Ресейлік Сбердің Қазақстандағы бұрынғы еншілес банкі енді "Береке банк" деп аталады. Банктің жаңа иесі – "Бәйтерек" холдингі 1 қыркүйекте банкті сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ребрендинг жүргізіліп, қаржы ұйымының атауы "Береке" деп өзгеретінін мәлімдеді.
"Қазақтың әдемі сөзі. Бір-бірімізге [береке] тілейміз" деді "Бәйтерек" холдингі басқармасының төрағасы Қанат Шарлапаев Shishkin_like telegram-каналының авторы Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында.
Молшылық, береке тілеген жақсы. Бірақ бұл "берекенің" қазақстандық салық төлеушілерге қаншаға түскені құпия қалып отыр. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін санкцияға ілінген "Сбердің" еншілес компаниясын қаншаға сатып алынғаны еш жерде көрсетілмеген. Сарапшылар "Банк сатып алудың, оның үстіне, бұған мемлекет қаржысын жұмсаудың ("Бәйтерек" холдингінің жалғыз акционері – мемлекет) не қажеті бар еді?" деп, үкімет шешімін сынап жатыр.
САЯСИ ШЕШІМ БЕ?
Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қыркүйектің басында "Сбердің" еншілес компаниясын сатып алу туралы пікір беріп, банкті сатуға негізгі лицензия мерзімінің аяқталуы себеп болғанын, 12 қазанда қаржы институты банк операцияларын шектейтін SDN тізіміне қосылатынын айтқан. Әбілқасымованың сөзінше, келісімшарт қазақстандық "Сбербанкті" осы тізімнен шығару үшін жасалған.
SDN – АҚШ Қаржы министрлігі шетелдік активтерді бақылау басқармасының санкциялық тізімі. Онда бірге жұмыс істеуге болмайтын адамдар мен ұйымдардың атауы жазылады. Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресейдің басқа банктері сияқты "Сбер" де санкцияға іліккен.
Банкті саудаға қою арқылы санкциядан жалтару әдісі жақсы нәтиже беріп отыр: сәуірде қазақстандық "ЦентрКредит" банкі санкция тізіміне енген ресейлік "Альфа-банктің" қазақстандық еншілес компаниясын сатып алғаннан кейін, шілдеде АҚШ қаржы министрлігі санкцияларды алып тастады.
"Сбер" еншілес компаниясының сатуды "геосаяси жағдаймен" және "банк клиенттерінің мүддесі үшін" деп түсіндіреді.
DAMU Capital Management бас директоры, экономист Мұрат Қастаев мемлекет қаржысын пайдаланудың қажеті жоқ еді, шоттарды басқа банктерге аударып, жиналған қаржыны шешіп алуға жеткілікті уақыт берілді деп есептейді.
– Саяси келісімге көбірек ұқсайды. Бұл келісім көктемнің аяғында пайдалы болар еді. Ол кезде мемлекет елдегі екінші ірі банк банкрот болады деп қорқып, бизнес пен халық арасында дүрбелең басталса, бұл басқа қазақстандық банктерге де әсер етер еді. Бірақ Сбердің қолдауының арқасында банк депозиттерінен, клиенттерінен айырылса да, қарыз портфелінің жартысын сатып, банкрот болудан аман қалды. Тиісінше, мемлекеттің, халық пен бизнестің депозитін шешіп алып, шоттарын басқа банктерге аударуға жеткілікті уақыты болды. Қарыз портфелінің тартымды бөлігі сатылды, сондықтан жаздың аяғына қарай Сбербанктің банкрот болуынан банк жүйесіне ешқандай зиян келмес еді.
Сбербанкті сатып алу "саяси шешім" деген пікірге сарапшылардың көбі қосылады. "Бәйтерек" банкті сатып алмас бұрын, қазақстандық Халық банк (69,6 пайызы Тимур және Динара Құлыбаевтар басқаратын "АЛМЭКС" компаниясына тиесілі) қарыз портфелінің ең жақсы бөлігін сатып алған.
"Жеке тұлғалар қарызының қалған бөлігі Халық банкке аударылған. Бұл – уақытылы төленіп жүрген несиелерден тұратын сапалы қарыз портфелі екенін атап өткен жөн" деген сәуірде Халық банк басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметова.
