Атырау өңіріндегі Көптоғай ауылының халқы өзенге баратын жолын жауып тастаған шекара бағандарын орнатуға қарсы шыққанын ақпарат құралдары жарыса жазды. Азаттық тілшісі Көптоғайға барып, шекара маңында тұратын халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, демаркация туралы пікірін біліп қайтты.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірінші болып Ресеймен достық туралы келісімге отырды. Соған қарамастан, Ресеймен шекараны заңды түрде бекіту мәселесі ұзаққа созылып, делимитация туралы келісімге 2005 жылы бір-ақ қол қойылды, ал ол кезде басқа көрші елдермен шекара мәселесі толық шешіліп қойған еді. Бірақ іс жүзінде әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара - Қазақстан-Ресей шекарасын демаркациялау жұмысы әлі аяқталған жоқ.
Демаркация процесі еш кикілжіңсіз өтіп жатыр. Алайда ара-тұра Ресей саясаткерлері оңтүстіктегі көршісіне жерге байланысты қояр талабы барын айтып, шулы мәлімдеме жасап тұрады. Шекара маңындағы ауылдарда да түрлі жағдай болып жатады. Бірнеше ай бұрын шекара мәселесінен шыққан сондай бір оқиға Атырау облысы Көптоғай ауылында болды.
Азаттықтың "Шекара аймағы" жобасы – шекара маңында тұрып жатқан халықтың тұрмыс-тіршілігінен жазылған репортаждар сериясы. Осы жоба аясында Азаттық тілшісі барған алғашқы елдімекен – Атырау облысындағы Көптоғай ауылы.
Былтыр көктемде Көптоғай деп аталатын шағын ауыл жайлы ақпарат құралдары жарыса жазды. Жергілікті халықтың наразылығына Қазақстан шекара қызметінің "бейтарап аумақты" ауылдың дәл іргесіне көшіруі себеп болған. Жұрт шекарашылар орнатқан тікенек сымды алып тастап, бейтарап аумақты бұрынғы орнына қайтаруды талап еткен. Мәселені шешу үшін ауылға шенеуніктер мен ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері барған. Билік өкілдері халықтың райынан қайтпайтынын түсінген соң, тікенек сымды алып тастап, демаркация жұмыстары кезінде жабылған суға баратын жолды қайта ашқан.
Кейінірек ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі "2009 жылы жүргізілген демаркациядан кейін шекарадағы қоршау сызығын түзету қажет болғанын, Ресейге артық жер берілмегенін" мәлімдеді. 2005 жылғы демаркациядан кейін Көптоғай халқы арасында "Қазақстанға тиесілі жайылым жердің бір бөлігі Ресейге өтіп кетті" деген қауесет тараған.
ШЕКАРАҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛ
Білмейтін адамға Көптоғайға жету оңайға түспейді. Ауылдың шағын болғаны соншалық, оны google-картадан координатын жазып қана табуға болады.
Ресеймен шекараға дейін жеңіл көлік жалдауға тура келді. Көпті көрген көнетоз көлік Атырау – Астрахань бағытындағы шұрқ-тесік жолмен жүйткіп келеді. Дөңгелегі кедір-бұдыр жолдың ой-шұңқырына түсіп, көліктің астына қиыршық тас тигені естіледі. Жүргізуші қауіпті шұңқырларды айналып өту үшін рөлді олай да, былай да бұрады, бірақ жылдамдықты бәсеңдетпейді, өйткені Көптоғайға түске дейін жетуіміз керек.
Көптоғай ауылына жету үшін осы жолмен кемінде төрт сағат жүріп барасыз. Жергілікті такси жүргізушілер мұндағы жолға Жапонияның арзан әрі сенімді Toyota Ipsum көлігін қолайлы санайды. Бірнеше жыл бұрын осы көліктерді Армениядан әкеліп, жаппай сата бастаған. Көлік жүргізуші Еркіннен "Қазақстанда Арменияның нөмерімен жүру ыңғайлы ма, полиция ештеңе айтпай ма?" деп сұрадым.
