Тамыздың 22-і күні Қазақстан ішкі істер министрлігі Қарағанды облысы Атасу ауылында қастандықпен өлтірілген жергілікті белсенді Ғалы Бақтыбаевтың қазасына байланысты қоғамда резонанс туғызған қылмыстың "ашылғаны" туралы хабарлады. Ауылдастарына заң мәселелері бойынша көмектесіп, жемқорлық проблемасын көтеріп жүрген белсендіні мамырдың 28-іне қараған түні өз үйінің алдында басынан атып кеткен. Полиция қылмысты тергеуді бастағанын бірден мәлімдегенімен, содан бері өткен үш айға жуық мерзім ішінде тергеу барысы туралы ешқандай ресми ақпарат берген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді өлімі. Жауапсыз сұрақтарБейсенбі, тамыздың 22-і күні ішкі істер министрлігі Атасуда жергілікті үш тұрғын ұсталғаны туралы хабарлап, видеоролик таратты. Видео титрында күдіктілердің "қамауға алынып, қылмысқа қатысы барын мойындағандары" айтылған.
Екі минуттық видеода күдіктілердің бет-жүзі көрінбейтіндей етіп әдейі бұлдыратылған. Әдетте видеотаспаға түсіргенде жазылып қалатын табиғи дыбыс (интершум) та естілмейді.
Бейнетаспадағы кадрлардың бірінде қолына кісен салынып, полиция қызметкері жетекке алған ер адам мен арнайы жасақ өкілдерінің қопаға қарай бара жатқаны көрінеді. Келесі сәтте әлгі ер адам қоқыс арасынан екі пакетке оралған әлдебір затты алып, ашып көрсетеді, оның ішінен бөлшектелген қару шығады. Белсендіні осы қарумен өлтірген бе, жоқ па - видеодағы контекстен оны түсіну қиын. Бейнетаспада "заттай айғақ (қару) табылды" деп хабарланады.
Сонымен бірге күдіктілерді көшеде, Ғалы Бақтыбаев тұрған үйдің ауласында видеоға түсірген. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, тергеу әлі жалғасып жатқанға ұқсайды.
Марқұм белсендінің туыстары тергеу қылмыстың мән-жайын анықтауға көмектесер деп үміттенеді.
- Аулада және үйдің қасында тергеу амалдарын өткізіп, күдіктіні қолына кісен салып әкелді, ол қалай, не істегенін көрсетті. Қазір бұл істің жай-жапсарын ашып айтуға болмайды, бірақ біздің жасаған бір жорамалымыз рас сияқты. Ұсталғандардың бірі бұрын полицияда істеген. Бұған дейін Ғалы полицияға байланысы бар бір істі зерттеп, оны сотқа дейін жеткізген болатын. Мүмкін одан кек алған шығар. Бірақ әзірше кесіп айта алмаймыз, тергеу жүріп жатыр, - деді Азаттық тілшісіне белсендінің туысы Зәуре Бақтыбаева.
Оның айтуынша, Ғалы Бақтыбаевтың ұлы Елдар қазір жүкші болып жұмыс істеп жүр. 19 жастағы жігіт әкесінің қазасынан кейін анасына тірек болу үшін осы жұмысқа кірген. Көлденең қазадан күйзеліске түскен марқұмның жесірі енді ғана ептеп өз-өзіне келе бастаған.
Өткен айда Ғалының қырқын берер алдында белсендінің туыстары оның үйін жеңіл-желпі жөндеп, Ғалының зиратын тұрғызған. Туыс-жақыны Ғалы Бақтыбаевтың қазасы өздеріне ауыр тигенін айтады.
- Ғалыны өлтіргендердің ең қатаң жазамен өмір бойына қамалғанын қалаймыз, - дейді белсендінің туысы.
Ауылдастары Ғалы Бақтыбаевты өте батыл әрі жігерлі, мұқтаж жандарға әрқашан жәрдемдесіп жүретін азамат болған еді деп еске алады. Ол жұртқа мемлекеттік органдарға арыз-өтініш жазуға көмектесіп, аудандағы әлеуметтік проблемаларды көтеріп келген.
Жақындарының айтуынша, белсендіге қоқан-лоқы көрсету 2017 жылдың соңында, Бақтыбаев Жаңарқа ауданындағы салдыр-салақтық, жемқорлық пен алаяқтыққа байланысты бірқатар іске қоғамдық зерттеу жүргізумен айналысып жүрген кезде басталған. Белгісіз біреулер оның үйінің терезесін пневматикалық мылтықпен атып сындырған. 2019 жылғы ақпанда кешкұрым бетіне маска киген екі адам Ғалыны өз үйінің ауласында ұрып-соғып кеткен. Қатты жарақат алған белсенді ауруханаға түскен. Қылмыскерлер сол күйі табылмаған. Бұл жолы Ғалының қазасына күдікті ретінде ұсталғандар солар ма, жоқ басқалар ма, ол жағы әлі белгісіз.