бәрі Батырбековті ақтап шығуға әсер еткен болуы керек. Ешкім үндемесе билік "қалағанымызды істеуге болады екен ғой" деп ойлауы мүмкін. Ал әлдебір хаттар келіп жатқанда, оларды елеусіз қалдыру мүмкін емес, - деді Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қорының өкілі Елена Малыгина Азаттыққа.
БАТЫРБЕКОВКЕ ҚАРСЫ ЕКІНШІ СОТ
Қазір Амангелді Батырбековтің үстінен "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша қозғалған іс бойынша тағы бір сот өтіп жатыр. Бұл жолы журналистің үстінен Сарыағаш ауданындағы "Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева сотқа шағым түсірген. Арыз иесі Батырбековпен бірге "әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін" тағы бес адамды сотқа берген. Олардың арасында Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар.
Өткен жылы "Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières, RSF) халықаралық ұйымы мен АҚШ-та орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Амангелді Батырбековті кәсіби қызметіне байланысты түрмеге қамалған журналистер тізіміне енгізіп, Қазақстан билігін Амангелді Батырбековті дереу қамаудан босатып, тағылған барлық айыпты алып тастауға және журналистің еркін, кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған.
Журналист, белсенді Амангелді Батырбеков "Жала жабу" бабымен бұған дейін де сотталған. 2015 жылы қазанда Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаровтың арызы бойынша Батырбековтің үстінен "Жала жабу" бабымен қозғалған қылмыстық істі қараған Сарыағаш аудандық соты журналисті бір жарым жылға бас бостандығынан айырған және жәбірленушіге 50 мың теңге төлеуге міндеттеген еді. Батырбеков прокуратура өкілі Сапаров туралы жазған "Заңнан да, құдайдан да... немесе жазықсыздардың жанайқайы бас прокуратураға жете ме?" деген мақаласы үшін жауапқа тартылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сарыағашта сотталған белсенді ашық хат жаздыЖурналист сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазғаннан кейін, 2016 жылғы қаңтарда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық соты "прокурордың орынбасары Сапаров жеке тұлға ретінде шағым бере алмайды" деген уәжбен аудандық сот үкімін бұзып, журналисті ақтаған. Бірақ сол жылы жазда Нұрлан Сапаров лауазымды тұлға ретінде Батырбековтің үстінен сотқа қайта шағым түсіріп, жазда Амангелді Батырбеков үйқамаққа алынған еді.
2016 жылы күзде сот Амангелді Батырбековті 411-бап ("Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу") бойынша айыпты деп танып, бостандығын екі жыл шектеуге үкім еткен. Журналиске 419-бап ("Көрiнеу жалған сөз жеткiзу") бойынша тағылған айыпты алып тастаған. Оның қамауда отырған мерзімі ескеріліп, тағайындалған жаза мерзімі бір жарымға қысқартылған. Прокурор Сапаров соттан журналисті қызметінен 10 жылға шеттетуді сұраған.
Амангелді Батырбеков 2017 жылы қаңтарда амнистия туралы заң бойынша жазадан босатылған. Бір іспен екі рет сотталған белсенді "кінәм жоқ болғандықтан толық ақталуым керек" деп мәлімдеген.
Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінің Қазақстанды "Жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауға шақырып келе жатқанына талай жыл болған. Былтыр Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" бабын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыруға уәде еткен. Кей сарапшылар биліктің ұсынысын "жартыкеш шара" деп сынға алған.
Қазақстандық құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі өткен жылдың соңында Амангелді Батырбековті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.