– Оған қарамайды, Петро. Әзірге жүруге болады, кейін көрерміз. Кейде тоқтатып, құжаттарымды тексереді, болды. Бірдеңе бола қалса, қашанда келісіп, шешуге болады ғой, – дейді жасы 40-қа таяған, басына түсі оңа бастаған бас киім, аяғына шұлықтың сыртынан сүйретпе киген жүргізуші.
Кедір-бұдыры көп ескі асфальттың үстімен селкілдеп, шекараға қарай баяу ағылған үлкен жүк көліктерін басып озып келеміз. Кейде топырақ жолдың үстіне шығып кетеміз: былтыр басталған жол жөндеу жұмысы әлі жалғасып жатыр, әр жерден жұмысшылар мен техника жиі кездеседі. Жоспар бойынша, жөндеу жұмысы 2023 жылы аяқталуы тиіс.
Ондаған, жүздеген километр бойы көліктің сыртындағы көрініс өзгермейді: күнге күйген шөп, сор топырақ, түйелер мен жерден жемтік іздеп, көкте ұшып жүрген бүркіт қана көзге түседі. Кейде терезеден Атырау облысы қойнауынан қара алтын өндіріп жатқан мұнай сорғылары көрінеді. Еркінге мұнайға бай өңірдің жолы неге сонша нашар екенін түсінбейтінімді айттым.
– Түсінбейтін несі бар: тонап жатыр. Мұндай ресурсы бар аймақтың асфальты айнадай болуы керек қой, – дейді мемлекеттік құрылымның мәнін бір-ақ сөзбен жеткізген Еркін.
Жүргізуші көліктің шаң басқан терезесінен мұнай сорғыларына суық қарап, көлікті кезекті бір шұңқырға түсіріп алмау үшін рөлді шұғыл бұрды. Әңгімелесіп отырып, өзенге жеттік. Өзеннің ар жағы – біз бет алған Көптоғай.
"БІР КЕЗДЕ БҰЛ ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІ БОЛҒАН"
Көптоғай түбекте орналасқан: ауылдың бір жағынан шекара бойымен Қиғаш өзені, екінші жағынан оның саласы – Алғара өзені ағады. Құрлықтағы жалғыз жол Ресейдің Астрахань облысына апарады. Қазақстан аумағындағы құрлықта орналасқан елдімекенге паром арқылы ғана жетуге болады. Жыл он екі ай бойы паромды бір жағалаудан екіншісіне тот басқан ескі кеме жеткізеді. Суға батып кетпесін деп, тозығы жеткен кеменің түбіндегі тесіктерді ағашпен бекітеді.
Пароммен жеңіл көлікті арғы жағалауға жеткізгеніне 500 теңге алады, трактор немесе КАМАЗ сияқты жүк көлігін тіркеуімен бірге алып өткеніне алатыны екі мың теңгеден асады.
Жағалауға жақындап келеміз. Көз ұшынан орындыққа шығып, "Көптоғай" деген жазуы бар темір тақтайды бояп жатқан денелі кісі көрінді. Ар жағынан шифері күнге ағара бастаған үйлер көзге шалынды. Каспийден соққан ыстық жел ауылға құм ұшырып, көшеде алтын түстес шағын төбешіктер түзілген.
Көптоғайда шекарадағы территорияға қатысты мәселе көтеріп жүрген жергілікті кәсіпкер, шаруа қожалығының басшысы және ауыл халқын бір жағалаудан екіншісіне таситын паром иелерінің бірі Серік Сыдықовпен кездестім.
Көптоғай халқы мал шаруашылығымен айналысады. Бұл жақтың шөбі шүйгін, суы да мол. Серік Совет одағы тұсында "Көптоғай" совхозы бүкіл Қазақстанға танымал болғанын айтады. Кәсіпкер бір кезде совхоздың құрамында болған жердің неліктен Ресейге өтіп кеткенін түсінбейді.
