Қазанның 12-сінде қазақстандық басылымдардың бірінде экономист, Eximar форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынханның "5 жылдан кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнеткерлерге берері болмайды" деген тақырыппен сұхбаты шықты.
"СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРМАСА, СОТҚА БЕРЕМІЗ"
Экономист сұхбатта "Зейнетақы қорындағы қаржы қаупі тым жоғары облигацияларға, құлдыраудың алдында тұрған банктерге және бюджет дефицитін жамауға жұмсалады. Салымшылардың қаржысы жұмыс істемейді. Қордан ақша алатындар саны бес жылдан бері өсіп келеді. 2015 жылға дейін зейнетақы қоры салымдарды жинап келсе, енді жыл сайын қаржының 30 пайызын жұмсайтын болды. Жаңа салымшылардың келуі бәсең. Бұл таяу бес жылда БЖЗҚ-ның ақшасының таусылуына әкеп соғады" дейді.
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған мақалаға екі күннен кейін, қазанның 14-інде, Ұлттық банк өкілі реакция білдірді. Орталық банктің қаржылық қызметтерді пайдаланушылар құқығын қорғау жөнiндегi департаменттің директоры Александр Терентьев сарапшының сөздерін жоққа шығарған.
Әлеуметтік желідегі постында ол "зейнетақы қорындағы қаржы бюджет дефицитін бүтіндеуге жұмсалмаған. Қор қаржысы инвестиция ретінде жедел және толық қайтару принципімен беріледі. Қор түсімдері зейнеткерлерге төленуі тиіс сомадан төрт есе көп. Банктерге берілетін ақша былтырмен салыстырғанда азайды" деп жазады.
Терентьев желідегі жазбасын "Сарапшының бұлай деуі негізсіз. Есебін көрсетуді, я басылымдар арқылы сөзін терістеуін сұраймыз. Олай етпеген жағдайда Ұлттық банк сотқа шағымданады" деп аяқтаған.
Ұлттық банк бұдан кейін тағы бір рет "сотқа шағымданамыз" деп экономиске ескерту жасады. Қарашаның 1-інде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "Айман Тұрсынхан зейнетақы қорының ақшасы банктерді инвестициялауға жұмсалды” деген сөзін жоққа шығармаса, сотқа жүгінеміз" деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан қорларды Норвегия үлгісімен "біріктіруі мүмкін""МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ҚЫСЫМЫ"
Кейбір тұжырымдарына орталық банктің төрағасынан бастап кеңесшілеріне дейін, біраздан соң зейнетақы қорының өзі пікір білдірген зерттеу авторы, экономист Айман Тұрсынхан қазанның 30-ында Бас прокуратураға шағымданғанын хабарлады. Соңғы уақытта "балаларыңызды уайымдамайсыз ба?", "қорықпайсыз ба?" деген сипаттағы xаттар жиілегенін айтқан маман "шағымдануыма жеке басыма және кәсібіме төне бастаған қауіп себеп" дейді.
Ұлттық экономика министрлігінің аймақтық даму кеңесінен, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі цифрландыру кеңсесі шығарылдым
- Менің берген сұхбатымды "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (сот шешімімен экстремистік деп танылған - ред.) өздерінің видеосында пайдаланыпты. Видео жарияланған соң маған біреулер телефон соғып, "сен ДВК-ның мүшесісің, абақтыға қамалуың мүмкін" деді. Мұндай провокациялардың кәсібіме кесірі тимесі үшін Бас прокуратураға шағымдандым, - дейді сарапшы.
Ол "қысым көбіне мемлекеттік органдар тарабынан жасалып жатыр" деп санайды.
- Сұxбат бергенім сол еді, зерттеу компанияма тапсырыс берушілер ақша төлеуін доғарды. Алматы әкімдігі, мәселен, 3 миллион теңгемді төлеген жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің аймақтық даму кеңесінде біраз жыл істедім. Сұхбаттан кейін маған "бұдан былай кеңес мүшесі емессіз" деді. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі цифрландыру кеңесінің мүшесі де едім, одан да шығарды. Нақты билік тарабынан маған бойкот жарияланып, қысым болып жатыр, - дейді экономист Азаттыққа.
Билік реакциясы
Азаттық "биліктен қысым барын" айтқан сарапшы сөзіне қатысты Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, Ұлттық банк пен Алматы әкімдігіне хабарласты. Ұлттық экономика министрлігі Айман Тұрсынханның сөзін "жалған" деді. Министрліктің айтуынша, "аймақтық даму жөніндегі кеңес деген мүлде болмаған". Ұлттық банк пен өзге билік органдары ресми сауалхат жіберуді сұрады. Олардың ешбірі әзірге жауап берген жоқ.