– Бұл – Ресей мен Қазақстан арасындағы саяси келісімнің бір бөлігі, билік Сбербанкті банкрот болудан аман алып қалу үшін келісімге барды деп ойлаймын. Бірақ мұның бәрі болжам ғана. Банкті мемлекет есебінен құтқарудың қажеті жоқ еді. Нарықта ешкімге қажеті жоқ қалдықты сатып алу, оған мемлекет қаржысын жұмсау артық сияқты. Мүмкін, банк символикалық бағаға өте арзан сатылса, бұл келісім ақталар ма еді?! – дейді Мұрат Қастаев.
"Бәйтерек" холдингі Азаттықтың "Сбердің еншілес компаниясын сатып алудан Қазақстан халқына қандай пайда келді?" деген сұрағына "клиенттердің алдындағы міндеттемелерді орындау жалғасады" деп жауап берді.
"Бұл келісімшарт депозит тарту және төлем жүргізу сияқты белсенді операцияларды толықтай жандандырып, халық пен бизнеске арналған қызметтерді ары қарай дамытуға мүмкіндік береді. "Бәйтерек" холдингінің мақсаты – банктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, бұрынғы және жаңа клиенттер үшін банк қызметтерін жетілдіруге жағдай жасап, клиенттер алдындағы міндеттемелерді орындау" деп жазылған жауапта.
КОММЕРЦИЯЛЫҚ ҚҰПИЯ
Қарыз портфелінің жақсы бөлігі Халық банкке өткеніне қарамастан, банкті символикалық бағаға сатып алуға болар еді. 2017 жылы Халық банк "Қазком" акцияларын небәрі бір теңгеге (сатып алушы "Қазкомға" 185 миллиард теңге құяды деген шартпен) сатып алған.
Үкімет холдингі банкті қаншаға сатып алғанын жасырып отыр.
"Бәйтерек" холдингінің Азаттыққа жауабында "Келісімшарт тараптарға қолайлы қаржы шарттарына сүйеніп жасалды және толықтай мақұлданды. Келісімшарт құны коммерциялық құпия саналады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 126-бабы 1-тармағына сәйкес, коммерциялық құндылығы бар ақпарат заң жүзінде қорғалады, сондықтан ақпарат иесі оны құпия сақтауға құқылы" делінген.
Санкция салынғаннан кейін Сбербанктің қаржы көрсеткіштері нашарлаған.
|
2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай |
2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай |
Өзгеріс |
Активтер |
3 948 984 |
1 885 741 |
- 52 % |
Жеке тұлғалар салымы |
975 341 |
164 642 |
- 83 % |
Заңды тұлғалар салымы |
1 446 992 |
66 968 |
- 95 % |
Қарыз портфелі |
2 420 295 |
1 370 244 |
- 43 % |
Уақытылы төленбеген несиелер (%) |
6,75 |
15,27 |
|
*Екінші және үшінші бағандағы көрсеткіштер – млн теңгемен
Мұрат Қастаев мемлекеттің банкті қанша сатып алғанын жасыруына келісімшарт құнының жоғары болуы себеп болған деп топшылайды.
– Жекеменшік құрылымдар арасындағы келісімшарт туралы ақпаратты коммерциялық құпия деп, көпшілікке жарияламауға болады. Бірақ сатып алушы – мемлекеттік институт қой. Бұл жерде коммерциялық құпия болмауы керек, өйткені бұл – біздің ақшамыз, оның қайда және қалай жұмсалғанын білгіміз келеді. Мемлекеттің бұл ақпаратты жасырып отырғанына қарағанда, олар Сбербанкті күтілгеннен де қымбатқа сатып алған болуы мүмкін. Билік қоғамның сынына қалмау үшін банкті қаншаға сатып алғанын айтпай отырған сияқты. Келісімшарт тиімді болса, мемлекет ештеңе жасырмас еді.
Экономистің бағалауынша, банк 50-80 миллиард теңге тұруы керек.
Сарапшылар бұл келісімді мемлекеттің жекеменшік банктерге қолдау көрсетпеу туралы уәдесіне қарамастан, "Сберді құтқару операциясы" деп бағалайды. 2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында "мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керегін" айтқан. Бұл мәлімдеме бірнеше рет коммерциялық банктерді бюджет және Ұлттық қор есебінен қаржыландырудан кейін жасалды. Жекеменшік банктерді құтқаруға миллиардтаған доллар қаржы жұмсалған. Ресми түрде бұл шығын "банк секторын сауықтыру" деп аталған.
ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПА, БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТСІЗДІК ПЕ?
Маусымда Еуропалық қайта құру және даму банкі Сбербанктің үлесін сатып алып, несие түрінде қаржы құюға қызығушылық білдірген.
Бірақ Мәдина Әбілқасымова "Сбербанкке қосымша қаржыландыру қажет емес, қаржы ұйымы тұрақты жұмыс істеп тұр, қарыз портфелінің сапасы жоғары" деген.
Сбербанктің маңызды көрсеткіштері төмендеп, тамыздың басында шығын 221 миллиард теңгеден асқан. Ақпаннан 31 тамызға дейін активтер көлемі екі есе қысқарып, 2,6 триллион теңге болған, қарыз портфелі 2,6 триллионнан 1,2 триллионға дейін азайған.
Экономист Мұрат Қастаев үкіметтің Сбербанкті жер-көкке сыйғызбай мақтауына еш себеп жоқ деп есептейді.
– Банк тартымды актив болса, басқа сатып алушы табылар еді. Мысалы, Альфа-банк – шағын, бірақ сапалы, тартымды қаржы ұйымы болды. Сондықтан тез сатылып кетті, – дейді Қастаев.
Сарапшы Сбердің еншілес компаниясын сатып алу мәжбүрлі шешім болуы мүмкін деп топшылайды.
– Бұл мемлекет қаржысын желге ұшырумен тең, бірақ біз толық картинаны білмейміз. Мүмкін бұл саяси келісім болып, мемлекет келісімшарттан бас тартсақ, қазіргіден де көп шығын келеді деп қауіптенген шығар. Мысалы, Қазақстан Сбербанкті сатып алмаса, Новороссийскіде [Каспий құбыр консорциумы] терминал "сынып", мемлекет мұнай экспортының тоқтауынан әлдеқайда көп ақшадан айырылар еді делік. Онда әрине, мемлекеттің басқа амалы болмайды.
Қазақстан Сбербанкті сатып алмай тұрып, АҚШ қаржы министрлігі Нұр-Сұлтанның өтінішімен келісімшартты аяқтау мерзімін ұзарту үшін арнайы лицензия шығарған. Осылай еншілес банкті санкция тізіміне қосу мерзімі шілдеден қазанға дейін ұзарды. ЦентрКредит банкінің басшысы "Форбс" журналына берген сұхбатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері (арасында Мәдина Әбілқасымова да бар) бұл мәселені шешу үшін Вашингтонға барғанын айтқан. Әбілқасымова АҚШ-тың шетелдік активтерді бақылау басқармасына "Біз келісімшарт жүргізіп, Альфа-банк акционерлеріне ақша төлеуге дайынбыз" деп түсіндірген. Нәтижесінде Альфа-банк санкция тізімінен шығып, ребрендингтен кейін атауы өзгерген. Санкция алынып тасталғаннан кейін банк қызметі тоқтаған.
ЦентрКредит банкінің Альфа-банктің "еншілес" компаниясын қанша ақшаға сатып алғаны белгісіз. Сбербанктің келісімшартымен салыстырғанда, ЦентрКредит банкінің ақпаратын коммерциялық құпияға жатқызуға болады. Біраз уақыттан кейін Альфа-банктің келісімшарт құны туралы ақпарат жарияланды: тамызда ресейлік басылым анонимді ақпарат көзіне сүйеніп, Қазақстан Альфа-банкті 100 миллион долларға сатып алғанын жазған. Кейін Eco Center Bank деп аталған қаржы ұйымы ЦентрКредит банкіне 50 миллиард теңге (шамамен 106 миллион доллар) дивиденд төледі. Ресей банкінің бұрынғы еншілес компаниясы ақпаннан бері активтері бес есе қысқарып, төленбеген несиелер үлесі 5 пайыздан 16,6 пайызға өскеніне қарамастан, жақсы табыс көрсетіп отыр.
Ресейдің санкцияға ілінген тағы бір банкінің еншілес компаниясы – қазақстандық ВТБ банкі туралы жаңалық жоқ. Ұлттық банк дерегінше, ВТБ банкіндегі халық пен заңды тұлғалардың салымы – 142 миллиард теңге, тамыздың басындағы шығын көлемі 36 миллиардқа жеткен.