– Міне, шекара, – дейді Серік су жақты нұсқап. – Алыста көп ағаш өсіп тұрған жақтан ары қарай Ресей басталады. Бір кезде бұл қазақтың жері болған, Бесарал деп аталған. Бірақ 2005 жылы демаркация жүріп, жерді бөлгенде, біздің жеріміз Ресейге өтіп кеткен. Бұл туралы жергілікті халыққа ешкім ескертпеді, пікірімізді де сұраған жоқ.
Қиғаш өзенінің баяу ағатын тұсын бойлап келеміз, жергілікті халық бұл жерді "канал" деп атайды. Сәуір айында шекарашылар дәл осы жерге бағаналар орнатып, тікенек сым тартып, ауыл халқының суға баратын жолын бөгеген.
– Ойлап қараңызшы: тура судың жағасында тұрған үйдің не қожайыны, не сиыры каналға жақындай алмайды. Үйінен шықса болды, тікенек сымға барып тіреледі. Бұған дейін бәрі үндемей келген, бірақ суға өте алмай қалғанда халық тегіс көтерілді. Күш көрсеткен жоқ, бірақ халық ашынып отырды, өйткені бүкіл ауыл малы мен бақшасын осы каналдан суарады, балығын да осы жерден аулайды, – дейді Серік.
Көптоғай жұрты шу көтерген соң, ауылға аудан, облыс әкімдіктері мен шекара қызметінен өкілдер келген. Олар ауыл халқының шағымын тыңдап, мәселенің жай-жапсары анықталғанға дейін барлық қоршауды алып тастауды ұйғарған. Билік өкілдері халықтың көзінше тікенек сымды алып, шетке жинап қойған. Серіктің айтуынша, содан бері жағдай өзгермеген: ешкім жаңа бағандар қойып, тікенек сым әкелмеген.
Шекарада орналасқан ауылда шешімі табылмай тұрған тағы бір мәселе бар: жыл сайын жергілікті халықтың малы мемлекеттік шекара қоршауынан өтіп, Ресейге жайылып кетеді. Кеткен малдың бәрі бірдей кері қайта бермейді, ал адамдар ол жақтан малын қайырып әкеле алмайды. Өйткені ұсталып қалса, шекараны заңсыз кесіп өткен деген айыппен жауапқа тартылуы мүмкін.
– Мал жиі жоғалып кетеді. Биыл шамамен 60-70 сиыр Ресейде қалып қойды. Жұрт малын қайтара алмады. 2005 жылы біздің жеріміздің бір бөлігін Ресейге берген кезде қазір мал іздеп кететін жайылымдық жер де көрші мемлекеттің қолына өткен. Жануарға жайылуға тыйым сала алмайсың ғой. Бірақ негізгі мәселе мал емес, жер болып отыр. Жерді беріп жібермегенде мұндай жағдай болмас еді, – дейді Сыдықов.
"ТАҒЫ ДА ЖЕРІМІЗДІ ТАРТЫП АЛҒАЛЫ ЖАТЫР"
Зейнеткер Әлбек Баяновтың үйі мен биыл көктемде тікенек сым тартылған жердің арасы – жүз-ақ метр. Көптоғайда дүниеге келіп, осында үйлі-баранды болып, еңбек етіп, зейнетке шыққан.
Қарияның үйінің ауласындағы шағын бақшада алма, шие ағаштары бар, Каспийдің қатты топырағына әзер тамыр жайған, әлжуаз қызанақ көшеттері отырғызылған. Өзенге жақын тұратын Әлбек бақшасын басқаларға қарағанда жиі суарады. Оның сөзінше, ауылдың суы "тұзды, бақша суаруға жарамайды". Ауылда суды тұщыландыратын құрылғы бар, құбырға су осы жақтан беріледі. Жазда бәрі бау-бақша егеді, мұндайда суды тұщыландыратын құрылғыға жүк түседі. Сондықтан тәулігіне екі сағат ғана су беріледі.
