Желтоқсанның 22-сі күні Алматыда «Балалар ма, мұнай ма?» («Дети или нефть?») атты коалиция құрылғаны жайлы хабарланды. Оған Оралдағы Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымы мен ресейлік «Әлеуметтік – экологиялық одақ» қоғамдық ұйымы кірмек.
Crude Accountability ұйымының кеңесшісі Сергей Соляник:
- Коалицияға кез-келген азамат пен қоғамдық ұйымның кіруіне болады. Біз Березовкада зардап шеккен балалардың тағдырына мониторинг жасап, балаларға қатысты қайғылы оқиғаға жол берген Қазақстан билігі мен Karachaganak Petroleum Operating компаниясынан экологиялық әрі әлеуметтік жауапкершілікті талап етпекпіз, - деді.
Оның сөзінше, Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішіне жақын шекара аймағында тұратын ресейлік тұрғындар да ауаға тараған улы газдан зардап шеккен.
Сондықтан ресейлік әріптестер бұл істе бірге жұмыс істеуге ниет білдірді, - деді Соляник.
БАЛАЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ
Сейсенбі күні Алматыда Оралдағы Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымының Березовка тұрғындарының жағдайына қатысты кезекті – үшінші фильмі көрсетілді. «Березовканың ұмыт қалған балалары» атты фильмде, белгісіз жағдайда құлап, есінен танып, тырыспаға шалдыққан балалардың жайы баяндалған. Фильмде сөз алған зардап шегуші ата-аналар сырқат балаларына әлі күнге дейін диагноз қойылмағанын, қалай емдеу қажет екенін біле алмай отырғанындарын айтып шағымданады.
Зардап шеккен балалардың бірінің әжесі Антонина Прохорова Азаттыққа:
- Баламызды аудандық ауруханаға жіберді, онда бала «қатты шаршап, зорығып кеткен» деді, ал Оралда қарапайым тілмен айтқанда «диарея – ішіне инфекция түскен» деген диагноз қойды. Біз Ресейге, Мәскеу қаласындағы Симашко атындағы клиникаға бардық, міне сол жерде бізге баламыз «өте ауыр түрдегі зиянды затпен уланған» (токсическая энцефалопатия) деп нақты диагнозын айтты, - деді.
Оның сөзінше, өзінен басқа тағы екі ата-ананың «эпилепсия, невроз» деген диагноз қойылған балаларына ресейелік дәрігерлер дәл осы «улы энцефалопатия» диагнозын қойған.
Бірақ Березовка ауылы қарайтын Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Өтегенов қазақстандық дәрігерлер қойған диагноздарды теріске шығаруға қарсы.
- Бұл жерде екі жайтты ескерген жөн. Біріншіден, диагнозды дәрігерлер қояды. [Қазақстандық] дәрігерлерге «анандай, не мынандай диагноз қойыңдар!» деп тапсырма берілмегеніне мен сенімдімін. Өйткені балаларды бір емес, Орал, Ақтөбе мен Алматыдағы бірнеше дәрігер қарады. Екіншіден, 2014 жылдың 28 қарашасында болған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Егер тергеу аясында Karachaganak Petroleum Operating компаниясының кінәсі анықталса, заң алдында жауап береді, - деді әкім орынбасары.
КӨШІРУ
Қайрат Өтегеновтің сөзінше, бүгінде көшірілуге тиес Березовка мен Бестал ауылдарындағы 454 отбасының алғашқы легі - 82 отбасы жақын маңдағы Ақсай қаласына көшірілген. Жоспар бойынша 2016 жылдың желтоқсан айына дейін қалған 372 отбасы (1392 адам) көшірілуі тиіс.
- Көшіп кеткен 82 отбасының дүние-мүлкін бағалап, өтемақы сомасы анықталды. Алайда, тұрғындардың өз өтініші мен олардың жеке бас қауіпісіздігі себебінен мен сіздерге онын сомасын айта алмаймын. Өтемақы беру енді ғана басталды. Бұл қаржының жоқтығынан емес, құжаттарды толтыру, есепшот ашу сынды жұмыстардың кесірінен болып жатыр. Дегенмен осы жылдың 31 желтоқсанына дейін барлық көшіп кеткен адамдар өтемақысын толығымен алады. Тұрғындарға өтемақыны Karachaganak Petroleum Operating компаниясы төлеп отыр, - деді ол.
Билік өкілдері көшірудің алғашқы кезеңінде Березовка тұрғындарына 128 пәтер бөлінгенін, ең әуелі жаппай улану кезінде балалары зардап шеккен отбасылардың көшірілгенін мәлімдеген. Березовка тұрғындары үшін Ақсайда әрқайсысында 144 пәтері бар көпқабатты екі үй, Ақсай маңы мен Аралтал ауылында 130 шақты жеке үй салу жоспарланған.
Березовка тұрғындары былтыр балалардың жаппай улануын «ауылға жақын Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінен ауаға тараған улы заттан» көреді. Кенішті игеретін Karachaganak Petroleum Operating компаниясының басшылығы мұны жоққа шығарып, қалдық экологиялық талаптарға сай шығарылған дейді.
Биыл шілдеде Қазақстан үкіметі кеніш маңындағы санитарлық қорғау аймағын кеңейтіп, Березовка тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылдаған.