Қазақстандағы оппозициялық күштер біріге ала ма? Олардың саяси науқан - кезектен тыс президент сайлауы алдындағы әрекеттері қандай? Сайлауға "оппозициялық кандидат" атанып түсіп жатқан Әміржан Қосановтың билікке сыншыл күштерді топтастыруға қабілеті жете ме? Оппозициялық тұлғалар арасындағы алауыздық астарында не жатыр? AzattyqLIVE тікелей эфирінде осы және өзге де сауалдарды "Ақиқат" ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай және журналист-жазушы Мырзан Кенжебаймен бірге талқылады.
Биыл маусымның 9-ы күні өтетін Қазақстанның президент сайлауы қарсаңында оппозициялық бағыттағы ұйымдар мен жекелеген тұлғалар түрлі шараларға шақыра бастады. Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы және оның жетекшісі Мұхтар Әблязов сияқты қатаң бағытты ұстанатын саясаткерлер жаппай митингіге шығуды, кейбірі сайлауға бойкот жариялауды, енді бірі оппозициялық кандидат ретінде Әміржан Қосановты қолдап дауыс беруді жақтайды.
Біршама саясаткерлер шетелге барып, кездесулер, жиындар да өткізді. Бірер апта бұрын Киевке барып жиын жасаған саяси белсенділер жалпыұлттық құрылтайға шақырып жүр. Жақында Парижде өткен жиналысқа қатысқан "Ақиқат" ЖСДП басшылары да бар, оннан астам қазақстандық белсенділер жаңа мәлімдеме жариялады. Онда партияның бұған дейін бойкотқа шақырған бастамасына қарсы келіп, сайлауға баруды үндеген.