Әлбек үйінің жанына шекара бағаналарын орнатып жатқанын көргенде таңғалып, түсінбей қалғанын айтады. Зейнеткер "халықпен кеңеспей, неге бұлай жасайды? Неге малымызды суаратын каналды бейтарап территорияға кіргізіп, тартып аламыз деп ойлайды?" деп қынжылған.
– Бұл жер, Бесарал, қазақ және орыс жері деп екіге бөлінеді. Қазақ жағы – біздікі. Қазір ол жер Ресейге тиесілі, бір адамның қателігінен территория дұрыс бөлінбей, көп жер көрші мемлекетке өтіп кеткен. Бұған ренжідік, жанымыз ауырды, бірақ кеткен нәрсе кетті. Оған да көндік. Бірақ кейін шекараны тағы да жылжытты. Бұл жолы шыдай алмадық, шу көтердік. Ресей сұрамаса, біздікілер неге бұлай жасайды? Осы жаққа келген шенеуніктерге "Ресейге өтіп кеткен жер мәселесін көтерудің орнына тағы да жерімізді тартып алғалы жатырсыңдар" дедік. Сол кезде ғана қоршауды алып тастап, шекара белгілерін орнатқан жоқ. Енді осы мәселе көтерілгеннен кейін бұрынғы жерімізді қайтаруымыз керек. Онсыз мәселені шешілді деп санамаймыз. Жеріміз қайтарылсын, талабымыз – осы, – дейді Баянов.
Әңгіме соңында Әлбек Баянов қой, тауық, күркетауық пен бұзау өсіретін шағын шаруашылығын көрсетті. Сиырлар кешке дейін жайылымда жүреді. Әлбек Ресейде малын жоғалтып, әбігерге түспеген. Бірақ көршілерінің малы шекарадан әйтеуір бір саңылау тауып, арғы беткен өтіп кетуді әдетке айналдырған.
"ҚОРШАУ СЫЗЫҒЫ МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРА – БІР ЕМЕС"
Көптоғай ауылдық округі әкімдігі қызметкерлері менімен сөйлесуге құлық танытпады. Әкімдік қызметкері журналистік куәлігім мен іссапар құжаттарымды ұзақ қарады, бірақ өзін таныстырған жоқ. Бұл – іссапар кезінде журналиске жиі кездесетін шенеуніктердің жаңа толқыны үшін қалыпты нәрсе.
Мені бір минуттай тергеген қызметкер журналист келеді деп ешкім ескертпегенін, сондықтан әкімдіктегілер пікір бере алмайтынын айтты. Журналист келетінін жергілікті шенеуніктерге кім және не үшін ескертуі керегін түсіне алмадым. Бірақ әкімдік қызметкерімен әңгімеміз жараспаған соң жергілікті халық арасынан жөн сұрайтын адам іздеп, ауыл ішін аралауға шықтым. Кенет жолымды кес-кестеп шаң басқан Lada Priora көлігі тоқтай қалды. Рөлде бірнеше минут бұрын сөйлескен шенеунік отыр, жанында қара пиджак киген ер адам бар. Жиырма минут бұрын оны да әкімдіктен көргенмін.
– Кімсің, қайдан келдің? Құжаттарыңды көрсет! – деді әлгі ер адам.
Азаттық тілшісі екенімді, Көптоғай халқының тыныс-тіршілігі туралы репортаж жазуға келгенімді тағы да қайталап, журналистік куәлігімді көрсеттім. Әкімдік қызметкері куәлігімді суретке түсіріп алды.
– Ал сіз кімсіз, мүмкін аты-жөніңізді айтарсыз? – дедім оған қарсы сұрақ қойып.
Бірақ ол үнсіз көлігіне отырып, кетіп қалды. Жергілікті билік органдарымен қарым-қатынасым осылай аяқталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облыстық департаменті өкілдері кейінгі бірнеше айда бейтарап территорияға қоршау орнатуға қатысты жағдай өзгермегенін айтты.
– Бұл мәселеге қатысты қажет ақпарат ұлттық қауіпсіздік комитеті сайтына жарияланған, бәрін сол жақтан алсаңыз болады, – деді менімен телефон арқылы сөйлескен ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облыстық департаменті баспасөз хатшысы Айталы Өмірбек.
