Сот шешіміне сай, Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабымен айыпталған Біләш 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) айыппұл төлеуі тиіс. Соттың Біләшқа қандай айып бойынша айыппұл салғаны әзірге белгісіз.
Ол соттан шығып, бұл іске Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласқанын айтты. Оның сөзінше, Тоқаев арнаулы уәкілін, кеңесшісін жіберіп, келіссөз жүргізген. Біләш Тоқаев өкілімен қандай келіссөз жүргізгенін ашып айтпады. Ол бұл істің "саяси астары бар" деп санайды. "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі өзін қолдаған халықаралық ұйымдарға және жақтастарына алғыс айтты.
БІЛӘШТІҢ СОТЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Алматы уақытымен кешкі сегіз шамасында басталған сотқа Біләшті қолдау үшін жүзден астам адам келді. Кешкі сотқа тек Біләш, оның адвокаты Айман Омарова, прокурор және судья қатысты. Отырыс өтіп жатқан сәтте жиналғандар сыртта соттан Біләшті босатуды талап етіп тұрды. Біләшті қолдаушылар арасында Қытайдан көшіп келген қазақтар да болды.
Біләштің сотына келгендер сот ғимаратына кірмек болған еді, бірақ оларды полицейлер қоршап, өткізбеді. Полицейлер тілшілерді де сот ғимаратына жібермеді. Сот алдына келгендер "Ар-ождан тұтқыны Серікжанға бостандық!", "Біләшті қудалауды тоқтатыңдар!" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.
Кейін кешкі 21.30-ға таман соттан шыққан адвокат Айман Омарова прокурор Біләшқа айыбын мойындап, процессуалдық келісім жасасуды ұсынғанын айтты. Омарова адвокат ретінде келісімге қол қоймайтынын жеткізді.
- Кінәсіз адамды айыптап, көз алдыңда заңсыз әрекеттер болып жатқан сәтте мен заңсыз келісім-шартқа қол қоймаймын. Егер Біләш [процессуалдық] келісімге қол қойса, оны қатты сынамаңыздар. Себебі оның жүрегі ауырады. Оны түсінемін, - деді Омарова соттан кейін жұрт алдында.
Адвокат соттан шығып кеткенін, Біләш іште қалғанын да айтты.
Біләшті босатуды талап еткен сот алдындағы шара қалай өтті?
Бірақ Біләштің прокуратурамен процессуалдық келісім жасаған, я жасамағаны әзірге белгісіз. Ресми органдар да, Біләштің өзі де бұл жайлы айтпады.
СЕРІКЖАН БІЛӘШКЕ ҚАНДАЙ АЙЫПТАР ТАҒЫЛҒАН ЕДІ?
Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Біләш бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған. Кейін Нұр-Сұлтан соты оның ісін Алматыға қарауға жіберген. 15 тамызда ол Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізіліп, қазір осы қаладағы үйқамақта отыр.
Бүгін, 16 тамызда таңертең Алматыда Біләштің соты басталып, кейін отырыс кешкі 19.30-ға шегерілген. Таңертең де сотқа келген ондаған адам соттан Біләшті босатуды талап еткен. Осы күні Алматы полициясы Біләштің жақтастарының бірі Бекзат Мақсұтханұлын бөлімшеге апарып, бірнеше сағат ұстаған. Ол сотқа қатысу үшін Нұр-Сұлтаннан Алматыға келіп, Біләштің үйіне түскен. Полицейлер оны Біләштің үйінен алып кеткен.
Видео: Ондаған адам сот алдында Біләшті босатуды талап етті. 16 тамыз 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш Қазақстанға келген соң "Атажұрт еріктілері" ұйымына жетекшілік етті. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартты.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап еткен. Ұйым "Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр" деп айыптады.
"Біләшқа тағылған айып нақтыланбаса, оны дереу бостандыққа шығару керек" деп санайды ұйым өкілі Хью Уильямсон.
Шілденің соңында америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.
Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап еткен.