Айман Тұрсынxан "билікшіл сарапшылар мен блогерлер де ашық айыптауларды қарша боратқанын" айтады.
- Мемлекеттік арналардың бірі зейнетақы қорының жайын талқылап, арнайы xабар дайындады да, эфир кезінде нақты тұжырымдарыма жауап берудің орнына, мені "кәсіби сауатсыз" деп ашық балағаттады, - дейді ол.
Ұлттық банк өкілдерінің бірі әлеуметтік желідегі талқылау кезінде "экономист дұрыс есептемеген" деп пікір жазған. Айман Тұрсынхан бұл айыпты негізсіз деп санайды.
- Қаржылық есептеудің бірнеше әдісі бар. Мен кэш-фло (cash flow) әдісімен есептедім. Кэш-фло – қордан қанша қаржы кетіп жатқанын көрсетеді. Бұл әдіс болашақта шығындарды өтеуге қаржы жетпей қалу ықтималдығын көрсетеді. Зейнетақы қорынан шығатын ақшаның көбі, 99,5 пайызы, инвестиция ретінде таратылған. Яғни, 9 триллион теңге түрлі жерге берілген. Ол қаржыны кім алды? Мәселе, міне, осында. 2045 жылға дейін қайтарылуы тиіс берешектер де бар. Бұрын билік зейнетақы қорынан жылына 900 миллиард теңге алатын, қазір 1 триллион 400 миллиард теңге алады. Яғни, 60 пайызға өскен. Оны толық қайтарса мейлі ғой. Алған соманың 30 пайыздан аз бөлігін қайтарады, – дейді сарапшы.
"ҚИСЫНҒА КЕЛМЕЙТІН БОС СӨЗ"
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бір айдай уақыт бұрын жарияланған сұхбатқа қарашаның 6-сында жауап берді. Ресми сайтында жариялаған мәлімдемесінде қор Айман Тұрсынханның атын атап, экономист жасаған бірнеше тұжырымды "жоққа шығарады".
Сарапшы келтірген цифрларда түсім ретінде тек зейнетақы жарналары ғана ескерілген де, таза инвестициялық табыс есепке алынбаған.Зейнетақы қоры
Мәселен, "қайтару мерзімі ұзақ әрі ақша жиі алынғандықтан, жаңа түсімдердің азаюынан алдағы 3-5 жылда зейнетақы қорында қаржы таусылады" деп болжаған маман сөзін БЖЗҚ "жалған" деп, "бірқатар өрескел қателік" барын жазады.
"Біріншіден, сарапшы келтірген цифрларда түсім ретінде тек зейнетақы жарналары ғана ескерілген де, таза инвестициялық табыс есепке алынбаған. Екіншіден, "қаржы таусылады" деп баға бергенде қордағы қалдық ескерілмеген. БЖЗҚ-ның болжамы бойынша, алдағы онжылдықта төлемдер көлемі жылына 211 млрд теңгеден 478 млрд теңгеге дейін барады. Яғни, зейнеткерлерге төленуі тиіс сома триллиондаған теңгеге барады деген әңгіме жоқ. Кіріс бұрынғыша шығыстан жоғары болады" деп жазды қор.
Зейнетақы қорының болжамынша, 2019-2023 жылдары жарна көлемі – шамамен 5 триллион теңгеге, төлемдер – 1,3 триллион теңгеге жетеді. Ал жинақ қаржысы 2023 жылдың соңына қарай шамамен 15,3 триллион теңге болмақ.
БЖЗҚ-ның жазуынша, "қорда қаржы таусылады" деген әңгіме – "қисынға келмейтін бос сөз".
Жинақтаушы қор экономист Айман Тұрсынханның "зейнеткерлерге төленетін қаржының таусылуына қор қаржысының инвестиция ретінде жиі берілуі де әсер етеді" деген сөзін жоққа шығарады.
Сайттағы мәліметте "биылғы тоғыз айда инвестициялық табыс – 7,75 пайызға, инфляцияны есептегенде таза табыс 4,45 пайызға жеткен" деп көрсетіледі. Ресми дерек бойынша, зейнетақы активтерінің 75,5 пайызының рейтингі "AAA" шамасынан "BBB-" деңгейіне дейін болатын қаржы құралдарына инвестицияланған.