Баспасөз хатшысының сайттан табасың деген ақпараты ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймурзиннің видеосы болып шықты. Аймурзин видеода заң бойынша, шекара қызметі аталған аумақтағы шекара жолағына инженерлік құрылымдар мен қоршаулар орнатуға құқылы екенін айтады. Шенеунік "бұл мемлекеттік шекара сызығы қоршау орнатылған жерден өтеді дегенді білдірмейді, қоршау мемлекеттік шекара сызығынан 100 метр қашықтықта орналасады" деп түсіндірген.
Видеода Аймурзин "Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылындағы жағдайға келсек, мемлекеттік шекара сызығы 1970-1990 жылдары жасалған карталарға сәйкес келетінін айта аламын. 2005 жылы келісімге қол қойылып, ратификацияланды. Келісімде тарихи қалыптасқан әкімшілік шекаралар ескерілген" дейді.
Ведомство өкілі сөзін "Әкімдікпен бірлесіп, жергілікті халықтың шағымын ескереміз, су алуға қолайлы жағдай жасау мәселесін шешеміз" деп түйіндеген.
Көптоғайдан қайтар жолда "кептеліске" тап болдық, жағалауда паромның арғы беттен жолаушы жинап, қайтып келгенін күткен көліктер ұзын-сонар кезекте тұр екен.
Қарсы жағалауда паромнан ондаған метр жерде жаңа кеме тұр. Бірақ бұл кеме су бетіне жазда ғана шығады, ал қыста жүре алмайды. Паром иелерінің бірі Серік Сыдықовтың айтуынша, ауыл халқының өзеннің арғы бетіне қатынау мәселесін шешуді биліктен сұрап келе жатқанына көп жыл болған.
– Қанша жылдан бері күресіп, осы мәселені шешуді сұрап келдік. Әйтеуір ақыры бюджеттен жаңа кеме сатып алуға 183 миллион теңге бөлінді. Сатып алды. Бірақ ол жазда ғана жүруге жарайтын кеме болып шықты. Қыста мұз қатқанда жүре алмайды екен. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Ескі кемені жөндеп не жаңа кемені басқасына ауыстыратын шығар деп үміттенеміз. Олай болмаса, халық жалғыз жолды жауып, наразылыққа шығады, – дейді Сыдықов.
Серікпен әңгімелесіп тұрғанымызда жағалауға ескі кеме келіп тоқтады. Кемені өзін Толик деп атағанды жөн көретін Тұрлыбек есімді орта жастағы кісі жүргізіп отыр. Ыстық күні үстіне майланған сырт киім, аяғына резеңке етік киген. Кеменің үнемі су алып кететін астыңғы бөлігіне резеңке етіксіз түсуге болмайды. Толик кемемен екі жағалауға көлік тасып, күніне 15 мың теңге табатынын айтады.
– 2021 жылы кемеге 73 жыл толады, әлдеқашан "зейнетке" шыққан. Кеменің тоғыз жері тесілген, оған ағаш қағып қойғанбыз. Қыста кеме суға батып, екі не үш рет шығарып алдық. Жаңа кеме жарамайды. Мұны өзенге арналған кемелерді жақсы білетін адам ретінде айтып отырмын. Сіз осы туралы жазыңызшы. Мүмкін көмектесіп қалар, әйтпесе суға шығу қорқынышты. Өмірге де қауіпті, – дейді Толик.
Ауылға апарған шұрқ тесік жолмен Атырауға кері қайттық. Көптоғай ауылы көз ұшынан жоғала бастады. Шекара маңындағы шудан кейін "демаркация бәрібір болады, жұмыс ерте жасалуы керек еді, бірақ әртүрлі себеппен кейінге қалған" деген жергілікті билік қазір үнсіз отыр. Ауыл халқы бір күні үйінің жанына тікенек сымдар мен бағаналаы қайта орнатыла ма деп қауіптенеді.