Алайда Айман Тұрсынхан "ашық дерек көздерінде қордан инвестиция ретінде қаржы алған компания-банктердің қарызды төлеуге қаншалықты қабілетті екені көрсетілмегенін", "уақытында төленетіні жазылмағанын" айтады. Оның сөзінше, кейбір компания-банктердің қордан алған ақшаны қашан қайтаратыны белгісіз.
- "Зейнетақы қорынан алынып, инвестиция берілген компания-банктердің көбінің рейтингі "АА", "АА-" деген сөз – жалған. Қарызды уақытында, толық мөлшерде төлейді деп танылғандар үлесі – 0,1 пайыз ғана. Тіпті Қазақстанның мемлекет ретіндегі рейтингісінің өзі негативті – "ВВ-", - дейді сарапшы.
"ЖАҒДАЙДЫҢ МҮШКІЛ ЕКЕНІН БӘРІ БІЛЕДІ"
Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшы зейнетақы қорындағы жағдай арқылы көптің назарын әлеуметтік-экономикалық жағдайға, ел ішіндегі ахуалдың қалай өзгеріп жатқанына аудартқысы келгенін айтады.
Қандай да бір банк лицензиясынан айырылып жатса, бұл оның табысы азайды деген сөз емес. Бұл – кландар арасындағы даудың нәтижесі.
- Зейнетақы жүйесінде жұмыс істейтін адамдар "айтқаныңыз рас, іште болып жатқан басқа жайттар туралы айтпапсыз" дейді. Не болып жатқанын Бас прокуратура да, Ұлттық банк те, үкімет те, қордың өзі де біліп отыр. Әйтпесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ай сайынғы төлемге міндеттемес еді, әйелдердің зейнет жасын ұлғайтпас еді. Бірақ білсе де, ешкім ештеңе істемейді. Неге? Себебі Қазақстанда қаржы нарығы толықтай белгілі бір топтардың бақылауында. Қандай да бір банк лицензиясынан айырылып жатса, бұл оның табысы азайды деген сөз емес. Бұл – кландар арасындағы даудың нәтижесі, - дейді Айман Тұрсынхан.
Сарапшының пайымдауынша, зейнетақы қорындағы қазіргі жағдайды мемлекеттік бюджет аxуалынан, үкімет беретін әлеуметтік төлемдерден, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан бөліп қарастыруға болмайды.
- Айтқан сыным әлдеқайда терең еді. Тұтас экономикамызды тығырыққа тіреп жатқан қазіргі басқару жүйесінің кемшілігіне қатысты айтып едім. Бюджеттің талануын, xалықтың табысы азайып жатқанын, жұрт кедейленіп кеткенін де айттым. Неге билік осыған мән бермейді? - дейді ол.
Сарапшы зерттеуінде "қаржы нарығындағы процестер әлеуметтік жағдайға сөзсіз әсер етеді" деп жазады. Оның пайымдауынша, Қазақстанда әлеуметтік шиеленіс байқалады.
- Мүддесін қорғауға тырысқан адам репрессияға ұшырайды. Елден кететіндер көбейіп барады. 2005-2018 жылдар аралығында жұмыс істейтіндер саны өскен жоқ, керісінше халық санына шаққанда жұмыс күшінің үлесі 52,4 пайыздан 49,7 пайызға кеміді. Осы мәселенің бәріне билік мемлекет тұрғысынан қараудың орнына, жұртты ашуландыра түсетін дүниелер ойлап табады. Кейін бақылауындағы басылымдары арқылы "Қазақстанда бәрі жақсы" деп отырады, - дейді экономист.
Зейнетақы қорындағы қаржының банктер мен түрлі жобаларға инвестиция ретінде берілуіне қатысты бұған дейін бірнеше рет айтылған. Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смайылов "қорда жиналған қаржы инвестициялық табыс түсіру үшін беріледі" деген. Бұдан бұрын министр "қазақстандық банктерге маңызды жобаларға несие беру үшін зейнетақы қорынан 300 миллиард теңге бөлінеді" деп хабарлаған. Ал мамырда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банктер мен корпоративтік эмитенттерге зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салынатынын айтқан.
БЖЗҚ-да қазақстандықтардың зейнетақы қаражаты жинақталады. Заң бойынша, әрбір жұмысшы жалақысының 10 пайызы осы қорға аударылады. Биылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндеттелген. БЖЗҚ активтерін Ұлттық банк басқарады. Қор дерегі бойынша, БЖЗҚ-да 8,9 триллион теңге жинақталған.